ОҚ ЖАУҒАН ТҮН

Қоғам Құқық
1 163 Views

АҚПАНДАҒЫ АРПАЛЫС

2009 жыл. Түн. Далада қаһарлы қыстың соңғы айы – ақпан. Қызыл шұнақ аяз жалақтап, дүлей боран соғып тұр. Жердің беті ақ қармен ажарланған. Күн ызғарлы, аяз қатты кез. Қыстың ақырғы айы болғандықтан қалай құбылса да жарасады. Бірақ, ауа-райының салқындығы үй ішіндегі жандардың қарым-қатынасын да суытып жатқандай. Себебі, далада алай-дүлей боран болса, үйде отбасылық ұрыс-керіс.

Бұлар үйленгендеріне бірнеше жылдың жүзі болған Қанат пен Ажар еді. Қанат – бүкіл ауылға бұзықтығымен танылған, жұрттың барлығы қорқатын көкжалдардың бірі. Мінезі нашар күйеудің әйеліне көрсетпегені жоқ. Отырса – опақ, тұрса – сопақ. Бұл жолғы айқай-шудың басты мәселесі – жүкті Ажардың денсаулығына байланысты төркінге барып, қажетті ем-домын алып, демалып қайтуға сұранғаны еді. Мұны естіген қатыгез Қанат өзінің әдеттегідей кертартпалығына басты. Ажардың жүріп-тұруы қиындағанын байқаса да, менмендікке салынып, бармайсың деген сөзінен қайтпады. Күйеуінің көгеріп сазарған түрінен қорыққан Ажар тілін жұтқан балықтай үнсіз, жылаған күйі қалды. Әйеліне өктем-өктем сөйлеп, айтқанын істеткеніне мәз болған Қанат өзінің тірліктерімен сыртқа шығып кетеді.

Қанаттың бұған дейін де болмайтын нәрсе үшін жұдырық ала жүгіріп, зайыбын ұрып-соққаны, аузынан шығатын былапыт сөздері кино лентасындай көз алдынан өткен Ажар өксігі тығылған күйі біраз ойланды. Ашу үстінде шешімге келіп, құрбысына хабарласып, такси жалдап келіп, өзін әкетуін өтінді. Қашанда жанына жалау болған құрбысы жанашырлық танытып, Ажардың бір ауыз сөзін жерге қалдырмады. Осылайша, түнгі сағат 00:30-дар шамасында «Ауди» маркалы автокөлікпен келді. Бұл кезде Ажарды үйіндегі 23 жасар сотқар қайнысы жібермей, қазір бәрін ағасына жеткізетінін айтып қорқыта бастады. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, Ажар бар күш-жігерін жинап, қайын інісі Сәбитті тыңдамастан келген көлікке отырып, кетіп қалды.

АҒАНЫҢ АЙТҚАН СӨЗІМЕН

Ал, Сәбит болған жағдайды тез арада ағасына хабарлап, жеңгесінің кетіп қалғанын айтады. Ашуға булыққан Қанат інісіне жеңгеңді лажы болса жіберме, алып қал дейді. Осыдан кейін сотқар қайнысы жеңгесін тоқтатпақ болып, көршілес тұратын жігіттерден көмек сұрап, оларды өзімен бірге ертіп, «Ауди» көлігін іздеуге шығады.

Бұл кезде Ажар мінген көлік, бір сағаттан соң ойық жердегі лайға тығылып қалады. Такси жүргізушісі ары-бері көлігін шығаруға әрекеттенгенімен, бірақ мүмкін болмады. Содан жан-жақтан көмек бере алатын адам іздей бастады. Жүрегі аузына тығылған Ажар енді не болады екен? – деп ой үстінде отыр. Сағаттың тілі түнгі 03:30-ды көрсетіп тұр. Уақыт кетіп жатыр, Ажар болса қазір Қанат келіп қалмаса еді, – деп қорқады. Көмек сұрап кеткен жүргізушінің де қарасы көрінді. Қасында бір адам бар.

– Таксист сарнап келе жатыр: Түннің бір уағында ешкімді таппаймын ба деп едім, жоқ алдымнан полиция қызметкері көлігімен шықты. Керемет, сендердің күн-түн демей қызметте жүретіндеріңе тағы көзім жетті. – Жанындағы полицей: Ағасы қашанда қызметке дайынбыз. Әйтеуір тыныштық болса болғаны. Қалғаны реттеледі, – дейді сөзін жалғап.

Полиция қызметтік көлігімен автокөлікті тартқанмен, шіркін «Ауди» міз бақпайды. Қимыл жоқ, қозғала қоймады. Содан ең болмағанда ішіндегі жолаушыларды қауіпсіз жерге апарайық, сосын көлігіңізді келіп, шығаратын боламыз дейді полицей. Бұл сөзге бірінші кезекте Ажар қуанды. Арқасын кеңге салып, полицияның қызметтік көлігіне жайғасты. Түнгі ауысыммен жұмыста жүрген полицей қыздарды Бәйдібек аудандық ішкі істер бөліміне жеткізді.

Бұл кезде Ажардың қайнысы Сәбит көрші екі жігітпен бірге «Аудидің» лайға батқан жеріне жетіп келді. Жақындап ішін қарайды, ешкім жоқ. Содан көлікті әкетіп қалмасын деп алдыңғы екі дөңгелегінің жел беру түтіктерін қысқаштармен алып тастады. Шамалы уақыт күтеді, алайда тірі жан көрінбейді. Болмағасын үйлеріне қайтады.

Үйіне келгенмен жаны тыншымаған Сәбит ағасының «алып қал» деген сөзін орындай алмағанына жыны шығады. Көлік лайға батып тұрғандықтан, иесі қайта келер деп топшылап, көршісі Елжаспен бірге ағасының «Нива» автокөлігіне отырып, үйдегі екі ұңғылы аңшы мылтығын оқтарымен алып, қайта шықты. Мұндағы ойы тек өзіне аян. Тез арада «Ауди» тұрған аймаққа жетіп келді. Тура бір қас жауының жанын алардай көзі қанталап, шарасынан шығардай болып кеткен…

КӨМЕК БЕРЕМІН ДЕП ӨМІРМЕН ҚОШТАСТЫ

Бұл кезде күнделікті нәпақасын осылай жолаушы тасымалдаумен тауып жүрген «Ауди» жүргізушісі күнінің қолайсыз оқиғаларға толы болғанына налып, АІІБ-де отыр. Ішкі ойы: «Қайдан ғана келістім екен? Айдаладағы қойшы ауылда нем бар еді?», – деп маза берер емес. Осылай салы суға кеткен жүргізушіні: «Осы аймаққа қарайтын учаскелік полицейді шақырдым. Уайымдамаңыз, қазір-ақ көлігіңізді алып шығады, соған орай жұмыстар жасалады», – деген полицейдің сөзі бөліп жіберді.

Осылайша, учаскелік полиция инспекторы келіп, жүргізушіні ертіп, ауылдағы үлкен жүк көлігі бар тұрғынның үйіне барады. Болған жағдайды айтып, көлікті тартып шығару үшін көмек беруін сұрайды. Тұрғын болса, науқастанып жатқан көрінеді. Сондада қиындыққа тап болған жүргізушіге қол ұшын созуға келіседі. «Аудидің» жүргізушісі мен полицей бір көлікте, соңдарында ауыр жүк көлігі болып, лайға батқан көлікті тартып шығаруға жолға шықты.

Содан жазық далада алдарынан «Нива» автокөлігі шығып, жүк көлігімен қатарласа тоқтайды. Бір көмек қажет шығар деп ойлаған ауыл тұрғыны жүк көлігінен түседі. Алайда, «Нивадан» мылтықтың денені дір еткізер дауысы естіліп, құлақ тұндырады. Ойламаған жерден оққа ұшқан азамат жаралы күйінде учаскелік полицейдің көлігіне жүгіріп келіп, атылған оқ тиіп, жараланғанын айтты. «Нива» көлігі мұнымен қоймай, учаскелік полицейдің көлігіне қарай келіп, мылтық атылуда. Оқ полицей отырған есік жаққа пытырлап үсті жаңбырша жауа бастады. Көлік жүргізіп келе жатқан полицейге оқ тиді-ау деп ойлаған «Ауди» жүргізушісі қорыққанынан көліктен түсіп, қаша жөнелді.

– Құдайым-ау, өзі не болып кетті, не деген қаныпезер жандар? Не үшін оқ жаудыруда екен? Аман қалсам осыдан. Еее, Аллам жар бола гөр! – деп жүгірген күйі жасырыну мақсатымен, қыстың қатаған аязына қарамастан, Сасық өзеніне күмп беріп, түсіп кетті.

Қиындығы мен қауіптілігі қатар жүретін саланы таңдаған учаскелік полиция инспекторы болып жатқан жағдайларды шұғыл ой елегінен өткізіп, жараланған азаматты тез арада ауруханаға жеткізіп, аман алып қалуды ойлап, зырғып келе жатыр. Оқ атқандар ұсталар, ең бірінші – адам өмірі дейді өзін қамшылап… Ұялы телефонымен орын алған жайтты полиция бөлімімен ауруханаға хабарлады. Барын салып орталық ауруханаға жаралы жанды жеткізгенімен, ол алған жарақатынан қайтыс болып кетті.

ШЫНТАҚҚА ТИГЕН ОҚ НЕМЕСЕ «ПОЛИЦЕЙ МЕН КҮДІКТІНІҢ АТЫСЫ»

Бәйдібек аудандық ішкі істер бөлімінің кезекшісі хабарды ала салып, бөлім бастығының қызмет жөніндегі орынбасарына баяндайды. Бейтаныс азаматтың мылтықтан оқ атып, оның салдарынан бір азамат қайтыс болғанын естіген тәжірибелі полицей Бақытқали Кенжебаев жылдам іске кірісіп, түнгі уақытта ойқастап оқ атып жүргендерді ұстауға командасымен аттанады. Қарулы жедел тобы арнайы жабдықталған киімдері, қызметтік көліктерімен көрсетілген жазық далаға жетті.

Бұларды күтіп тұрғандай алдарынан әлгі оқ жаудырғыш «Нива» көлігі шықты. Келісімге келу мақсатымен қарулы топ және полицей Бақытқали көліктерінен түсті. «Нива» көлігінің ауылдың бұзығы Қанаттікі екенін білгендіктен, Бақытқали «Қанат, тоқтат» деп қолын жоғары көтеріп, автокөліктегі екі адамды көріп, олардың далаға шығуын талап етті.

Бағанадан бері, тыныш түнді дүрліктіріп, оқ атып жүрген Сәбит еді. Жеңгесін таппаған қайнысы ашу-ыза, кегін осылай адамдарға оқ атып жүріп шығарып жатқандай. Көзіне дым көрінбейді, алдынан шыққанды таптап өтіп келіп тұр. Осы оймен ол тағыда полицейлерге қарай 2-3 рет аңшы мылтығын кезеп, шүріппені басып қалды. Бұл кездегі оқ Бақытқалидың сол қолының шынашақ саусағына тиіп, одан қан саулап аға бастады. Бұған қарап, артқа шегінетін полицей жоқ, көлікке шұғыл отырып, оның жарық шамдарын жағып, қашқан «Нива» көлігінен «тоқтаңдар» деп дауыс қатайтқышпен ескерту жасауда. Полицей сөйлеген сайын Сәбит жын ұрған бақсыдай оқ атуда. Болмағасын полицей Бақытқали Кенжебаев ескерту ретінде аспанға екі рет оқ атып, «Ниваның» оңайлықпен тоқтамайтынын білгендіктен көліктің үш доңғалағын атып тоқтатып, көлік ішінде екі азаматты ұстады.

Аңшы мылтығымен аң атып жүргендей оңды-солды атып жүрген күдіктіні қолға түсіргеннен кейін полицейлер, осы оқиғаның басты кейіпкері болған «Ауди» маркалы көліктің жүргізушісін іздей бастайды. Содан осы 4 сағат уақытқа созылған атыс кезінде, оның суға түсіп кеткен бойы судың ішінде тұрғаны анықталды.

Такси жүргізушісі: «Қазір шықсам мені де атып кетер деп қорықтым, оның үстіне судан шықсам, күннің салқындығынан оқ тимей қатармын, полицейлер көмекке келер деген сеніммен суда тұра бердім», – дейді.

ҚЫЛМЫСТЫҢ ӨТЕУІ – ЖАЗА

Өздеріңіз оқып отырғандай, ерлі-зайыптылардың кішкене ғана келіспеушілігі нәтижесінде қаншама адам зардап шекті. Жазықсыздан-жазықсыз жүк көлігінің жүргізуші ажал құшты, полицей Бақытқали Кенжебаев жараланды, такси жүргізушісі қыстыгүні мұздай суда 4 сағат бойы тығылып отырып, денсаулығына айтарлықтай зиян тиді. Қаншама көліктер шұрқ тесік болды. Ең бастысы – болмайтын дүние үшін кінәсіз адамдарға оқ жаудырып, бірін өлтірген сотқар Сәбит соттың шешімімен 19 жылға бас бостандығынан айырылды.

ПОЛИЦЕЙ БАҚЫТҚАЛИДЫҢ БАТЫРЛЫҒЫ

Бүкіл Бәйдібекті шулатқан оқиғада оқ жаудырған күдікті осылай құрықталып, заң алдында жауап берді. Осы оқиғада ерлік көрсеткен қызмет жөніндегі орынбасар Бақытқали Кенжебаевтың жұмысы мұнымен тоқтап қалмады. Басшылық оған үнемі қиын істерді сеніп тапсырады. Осы сенім оны үнемі алға сүйрейді.

1997 жылдан бері ішкі істер саласында аянбай еңбек етіп келе жатқан Бақытқали Кенжебаев қарапайым учаскелік полиция инспекторынан бастап, талай басшылық қызметтер жасады. Қазіргі таңда полиция полковнигі Бақытқали Кенжебаев Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары лауазымында қызмет атқаруда. Ширек ғасырға жуық жұмыс барысында, бұдан басқа да қиындықтарды басынан өткергені анық. Бірақ, ол сүйіспеншілікпен келген жұмысын, қиын екен деп жарты жолдан тастап кетпеді. Талай рет өліммен бетпе-бет келсе де берген антына адал болып, мінсіз қызмет атқаруда. Ішкі істер органының қазанында қайнап, бүгін де күрделі қылмыстарды ашып, соңына жеткізуде.

Қызметі абыройлы болса да, күнделікті жұмысқа кетерде отбасымен қайта қауышатынына кепілдік жоқ. Жұмысына жан-тәнімен берілген азаматтың бүгінде бір ұл, бір қызы бар. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 3 немере сүйіп, оларға сүйікті ата болып отыр. Жары Жанат екеуі құрған қара шаңырақ – отбасы бақытына толы. Жеке кәсіппен айналысатын зайыбы – аяулы жар, асыл ана. Одан бөлек артынан ерген інісі де полицей болып, аға жолын жалғаған. Жалпы Бақытқалидың отбасындағы татулық, сыйластық, атқарып жүрген жұмысы кейінгілерге үлгі-өнеге боларлықтай. Сондықтан жоғарыдағыдай өзіне бағыттап оқ атқан қылмыскермен күресіп, оны ұстап, тоқтатқан полицейді батыр емей кім демекпіз?!

ҚОРЫТЫНДЫ

11 жыл алдын, осындай ақпан айында орын алған оқиғаны Сіздерге ұсынудағы басты мақсатымыз:

1) Отбасы құрғаннан кейін, үй болуды ойлау. Жанұяда түсінушілікті ту ету. Болмашы нәрсе үшін ашуға булықпау. Әйелді сыйлай білу, еріне бағынудың қашанда оңды боларын ұғындыру;

2) «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» деген сөзді қаперден шығармау. Тіпті шыбынның жанын алуға ешкімнің қақысы жоқтығын түсіндіру;

3) Талай қылмыскерлерді ұстауда жазықсыз жандар және полицейлердің жапа шегетін кездері болатынын көрсету. Полицейлер үшін қылмыскермен күресуде өз жаны екінші орында тұратынын суреттеп жеткізу;

4) Жасалған әрбір қылмыстың өтеуі – жаза екенін кейбір қылмысқа бейім азаматтардың санасына сіңдіру. Өзгенің қателігі – келесіге сабақ.

5) Полиция полковнигі Бақытқалидың батырлығын қалың оқырманға таныстырып, насихаттау.

Ескерте кететін жайт басты кейіпкерлер есімі өзгертіліп алынды.

Айдана ҚАНАТБЕКҚЫЗЫ,

Түркістан облыстық полиция департаменті

баспасөз қызметінің өкілі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *