МҰХТАР ӘУЕЗОВ (Естелік-эссе)

Әдебиет
1 059 Views

(Жалғасы).

1957 жылы Мұқаңның «Еңлік– Кебек» атты пьесасы кезекті бір өңдеуден өтті де, қазақ драма театрында қойылды. Осы пьесаның қойылуы республиканың мәдени өміріндегі үлкен бір оқиға болып еді. Неге екенін білмеймін, Орталық Комитет те оған ерекше көңіл бөлді. Комитет хатшысы Нұрымбек Жанділдин қорытынды репетицияға барып тыңдады. Олардың ыңғайымен біз де жүгіретінбіз. Күнделікті репетицияларға да қатысып жүрдім, қорытынды репетицияға да бардым. Мұқаң ерекше сергек, көңілді жүрді. Мен оны репетицияға барған сайын кездестіретін едім.Театрдың ұлы шеберлері (Қалибек, Қапан, Серке, Елубай, тағы басқалар) тұтас кезі ғой, олар да спектакльді жақсылап шығаруға күш салды.

Соңғы репетициядан кейін редакторымыз Қасым Шәріпов мені шақырып алды да, ертең қойылатын спектакльге сын мақала жазу қажеттігін айтып ақылдасты. Оны жазу маған тапсырылды. Нұрымбек Жанділдиннің кейбір ойлары бар екен, соны ескеру үшін сол кісіге кіріп шығуым қажеттігін айтты. Нұрымбек Жанділдинге кіріп шықтым. Ол кісі негізінен пьесаның өңделуі, қойылуы жақсы әсер қалдыратынын, Мұқаңның шеберлігін, артистердің ойынын мақтап шықты да жалпы спектакльде ескіні аңсау сарыны барлығын, Абыздың монологтарында заманның азуы деген ұғымға бой алдыру аңғарылады дегенді айтты. Осыны рецензия жазу үстінде ескеруді сұрады.

Мақала жазатын болғандықтан спектакльдің алғашқы екі күн бойы қойылған премьерасына бардым. Елдің әсерін байқадым. Өзім де ойландым. Хатшы партиялық қырағылық танытқан болар, бірақ тұтастай алғанда спектакльден ескіні мадақтау, аңсау сарыны байқала қоймады. Абыз монологтарының ел басшыларының шамына тиіп кететін жерлері бар екен, бірақ ол партия жолына қайшы емес қой. Сөйтіп, спектакльге рецензия жаздым. Ол «Социалистік Қазақстан» газетінің 1957 жылғы 30 сәуірдегі санында басылды. Жанділдиннің ескертпелері жайлы Мұқаңа айтуға қорықтық. Өзі спектакльдің жақсы шығуына бар күшін салып, көңілді жүрген Мұқаңа ол жөнінде не айтарсың? Мұның үстіне кешегі 50 жылдардың бас кезіндегі әділетсіз сыннан жапа шегіп, енді есін жиып, шығармашылық шабытына мінген жазушыға: «Шығармаңда ескі заманды аңсау бар», – деп айтудың өзі де қиын ғой. Сондықтан Қасым маған рецензия авторы ретінде жалған ат пайдалануды ұсынды. Әрі сөз тарап кетпеуі үшін, оны екеумізден басқа ешкім білмеуі тиістігі сөз болды. Сонымен мен рецензияға «Б.Дәулетбаев» деп өзіммен бірге оқыған бір мұғалім жігіттің атын қоя салдым.

Дерексіздеу ат қойсам, білініп қалар деп ойладым.

Рецензияда спектакльдің жарқын жақтарын көтере айтуға әрекет жасадым. Әсіресе, қазақ театрының сахнасында 40 жылдың ішінде (алғаш 1917 ж. Қойылған ғой) бірнеше нұсқасы қойылған пьесаның өміршеңдігі, биік көркемдігі, айқын идеялық бағдары жөнінде айтуға тырыстым. Өзінің шығармашылық толысқан шағында оны өңдеуге қайта оралып,жаңартқан жазушыға ризашылық білдірдім. Соңғы өңдеуде пьесаның мазмұнының байып, әлеуметтік сарынның терең ашылғанын, кейіпкерлерінің жарқын жасалғанын атадым. Шығарманың әуелгі нұсқасында тұрмыстық драмадан романтикалық-трагедиялық поэмаға айналғанын көрсеттім. Жеке орындаушыларға тоқтай отырып, Абыз рөлін ойнаған Қ.Қуанышбаевтың актерлік шеберлігіне айрықша тоқталдым.

Абыздың халық мұңының жоқтаушысы есебінде үлкен әлеуметтік сипатқа ие болғанын көрсете отырып, өзіме нұсқау берген басшының пікірін де ұмытқам жоқ. «Алайда, Абыз бойынан көруші торығу мен үміт күтудің сарыны араласып, жіктелмей кететінін байқамай қалмайды. Әсіресе, оның сахна ашылғанда айтылатын, кейін тіпті жиі қайталанатын тақпақ сөздерінен «заманның азуы» сияқты сарынға бой ұру аңғарылады. Жазушы пьесаның осы тұсын бір шолып өтсе, орынды болар еді, негізі, әдебиет айқындық пен нақтылықты сүйеді ғой», – деппін.

Бір ғажабы – бәріміз шуласып, жасырынбақ ойнағандай құпиялап жүрген осы сөздерге Мұқаң көңіл де аударған жоқ. Ертеңіне, газетті ала сала редакцияға телефон соқты. Телефонды көтергенімде:

– Серікпісің, – деді Мұқаң.

– Мен, Мұқа! –дедім сасып қалып. «Қалай қабылдады , не айтар екен?», – деген ой шошытты.

Мұқаң рецензияны оқығанын айтты да, оның авторын сұрады. Мен: «Бір мұғалім жігіт», – дей салдым.

– Пәлі, мына мұғалім жігітіңнің түсінігі дұрыс қой. Сауатты жігіт екен, жақсы жазыпты, – Мұқаң мақтай жөнелді. Мақалаға, оның авторына, оны тез ұйымдастырған редакцияға, маған ризалығын айтты. Көңілім орнығайын деді. Бірақ «Жабулы қазан жабулы күйінде» қалды, мақала авторы жайлы қайта сөз қозғалған жоқ. Кейін бір кеңірек отыратын жағдай болса, түсіндірермін деген жоспарым іске аспады. Мақала авторының мен екенін 1987 жылы Мұқаңның 90 жылдығына жазған «Біздің рухани әкеміз» атты мақалама ғана ашып айту мүмкіндігі туды. Рецензияның гонорары да Б.Дәулетбаевтың атына жазылып кетіп, баспаның бухгалтериясына редакторымыз Қ.Шәріпов қол қойып, хат жазып берген соң, барып алғаным есімде.

«Еңлік-Кебек» – Мұқаңның ұлы шығармаларының бірі ғой. Ол бір ғасырға қызмет етті. Заман өткен сайын әр сөзі жаңаша жаңғырып еске салынады. Сол күндері сондай бір оқыс оқиғаның куәсі болғанымды да айта кетейін.

Премьера екі күн бойы жүрді. Бірінші күні республика басшылары келе алмай қалып, екінші күні Орталық Комитеттің бюро мүшелері түгелге жуық келіп көрді. Екінші қатардың шет жағында (директордың кабинетіне шығатын есік аузында) отырдым. Бәрі де кәукілдесіп, Еңлік пен Кебектің, Есеннің мінез-құлқын әңгіме етіп, күлісіп отыр еді, бір кезде сахнаға Абыз шықты да атақты монологын айта бастады.

Құйрығы жоқ, жалы жоқ,

Құлан қайтіп күн көрер,

Аяғы жоқ,қолы жоқ

Жылан қайтіп күн көрер, –

деп бастаған Қаллекей (Қалибекті жұрт солай атайтын) бірте-бірте сахнаның алдына таянып, бірінші қатардағы ел басшыларына төніп келіп:

Бәрінің де нәрің жоқ,

Елім қайтіп күн көрер, –

дегені.Тебіреніп, тепсініп тұрып, қадалып айтты. Біз қорқып кетіп, бұғып қалдық. Бірақ орнын тауып айтқан сөз, ретін келтірген ұлы актер істерін істеп кетті. Абыз халық көкейіндегіні айтқан, Қаллекей оны қалай жеткізді – көрермен мең-зең. Жұрт ду ете қалды, ұзақ қол шапалақтады.

Ұлы шығарма қашан да бүгінгіше естіледі деген осы да.

Осындай мәңгілік сарын Мұқаң шығармаларының көбіне-ақ тән еді. Ол кесек, кең масштабта ойлайтын. Драмада ол Вильям Шекспир ұстанған ұлы мұраттарды жырлады. Эпос кейіпкерлерін тірілтіп, аңыздан өмір үшін, адам бақыты үшін күрескен қайсар тұлғаларды ашты. Тіпті сахнаға шығып үлгермеген «Дос – бедел достың» өзінде де сахнаның тар шеңберіне сыймастай тарихтың кең бейнесі танылатын. Мұнда жазушы ХХ ғасырдың қайшылықты тарихын басынан кешкен адамның көзімен заман өзгерістерін бейнелеуге әрекет жасады.

Ол ескі сүрлеумен жүрмеген, ылғи жаңадан жол салған жазушы еді. «Абай жолы» романын қалай жазғанын, жаңалығын өзі де айтқан. Зерттеушілер де жазып жүр. «Қилы заман», «Қараш-қараш» та әр дәуірдің кесек туындылары. «Өскен өркенде» де ол өз заманының ұлылығын ашуға ұмтылды.

Елуінші жылдардың орта тұсынан Мұқаң ертеректе жазылып, кейін кеңестік идеология қабылдамаған біраз шығармаларын қайта өңдеуге кірісті. Олардың ішінде «Қараш-қараш», «Қарагөз» сияқты шығармаларымен қатар ертерек жазған біраз әңгімелері бар еді. Олар «Қараш-қараш» деген атпен 1960 жылы басылды. Кітапты шығаруға дайындаған Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы осы жинақты маған рецензияға беріп, соған алғы сөз жазуымды сұраған еді. Мақұлдап рецензия бердім де, шағын алғы сөз жаздым. Бірақ кітап басылар алдында алғы сөзім түсіп қалды. Оның кімдерге ұнамағанын сұрастырған да емеспін. Мүмкін, авторға да ұнамады. Өйткені онда Мұқаңның ұлы жазушы екенін айта отырып, ұлы боп ол бірден туған жоқ. Ізденістің үлкен жолынан өтті. Оған осы кітап куә деген тезис бар еді. Реализмге жеткенге дейін Мұқаң сентиментализм, буржуазиялық обьективизм, натурализм, символизм сияқты ағымдардың бәрін де өткен деп, Мұқаңның ертеректе жазған туындыларында осыларды іздеу сарыны бар-тын. Ол кездің ұғымы да солай болды ғой. Сондықтан өз сөздерімнің қайшылықты тұсын өзім сездім де, алғы сөздің басылмау себептерін іздестірмедім.

Осы тұста Қазақстан Жазушылар одағы әдеби жылды қорытындылау дәстүрін кіргізді. Жыл сайын ақпан-наурыз айларында өткен жылдың қорытындылары талқыланатын. Осы дәстүрге бастаушы болған Мұқаң еді. Осы жиындарды ылғи өзі басқарып жүрді. Ең алғашқы жиналыстардың бірінде: «ХХ ғасырдың 30-40 жылдарында әдеби жылды қорытындылау дәстүрі орыс әдебиетінде орын алған еді. Онда жыл бойғы әдебиет бір мақалаға сыйып кететін. Ондай мақалаларды көбінесе В.Т. Белинский жазатын. Қазір әдебиет өсті. Шығып жатқан роман, повесть, әңгіме, пьеса, өлең, поэма, тағы басқа жанрдағы шығармалар бір мақала түгілі, бір кітапқа да сыймайды. Сондықтан біз оны ұжым болып талқылап, қорытындылауымыз керек. Яғни біз «Коллективный Белинский» қызметін атқаруға тиіспіз», – деп сөйлеген. Өзі осы жиындардың бәріне қатысып, жаңа шығармаларды оқып кеп, белсенді сөйлеп жүрді.

(Жалғасы бар).

Серік ҚИРАБАЕВ,

әдебиет сыншысы, ғалым, филология ғылымының

докторы, профессор, академик, Қазақстанның

еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *