«ЕТ САСЫСА ТҰЗ СЕБЕДІ, ТҰЗ САСЫСА НЕ СЕБЕДІ?!» немесе СПОРТ – СУАЙТ ПЕН СПЕКУЛИАНТ САЙРАН САЛАТЫН ОРЫН ЕМЕС

Мәселе Спорт
2 353 Views

«Өзімшілдік қай уақытта да қоғамның дерті болған, оның көлемінің ұлғаюы қоғамға салмақты қиындық түсірген», – деп айтқан екен италяндық ойшыл Джакомо Леопарди. Қалай айтса да дұрыс айтылған. Дұрыс айтылғанда да тура біздің мегополисіміздің спорт саласында басшылық қызметін уақытша атқарып отырған Почиваловқа тікелей бағытталғандай. Бұлай дейтініміз, газетіміздің өткен сандарында бұл басқармаға қатысты бірнеше сын материалдар жариялап, оқырмандарымыздың және қала басшысы М. Әйтеновтың назарына жеткізген мәселенің «арты» ашылып отыр. Олег Почивалов Шымкент қаласының маңызды салаларының бірі спорт және дене шынықтыру басқармасына басшы қызметін уақытша атқарушы болып тағайындалғаннан бастап, өзімшілдікке, өзбілермендікке салынып, бірнеше заңбұзушылыққа әкелетін әрекеттер жасаған. Бұл жөнінде Сіздердің назарларыңызға Шымкент қаласының «№3 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің» ұжымы атынан келіп түскен арыздың себеп-салдары толыққанды назарларыңызға ұсынылып отыр.

Қазақстан Республикасының Президенті

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы

А.Н.Жаилғановаға

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы

А.А.Көмекбаевқа

Көшірмесі «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің редакциясына

Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының «Шымкент қаласының №3 олимпиада резервінің мамандандырылған

балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жаттықтырушылары атынан, директордың орынбасары

С.С.Кожековтен

8 705 895 55 09,

Арғынбеков көшесі н/с үй

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының 01.09.2020 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында сыбайластыққа жол жоқ екенін, онымен күресуге барлық азаматтар белсене араласуы керек екенін және сыбайластық қылмысты хабарлаған азамат заң жүзінде қорғалуы қажет деп айқындаған.

Сол себептен қорықпастан мына төмендегі заң бұзушылықтарды жазып отырмын.

Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқарма басшысы лауазымына Почивалов Олег Владимировичті тағайындалып міндетін атқарушы басқарма басшысы бола тұра, директор лауазымына конкурс жарияламастан, өткізбестен «Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің» директоры А.Ю.Макаровты №14 спорт мектебіне директор, №14 спорт мектебінің директоры М.С.Бұзауовты «Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебіне директор, Ұлттық ат спорты клубының директоры Н.Ж.Жабаевті Жоғары спорт шеберлігі мектебіне директор, «Қазығұрт» спорт клубының директоры Р.Қ.Қожановты Ұлттық ат спорты клубының директор, Н.Амирбековті Шымкент қаласының Олимпиада резервін даярлау орталығы мектебінің директоры етіп тағайындаған, сонда біздің елдегі демократия қайда, тамыр-таныстыққа кім тосқауыл қояды, босаған директорлық лауазымға конкурс жариялануы керек, үміткерлер қатысуы керек, бұл деген сөз сыбайластыққа жол беру.

Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы С.Сапиевтің №3 спорт мектебі директорының орынбасарына «Спорт мектебі директорлығына неге конкурс болмайды» деген 19.03.2019 жылғы №14-08-22/94 ЖТ-П-469 санды жауап хатында, облыстық, қалалық спорт мектептерінің басшысын тағайындауды дене шынықтыру спорт басқармалары Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 02.02.2015 жылғы №70 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау жүргізу, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларына сәйкес конкурс арқылы жүзеге асырады делінген.

Сонымен қатар, ҚР мәдениет және спорт министрінің 29.06.2016 жылғы №191 бұйрығымен дене шынықтыру және спорт ұйымдарының басшылары, мамандарына қойылатын біліктілік талаптары бекітілгені хабарланған.

Шымкент қаласының Олимпиада резервін даярлау орталығы мектебіне директор етіп тағайындаған Амирбеков Нурлан Калдарханович 27.03.1975 жылы туылған, 02.02.2017 жылы Астана қаласы Есіл аудандық сотының үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 176-шы бабы, 4-ші тармағы, «б» бөлігімен қылмыс жасағаны үшін 4-жылға бас бостандығынан айырған, себебі ол садақ ату спортының аға жаттықтырушысы қызметін ДШНКиСР республикалық кәсіпорнында атқарып тұрып, өзінің жеке басына пайдалану мақсатында Кипр мемлекетінің Ларнака қаласына оқу-жаттығуға барды деп спортшыларға өтірік аванстық есеп құжаттарын жасап, бюджеттен 16 183 2015 теңге жымқырған.

Бұл қалай болғаны, өзіміздің Шымкент қаласында директор болуға лайық бұрын-соңды сотталмаған жаттықтырушы, спорт әдіскері, орынбасарлардың болмағаны ма, неге конкурс жарияламайды О.Почивалов, оған неге осындай заң бұзушылыққа баруға бәрі жол беруде.

«Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі» мемлекеттік коммуналдың қазыналық кәсіпорнының директорына өзінің танысы М.С.Бұзауовты конкурссыз, ауысу тәртібімен тағайындауы заңға қайшы, себебі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 02.02.2015 жылғы №70 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау жүргізу, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидасында конкурс арқылы жүзеге асырады делінген.

Қалалық еңбек инспекциясының тұжырымынын негізге алып, «Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі» мемлекеттік коммуналдың қазыналық кәсіпорнының директорлығына ауысу тәртібімен тағайындауға болады деп, «ҚР Мемлекеттік істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің келісіп, заңсыз бұйрықты бұзбағанына таң қалудамыз, себебі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 02.02.2015 жылғы №70 бұйрығының талаптарына сай коммуналдың қазыналық кәсіпорнының директоры лауазымы тек конкурспен тағайындалатыны министрдің сайтында жазулы тұр.

Бұл тұжырыммен келіспей «Шымкент қаласының №3 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкері атынан 02.10.2020 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне ҚР Электронды үкімет порталына Заңға түсіндерме атты Ашық диалогқа жолдаған хатында: «Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы О.В.Почиваловтың тарапынан Басқармаға бағынысты коммуналдық мемлекеттік мекемелерімен коммуналдық қазыналық кәсіпорын басшыларын заңсыз тағайындау деректері орын алған. Бұл ретте, «Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау жүргізу, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы №70 бұйрығымен кәсіпорын басшысын тағайындаудың тәртібі реттелген. Алайда, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасымен бағынысты коммуналдық мемлекеттік мекемелермен коммуналдық қазыналық кәсіпорын басшыларын тағайындау барысында конкурс ұйымдастырылмай Еңбек кодексінің 139-бабына сілтеме жасай отырып ауысу тәртібімен тікелей тағайындаған. Осыған байланысты Сізден, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты спорт мектептерінің бірінші басшыларын коммуналдық мемлекеттік мекемесінің және коммуналдық қазыналық кәсіпорын директорының еңбек кодексінің талаптарына сәйкес ауысу тәртібімен тікелей тағайындауға болатындығы немесе болмайтындығы немесе конкурс арқылы тағайындалатыны жөнінде — тағайындау тәртібіне түсіндірме беруді сұраған.

05.10.2020 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі А.Р.Раимкуловадан келген жауапта: Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 139-бабына сәйкес «1.Азаматтық қызметке кіру тағайындау тәртібімен не конкурс бойынша жүзеге асырылады. Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын басшыларын тағайындау міндетті түрде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы №70 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау жүргізу, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс» деп жазылған.

06.10.2020 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Р.Е.Даленовтан келген жауапта: Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы №70 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау жүргізу, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларымен мемлекеттік кәсіпорынның басшысын ауысу тәртібімен тағайындау көзделмеген- деп жазылған.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде «Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі» мемлекеттік коммуналдың қазыналық кәсіпорнының директоры М.С.Бұзауовты конкурссыз тікелей тағайындауы құқыққа сыйымсыз қолдау көрсету дейтін себебіміз ол, біздің арыздарымыздан кейін «Қазығұрт спорт ойын түрлері клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынның директорының бос лауазымына конкурс жариялап, конкурстық комиссияның қорытындысы негізінде директорды тағайындады.

Негізінде О.В.Почивалов мемлекеттік қызметкер ретінде барлық мектеп директорларының бос лауазымына міндетті түрде конкурс жариялап, үміткерлердің конкурсқа қатысуына мүмкіндік беруі керек еді, ашықтық, демократияшылдық, тамыр-таныстыққа жол бермеу, сыбайластықтың алдын алу факторларына жіті мән беретін басқарма басшысына лайық іс-әрекет жасауы қажет еді.

Ол керісінше заңның олқылығын өз пайдасына пайдаланып, өзінің таныстарын сотты болған азаматтарды лауазым иесіне тағайындап жіберді.

Тағы да қаралуы тиіс мәселе ол: 10 жылға сотты болған Қ.Турехожаевты әлі де басқармаға өзінің бұйрығымен алдырып алып, мемлекеттік органның финанстық құжаттарына сараптама жүргізіп, оған бюджеттен қаржы төлеп мемлекетке негізсіз шығын келтіруде, әлі ол Қ.Турехожаевты басқарма да бірге алып жүреді. Өзінің қызмет бабын асыра пайдаланып, карантин кезінде спорттық іс-шараларға қаржы жұмсаған 6-мектептің тек №3 спорт мектебін тексертуге прокуратураға арызданған қалған 5-мектепке артықшылық көрсеткен.

Өзінің лауазымының арқасында мәслихаттан 2020 жылдың қыркүйек айында өзінің мектебіне яғни, №14 спорт мектебіне 80 миллион теңге спорттық іс-шараға деп қаржы бөлдірткен.

Сонымен бірге, заң бұзушылықтарды топтап Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік қызметкерлердің тәртіптік кеңесіне қарауға жолдауыңызды сұраймын.

4 – мемлекеттік мекеменің директорларының конкурссыз тағайындалуы да, заңсыз артықшылық көрсету, яғни сыбайластың заң бұзушылыққа жол беруі болып табылады.

Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының міндетін атқарушы О.В.Почиваловтың 03.07.2020 жылғы №65-ж/қ-а бұйрығымен «Шымкент қаласының №14 ату және ұқсас спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-нің директоры М.Бұзауов 2020 жылдың 3 шілдесінен бастап «Шымкент қаласының кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі» МКҚК-ның директоры лауазымына ауысу тәртібімен Еңбек кодексінің 139-бабына сәйкес тағайындалған. М.Бұзауов басқарма басшысының атына өзінің атқарып отырған лауазымынан басқа жұмысқа ауысуына байланысты босатуын сұрап өтініш білдірген. Екінші өтінішінде «Шымкент қаласының кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі» МКҚК-ның директоры лауазымына тағайындауды сұраған. Жоғарыда аталғандардың негізінде Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының міндетін атқарушы О.В.Почиваловтың 03.07.2020 жылғы №65-ж/қ-а бұйрығын бұзуды және осы заңсыз бұйрық негізінде М.Бұзауовқа осы мерзімге дейін төленген еңбек жалақысын, іс-сапарларға жұмсалған шығындарды Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 289-бабының талаптарына сәйкес регрестік тәртіппен заңсыз бұйрық шығарған О.В.Почиваловтың жеке табысынан өндіруді сұраймын.

Сонымен бірге, мемлекеттік лауазым иесі басқарма басшысы міндетін атқарушы О.В.Почиваловтың мына жоғарыда көрсетілген іс-әрекеттері Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет туралы Заңның 50-ші бабының 1-тармағы, 4-ші тармақшасында көрсетілгендей шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және немесе заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетуі мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар болып табылады.

Президентіміз Қ.К.Тоқаевтің 01.09.2020 жылғы Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша сипат алуда. Жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек.»

Ашығын айтуымыз керек, мемлекеттік органдарда әлі де болса формализм мен жайбасарлық кеңінен етек алып отыр. Азаматтарымыз өздерінің жергілікті деңгейдегі мәселелерімен орталық мемлекеттік органдарға жүгініп, Мемлекет басшысына шағымдануға мәжбүр деп көрсеткен.

Құрметті осы біздің арызымызды қарайтын уәкілетті орган басшылары арызда көрсетілген барлық шағымдарымызды толықтай қамтылуына тиісті нұсқау берсеңіз, себебі, біздің арыз жазып жатқанымызға міне енді 90 күн болып барады, әлі де толық қамтылмауда, оның үстіне О.В.Почивалов еңбекке жарамсыз парақшасында жүрген операция жасалынып амбулаторлық ем қабылдап жүрген директорымыз А.А.Сугралиевке қатарынан 2-рет «Сөгіс», «Қатаң сөгіс» жариялап тастады, алдыңғы заңсыз бұйрығы уәкілетті органның нұсқамасымен күшін жойғанын ескерсек, бұл заңнан қорықпайтындығы сезіліп тұр, әлде Сенатта отырған көкесінің арқасына сеніп отырма білмейміз мектеп в целом қудалану үстінде, сонда бұған кім тосқауыл бола алады.

Тіркеледі: құжаттар 3 парақта.

07.10.2020 жыл

Арызға қол қоюшылар:

С.С.Кожеков

Б.Т.Жамишев

Б.Қ.Сатыбалдиев

Осы көтерілген мәселеге байланысты «Шымкент қаласының Мемлекеттік Еңбек инспекция басқармасы» мемлекеттік мекемесі арнайы тексеру жүргізеді. Осы тексерудің толық қорытындысының көшірмесін назарларыңызға анықтық үшін және арызданушылардың өтінішіне орай толық жариялауды жөн санадық. Себебі бұл құжатта, біз көтеріп отырған мәселелердің өзектілігі тайға таңба басқандай айқындалып, Олег Почивалов мырзаның заңсыз әрекеттеріне бұлтартпас айғақтар келтірілген. Мұндай дәлел-дәйектерен ұсынылып, көтеріліп отырған мәселе кезек күттірмей қаралуға тиіс. Ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді?! Басқармадағы мұндай былықтарды қала басшылығы шеше алмаса, шамасы жетпесе, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына назарына дейін жеткізгелі отырмыз. Ал қала басшылығының газеттің бірнеше санынан бері жырлап келе жатқан жанайқайына назар аудармауын «Береген қолым алаған» емес пе деген күдік салады көңілге. Тікелей жетікшілік ететін әкім орынбасары Мақсұт Исахов мырзаға бірнеше рет осы туралы мәлімет жеткіздік, әділ шешім шығару үшін. Бірақ, өкінішке қарай көз жұмбайлыққа салынып, жедел шешім шығарып, әділетті орнатуға немқұрайлы қарап, бұл мәселені сиырқұйымшақтатып отыр. Ендеше Еңбек инспекциясының тексеру қорытындысына назар аударсақ.

С.Кожековке

Шымкент қаласы,

Арғынбеков көшесі, н/с үй.

Қазақстан Республикасының

мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент

басшысының орынбасары,

Әдеп жөніндегі кеңес

хатшылығының меңгерушісі

А.Раеваға

Сіздің, «Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы» ММ-не (бұдан әрі — Басқарма) қатысты жазған арызыңыз, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті (бұдан әрі — Департамент) арқылы, Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасында 17.09.2020 жылы №37/ЖТ-К-639 санымен тіркеліп, мемлекеттік еңбек инспекторымен тексеру амалдары жүргізілді.

Тексеру барысында, Басқарманың ұсынған құжаттары бойынша, Шымкент қаласының әкімінің 19.06.2020 жылғы №116-к Өкімімен Олег Владимирович Почивалов Басқарма басшысының міндеттерін арнайы тексерудің қорытындысы келгенше №4 еңбек шарты бойынша уақытша атқару үшін қабылданған. Бұйрыққа негіздеме ретінде, О.Почиваловтың өтініші және конкурстық комиссияның 2020 жылғы 11 маусымдағы №2 хаттамасы көрсетілген.

М.Бузауов бойынша:

Басқарманың 03.07.2020 жылғы №65-ж/қ-а бұйрығымен, М.Бузауов 03.07.2020 жылдан бастап «Шымкент қаласының №14 ату және ұқсас спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-нің директоры лауазымынан босатылып, «Шымкент қаласының кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі» МКҚК-нің директоры лауазымына ауысу тәртібімен Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің (бұдан әрі — Кодекс) 139 бабына сәйкес тағайындалған. Бұйрыққа негіздеме ретінде М.Бузауовтың 03.07.2020 жылғы өтініші мен еңбек шарты көрсетілген.

Яғни, М.Бузауов Басқарма басшысына екі өтініш жазған. Бірі өзінің атқарып отырған лауазымынан босату туралы (03.07.2020 жылы жазылған), екіншісі «Шымкент қаласының кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі» МКҚК-нің директоры лауазымына қабылдау туралы өтініш (жазған күні көрсетілмеген).

М.Бузауовтың өтініштерін негізге алып, Басқарма бір бұйрықпен жұмыстан босатып, басқа лауазымға тағайындаған.

Сонымен қатар, «Шымкент қаласының кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі» МКҚК-нің директоры лауазымына бос орын 13.05.2020 жылы пайда болған. Алайда, Кодекстің 23 бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға ақпарат беруге міндетті. Яғни, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі №482-V «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 28 бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік сайланбалы қызметтердің, Парламент және мәслихаттар депутаттарының, Қазақстан Республикасы судьяларының, әскери қызметте тұрған адамдардың, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі және оның ведомстволары, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган жұмыскерлерінің бос лауазымдарын қоспағанда, бос орындардың бар екендігі туралы мәліметтерді еңбек жағдайлары мен төлемақысын көрсете отырып, олар пайда болған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде халықты жұмыспен қамту орталығына жазбаша түрде немесе «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік ақпараттық порталы арқылы жiберуге міндетті. Алайда, Басқарма тарапынан бұл талаптар сақталмаған.

Кодекстің 23 бабы 2-тармағының 11) тармақшасы және Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі №482-V «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 28 бабы 2-тармағының 1) тармақшасының талаптары бұзылған.

А.Макаров бойынша:

Басқарманың 03.07.2020 жылғы №66-ж/қ-а бұйрығымен, А.Макаров 03.07.2020 жылдан бастап «Шымкент қаласының жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ-нің директоры лауазымынан босатылып, «Шымкент қаласының №14 ату және ұқсас спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-нің директоры лауазымына ауысу тәртібімен Кодекстің 139 бабына сәйкес тағайындалған. Бұйрыққа негіздеме ретінде А.Макаровтың 03.07.2020 жылғы өтініші мен еңбек шарты көрсетілген.

Яғни, А.Макаров Басқарма басшысына екі өтініш жазған. Бірі өзінің атқарып отырған лауазымынан босату туралы (жазылған күні көрсетілмеген), екіншісі «Шымкент қаласының №14 ату және ұқсас спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-нің директоры лауазымына қабылдау туралы өтініш (03.07.2020 жылы жазылған).

А.Макаровтың өтініштерін негізге алып, Басқарма бір бұйрықпен жұмыстан босатып, басқа лауазымға тағайындаған.

Н.Жабаев бойынша:

Басқарманың 03.07.2020 жылғы №68-ж/қ-а бұйрығымен, Н.Жабаев 03.07.2020 жылдан бастап «Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубы» КММ-нің директоры лауазымынан босатылып, «Шымкент қаласының жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ-нің директоры лауазымына ауысу тәртібімен Кодекстің 139 бабына сәйкес тағайындалған. Бұйрыққа негіздеме ретінде Н.Жабаевтың 03.07.2020 жылғы өтініші мен еңбек шарты көрсетілген.

Яғни, Н.Жабаев Басқарма басшысына екі өтініш жазған (өтініштерінде жазған күні көрсетілмеген). Бірі өзінің атқарып отырған лауазымынан босату туралы, екіншісі «Шымкент қаласының жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ-нің директоры лауазымына қабылдау туралы өтініш.

Н.Жабаевтың өтініштерін негізге алып, Басқарма бір бұйрықпен жұмыстан босатып, басқа лауазымға тағайындаған.

Р.Кожанов бойынша:

Басқарманың 03.07.2020 жылғы №69-ж/қ-а бұйрығымен, Р.Кожанов 03.07.2020 жылдан бастап «Қазығұрт» спорт ойын түрлері клубы» МКҚК-нің директоры лауазымынан босатылып, «Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубы» КММ-нің директоры лауазымына ауысу тәртібімен Кодекстің 139 бабына сәйкес тағайындалған. Бұйрыққа негіздеме ретінде Р.Кожановтың 03.07.2020 жылғы өтініші мен еңбек шарты деп көрсетілген.

Яғни, Р.Кожанов Басқарма басшысына екі өтініш жазған (өтініштерінде жазған күні көрсетілмеген). Бірі өзінің атқарып отырған лауазымынан босату туралы, екіншісі «Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубы» КММ-нің директоры лауазымына қабылдау туралы өтініш.

Р.Кожановтың өтініштерін негізге алып, Басқарма бір бұйрықпен жұмыстан босатып, басқа лауазымға тағайындаған.

Н.Амирбеков бойынша:

Басқарманың 07.07.2020 жылғы №73-ж/қ-а бұйрығымен, Н.Амирбеков 2020 жылдың 07 шілдеден бастап «Шымкент қаласының олимпиада резервін даярлау орталығы» КММ-нің директоры лауазымына Кодекстің 139 бабына сәйкес тағайындалған.

Арызда көрсетілгендей, Н.Амирбеков Астана қаласының №2 Есіл ауданық сотының 2017 жылғы 02 ақпандағы үкімімен, ҚР ҚК-нің 176 бабының 4-бөлімі «б» тармағы, 325 бабының 1 бөліміне сәйкес 4 жылға бас бостандығынан және 3 жыл мерзімге қаржылық-шаруашылық қызметімен айналысу құқығынан айырылған.

Алайда, Н.Амирбековке қатысты Басқармадан алынған құжаттар бойынша, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің берілген анықтамасына сәйкес, 29.06.2020 жылдың жағдайы бойынша соттылығы жоқ екендігі көрсетілген.

Ал, Кодекстің 26 бабында, еңбек шартын жасасуға және жұмысқа орналасуға салынатын тыйымдар және қойылатын шектеулер көрсетілген. Аталған Кодекстің 26 бабы 2-тармағының 3) тармақшасында, кәмелетке толмағандардың қатысуымен білім беру, тәрбиелеу және дамыту, демалысты ұйымдастыру және сауықтыру, дене шынықтыру және спорт, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер көрсету, мәдениет және өнер саласындағы ұйымдарға: адам өлтіргені, денсаулыққа қасақана зиян келтіргені, адамдардың денсаулығына және имандылыққа, жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін, экстремистік немесе террористік қылмыстар, адам саудасы үшін сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауда жүрген немесе қудалауда болған (Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларының негізінде оларға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған адамдарды қоспағанда) адамдарды жұмысқа орналастыруға жол берілмейді делінген. Яғни, Н.Амирбековтың соттылығы бойынша, Кодексте көрсетілген еңбек шартын жасасуға және жұмысқа орналасуға салынатын тыйымдар және қойылатын шектеулерге қайшы келмейді және оның соттылығы алынып тасталынған.

Сонымен қатар тексеру барысында, Басқарманың 07.07.2020 жылғы №73-ж/қ-а бұйрығымен, Н.Амирбеков 2020 жылдың 07 шілдеден бастап «Шымкент қаласының олимпиада резервін даярлау орталығы» КММ-нің директоры лауазымына Кодекстің 139 бабына сәйкес тағайындалғаны анықталды.

«Шымкент қаласының олимпиада резервін даярлау орталығы» КММ-нің директоры лауазымы 03.07.2020 жылы бос орын пайда болған. Алайда, Кодекстің 23 бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға ақпарат беруге міндетті. Яғни, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі №482-V «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 28 бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік сайланбалы қызметтердің, Парламент және мәслихаттар депутаттарының, Қазақстан Республикасы судьяларының, әскери қызметте тұрған адамдардың, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі және оның ведомстволары, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган жұмыскерлерінің бос лауазымдарын қоспағанда, бос орындардың бар екендігі туралы мәліметтерді еңбек жағдайлары мен төлемақысын көрсете отырып, олар пайда болған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде халықты жұмыспен қамту орталығына жазбаша түрде немесе «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік ақпараттық порталы арқылы жiберуге міндетті делінген талаптары бұзылған.

Басқарманың бұйрықтарымен М.Бузауовты, А.Макаровты, Н.Жабаевты, Р.Кожановты, Н.Амирбековты Кодекстің 139 бабына сілтеме жасап тағайындаулары бойынша:

Жоғарыда айтылғандай, М.Бузауов, А.Макаров, Н.Жабаев және Р.Кожанов Басқарма басшысына екі өтініштен жазған. Біріншісі атқарып отырған лауазымынан босату туралы, екіншісі лауазымға тағайындау туралы өтініш.

Алайда, Басқарма тарапынан атқарып отырған жұмыстарынан босату туралы өтініші қараусыз қалып, жұмыстан босату туралы бөлек бұйрық шығарылмаған.

Кодекстің 61 бабының 1-тармағында, жұмыс беруші — жеке тұлға қайтыс болған (сот қайтыс болды деп жариялаған немесе хабарсыз кетті деп таныған) жағдайда еңбек шартының тоқтатылуын және үй жұмыскерлерімен еңбек шартының тоқтатылуын қоспағанда, еңбек шартының тоқтатылуы жұмыс берушінің актісімен ресімделеді делінген және осы баптың 2-тармағына сәйкес, жұмыс берушінің актісінде осы Кодекске сәйкес еңбек шартын тоқтатудың негізі көрсетілуге тиіс. Басқарма тарапынан Кодекстің 61 бабының 1, 2-тармақтарының талаптары бұзылған.

Сондай-ақ, Басқарма басшысының бұйрықтарымен М.Бузауовты, А.Макаровты, Н.Жабаевты, Р.Кожановты, Н.Амирбековты Кодекстің 139-бабына сілтеме жасап директор лауазымына тағайындаған.

Кодекстің 139 бабының 8-тармақшасында, азаматтық қызметші өзінің жазбаша өтініші бойынша тиісті ұйымдардың басшылары арасындағы келісу бойынша басқа мемлекеттік мекемеге, қазыналық кәсіпорынға жұмысқа ауыстырылуы мүмкін делінген. Бұл норма екі заңды тұлға басшыларының ортасындағы келісім бойынша рәсімделуі тиіс. Алайда, аталған бапқа сүйене отырып мектеп директорларын орындарын ауыстыру бұл талапқа сәйкес келмейді.

Басқарма Кодекстің 139 бабының 8-тармақшасының талаптарын бұзған.

Сонымен қатар, Кодекстің 8 бабының 3 тармағына сәйкес, жұмыскерлердің жекелеген санаттарының еңбегін құқықтық реттеудің ерекшеліктері осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.

Яғни, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы №413-IV Заңымен реттеледі.

Аталған Заңның 139 бабының 1 тармағында, мемлекеттік кәсіпорынның басшысымен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес: республикалық мемлекеттік кәсіпорын басшысының тиісті саланың уәкілетті органымен, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның жергілікті атқарушы органмен немесе аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппаратымен еңбек шартын жасасуы арқылы ресімделеді және осы баптың 3 тармақшасына сәйкес, осы Заңда көзделген жағдайларда, басшыны тағайындау, басшының кандидатурасын келісу, оны аттестаттаудан өткізу, Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын жекелеген мемлекеттік білім беру және мәдениет кәсіпорындарының бірінші басшыларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысанындағы орта білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын қоспағанда, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

Яғни, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің «Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау жүргізу, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларын бекіту туралы» 02.02.2015 жылғы №70 бұйрығымен реттеледі. Аталған бұйрық Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы №413-IV Заңына сәйкес әзірленген және мемлекеттік кәсіпорынның басшысын конкурстық іріктеу, тағайындау және аттестаттау жүргізу, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу тәртібін регламенттейді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы С.Сапиевтың 19.03.2019 жылғы №14-08-22/94/ЖТ-П-469 санды жауап хатында: Облыстық, қалалық спорт мектептерінің (мемлекеттік кәсіпорындар үшін) басшысын тағайындауды жергілікті атқарушы органдар болып табылатын (облыстық, қалалық, аудандық) дене шынықтыру және спорт басқармалары Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 02.02.2015 жылғы №70 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау жүргізу, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларына сәйкес конкурс өткізу арқылы жүзеге асырады делінген.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Басқарманың бұйрықтарымен М.Бузауовты (03.07.2020 жылғы №65-ж/қ-а бұйрығы), А.Макаровты (03.07.2020 жылғы №66-ж/қ-а бұйрығы), Н.Жабаевты (03.07.2020 жылғы №68-ж/қ-а бұйрығы), Р.Кожановты (03.07.2020 жылғы №69-ж/қ-а бұйрығы), Н.Амирбековты (07.07.2020 жылғы №73-ж/қ-а бұйрығы) Кодекстің 139 бабына сілтеме жасап тағайындаулары заңға қайшы шыққан. Себебі: бұйрықтарда баптың тармақшасына сілтеме жасалмаған. Сондай-ақ, «Шымкент қаласының кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі» МКҚК-нің директоры лауазымына конкурс нәтижесімен тағайындалуы тиіс болған.

Кодекстің 2 бабының 2-тармағында, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының басқа заңдарына еңбек қатынастарын, әлеуметтік әріптестік пен еңбекті қорғау қатынастарын реттейтін нормаларды енгізуге тыйым салынады деген талаптары Басқарма тарапынан бұзылған.

Сондай-ақ, Кодекстің 10 бабының 2-тармағына сәйкес, әлеуметтік әріптестік тараптары келісімдерінің, ұжымдық, еңбек шарттарының, жұмыс беруші актілерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда жұмыскерлердің жағдайын нашарлататын ережелері жарамсыз деп танылады және қолданылмауға тиіс.

А.Калиев бойынша:

Басқарманың 02.07.2020 жылғы №36-ж/қ бұйрығымен, А.Калиев Басқарманың қаржыландыру және мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас маманы міндеттерін уақытша атқару үшін қабылданған. Бұйрыққа негіздеме ретінде А.Калиевтың 01.07.2020 жылғы өтініші және конкурстық комиссия отырысының 23.06.2020 жылғы №2 хаттамасы көрсетілген. Яғни, А.Калиев Басқарманың қызметкері болып табылады және жұмысқа қабылдануы заңға қайшы келмейді.

А.Сүгралиевке берілген тәртіптік жазалар бойынша:

Тексеру барысында, Басқарманың 27.07.2020 жылғы №87-ж/қ-а бұйрығымен «Шымкент қаласының №3 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-нің директоры А.Сүгралиевке «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылып, Басқарманың 04.09.2020 жылғы №58-ж/қ бұйрығымен А.Сугралиевке берілген (27.07.2020 жылы №87-ж/қ-а бұйрығы) «тәртіптік жаза қолдану туралы» бұйрығының күші жойылғаны анықталды.

Тексеру барысында Басқарманың ұйымдастыру- құқықтық жұмыстар бөлімінің бас маманы Ш.Кутпановадан түсініктеме алынды. Ш.Кутпанова өзінің түсініктемесінде, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі) Шымкент қаласы бойынша департаментінен хат келіп түскенін, хатқа сәйкес Шымкент қаласының №3 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне хат жазылғанын, хаттың мазмұнына сәйкес бірінші басшысы түсініктеме бермегенін, сол себепті түсініктеме беруін сұрап звондағанын және ешқандай қысым жасалмағанын мәлімдеді. Сондай-ақ, Ш.Кутпанова өзінің түсініктемесінде А.Сүгралиевке Басқарманың 18.09.2020 жылғы №109-ж/қ-а бұйрығымен «сөгіс» түрінде және 22.09.2020 жылғы №112-ж/қ-а бұйрығымен «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылғанын мәлімдеді.

Аталған жағдайға байланысты, Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына 29.09.2020 жылы А.Сүгралиевтен арыз тіркелді. Арыз бойынша 01.10.2020 жылы №158-Э Тексеруді тағайындау актісімен (тексеру жүргізу мерзімі 02.10.2020 – 15.10.2020 жыл аралығы) қолданылған тәртіптік жазалардың заңдылығына қосымша тексеру жүргізілуде.

К.Торехожаев бойынша:

Басқарманың 22.06.2020 жылғы №18/794 шығыс хаты, «Қазығұрт» спорт ойын түрлері клубы» МКҚК-нің директоры Р.Кожановқа жолданған. Аталған хатта, өндірісті қажеттілікке байланысты және жарты жылдық есепке жұмыс ауқымының көп болуына байланысты К.Торехожаевты Басқармаға 3 айға іссапарға жіберуді сұраған.

«Қазығұрт» спорт ойын түрлері клубы» МКҚК-нің директоры Р.Кожановтың 22.06.2020 жылғы №103 іссапарға жіберу туралы бұйрығымен К.Торехожаев Басқармаға жіберілген.

Басқарманың 03.07.2020 жылғы №71-ж/қ-а бұйрығымен, қызметтік қажеттілікке байланысты заңгер-кеңесші К.Торехожаев ұйымдармен тәжірибе жинақтау мақсатында Кодекстің 127 бабына сәйкес 2020 жылғы 7-9 шілде күндері аралығына Алматы қаласына «Алматы қаласының спорт ғимараттары дирекциясы» ЖШС-не іссапарға жіберілгені анықталды.

Кодекстің 1 бабы 1-тармағының 21) тармақшасында, еңбек қатынастары – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында, келісімдерде, еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде көзделген құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру кезінде жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында туындайтын қатынастар болып табылады және Кодекстің 21 бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, еңбек қатынастары жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында осы Кодекске сәйкес жасалатын еңбек шартының негізінде туындайды делінген.

Алайда, К.Торехожаевқа қатысты «Қазығұрт» спорт ойын түрлері клубы» МКҚК-ның 22.06.2020 жылғы №103 бұйрығы мен Басқарманың 03.07.2020 жылғы №71-ж/қ-а бұйрықтары заңсыз болып есептеледі. Себебі, К.Торехожаев пен «Қазығұрт» спорт ойын түрлері клубы» МКҚК-ы арасында 22.06.2020 жылы түзілген №28 спорт мекемесіне заңгерлік-консультациялық қызмет көрсету келісім-шарт түзілген. Демек, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім-шарт болып табылады және Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексімен реттеледі. Яғни, К.Торехожаев «Қазығұрт» спорт ойын түрлері клубы» МКҚК-сі мен Басқарманың жұмыскері болып табылмайды.

Кодекстің 11 бабында, жұмыс беруші осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, еңбек шартына, келісімдерге, ұжымдық шартқа сәйкес өз құзыреті шегінде актілер шығарады деп нақтыланған.

«Қазығұрт» спорт ойын түрлері клубы» МКҚК-ы мен Басқарма тарапынан Кодекстің 11 бабының талаптары бұзылған.

Сонымен қатар тексеру барысында, Шымкент қаласының әкімінің 25.09.2020 жылғы №200-к Өкімімен О.Почиваловқа 25.09.2020 – 07.10.2020 жылдар аралығында жалақысы сақталмайтын демалыс берілуіне байланысты, О.Почиваловтан түсініктеме алуға мүмкіндік болмады.

Тексеру қорытындысы бойынша, мемлекеттік еңбек инспекторларымен Басқармаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды және аталған заң бұзушылықты заңға сәйкестендіру жөнінде және келешекте жол бермеу жөнінде нұсқаманы 16.10.2020 жылға дейін орындау үшін берілді.

Аталған жауаппен келіспеген жағдайда Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының 12 бабына сәйкес жоғары тұрған лауазымды тұлғаға немесе органға, сотқа шағымдануға құқылы екендігіңізді хабарлаймын.

Екінші мекен-жайға мәлімет үшін. Тексеру материалдарының көптігіне байланысты, құжаттар сканерленіп, мемлекеттік органдардың интернет порталы арқылы, С.Забировтың электрондық мекен-жайына жолданатынын мәлімдеймін.

Басқарма басшысы Б.Қалжанов

Өзімшіл басшының қысқа мерзімде міндетін уақытша атқарушы бола жүріп, осындай өрескел заңбұзушылықтарға, сыбайластыққа қол астындағы қызметкерін, яғни мектеп директорын қудалаушылыққа салып, заңды белінен басып отырғаны айдан анық көрініп тұр. О.Почиваловты былай даңдайсытып қойған және оған жоғарыдан «қамқорлық» таныптып отырған кім? Еңбек инспекциясының тексеру қорытындысынан соң оның осы басқармада отыруға моральдік құқығы қалды ма? Бұл сұрақтар қала басшылығын бей-жай қаратпауы тиіс. Соңғы кездерде Олекең жалақысы сақталмайтын демалысқа жиі шығатын болыпты. Оған қала әкімінің өкімімен шығатыны тағы бар. Сенімді ұзынқұлақтан естуімізше ертеңгі күні де белгісіз себептерді алға тарып, жалақысы сақталмайтын демалысқа шықпақшы екен. Бұл бүлдірерін бүлдіріп, енді бүркеншік іздеудің жолы ма? Неге әділ болса қасқайып заң алдында да, БАҚ өкілдеріне де жауап бермейді. Неге қашады? Бұл мәселенің ақ қарасын анықтап нүкте қоятын сәт жетті. Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік қызметтің тәуелсіз тәртіптік кеңесі алдағы уақытта басқарма басшысының м.у.а. О.Почиваловтың мәселесін қарауы кезек күттірмейтін жағдай туғызып отыр. Ал енді қылмыстық тұрғыдан қала прокуроры мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменті тергеп-тексеру мәселесін басты назарға алады деген сенімдеміз.

P.S. Газетіміздің өткен санында О. Почиваловтың №3 спорт мектебінің директоры А. Сугралиевке заңсыз «сөгіс және қатаң сөгіс» жариялаған бұйрығын ұсынған болатынбыз. Сол жазасы екі апта өтпей заңсыз болып күшін жойып отыр. Мұны өздері де мойындап отыр (көшірмесі жоғарыда ұсынылды). Неге берді? Неге алды? Міне бассыздық!

Бәрін айт та, бірін айт, мегаполистің спорт саласы іштей шірудің қарсаңында тұр. Бұл басқармаға әкімшілік іс қозғалды. Әкім тапсырмасын орындай алмай жүрген орынбасары мен басқарма басшысы м.у.а. орынтақтарын абырой бар кезде өз еріктерімен тапсырғаны жөн-ау. Өйтпеген жағдайда, орындарынан айрылып қана қоймай, елге масқара болатын күндері алыс емес секілді.

Әділ ҚЫРАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *