ОҚЫТУ МЕН ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ ҰЖЫМДЫҚ БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫСТЫҢ ЫҚПАЛЫ

Білім
1 050 Views

«Басқа халықтан кем болмас үшін біз білімді, бай hәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек».

Ахмет БАЙТҰРСЫНОВ.

Қазақтың Олимпиада чемпиондарының ішіндегі ең жасы – Бекзат Саттарханов. Спорттың жекпе-жек түрлерінен 20 жасында Олимпиада шыңына иек арту – адамзат тарихында сирек кездесетін құбылыс. Бекзат – туған халқының спорттық тарихынан өз орнын ойып тұрып алған саңлақ. Қазақ боксшыларынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы.

Еліміздің намысын қорғайтын ұландарымыздың басын қосқан қазақ спорты тарихында өшпес із қалдырған, көк байрағымызды жеңістің тұғырында биікке желбіреткен, 2000 жылы Сидней Олимпиадасында Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысынан шыққан чемпион Бекзат Саттарханов есімі берілген білім ордасында талантты шәкірттер тәлім алуда. Қазіргі таңда бұл білім ордасы Түркістан облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі деп аталады. Осы аядай ғана білім ордасынан талай саңлақтар тәрбиеленіп шықты. Олардың қатарында Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов пен бірнеше әлем чемпиондары, Азияның жеңімпаздары мен жүлдегерлері дайындалды.. Қазіргі таңда мектеп интернатымызда спортқа қабілетті болумен қатар білімді балалар оқып, қоғамдық жұмысқа да белсенді қатысатын спортшыларды жаттықтырушылар мен заман талабына сай білім беру жолында ұстаздар қауымы да еселі еңбектеніп жүр. Ұстаздарымыз жаңартылған білім мазмұны бойынша білімді сын елегінен әбден елеп ең маңыздысын сүзіп алып білім беруде. Мақсат біреу – ел намысын қорғайтын спортшыларымызға, бәсекеге қабілетті білімді ұрпақтың қолына , мемлекетті сеніммен тапсыру.

Бірнеше жылдан бері мектебіміз облысымыздағы ілгері жоғары оқу орыны Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің мәдениет және спорт факультетінің ұжымымен бірлесе тығыз байланыста жұмыс атқарып келеді. Аталмыш университеттің «Дене тәрбиесі және бастапқы әскери дайындықтың теориясы мен әдістемесі» кафедрасының аға оқытушысы Тұрысбек Бақыт Әмзеханұлының бітіруші түлектермен жүргізген жұмысын айрықша атап өткеніміз жөн болар. Қандай сұрақ болса да дер кезінде жауап беруге жанымыздан табылған өз ісінің шебері бола білген Бақыт Әмзеханұлына алғысымыз шексіз. Бізде спорт мектеп-интернатын оқып бітірген түлектеріміз сол аталмыш университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына құжат тапсырып, грантта оқып, спорт саласында қызметте жүргендер көптеп саналады. Атап айтатын болсақ, бізде бокс бөлімінде жаттықтырылған Олжас Сүлейменов, Қуат Қаратаев, Мақсұт Нақыпбеков сияқты спортшыларымызды мақтаныш ете аламыз. Бұл түлектер университетті бітіріп, мектебімізге қайта бапкер боп орналасып, шәкірттер тәрбиелеуде. Грек-рим күресі бөлімінен Абылайхан Әмзе мен Жандос Жұмәлі, еркін күрес бөлімінде жаттықтырылған спорт шебері Қайрат, Әбдіғапбар Әбдіқадыр сияқты түлектерімізді атауға болады. Жылда бітірген мектеп түлектері Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетке құжат тапсыруға талаптанады. Осындай байланыста ұжымаралық іс-шаралар әртүрлі тақырыпта жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Спорт саласы бойынша да екі оқу орнынан білім алушылардың қатысуымен әртүрлі спорттық турнирлер өткізіліп тұрады. Осы мазмұндағы іс-шаралар оқушыларымызға жаңа серпін беріп, қуаттандыра түсетінін байқадық.

Бекзат салып кеткен сара жол талапты жастардың рухын көтерді. Бірлескен жұмыс кезінде оқушылар эмоционалдық тұрғыдан дами түседі. Өйткені олар түрлі пікірлер тыңдап, өз идеяларын ортаға салуға және оны қорғауға, өздерін толғандыратын сұрақтарға жауап табуға мүмкіндік алады. Осындай ұжымдық жұмыстың нәтижесінде білім алушылар бір- бірімен әлеуметтенеді және ынтымақтастық қарым-қатынас орнатады. Алдағы уақытта Алаш абыройын асқақтатар болашақ чемпиондардың Бекзаттай саңлаққа қарап рухтануымыздың өзі – алдағы үлкен жеңістердің мөлдір бастауы болады деп сенеміз. Бірлескен жұмыс жаңа дәуірдегі қазақ елінің мәдениеті мен рухани жаңғыру игілігіне жұмсалатынына жол ашылатыны хақ. Қазақ ұлтымен бірге жасайтын Бекзаттың жеңісін Алаш үшін аса қадірлі, ерекше тарихты біздің бүгінгі шәкірттеріміз қайталаса екен деген тілек пен арман бар.

Орынкүл ЖОЛЫМБЕТОВА,

Бекзат Саттарханов атындағы Түркістан облыстық Олимпиада резервтерінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *