САРҚЫТБАЙДЫҢ КІТАБЫ

Әдебиет
838 Views

(Соңы. Басы өткен санда).

– Мен жыршымын ғой. Соғысқа қара домбырамды алып барып, мені үгіт бригадасына қосып, ән-жыр айтып, солдаттардың көңілін көтеріп жүрдім. Келінжан, маған ащылау етіп қара шәй құйып беріп қой. Алдымен «Алпамыс» жырын айтып берейін, – деп жырды бастап та кетті. Ол жырдағы әр адам болып, дауысын салып, бірде күліп, бірде батыр боп қаһарланып, бірде тұлпардың шабысын айтқанда өзі шауып бара жатқандай екі жағына теңселіп, бөксесімен қозғалып, төрден есікке, есіктен төрге жорғалайды. Шабыттанып, шаттанып шырқап ара-арасында Алпамыстың ерлігін айтқанда арқаланып, тіпті жайнап, маймаң қағады. Ал, басына күн туғанда күңірленіп, күрсініп саналуан аһыл-уһілге салып, сарнап, сарғайтып жүйке жүйкеңді босатады.

Ұлтанқұл Алпамыстың баласы Жәдігерді көкпар етіп, қорлық көрсеткенде пысылдап, еңкілдеп жылап қалдым. Шешем де мырсыңдап көзін орамалының шетімен сүрткіштейді.

Сарқытбай түнімен ақ таяқты сабалап, бір орында байыз таппай, екі иығын ойнатып, дауысын сан құбылтып сорғалатып, жорғалатып «Қыз Жібекті» айтты.

Терін сүртіп, ыстық ащы шәйді ұрттап алып:

– Шаршаған жоқсыңдар ма? Түн жарымы артта қалыпты ғой, – деп бәрімізге сынай қарап қояды. – Мыналар ұлып, торауылдап қоймады-ау, – деп бердеңке мылтығын алып сыртқа шығып кетті. Тып-тынық тау түнін жаңғырта екі мәрте тарс-тарс еткен мылтық дауысы естілді.

– Көкжал арланын жараладым, ол көп ұзамай қаңсырап құлап, өледі. Ал, қалғандары зытып жоғалды, олар түгел күнгейге, қырғыз ауып кетеді. Қапеке, енді итқұс дегенің бұл араға жоламайды. Менің көзімнің алмасы ерекше өткір, үкі секілді түнде де анық алыстағыны дәл көремін. Ал, күндіз тіпті дүрбі салып әуре болмаймын. Мына тауда тұрып қарсы таудың баурайында жайылып жүрген еліктерді көріп қоямын. Мына менің екі көзімнің арасы бес сантиметр, соғыста снайпер болдым, атқанымды құр жібермеймін. Аңшының екі аяғы қашқан аңды қуып жетуі керек, атқанын сеспей құлататын мерген болуы керек. Құрдасым Жауынбай деген аңшы екеуміздің қалжыңдап ойнаған қызық оқиғамды тағы бірде айтып берейін. Шаршаған жоқсыңдар ма?

– Жоқ, – деп әке-шешем үшеуміз бірден шу ете түстік.

– Онда қайсысын айтайын? Қобыланды ма, әлде Қамбар батырды айтайын ба?

– Қобыланды батырды айтыңызшы – деді шешем білетіндігін танытып.

Сары таңға Сарқытбай аға ақ таяқты сабалап жыр айтты. Шаршап, шалдығу деген жоқ, тіпті арынын үдетіп, Тайбуырылдың шабысына келгенде өзі үстінде шауып бара жатқандай екі қолын екі жағына сермеп, теңселіп, жорғалай жылжып, екпіндеп құйқылжыта төгеді.

Тұлпар шабысына шабыттанып желпініп, желдіре шырқағаны-ай сол бір түнде.

– Аға, ас дайын еді, – деп шешем бір-екі мәрте ескертіп еді, басын шұлғып, ырғалып отырған ол жырын үзбей төкпелей берді.

Қобыланды батыр жырын бітіргенде барып бәріміз тым-тырыс отырып қалдық. Таң бозымықтанып атып келеді.

– Ал, тамақтарыңды әкеліңдер енді, – деп ары ысырылып отырып, қолындағы ақ таяқты керегеге сүйей салды.

Үстіне жаңа сойылған қойдың басын қойып, үйме табақ ет әкелінді. Қатық қосқан сорпадан екі кесе ішіп алған соң:

– Мен ауылға түсейін, – деді.

– Демалып, ұйықтап алмайсыз ба?

– Жо-жоқ, мен өлең-жыр айтсам қуаттанып, нұрланып, шаттанып кетемін. Күні-түні айтсам да шаршамай қайта күш-қуат алып, ұйқым шайдай ашылады. Ал, көп уақыт айтпай қалсам ішім толып, шерленіп, күбірлеп-жыбырлап қиялиланып, ұйқым бұзылады. Ондайда шырт етпе ашуланшақ боп кетемін. Аңшылар құс ұйқылы болады.

– Аға, осыншама жырды қалай жаттап алдыңыз? – деп шешем бүйірден сұрақ қойды.

– Қарағым, келінжан. Мақтанғаным емес мен бір рет естісем, не бір рет оқысам болды көкейімде жатталып қалады. Бір сөзін бұзбай, шатастырмай мәнерлеп жырлап беремін. Бұл маған Құдайдың берген сыйы, – деп сала-сала ірі саусағымен тақыр басын сипады.

Шешем бұрыштағы көк сандығын ашып, бірнәрсе алып, Сарқытбайдың алдына қойды.

– Аға, мына кительді киіп кетіңіз.

– Ау, мынаның матасы өте қат қой.

– Иә, Қарғалыдағы Қапаштың інісі әкеп берген еді.

Жыршы үстіндегі күпәйкесін шешіп тастап, кительді киген еді, тұп-тура шақ екен.

– Мына Нариман балаң түні бойы кірпік ілмей аузыма кіріп кетердей ұйықтамай жыр тыңдады. Зерек, зердесі бар. Қапаш, көресің осы ұлың атыңды шығарады, – деп мені қаңбақ құрлы көрмей тік көтеріп алып, бауырына басып, маңдайымнан сүйді. Өсіп кеткен сақал-мұртының түгі шекеме тікендей қадалды.

Қос мүйізі арбиған шеңберек қарын жуас ала өгізге әкем мініп, артында сала құлаш қасқыр теріні бөктерге байлатып, Сарқытбай аға жетектеп жолға шықты.

– Ұят болды ғой, аға Сіз мінуіңіз керек еді, – деп шешем кеше сойылған қойдың қалған етін қоржынына салып берді.

– Қапаштың бір аяғы кем ғой, соғыста ранный болған. Мына балалардың бағына тірі қалған ғой, қарғыс атқыр соғыстың біткеніне де міне он екі жыл болыпты-ау, – деп шешемнің етегіне жармасып тұрған екі қарындасымның басынан сипады. – Мен охотаға жаяу шығамын, әлі күнге дейін балалармен жарысып, озып кетемін.

Екіқабат шешем олар қыр асып кеткенше қарап тұрды да, мені мейірлене құшақтап, сүйіп-сүйіп алды.

Мен оның омырауына басымды төсеп, рахат-пейіш әлеміне кіргендей болдым. Ананың мейірім-шапағатынан артық не бар десеңізші?!

Әкем кешке қараңғылық үйірілген шақта келді. Шешем шеңберек қарын ала өгізден сүйеп түсіріп алып, үйге сүйемелдеп кіргізді.

Екі беті алаураған, көзі жіпсиген әкем қызу:

– Нариман, а, Нариман! Саған мұғалімің мынаны беріп жіберді, – деп тонының омырауын ашып, қолтығынан ораулы бір зат ұсынды. Шешем екеуміз әлгінің орауын жазып қарасақ, – қалыңдығы үш елі үлкен, жалпақ қоңыр кітап.

– Батырлар жыры – деді шешем шамға жақындатып қарап.

Күнде түсте де, кешке де қайран асыл анам әкем екеумізге әлгі жуан кітапты алдына алып, мәнерлеп тұрып оқитын болды.

Әппақ матадан дорба тігіп, бұл кітапты қалған уақытта соған салып, төрге іліп қояды.

Шөп сарғая бастаған қоңыр күзде шешем шырттай киіндіріп, жетектеп мектепке алып келді.

У-шу балалар ортасында мөлдір қара мақпал матадан тігілген, жап-жаңа құлпырған китель киген Сарқытбай мұғалімнің дауысы саңқ-саңқ шығады.

– Нариман Қапашев келдің бе? Енді Баласаров Садабайдың жанында боласың, – деп көк көз, сары баланың қасына жаңа сырланған партаға қолымнан ұстаған күйі әкеп отырғызды.

Сарқытбай мұғалімім берген сол «Батырлар жыры» кітабі ақ дорбада төрімізде ең құнды дүние болып шешем қайтыс болғанша ілулі тұрды.

Қаншама қағаз жазып, архив ақтардым, нөпір кітап оқыдым. Бірақ сол Сарқытбай ағай берген «Батырлар жырындай» бірде-бірінің керемет әсері болмады-ау…

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері, «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті редакциясының алқа төрағасы

Шілде, 2020.

Қызыләскер.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *