МАХАББАТ ДЕГЕН НЕМЕНЕ?

Әдебиет
972 Views

(Соңы. Басы өткен сандарда).

* * *

Күнде түсте, немесе кешке ол тамағымды әкеледі. Шешесі асханадан қолы тимей, шыға алмайды.

Ол кірер-кірместен бас салып, өліп-өшіп өбіп, аймалап төсегіме ала жөнелемін. Ол да аққала тістерін көрсете рахаттана күліп, жайнап шаштарымды тарақтап, арқа-басымды сипалап, шөліркеген ернін тоса береді. Көктемгі үлпілдек қызғалдақтай ажарланып, құлпырып кеткен айдидарын, қылаңдай міні жоқ құлын мүшесіне сұқтана қарап, аялаймын, сипалап, жандүнием кемерінен тола шымырлап, гүл-гүл шешек атады.

Беу, шіркін, қайран қайырылып қайта келмес тәтті де сәтті сылқым сезім, бура көңіл күндер-ай!..

* * *

Шыжғырған өрттей аптап та, гүжілдеп, дүрілдеп шаң бұрқыратқан не түрлі машиналар үні де, солқылдатып өтіп жатқан қара майы тамған пойыздардың боздауы да, тарс-тұрс еткен мотор, қырманның қылпық-тозаңы, бұрқыраған шуы да әсер етпей, дүние гүлжазираға бөленіп, шарқ ұрып Айсұлуымды ынтыға күтетін әдет таптым. Әзілкеш сиқыр күлкілі СХИ-дің отыз студентін де, қаптап жүрген қыз-келіншектердің біреуін де көзіме ілмеймін.

Қараңғылықта мотоциклін тырылдатып механик жігіт келсе ішіме қызғаныш өрті кіріп, ол кеткенше сыртта жүріп аламын.

Ертесіне бойжеткенім кіріп келгенде салқын қарсы аламын.

– Алтын ағажаным! Не болды сізге?

– Анауың кеше келіпті ғой.

– Ой, ағатай, оны қойыңызшы, – деп сыңқ күліп, еркелейді, назданып, сүйкімді қылығымен жанартаудай жалындатып, өзіне магниттей тарта жөнеледі.

– Тәттім менің, махаббатым менің! – деп құлақ түбіме ернін тақай сыбырлағанда көңілім шайдай ашылып, майдай еріп жүріп беремін.

– Ағажан айтыңызшы, махаббаттың қандай түрлері болады? – дейді ол екеуміз ентігімізді басып, ас ішуге отырғанымызда көзін төңкере, қиыла сұрап. Еріндері қып-қызыл толып, алаурап, көзінің жанарларында оттар жарқырап, беттері қызғылттанып, кеудесі көтеріліп, басылып сықылықтай күле береді.

– Алғаш балапан махаббат деген түйсік пайда болады.

– Ол қай уақытта?

– Балапан махаббат баланың жаңа-жаңа өмірге бейімделе бастаған уыз шағында алты мен тоғыз жасар кезінде белгі бере бастайды. Ер бала бұл шақта жылт еткен әлдебір қызбен ойнағысы келіп, соның айтқанын құп көріп, мәз-мейрам күлісіп жүреді.

– Одан кейін ше?

– Құйын-перен ойыннан жалықпайтын тоғыз – он жасы кезінде әтеш махаббат пайда болады. Ер бала жақсы көрген бүлдіршін қыздың бантигінен, шашынан тартып, жөн-жосықсыз ұрынып-тиісіп, қағып-соғып кететін ұрыншақ шақ.

– Оннан асқан соң қандай болады?

– Бұл нағыз өскелең шырын шақ. Осы от сезімді кезеңді албырт махаббат деймін. Он-он бес жас кезінде жасөспірімдер бойына қуатты, құлпырған сезімдер құйылып, ол сан ауытқып, бірі ұнап, бірі ұнамай алақұйынданып ұл-қыздар бір-біріне сырттай ынтық болып, хат жазысып, іштей сезімге булығып жүретін албырт кезең.

– Енді бозбала-бойжеткен шақта қалай болады?

– Жастар он алтыдан асқанда қыз қылықтанып, назданып түрлене құлпырып, гүлдеп, шешек ата бастайды. Даусы өзгеріп, гүрілдеп, мұрт тебіндеп, қол-аяғы серейіп өскен бозбалалар паңданып, бөтен қыз көрсе таңданып, солардың төңірегін жағалап, өзіне лайықты бойжеткен іздеп, шарқ ұратын бұла шақ. Міне, осы он алты мен жиырманың арасындағы лаулаған өрт сезімге құштарлықпен бірлесіп, бір-бірін тапқан екі жас қол ұстасып, сел-сел көңіл-күйлерін бірге бөлеп, бірге жүріп, бір-бірін сағынатын, іздейтін, ғашықтық атты өрт дертін бастан кешіретін бал махаббат уақыты келеді. Екі жас бір жұп болып, бас құрап, отау құрып кететін, ғұмырлық серігін табатын ыстық та іңкәр, ғажайып бақ бастарына қонған құт мезгілді бал махаббат дәурені дейміз.

– Ойпырым-ай, ағай, міне мен екі айдан кейін жиырма жасқа толамын. Басымнан Сіз айтқандай балапан, әтеш, албырт махаббат сезімдері өткенімен, мына бал махаббат дегенді әлі кездестірмеппін, – деп Айсұлу әңгімемді ынтыға, беріле тыңдайды.

– Ал, енді жиырма мен отыздың арасындағы, ақыл тоқтатып, сабырлы, салиқалы шаққа жеткенде бір-бірін тапқан жұптарды – дана махаббат дейміз. Өйткені, бұл уақытта олар алды-артын болжап, мамандыққа ие болып, тіршілікке бейімделіп, арғы-бергіні көріп, таразылап, таңдап сыңарын іздеп табады.

– Ойпырым-ай, ағажан, махаббат дегенді жіліктеп, түсіндіріп бердіңіз. Ал, кейбіреулер бас құрағаннан кейін ажырасып кететінін қалай дейміз?

– «Үйлену оңай, үй болу қиын» – деп қазақ атам баяғыда оған баға беріп қойған. Сезімге шарпылып шаңырақ көтеріп жатқандардың кейбіреулері алғашқы қиындық кедергі сыннан өте алмай сынып кетеді, бір-біріне ауыр сөздер айтып, айырылысып тынады. Қазір не көп, күйеуден ажырасқан келіншектер көп. Бірлі-екілі балаларын жетелеп кетіп қалып, жесір әйел қатарын көбейтіп жүргендер қаншама? Байдан шыққан орамалдыларды еркек біткен жеңіл жүрісті, оңай көнетін, көрінгеннің ермегіне айналатын – жүріскер қатын деп есептейді.

– Еркектер де оңып тұрмаған болар? Кінә екі жақтан орын алып, отбасы бұзылғанда отағасының да мінез-қылығы анық көрінбей ме?

– Дұрыс айтасың. Қазір әйелдерін жесір, өзінен туған балаларын жетім дегізіп, сидаң қағып, әуелі бала-шағасына алиментін төлемей, көмек көрсетпей қашып-пысып жүрген бөріктілерді көргенде қатты қынжыласың. Өз баласынан безінуден артық қандай қылмыс болады. Бүкіл жаратылыс, тіршілік, жан-жануар біткен өз ұрпағын аялап, бағалап өсіріп, бағады ғой. Міне, бұлардың махаббатын – шала махаббат дейміз. Ойланбаған опық жейді, орға құлайды. Махаббатпен ойнауға болмайды.

– Ағажан, сіз махаббат теоретигі секілдісіз. Дәл диагноз қойып, анықтама береді екенсіз. Тағы қандай махаббат болады?

– Айка, жаным, бұл өте терең тұңғиық әлем. Мәселен отыздан асқандарда да, тіпті жасы келген жандарда да сезімдері дауыл болып келіп, сабыр боп бітіп, барахатты отбасы құрап жататындар да бар. Олардағы үлкен сүйіспеншілікті сара махаббат деймін.

– Ой, ағажан, сіз менің көзімді аштыңыз. Дүние түгел бұлыңғыр, мұнар секілді көрінуші еді.

– Бәріне ақыл, жүрек әмірі керек. Махаббат адасуды кешірмейді. Қой, біраз нәрсенің басын шалып, өз ой-көзқарасымды айтқаным ғой. Қаншама ұлылар жазып, айтып кеткенімен, заман әуенімен өзгеріп тұратын бұл ұлы сезімге әлі талай-талай баға, тұжырымдар беріледі. Жіктеп, тізбелей берсең шын махаббат, жын махаббат, құл махаббат дегендер де болады. Өмір, тағдыр болған соң неше түрлі оқиға, құбылыс, тіршілік иірімдері саналуан кездеседі. Әр адам – жеке құбылыс, жеке әлем. Өзі өмір сүрген қоғам, орта, отбасына бейімделіп базарлы, бақуатты, берекелі өмір сүру – бұл пешенеңнің емтиханы. Ғұмырың – сын мерзімі, сынақтан өту уақыты. Әркім өзінің ғұмырына өзі жауапты.

– Назымбек аға, осының бәрін біліп, ойлап жүрген сіз нағыз данышпансыз.

– Қой өйтіп асылық айтпа. Күнделікті тіршілікте, көрген жайлардан түйген тұжырымым ғой.

– Жоқ маған сіздей ғұлама тұңғыш рет кездесіп отыр.

– Тәттім-ау, мен әлі түк бітірген жоқпын. Астанаға кетіп, ақын-жазушылардың ортасында жүрсем, жаза алмай, ойымда бұрқырап пісіп жатқан дүниелерімді жазып, жарыққа шығарсам деймін…

– Ой, ағай, Сіз аудандағы дөкей бастықтың бірісіз. Екі кітабыңыз шықты. Бәрі оқып, үлкен жазушы деп жатыр. Ана студент қыздар «Бұл кісі махаббат жыршысы екен» деп шулап жүр.

Ол келіп артымнан құшақтап, төбеме ернін тигізе:

– Мен бақыттымын ағажан! – деді сыбырлап.

– Тәттім менің… – деп түрегеп қос қолыммен айқара құшақтағанымда қос алмасы кеудемді тіреп, кеудесі дүрсілдеп тұрды.

* * *

Буырыл мұрт директор алаңдап, батыс тұсқа қарай берді.

– Қарашы, сонау құмды өлкеден қап-қара тұтасқан алып бәле жақындап келеді. Бұл Аңырақайдың жазғы шілдеде бір, қысқа қақаған шілдесінде бір айналып соғар сұмырай бораны. Қой, мен мотористерге барайын, свет өшеді, қазір алай-дүлей басталады. Сіз де үйде отырыңыз, – деп әңгімесін келте қайырып, элеваторға қарай жүгіре басып асығып кетті.

Тұтаса түнек боп жақындап келген бұл шаң-тозаңы бұрқыраған қара боран болып шықты. Дала түгел алай-дүлей, шаң, құмды суырып әкеп саулатып төгіп жатыр, ара-арасында кепкен ебелек, шөп-шабалаң, сабан мен топан қара топырақпен араласып бас-көз демей сабалап, станцияның ұйқы-тұйқысын шығарды. Аспан асты, жер үсті қаракүреңденіп, ышқына соққан дауылдан үй іргесі сықырлап, есік алдында ұйқы басқан иттер қыңсылап, жандарын қоярға жер таппай безек қақты. Терезе әйнегін тырсылдата соққан құм мен тас қиыршықтары асфальт бетін алажабақ қып көміп тастады. Сәл-пәл дамылдағандай болады да, қайта ысқыра, ышқынғанда бағандардағы электр сымдары ұшып кете жаздап, палаткалар үсті ұшатын құстай жалп-жалп етеді.

Күн жеген, жел мүжіген кәрі дала долы мінез көрсетіп, көк аспанды қара жерге айналдырып, ұлы сүргін, сұрапыл дауыл долданып тұрып алды.

Лып-лып етіп жарық сөніп, қырман, элеватордағы бар жұмыс тоқтады.

Есіктен басына қапты үшбұрыштап киіп алған Айсұлу кіріп келіп:

– Ағажан, түскі асты әкелдім, термоспен мамам беріп жіберді, – деп қапты шешіп, үсті-басын қаққылады. – Бұл Аңырақайдың сұмырай қара бораны, ал қыста ақмылтық ақ бораны болғанда қарыс жер жүре алмай қаламыз.

– Тәттім-ау, соның бәрін қайдан білесің?

– Мамамдар айтып отырады. Енді папамдарға тыным жоқ.

– Тәттім, мәмпәзиім! Сені туып, өсірген ата-анаңнан айналайын, – деп аймалап сүйе бастағанымда:

– Аға, шаңымды қағып, бет-аузымды жуып алайыншы, – дегеніне қарамай есіктің күршегін сала бердім.

Сәлден соң қаракөлеңкеде айқасып жатып, ол еркелей төсімнен сүйіп, сипалап:

– Ағажан, кешегі махаббат жайлы айтқандарыңызды жазып қойдым.

– Тәттім-ау, бұл өзі тарам-тарам боп кететін мәңгілік тақырып қой.

– Тағы қандай түрлері бар?

– Иә, кездейсоқ кездесулер – өрт махаббат, уәдені ұзақ күткізер – серт махаббат, зарығып, сарғайтатын – дерт махаббат деп кете береді.

– Қой, ағажан тұрып отырайық. Біреу-міреу сізді іздеп келіп қалар, – деп қыз лып тұрып, киіне бастады.

Мен түскі асты ішіп отырғанда ол маған қиыла, соншама тесіле қарағаны-ай…

– Ағажан, білесіз бе, мен ғалым болғым келеді. ЖенПИ-ді бітіріп, ғылым жолына түссем… Ел ішінде қандай асыл сөздер, ақыл кендер қалып жатыр. Соларды жинап кітап шығарсам… Астанада Сіздің жаныңызда болсам…

– Қазына халықтан жазып алған мақал-мәтелдің бір-екеуін айтшы.

– «Жылқы мінсең тұлпарын мін, қызды сүйсең сұңқарын сүй!», «Текті жерден қыз алсаң – төрде отырасың, тексіз жерден қыз алсаң – көрде отырасың»…

– Сен филолог-ғалым боласың. Мына мақалдарды мен естімеппін.

– Сізге мен әлі талай-талай мақал, аңыз әңгімелерді айтып беремін. Мына долданған әңгүдік Аңырақай желі жайлы аңызды айтып берейін бе?

– Айтшы, тәттім менің…

Есік тоқылдап, ілгегі сылдырлады.

– Ойбүй ұят болды ғой, ағажан, – деп Айсұлу бетін баса есік ашты.

Плащын басына бүркемелеген Таңсұлу кіріп келді. Екеуміздің жайбарақат шәй ішкен түрімізді көріп, көңілі жайланды-ау.

– Мамам тез келсін деп Айсұлу сені шақырып жатыр. Ағай, ертең кешке студент қыздар концерт қоямыз, соған Сізді әдейілеп шақыршы деді. Ертең өздері де айтатын шығар.

– Ағай, оған бармайды, – деді Айсұлу жұлып алғандай.

– Неге? – деп Таңсұлу таңдана қарап қалды.

– Ой, бәрібір олардың өнері сендерге жетпейді. Қосылып айтқан әндеріңнің әуені әлі құлағымнан кетпейді. Тағы бір тыңдағым келеді.

– Біз дайынбыз, аға – деп әпкелі-сіңлісі екеуі мәз болып, біреуі қап, біреуі плащын жамылып үйіне қарай жүгіріп кетті.

* * *

Таңертеңгісін тұрсам дала шайдай ашық, шығыстан рахман нұрын аямай құйып, жерді иісітіп, ысытып алтын шапағын жайып Күн шығып келеді.

Бүкіл алаң, жол, қырман үстін бір елідей шаң-тозаң, құм-топырақ басып қалған.

Буырыл мұрт бастық топырақты сыпыртып, тазалатып жүр. «Волга» машинасы сырғып кеп жанымызға тоқтап, ішінен аупарткомның хатшысы Көпбаев түсті. Ұзақ жыл аудан басшысының бірі болып келе жатқан ол идеологияға жауап береді, толықтығына қарамай іскер, табанды, жұмысты жандырып жібереді.

Жүгіріп барып сәлем бердім, ар жақтан буырыл мұрт директор да жетіп, қалбалақтай амандасып жатыр.

– Редактор жолдас, Сіз қазір мына «Правданың» тілшісі Владимиров жолдасты алып, жолай Беріктас совхозын аралатып, көрсетіп ауданға апарасыз. Сағат төртте бұл кісі бірінші секретардан сұхбат алады, – деді әңгімені төтесінен бастап.

– Әлі үш күнім бар ғой өкілдіктің – деп міңгірлеп едім;

– Осында өзім боламын. Аудан он миллион пұт астық жинауға таяу. Жуырда осы жерге үлкен кісі келеді, соған дайындаламыз. Мына төңірек не болып кеткен? – деп қара көзілдірігін шешті.

– Аңырақайдың сұмырай бораны болып, жаңа басылды. Ол тек осы шойын жолдың төменгі жағында құм жиегін жағалап соғып өтетін қара дауыл ғой… Бәрін тазартамыз, жөндейміз – деп директор бәйек болды.

– Қане, сен қайта бер. Дегерес, Ақтерек совхоздарын тілші жолдасқа кеше аралатып, көрсетіп шықтым. Беріктаста совхоз директоры тамағын дайындап, Сіздерді күтіп отыр, – деді бөлмеме кіріп, заттарын қойып жайғаса бастады.

Машинамды оталдырып, артық сөзге жоқ шикіл сары көзілдірікті «Правда» газетінің ілмиген тілшісін жаныма отырғызып қайтып кеттім. Қырман жақта тәттім көрініп қалмас па екен деп жаутаңдай қарай-қарай ұзадым.

* * *

Оншақты күннен кейін Қопаға қайта келгенімде танымай қала жаздадым. Жолдың, алаңның бәрі асфальттанған, қып-қызыл ұран-лозунгтер, жалаулар ілінген, қырман элеватор түгел қайта сырланған.

Үстіне жібек шатырлаған сахна алдында егінші-диқандар генералды күткен солдаттардай сап түзеп тұр. Біз бұрын көрмеген «Чайка» атты ұзын сүлік қара машинадан түскен Үлкен кісі – Қазақстан басшысы шынында да ересен биік тұлғалы, ірі кісі екен.

У да ду өткен салтанаттың әсерін кейін жыл бойы айтып жүрдік. Ауданға Мәскеудің Ауыспалы Қызыл Туын тапсырып, Болат Ақжановтың омырауына орден тақты. Бір комбайыншыға «Волга» машинасын сыйлап, біраз егінші «Бесжылдықтың екпіндісі» төсбелгісін алды.

Мен айран-асыр осы қуанышта тәттімді іздедім, шешесі алыстан бас шұлғып, өте шықты.

Салтанатты жиналыс тарап жатқанда алқынып қалың жұрттың ішінде Таңсұлу менің жаныма келіп:

– Аға, сыртқа қарай шығып кетіңізші, – деп сыбырлады.

– Айка қайда?

Екеуміз жырақтап, бөлектеніп шыққанша жауап бермеді.

– Айсұлу көрінбейді ғой?

– Оны алып қашып кеткен!

– Кім? Қашан?..

– Сіз кеткен күні анау келіп жүретін мотоциклді механик ше? Сол жолдастарымен бір машинамен келіп алып қашып кетті. Әкемнің досының баласы ғой. Үш адам қуып бардық. Міне, мына сырғаны тақты маған – деп еліктің құралайындай қыз құлағындағы сырғасын көрсетті.

Көңілім көшкен ауыл жұртындай айран-асыр болып, ұнжырғам күрт түсіп кетті.

Қайран Айсұлу! Тәтті періштем!.. Тәттім менің…

Сені көргім келіп, жүрегім алып-ұшып жеткенімде естігенім осы ма еді?!

Қайран асылзада тәттім-ай!..

– Мынаны ешкімге көрсетпей тек сізге бер деген еді – деп бүктелген оқушының көк дәптерін ұсынды.

Баяғы көк айдын Қопа көлінің жағасына жатып алып көк дәптеріндегі өлеңдерді қайта-қайта оқимын. «Жан ағажан» – деген өлеңдер топтамасын тек маған арнапты, не деген асыл сезім, ақтарылған сыр, сарғайған сағыныш!..

Жүрегім бұлқынып, тұншығып, мен де өлең жаза бастадым.

Күзге қарай Алматыға көшіп кеттім.

* * *

Тойдағы кездесу дүр еткізіп, ақжалау сезімдерді сонау күндерге алып ұшты. Архивімде сақталған көк дәптерді алып, Айсұлудың өлеңдерін тағы бір мәрте оқып шықтым.

Апырм-ай, уақыт не деген жылдам едің, міне сырғып содан бері арқыраған аттай отыз жыл өтіп кетіпті.

Тәттім… Айсұлудан еш хабар-ошар болмай, тіршілік мұхитына көміліп кете беріппін. Сонау бір балшырын тәтті күндер бірте-бірте көмескіленіп, ұмытылып кете жаздапты-ау?..

Арада апта өткенде қалта телефоныма хабарласып тұр.

– Назымбек аға, ағажан, жалғыз тұрсыз ба? Сөйлесе аласыз ба?

– Кім-кім, бұл?

– Тәттіңіз ғой. Айсұлумын ғой.

– О-о, тәттім-ау, қайдасың? Осындасың ба? Қопадасың ба?

– Жоқ, ағажан. Ауылымызға келгенмін. Біз қазір Оралдың ар жағындағы Ресеймен шекаралас бір ауылындамыз.

– Қазір не істейсің?

– Мектеп директорымын, күйеу балаңыз ауыл әкімі. Бес баламыз бар. Аға, ағажан неге үндемей қалдыңыз?

– Жаным-ау, тәттім-ау, сол жылы сенен бір хабар күттім ғой. Неге телефон шалмадың? Сенесің бе, сағынып құса болып кеттім. Тек ескерткішке берген көк дәптерің ғана қалды, соны ақтарып оқимын.

– Аға, ағажан мен де сізден ескерткіш алып қалыппын. Күйеуге тигеннен кейін тоғыз айдан соң босанып, ұл таптым. Қазір жиырма тоғызда. Астанада теледидарында істейді. Өмірбек Бақдәулетов деген режиссер, екі-үш фильм түсірді. Сенесіз бе, тұп-тура Сізден айнымайды. Екеуміздің сол бір тамаша күндеріміздің куәсі сол. Бұл аға Сіз айтатын шын махаббаттан жаралған Өмірбек ұлым топ жара оқыды, өлең жазып аты шықты, Сізден айнымайды ағажан. Өмірбек ақжолтай болып соңынан ерген төрт іні-қарындасы бар.

– Күйеуің сезе ме?

– Жоға. Мені өлердей жақсы көреді.

– Алғашқы түні қыз емессің деп бетіңе баспады ма?

– Мас болып қалды ғой, ертесіне сен бетімді аштың деп едім, қатты разы болды.

– Алматыға келсеңші, болмаса мен Оралға ұшып барайын.

– Аға, ағажан енді кездесудің керегі жоқ. Мен де енді телефон шалмаймын. Махаббат деген ұлы сезімім баяғы балғын күйінде қалсыншы аға. Сізді өмір бойы сүйіп келемін, өлердей ғашық болдым ғой. Бар кітабыңызды тауып оқимын. Неге сіз екеуміздің арамыздағы шын, шың махаббат жөнінде жазбайсыз. Сыртынан ғана көріп, көз қырыңды салып қойыңызшы Өмірбегіңізге. Бірақ ештеңе демеңіз, бұл сыр екеуміздің ғана арамызда мәңгілік құпия қалатын асыл қазына болсын. Жан аға, асыл ағажаным-менің сау болыңыз!

– Тәттім менің!.. дегенімше болған жоқ байланыс үзіліп кетті.

Қайта хабарласар деп күн күттім, ай күттім… Тым-тырыс… Ол хабарласқан қалта телефон нөмерін қайта-қайта терсем де мүлде өшіріліп тастапты.

Ақыры бұл әңгімемді қадалып отырып жазып тастадым.

Шынында да махаббат деген немене осы?..

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті

редакциясының алқа төрағасы

Маусым, 2020 жыл

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *