10 ТАМЫЗ – АБАЙ КҮНІ ДЕП ЖАРИЯЛАНДЫ

Мерей
839 Views

Тиісті қаулы ҚР Премьер-министрінің ресми сайтында жарияланды.

Бұл мерейлікүнді ұлт ретінде ұзақ күткеніміз рас. Өшкені жанып, өлгені тірілген қазақұлысының ұлықтар құндылықтары, әрине көп. Соның ішінде Алаш баласының рухани құбыласы – Абай құбылысын ерекше құрметтеу баршамызға бұлжымас парыз.

Абай хакімнің бай мұрасын, оның асқақ тұлғасын биік тұғырға шығару бір күнге байланып қалмайтыны белгілі. Дегенмен, дербес күн белгіленіп, Үкімет тарапынан қаулы қабылдануы қазақ баласының тағы бір жаңа белеске көтерілгенін көрсетеді.

Абай тағылымына тағзым ету – Рухани жаңғырудың үлкен кезеңі.

Осыдан тура 175 жыл бұрын Шыңғыстаудың Ералы жазығында шыр еткен қазақ дауысы – Алаш бағдар тұтқан жарық темірқазыққа айналды.

Бұл күн – біртұтас қазақ баласын бірлікке шақыратын, адамгершілікке үндейтін, «біріңді қазақ бірің дос» тұтатын қастерлі күн!

Тура сол күні хакім үңілген терең ойлар теңіздей тебіренетіндей, тура сол күні хакімнің соңында қалған биік мәтіндер тіпті зорайып асқақтайтындай!

Абай күні – қазақтың ізгілік пен өркениет өріне басқан тағы да бір қайырлы қадамы!

Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор:

ХАКІМГЕ ХАЛЫҚТЫҚ ҚҰРМЕТ

– Күні кеше жарияланған Үкіметтің қаулысында ресми бекіпті. Біз бұл күнді ұзақ күттік. Әділдіктің салтанат құратынына сендік. Тірісінде ақиқатты, әділдікті жақтап, ғылымды ту көтерген, соңына жақұттай жарқыраған қазына қалдырған жанға қатысты дүниелердің ешқайсысына біз немқұрайлы қарамауымыз керек. Бұл тұрғыдан келгенде қоғамда оның туған күніне қатысты екіұдай пікірдің болуы, екі түрлі датаның аталуы бізді қынжылтатын. Неге десеңіз, ұлы ақынның туған күні 10 тамыз екені айдан анық, еш талассыз шындық. Аға сұлтан Құнанбайдың анкетасында балалары туралы мәліметтер көрсетіледі. Сол жерде Абайдың туған күні деп 10 тамыз жазылған. Одан Семейге саяси қуғынға ұшырағандар келгені белгілі. Олардың пікірлері де мұны қуаттайды. Абайдың 1845 жылы, 10 тамыз күні Ералы жазығында туғаны айқын. Ол кезде Семей халқы көшіп-қонып жүрді. Олардың бір жерге отырықтануы өткен ғасырда ғана жүзеге асты. Шортанбай ақынның айтатыны бар ғой: «Әуелі бастан ханды алды, Қамалып қазақ сандалды», деп. 1822 жылы хандық жүйе жойылған соң орыс губерниялары құрыла бастады. Олардың мақсаты белгілі еді. Әрине бұл ұзақ әңгіме. Біздің айтпағымыз, Абай сол тұста өмірге келді. Ұлы ақын өмірден өткен соң кеңестік саяси жүйенің ықпалымен қоғамдық-саяси көзқарастарынан бастап өмір­баянына дейін бұрмаланды. Яғни туған күніне дейін өзгертілді.

Осы күні аталып жүрген 23 тамыз қайдан шықты дегенге келсек, орыстарда ескі жыл мен жаңа жыл санауда 13 күндік айырма бар. Сол себепті ақынның туған күніне 13 күн қосылған. Бірақ бұлай жасауға болмайды. Оны кезінде біз жазғанбыз. Әрине, бұл жерде ақынның биографиясына терең бойламағанымды айта кеткен жөн. Мен көбінде оның рухани қазынасын зерттедім. Әуезов «Абайдың батысынан шығысы басым», деген пікірде болған. Мен негізінен Абайдың шығысын зерттедім. Енді кешігіп болса да, ұлы ақынның туған күні ретінде 10 тамыздың бекігені құптарлық іс болды деп ойлаймын. Бұл сөзсіз солай болуы қажет нәрсе.

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағыбасқармасының төрағасы:

АРЫМЫЗ ДА, БАРЫМЫЗ ДА – ҰЛЫ АБАЙ!

– Абай – өз шығармаларымен қазақ халқының ақыл-ой, жан-жүрек қазынасын ғаламат байытқан дана ақын ретінде әлемдік өркениеттен ойып орын алған ренессанстық тұлға. Ұлы Абай сол биікке өзімен қоса туған ұлтын да өрлетіп, төр­летіп отыр. Темірқазығымыз, шамшырағымыз ұлы хакім екенін бүгінгі ұрпақ бағамдап қалды. Биыл Президент ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай, Абай жылын жариялап, елімізде қыруар шаралар өткізу көзделіп, қолға алына бастаған болатын. Алайда бүкіл әлемді бір қауызға сыйғызған пандемия індеті мерейтойдың да жолын кесті. Соған қарамастан елімізде онлайн режимде Абай туындылары оқылып, жатталып, талданып, зерттеліп, насихатталып жатыр. Тіпті Халықаралық видеоконференциялар да жүргізілуде.

Мен Қазақстан Жазушылар одағы бас­қармасы атынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Абай­дың туған күні 10 тамызды Абай күні деп атап, ұлттық мерекеге айналдыру туралы ұсыныс хат жазған болатынмын. Сол бастамамызды Мемлекет басшысы қолдап, Үкіметке тапсырма берген екен. Міне, көптен күткен қаулы шығып, Абай күні бүкілхалықтық, ұлттық мереке ретінде күнтізбеге еніп отыр. Тарихи оқиға! Үлкен қуаныш! Бұл поэзия мәртебесі, бұл қазақ тілінің салтанаты деп білемін.

Шетелде тұратын кейбір керауыз қандасымыз «Абай деген ақын өмірде болмаған аңыз адам екен. Оны Бөкейханов бастаған алашордашылар өз идеясын тарату үшін ойлап тапқан мыс» деген де арам ойлы лақап таратып, оны жақтаушылар да құйысқанға қыстырылып жатқан кезде, Мемлекет басшысының бұл шешімінен кейін сол арамза ауыздарға құм құйылатын болды. Еркін ойлы Алаш қайраткерлеріне қуат берген Абай, алапат атом жарылыстарының зардабымен күресте қалың еліне дем берген Абай, тәуелсіздік үшін күресте де, тәуелсіздік тұсында да жұртына бағыт-бағдар, қайрат-жігер берген Абай қазіргі індеттен арпалысып күйзелген халқын өз рухымен жебеп, жырымен емдейтін құдіретке ие.

Кенжехан МАТЫЖАНОВ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор:

АБАЙ – РУХАНИ ТЕМІРҚАЗЫҒЫМЫЗ

Жыл басы Президент мақа­ласынан басталуы рухани, мәдени өміріміздегі құбылыс болды. Мақала өте салмақты, терең, толық жазылған. Мақаланың өзінде Абай мұрасын қазір қалай игеруіміз керек, болашақта халық кәдесіне қалай жаратуға болады деген ежелден келе жатқан сұраққа қазіргі заман тұрғысынан жауап берілген.

«Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел» деген Абайдың сөзі бар, уақыт өткен сайын Абайды тану кезең-кезеңмен өзгере беретіні белгілі. Сондықтан Абайға біз әрқашан жаңа көзқарас тұрғысынан оралып отырамыз.

Абайдың биылғы 175 жылдық мерейтойында абайтану бұрынғы абайтанудан өзгеше болуы тиіс және заңды. Абайдың өсиеті – ел еркіндігі, бостандығы, қазақтың өз жеріне ие болуы. Сондықтан Абай мұра­сына тәуелсіз көзқарастың қажет екені алдыңғы ке­зек­ке қойылып отыр. Президент мырза осы мәселені мақа­ласында жан-жақты көрсете білген.

Абай – ұлттық болмысымыздың биігі, Абайды жаңаша тану керек, сонымен қоса Абайды жас ұрпаққа жаңаша ұғындыруымыз керек. Осы тұрғыда Президенттің қазіргі мемлекет және Абай мұрасы деген тақырыпты қозғағанын бөле-жарып айтуға болады. Бұл мақаладағы «Мемлекет ісінің мүдделісі» бөлімінде көрініс тапқан. Халықты қалай билеу керек және халықты жақсы өмірге қалай жеткізу керек деген мәселені Абай өз заманында терең қозғаған, бұл бүгін де өзектілігін жоймаған мәселе. Бұл тұрғыда Президент өзінің бағдарламасын Абай ілімімен байланыстырып, біраз мәселенің басын ашқанын білеміз. Мәселен, Президент Жолдауында айтылған «Халық үніне құлар түретін үкімет» құру идеясын айтуымызға болады.

Абай мұрасында айтылатын толық адамға жету үшін қандай мұраттарға қол созу керек деген мәселе Президент мақаласында жан-жақты ашылған. Осының ішінде ерекше тоқталатын дүние: Абай мұрасының ынтымаққа, бірлікке шақыруы. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ақын сөзінің астарында қаншама дүние жатыр. Мемлекет біртұтас болуы үшін қазақ әуелі өзі біртұтас болуы керек. Бір идеяға ұйып, тұтас халық болып қалыптасуы қажет. Осыдан келіп Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деп аталатын екінші үлкен идеясы шығады. Ол үшін адамға өз мүддесін адамзаттың мүддесімен бір деңгейде қоя білетіндей үлкен, биік парасат керек. Осы тұрғыдан келгенде, Абайдың толық адам ілімі бір-бірімен кешенді түрде байланысып отырған дүние екенін көруге болады.

Қазақ халқын әлемге таныту қандай жолмен жүзеге асады? Әр қазақ кеудесін соғып, мен қазақпын, мені таныңдар деп айғайлай берсе, әлем тани ма? Әрине, танымайды. Ұлт әлемге ұлы тұлғалары арқылы танылады. Әлемге Абайдың мерейтойы, Абайдың ілімі арқылы бүкіладамзаттық идеялардың қандай деңгейде екенін көрсете алатын деңгейге жетуіміз керек. Абайдың ойы адамзатқа қосылған үлкен үлес. Бұл қазақ мәдениетінің үлесі. Абайды тани отырып, әлемге таныта отырып өзімізді танытамыз. Осы тұста Абай шығармашылығын тарату мәселесі шығады, бұл «Әлем және Абай», «Абай және философия», «Абай және әлемдік өркениет» деген тақырыпты туындатады, мұның ар жағында «Қазақ және әлемдік өркениет» деген дүние шығады. Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізу қазақ халқы үшін де, мемлекет үшін де үлкен сын. Мерейтой рухани деңгейімізді көтеретіндей дәрежеде өтуі керек. Абайдың туған күні қарсаңында 500-дей іс-шара өтеді. Саны аз емес, енді сапасын көтеру үшін Абай мұрасына тереңдеу, насихаттау, жаңа технологиямен таныту мәселесіне мән берілуі керек. Бұл орайда, Президент мақаласы Абай жылын өткізудің бағдарламалық өзегі боларына үміт артамыз.

Абай күні, Абай мерекесі құтты болсын!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *