ЖҰМЫСЫНА САЛҒЫРТ ҚАРАҒАН ӘКІМДЕР СӨГІС АРҚАЛАДЫ

Ақорда
714 Views

Мемлекет басшысы коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөнінде кеңес өткізді. Бейне байланыс режимі арқылы өткізілген жиынға Үкімет мүшелері, бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары, қалалар мен облыстардың әкімдері қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде дер кезінде жарияланған қатаң карантин шаралары уақыттан ұтып, эпидемияның қатты өршіп кетпеуіне мүмкіндік бергенін атап өтті.

– Өкінішке қарай, төтенше жағдай режимі тоқтатылғаннан кейін елімізде індет қайтадан белең алып кетті. Биылғы 11 мамырда шектеулер алынғаннан кейін вирустың таралуы 7 есе өсті. Бұл көп жағдайда бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктерге байланысты болып отыр. Мемлекеттік басқару жүйесінің орталық және жергілікті органдары Төтенше жағдай режимі тоқтағаннан кейінгі кезеңде тиімді жұмыс істеуге дайын болмағанын атап өту қажет. Ведомствоаралық комиссия өзіне жүктелген міндетті атқаруға шамасы жетпеді. Мұны ашық мойындау керек. Денсаулық сақтау министрлігі орталық және жергілікті билік органдарының жұмысын үйлестіре алмады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, жергілікті жерлерде тиісті жұмыстар дер кезінде атқарылмай, тиімділігі аз шаралардың қабылдануы салдарынан еңбек ұжымдарында, ірі өндіріс орындарында жаппай вирус жұқтыру ошақтары пайда болды. Атырау облысындағы Теңіз кен орны індет жұқтырудың орталығына айналды. Онда дертке шалдыққан 1222 адам тіркелді. Алматы қаласында тұрғындардың ғана емес, медицина қызметкерлерінің арасында да науқастанғандар өте көп. Елордадағы көптеген мекемелер карантин жағдайының өзінде санитарлық талаптарды сақтамаған. Өңірлердегі ауруханаларда науқастар жататын орынға, медицина кадрларына, дәрі-дәрмекке, медициналық құрал-жабдықтарға тапшылық қатты байқалады.

– Жұмысына салғырт қарағаны үшін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновке, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевқа ескерту жасаймын. Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалинге, Павлодар облысының әкімі Ә.Сқақовқа және Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Е.Тоғжановқа сөгіс жариялаймын. Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне өңірлердегі ахуалды реттеу қажеттігін ескертемін. Аталған мәселе барлық облыстың басшыларына да қатысты. Тиімді ақпараттық жұмыстың өз деңгейінде жүргізілмеуі де жағдайды ушықтыра түсуде. Біздің халықпен арадағы диалогымыз өз деңгейінде нәтиже бермеді. Ақпараттар легі теріс пікірлердің ықпалында кетіп, дәрігерлердің ерлікке пара-пар еңбектері көрінбей қалды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев лабораториялық зерттеулердің тиімділігін арттыруды, реагенттер мен жұмсалатын материалдардың үздіксіз жеткізілуін шешуді, ПТР-лабораториялардың саны мен қуаттылығын арттыруды тапсырды.

– Тұрғындардың лабораториялар маңындағы кезектің көптігіне, санитарлық нормалардың сақталмауына қатысты шағымдануы әділетті. Мұның бәрі тікелей ауру жұқтыру қаупін күшейтеді. Сондықтан вирус жұқтырудың алдын алу және бір орталықтан таратуды қамтамасыз ету, сондай-ақ, есепке қою мақсатында ПТР сынамаларын тапсыруды онлайн жазылу немесе Call орталық арқылы жүргізу қажет. Індет ошақтарындағы жұмыстар үшін, әсіресе ауылдық жерлерде мобильді лабораторияларды ұйымдастыру және мобильді қызметті одан әрі дамыту үшін қаржы бөлу аса маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ақпараттық жұмыстарға қатысты тәсілді түбегейлі өзгерту қажет екенін айтты. Жауапты тұлғалар өткізетін тұрақты брифингтерді жолға қойып, індет жұқтырған кездегі іс-әрекеттердің алгоритмі жөнінде халықты нақты әрі сапалы ақпаратпен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.

– Телеарналарда тікелей эфир арқылы дәрігерлерден кеңес алып, тұрғындардың сұрақтарына нақты жауап беретін бағдарламалар ұйымдастыруға не кедергі? Азаматтарға емделудің протоколы мен алгоритмін жеткізу керек. Дәрі-дәрмектер мен оны пайдалану жөнінде түсіндіру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметті шұғыл шаралар қабылдаумен қатар, коронавирус пандемиясының ұзаққа созылуына дайын болуға шақырды. Осыған байланысты орта мерзімді перспективаға арналған Қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын сақтау жөніндегі ұлттық жоспарын әзірлеуді тапсырды.

– Иә, бұл – қауіпті ауру. Оны емдейтін вакцина әлі жасалған жоқ. Бірақ оны қауіпті екен деп байбалам салып, үрейге бой алдырмау керек. Сондай-ақ жөнсіз әрекетке барып, дәрігерлерге тіл тигізіп, санитарлық режимді бұзуға жол берілмейді. Ал науқастанып қалғандар сарыуайымға, пессимизмге салынбағаны жөн. Ем алумен қатар, ағзаның күші, адамның көңіл-күйі оның құлантаза айығып кетуіне ықпал етеді. Денсаулық сақтау министрлігі және санитарлық дәрігерлердің ұсынымдары мен талаптарын естен шығармауды сұраймын. Мұның бәрі мемлекеттің ең басты игілігі – сіздердің, Қазақстан Республикасы азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғауға арналған, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазіргі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдау мақсатында Мемлекеттік комиссияға екі күннің ішінде биылғы наурыз-мамыр айларындағыдай қатаң карантин режимін енгізу мәселесі бойынша ұсыныс әзірлеп, енгізуді тапсырды.

Akorda.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *