немесе Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс баһадүр ескерткішіне
Қазақтың алға тартқан көші міне,
Ел риза Елбасының шешіміне.
Қалғыған кәрі тарих қайта оянып,
Бас иді бабалардың есіміне.
Орбұлақ – баба тарих бір бөлшегі,
Өткен мен бүгінгінің үндескені.
Шашақты найза ұстаған батырлардың,
Белгілі қиын-қыстау күн кешкені.
Сан мәрте байтақ елге дауыл төнген,
Сән кетіп берекелі ауыл, елден.
Аңызға арқау болған Орбұлақта,
Ержүрек Салқам Жәңгір жауды жеңген.
Болмайды тарих түгел батыр ұлсыз,
Айтамыз ақиқатты ақырын біз.
Жалаңтөс баһадүрдің ізін жоқтап,
Орбұлақ ойға шомып жатыр үнсіз.
Ел құрмет көрсетеді өткеніне,
Бас иіп хан мен батыр текті еріне:
Тас мүсін тұлғалары тауға өрмелеп,
Жайғасқан қарт Қазығұрт бөктеріне.
Қойнауын ғасырлардың жүз ақтарып,
Тарихты қайта түздік ұзап барып.
Оралған Орбұлақтан Хан, Батырды
Қазығұрт тербетеді құшаққа алып.
Көп сыр бар қарт Қазығұрт есімінде,
Жарқырап тиіп тұрған төсі күнге.
Жасай бер, мәңгі жаса Қазақ елі,
Тербеліп туған тарих бесігінде.
Махамбет САПАРМҰРАТОВ,
Мақтаарал ауданы.