ҚОҢЫР КҮЗДЕ МАЗАЛАЙДЬІ ҚОҢЫР МҰҢ

Руханият Әдебиет
1 171 Views

Қазақтың бас ақыны Абай адамның бойындағы жақсы қасиеттердің барлығын жүрекпен баламалайды. Өйткені жүрек – адам мүшесінің патшасы. Ол – шындықты сүйетін әділ патша. Оған жалған сөйлеу, көлгірсу, уәдені бұзу, жазықсыз жандардың сырттарынан өсек айтудың бәрі жат деп біледі. Сондықтан да ол:

«Жүрегім менің қырық жамау

Қиянатшыл дүниеден,

Қайтсін аман қалсын сау,

Қайтқаннан соң әрнеден!..», –

деп тебіренеді.

Данышпан ақынның байғұс жүрегінің дал-дұлын шығарған қоғамға жанын кейітіп жазған мұнан басқа да өлеңдері аз емес. Әңгіме Абай туралы емес, Абайдың өлеңдері турасында да емес. Бірақ ұлы ақынды ренжіткен қоғам да, ақынын түсінбеген адам да өзгерген жоқ десем, мұныма қарсы дау айтатындар аса көп бола қоймас. Өйткені, бүгінгі қоғамда да ортақ сыбағадан, екінің бірі қол жеткізіп жатқан сый-сияпаттан қағылып, шет қалып, саяқ тіршілікке көмпістеніп алған қаламгерлердің бар екенін тағы да жоққа шығара алмаймыз.

«Парыз алға қойған міндеттен туады, яғни міндет адамға парызды жүктейді» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, өзінің халық алдындағы, әдебиет алдындағы қаламгерлік, азаматтық парызын да, міндетін де адал атқарып жүрген, қай кызметте де адамзаттың Айтматовы айтқандай: «Адам мен айналадағы ортаның өзара қатынасына әрқашанда тебіреніп, әрқашанда талаптанып отыратын» жазушының қатарына мен Захардин Қыстаубаевты жалтақтамай-ақ қосар едім.

«Зерттеп білмейінше білу де, істей алу да мүмкін емес» деген қағидаға сүйенер бір мәселе бар. Қандай шаруаның да басталуы және бітуі болады ғой. Өйткені, үлкен істің тізгінін сезімге, түйсікке ұстатқың келеді. Ал, сезіміңді ақылың мен еркіңе бағындыруың қажет. Мен білетін, мен танитын Захардин осы қасиеттердің иесі. Қолына алған істі зерттеп білуге құмбыл. Тілшілік өмір оған осындай қасиеттер дарытты. Табанды болуға тәрбиеледі. Табандылықпен өзіңді-өзің билеу, өр рух пен қайыспайтын қайсарлық – ерліктің кепілі екені даусыз шындық. Өзінің тілшілік-журналистік еңбек жолын Оңтүстік Қазақстанның Бөген, Сайрам, Төле би аудандарында аудандық газет редакцияларында, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде сатылап өсе отырып, жалғастырған Захардин Алматыға ауысқанында да тілшіліктен редакторлыққа, бас редакторлыққа дейінгі ұзақ та жауаптылығы мол жолдардан өткен жылдары жоғарыда айтылған табандылықтың нәзік жібін үзіп алмауға тырысып, өзін-өзі қамшылаудан танған емес.

«Жалын», «Жазушы», «Жеті жарғы» баспаларында, Қазақстанның Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетінде қызмет істей жүріп, шығармашылық адамының басындағы, жүрегіндегі тағдырлардың, бұлқыныстар мен күйзелістердің астарына тереңірек үңілуге мүмкіндік алған. Заманауи кітап шығару, баспа-полиграфиялық технологияларды игеру сияқты процестерді тағы да сол табандылығының, сезімді ақын мен ерікке бағындыра білуінің арқасында меңгеріп, білікті баспагер-маман да болып қалыптасқан-ды.

Осындай үлкен өмір мектебінен, тәжірибе-машық алу мектебінен өткен соң ғана Захардин жеке баспа ашуға тәуекел еткен болатын. Мұны өз кітаптарын «Өркениет» атты баспадан шығарған азаматтардың, әсіресе, оңтүстікқазақстандықтардың талайы растаса керек.

«Ұлтарақтай болса да,

Ата қонысы жер қымбат.

Ат төбеліндей болса да,

Туып өскен ел қымбат», –

дегендей, ол осы шаруалардың қай-қайсысын да елі үшін, еліндегі азаматтар үшін жасағаны, жасап жүргені дау тудырмас ақиқат.

Захардин Қыстаубаевтың қаламынан туған шығармаларының бәрі де Баукең – Бауыржан Момышұлынша айтсақ: «Отанына деген сүйіспеншілік ата-анаңа, бауырларыңа, туып-өскен ауылыңа, қалаңа, өз ұлтыңа деген махаббаттан басталады». Өйткені кезінде «Жас Алаш» газетінде жиі-жиі жарияланып тұрған қоғамдық пікірді қызу тудырған мақалаларынан да, «Ақ түн», «Бәйтеректер», «Жүректегі жүзік», «Сүйріктің махаббаты» атты кітаптарынан да, тіпті, «Аспиранттың ақ шымылдығы» пьесасынан да журналист-жазушының және драматургтің шынайылығын, көркем ойдың шебері екенін жазбай танисың, мойындайсың. Әйтсе де әдебиет сыншыларының тарапынан ол туралы бірер ауыз жылы пікір ести алмай келе жатқанымыз ойландырмай қоймайды. Бұл қалай? Үнсіздіктің себебін кімнен сұрайсың? Қайдан іздейсің?

Бүгінде ақын-жазушылардың қалың ортасынан өз босағасын алыстатып, туған жеріне, еліне қарай қоныс аударып жатқандар аз емес. Захардин де шырайлы Шымкентке қарай көшін түзегендердің қатарында. Мұның да сыры тереңде жатқан сияқты. Әрине, «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деп ойлайсың. Бұл табиғи заңдылық. Кім туған жерінен, туған елінен жерінсін! Өйткені, «Туған жердің түйе жейтін жапырағы да дәрі. Түйе аунайтын топырағы да дәрі». Десек те, сол киелі топырақтағы ағайын, дос-жаран, әріптестер тарапынан жазушыға, жерлес азаматына көрсетіліп жатқан не ыстық ықыласты немесе лайықты құрметті көре алмай жүргеніміз ойландырмай тұрмайды. Бірақ маған лайықты құрмет көрсетілмей жүр деп тонын теріс киген қаламгер жоқ. Керісінше, бұрынғысынан да белсенді қызмет атқаруда. Кіршіксіз пәк жүрегімен, ыстық сезімімен елін, жерін сүйіп, оған деген адалдығын әрбір ісімен дәлелдей түскендей. «Адам танысаң – адал таны», – деп халық айтқандай, Захаң да өз айналасындағы адамдарды адал тануға деген құштарлығынан айныған емес.

Осы арада мынадай жағдайлар мен көріністердің куәсі болып жүргенімізді айта кетудің реті келіп отырғандай. Кейбір кемталант жазушы немесе ақынсымақ жылпостар ел аралап, кездесулер мен мерейтойлық кештер өткізуге әуестеніп алған. Ондайлар өздерімен бірге есімі ел аузында жүрген белгілі қаламгерлерді немесе қоғам қайраткерлерін «жалдап» ертіп алатынын қайтерсің. Сондай азаматтарды өзіне жолбасшы және қолдаушы етіп әкімдерді жағалатады. Сөзін сөйлетеді. Жарнамалатады. Иығына шапан жапса, астыма ат мінгізсін, ал ат мінгізсе, оны олқысынып, неге мәшине мінгізбейді деп жер тепкілейтіндерді көріп жүргенде осындай қитұрқылардың, қиямпұрыстардың бәрін де өзіне жат санайтын, тіпті ұят санайтын Захардиннің кісілік келбетіне, биік парасатына деген сүйіспеншілігің одан сайын арта түседі. Оны бұрынғыдан да жақсы көре түсесің. Әлгіндей жағымпаз, жылпос, кемталанттардың тірлігіне жиіркенішпен қарайтындығынан да ол өзгелерден саяқтау жүреді екен-ау деп ойлауға мәжбүр боласың. Өзгелермен тіл табыса алмайды деп оның сыртынан тон пішетіндер де жоқ емес. Меніңше, ондай пікірге ерік беретіндер Захардинді, оның жан дүниесін терең білмегендіктен, оның жүрегіне түсетін салмақтың өлшемін ар безбеніне салып көрмегендіктен деп ойлаймын.

Захардин Қыстаубаевтың Бөген, Сайрам, Теле би аудандарында және Кентау қаласында газет редакцияларында ұзақ жылдар бойы тілші, бөлім бастығы, жауапты хатшы, редактор болып істегенін жоғарыда айтқанбыз. Егер де біз жаңа әлгінде ғана сөз қылған кемталанттардың «пысықтығы» Захардинде болған болса, онда ол әлдеқашан осы аудандардың және Кентау қаласының құрметті азаматы атанған болар еді-ау деп ойлайсың. Бірақ ондайға біздің Захаң барған жоқ, тіпті, ниеттенген де жоқ. Десе де бұл ойланатын, ойлантатын мәселе деп білемін мен.

«Пәлегі таза қауынның

Түйнегі таза болады.

Жүрегі таза адамның

Түйгені таза болады», –

деген мақал бар халқымызда.

Ендеше, лүпілдеген жүрегі де, көкейіне түйгені де таза жазушы Захардин Қыстаубаевтың шығармашылығына баға берерде оның адами биік парасатын түсініп, кұрметтеуде айналасындағы азаматтардың да тазалығын қалар едім.

Есенәлі ЕРАЛЫ,

жазушы, Халықаралық Жамбыл атындағы және Қазақстан Журналистер одағы сыйлықтарының иегері.

«Жанр және кейіпкер» кітабы,

67-71 беттер, Алматы,

«Ұлағат» баспасы, 2013 жыл.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *