ЖЕР ЖҮРЕГІ (Повесть)

Әдебиет
841 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Түнімен киімдерін реттеп, жуынып-шайынып, ертеңгісін буынып-түйініп, Айнаш жаутаңдай қарап ауруханасына кетті. Ғалымжан жұмысына асықты, бүгін диссертациясына қажетті құжаттарды тапсырудың соңғы күні.

Кешке үйіне келсе Айнаш отыр, дастархан толы, өзі мәз-мейрам.

– Ғалымжан мен ауру емеспін, сап-саумын.

– Қойшы, ей, рас па?

– Рас, жаным! Бүгін ауруханада ренгенге қайта-қайта түсіріп, рентгенолог, бүкіл дәрігерлер таң-тамаша қалды. Екі өкпем де тап-таза, қылаудай кінәрат жоқ. Ары-бері тексеріп қарап, міне үйге қайтарып жіберді. Сондағы кәртамыс медсестраға бұл кеселдің қайдан келгенін айтып беріп едім. Ол кісі басын шайқап: «Сен суықтап қалғансың, түнде әйел заты далаға кір жаймайды, суға бармайды. Сені кір жайғанда пері қаққан, әне содан келген кесел», – деді. Ол айтқаны әлгі түн ішінде кір жайып жатқанында үстінен суылдап өте шыққан құйын тәріздес нәрсені көрмей, білмей шамалағаны.

Ғалымжан пошташы арқылы телефон шалып бұл хабарды айтып еді, ертеңгісін бұлар тұрмай қайран шешесі байғұс келіп тұр.

– Айнаш, қарағым, көршімнен бір тоқты қарыз алып, сойып, түгел бас сирағына дейін үйітіп әкелдім. Сен сорпа-су ішсін дедім. Сиядай атамның әруағы сені қолдады, қорғады, қарағым! – деп айналып-толғанды.

Айнаш содан қайтып ауру-сырқау дегенді білмей кетті.

Әттеген-айы бала көтере алмайтынын да енесіне айта алмады. Перінің шалығы ұрған қиын екен, өте қиын…

* * *

Екі айдан кейін диссертациясын қорғай алмай құлады. Қорғарлықтай білім қуат-күші бар еді, әдейілеп тұрып оңбай құлатты. Неліктен екен бұған дегенде институт директорының жұлдызы қарсы. Бәлкім, сыртынан күндеп шағыстырған біреу бар ма… Немесе Ғалымжанның тумысынан жағымпаздықты білмейтін тік жүріп-тұрысы ұнамай ма. Өзгелер үлкен бастық алдында құрақ ұшып, жік-жаппар болып бас иіп, жалбақтап жатады. Ғалымжанның ондай епшіл, жалама тірлікке бейімі жоқ.

– Сен бала пысықсыма, көрінген жерге өзіңнің қолыңды қойып, не болса соны жариялай берме. Не мынауың, түкке тұрғысыз жайды шатпақтап кеткенің, – деп жақсы бірдеңелері газет-журналдарға жарық көрсе жатып кеп жер-жебіріне жетеді. Тапсырманы үйіп-төгіп беріп, көміп тастайды.

Бадырақ көз, әукесі салбыраған қасқа бас божбан қара директоры:

– Менің атымнан мынаны жаз, ананы жаз – деп қабілетіне сеніп көлдей-көлдей мақала жаздырады. Біреуіне разы болмай, бадырақ көзін ежірейтіп, жер жебіріне жетіп ананы қос, мынау қалып қойыпты деп нығырлап қайтарып береді. Осыларынан титықтаған Ғалымжан:

– Қашанғы мен сіздің атыңыздан жаза беремін, ана біреуін сіз екеуміздің атымыздан берейінші, – деп көріп еді, бастығының көзі шекшиіп жүзі сұрлана кетіп: – Сен пәлекет ешқашан риза болмайсың, ә? – Менімен теңесетін сен кімсің? Жұмыс істегің келмесе мұннан кет, – деп езуі көпіршіп кабинетінен қуып шықты. Бұрынғысы анау еді. Содан бері қырына алып, мінеп-сынап езіп, жүдетіп жіберді. Кандидаттық диссертациясын қорғауды екі рет шегеріп, ілә тауып, қалың қағазбен көміп тастады. Инситуттан кеткенде қайда барады, кандидаттық диссертациясын қорғап алса қалғанын көре жатар, университеттің біріне орналасып кетермін деп қиялдап төзіп жүрген. Жағдай көмпістікке тіреген.

Комиссия мүшелері ә дегеннен жаналғыштай қадалып, нөпір сұрақтың астына алып, есеңгіретіп жіберді. Ең соңында сөйлеген институт директоры сызданып отырып, тоқетерін айтты:

– Жартыбаев түк дайындалмаған, дайын фактілерді көшіріп шыққан, ғылыми ізденісі, жаңалығы жоқ бұл еңбегі – бекітілмейді.

Бәрі бас шұлғысып, бірауыздан құлатып жіберді.

Ғалымжан құлаймын-ау деп ешуақ ойламаған, өзіне-өзі нық сенімді, өз білімін басқалардың талайынан артық деп жүретін. Осы комиссия мүшелерінің көбісі, мұның еңбегін жеке отырғанда қатты мақтап, таңдай қағып, риза болғанын талай-талай естіген. Ашығы – бұның құлағанына көңілі ауырып отырғандар да болған.

Сынбаса да иіле-бүгіліп барып қайта орнына келген серіппе-пружинадай қайсар еді. Сонда да қатты торығып кетті. Өзінен кейін келген, жазуы шала-пұлалар баяғыда қорғап, беттері жылтырап өсіп кетіп жатыр.

Бәрінен де сорақысы божбан қара басшы бүкіл институттың бар қызметкерлерін жинап алып, солардың алдында мұны сүмірейтіп тұрғызып қойып:

– Геология – көрінгеннің ермегі емес, ол жер-ананы зерттейтін ең ұлы ғылым. Сен Жартыбаев соны қорладың, колективімізді ғұлама ғалымдарымыздың алдында әбден абыройсыз қылдың! – деп зіркілдегенде миы маңдайынан жарып шығардай солқылдап кеткен.

Үндемей мәстек аттай тыпыңдап басшылардың айтқанын екі еткізбей, істей берді. Бір жылдан кейін жөндеп, өңдеп тағы қорғамақ болып еді, қайта қалпақтай ұшырып түсірді.

Міне, содан бері Ғалымжан Жартыбаев – институттың кіші ғылыми қызметкері – бәріне көнетін, бәрін иығымен көтеретін жуас өгізіне айналды. Барар жер, басар тауы қалған жоқ, ертеңгісін үйінен кетеді, кешкісін ескі қара автобусқа таласа-тармаса отырып қайтады.

Он бес жыл сол орында кабинеттің босаға жақ бұрышында елеусіз отырып, бастықтарының кітап, монография, мақалаларын жазатын жазарманға айналды.

Екі бөлме пәтер аламын ба деген Айнаштың мекемесі жекеменшікке өтіп кетіп, ол да жұмысына әзер ілініп жүр.

* * *

Ғылым Академиясының абажадай залына бұлардың қызметкерлерін топырлатып түгел апарды. Не көп, түкке қажетсіз конференция, симпозиум, форум… деп аттарын сан құбылтқанымен көк тиын пайдасы жоқ жиылыс-жиналыстар қаптап кетті. Мыжыма баяндамашылар мен көпірме өтірік мақтаушылардың сөздерінен қажып, мезі болған тыңдармандар газет, кітап оқиды, қалғып-мүлгіп, – әбден шаршап-шалдығып шығады.

Бұл жиналысқа министрдің орынбасарынан бастап талай дөкейлер келіп, сөйлей бастады. Залдың соңына таман қоңыркөлеңке тұсында газеттерді ақтарып отырған сәтте:

– Сөз Акционерлік қоғам компаниясының президенті, геология ғылымының докторы Жақан Сарбасовқа беріледі, – дегенде елең ете қалды. Бұл қай Сарбасов? Иә, дәл бес жыл бірге оқыған, бір жатақханада жатқан Жақан. Толып, әдеміленіп, өзіне жарасатын шаңырақтай көзілдірігін жарқылдатып, жеңіл басып трибунаға шықты. Қоңыр дауысымен жазып әкелген қағазын оқи жөнелді.

Ғалымжан таң-тамаша қалды. Бірге оқыған курстасы қалай көтеріліп кеткен? Жиналыс бітпей сыртқа шығып, есік көзінде Жақан курстасын күтіп алды.

– Ау, Ғалымжан сенсің бе? Жартыбаев қайдан жүрсің? Қазақ жерінің асты-үстін тұнған байлық деуші едің? – деп қапсыра құшақтады. – Жүр, түскі ас ішейік.

– Келіншегім үйде жоқ, жұмыста, – деп Ғалымжан міңгірлеп қалды.

– Жүр, мен ресторанға апарайын. Жақсылап әңгімелесейік!

Алматының тау жағы жазға салым жасыл желек жамылып, гүлге оранып, таңғажайып болып жаңа түскен желек астындағы келіндей құлпырып кетеді. Таудан самал ескен «Тау дастархан» атты ресторанда сарқырап аққан өзен үстіндегі шатыр ішінде екеуі әңгіме-дүкен тиегін ағытты. Жақан стаканға виски құйып, үстіне мұз салып ішті, ал бұл екі жүз грамм ақ арақ алдыртты.

– Институтта істегеніңе қанша болды?

– Он бес жыл.

– Өмір бойы сол кіші ғылыми қызметкер болып өтпексің бе? Сен маған кел. Біздің мекеме Созақта, үш орынбасарым бар. Біреуі кеткелі жүр, соның орнына аламын. Айлығың ба? Сен айына 90 мың алып жүрсең мен 600 мың беремін.

– Бұлар сені қорғатпайды. Нағыз ғалым сен болатын сияқты едің, нешауа, Мәскеуден қорғайтын боласың. Алқаш емессің ғой. Студент кезінде татып алмаушы едің. Үй-жайға алаңдама, бәрін жасаймын. «Болашақпен» шетелде оқып келдім ғой, бағана жиналысты ашқан министрдің орынбасары – менің «крышам». Ештеңеден қорықпа.

Әңгімеге де, дәмді тамаққа да тойған екеуі құшақтасып қоштасты.

* * *

Құмға тастай салған жұмыртқа пісіп қалатын шыжыған аптапта Созақтан бір-ақ шықты. Білдей «АО-ның» вице-президенті. Шымкентте де, Астанада да офистері бар әлемге әйгілі аты дүркіреген ірі өндіріс орны.

Ғалымжанға тікелей ғылыми-зерттеулер жүргізіп, жаңа кен орындарын тауып, ашу ісімен айналысуды тапсырды.

Бірер ай қағаз ақтарды, уран жайлы әлемдегі жаңалықтарды оқиды. Әлемде уранға ең бай ел – Қазақстан. Қазір ғалымдар ураннан энергия көзін табуды, үдемелі реакцияны зерттеуге қатты кірісті. Енді аз жылда мұнай керек болмай қалады, оның орнын осы уранның қазба байлық қоры басатын болады. Жөндеп ала білсең – бұл қазына жүздеген жылға жетерлік кәсіп. Бұл кен елімізде тұнып тұрған талай-талай жерлер тұр деген болжам бар. Бірақ ешкім ешнәрсе білмейді. Совет Одағы кезінде Мәскеуден ғалымдар келіп, зерттеп кеткен. Кейін Қазақстандықтар дерек көзін ашқан қағазды жанталасып іздесе де бірде-бір карта, құжат табылмай ізім-қайым жоғалды. Біздің елді ені мен көлденеңін талай сапарлап зерттеген атақты оқымысты геологтар көз жұмды, шетел асып кетті. Бірлі-жарым барлары ешнәрсе білмейді, қолдарында түк дерек жоқ.

Осы тұстан табылып қалар деген үмітпен сұңғыла Ғалымжан тау-тасты кезіп, шаршап-шалдығып біраз жүрді. Жанына жөн біледі-ау деген ысылған геологтарды іріктеп жинап, алғашқы айларда қанша жанығып іздесе де, қанша жерді тесіп, шұқшиып тексерсе де дым таба алмай қатты қиналды.

Ай артынан ай өтті. Жұмысынан еш нәтиже жоқ. «Шымкентке вице-министр келеді, жүр сол кісіні жақсылап күтіп жіберейік» – деп мұны ертіп Жақан Сарбасов жолға шықты.

– Сен өзеуреп алға түспе. Сұрамаса ештеңе демей тып-тыныш отыр. Бұл кісі ағып тұрған білімдар, психолог. Көресің, сені таныстырып қояйын деген мақсатпен әдейі ертіп бара жатырмын, – деп Созақтан Шымкентке жеткенше таптап-таптап түсіндіре бастады.

Министрдің орынбасары жаңа толысып келе жатқан өздері құралпас жігіт болып шықты. Жақан екеуі шетелде «Болашақпен» бірге оқыған.

Биік жота үстінде салынған «Қайсар» атты қонақүйдің ресторанында үшеуі түстік ас ішті, бесінші қабатындағы люкс бөлмеде бір сағаттай отырып әңгімелерін жалғастырды.

Арақ-шарап алдырмады, жалпы ішімдіктен аулақ, мәселені тез төтесінен шешетін қонақтың сұңғыла білімдарлығына таң қалды.

– Жақан, мына бауырымыз дайын тұрған ғалым ғой, екі мәрте кандидаттық диссертациясын қорғай алмапты. Мәскеуге бір ай іссапарға жібер. Онда мына мен айтқан кісіге жолығасың. Барлық мәселеңді реттейді. Ал, негізгі шаруа – Сарбасов мырза, жаңа кен орындарын таппасақ – үшеумізге де ұят болайын деп тұр. Совет Одағы кезінде біздің елді мәскеуліктер зерттеп, қай жерде уран кені бар тауып, кейін оны көміп, жауып тастап, картаға түсіріп алып кеткен. СССР тарады, ал ол карта жоқ, мен де іздедім, Жақан да Мәскеу, Петербургті шарлап шықты. Еш жерде карта жоқ, ізімқайым жоғалған. Ғалымжан Жартыбаевич, соны іздеп көрсін, қаржыны аяма. Ендігі үміт сізсіз Ғалеке! Егер ол табылса онда бәрі-бәрі болады. Іске сәт, сапар оң болсын! – деп вице-министр әңгіме тамам екенін білдірді. Разы көңілмен қоштасқан екеуі еппен қозғалып шығып кетті.

Сырбаз, ішімдегіні тап дегендей көп сөйлей бермейтін Жақан өз жатын орындарына қайтып келген соң шешіліп кетті. Бөлмесіндегі мұздатқыштан шөлмектер алып жүз грамнан тартып-тартып жіберді.

– Ғалымжан, бәрі оңынан шешілейін деп тұр. Жаңа өзің де көрдің, киініп сыртқа шыққанша Мәскеудегі атақты ғалыммен сөйлесіп, сені табыстап қойды. Қандай пысық, іскер, бәрін біліп, шешуге қалай үлгереді десеңші! Сен оған ұнадың, «бұл жігітті жанымызға аламыз, білімді» – деп сенің бағаңды асырды.

Ертеңгісін Ғалымжан Мәскеуге ұшты, Жақан Созаққа тартты.

Вице-министр әбден табыстап қойса керек, Мәскеуліктер ерекше ықылас танытып, өте жақсы қабылдады. Диссертациясының орысша аудармасын көбейтіп, таратып берді де, бір апта өткенде:

– Мынауың сенің докторлық жұмыс қой. Екі айдан кейін ғылыми кеңесте қорғатамыз, – деп бүкіл Ресейдің Ғылым Академиясының бір топ ғұламалары бас қосқан жиналысында ақжолтай хабар айтып, мерейі өсіп, еңсесі көтерілді. Қызғаныш құрсаулап, адым ашырмай қойған жерлестеріне ештеңе деп айтпай, жасырын ұстады.

Жақан бастығы қайта-қайта телефон шалып, «құпия картаны іздеп таптың ба?» – деп мазасызданып бітті.

Жалпы Мәскеуліктер кең қолтық, өздерінің алып жері секілді дария көңіл, ниеті құласа ағыл-тегіл жандар екендігін аңғарды. Әсіресе, оқымыстылар қазымыр, қатал емес, үңгіп көп сұраққа да алмайды, жазғаныңды оқып, әділ таразылап бағалайды. Бірдеңені дәметіп сұғанақтанбайды. Шынайы сый-құрметіңмен түстік, кештік асқа апарып, жүз грамын құйып берсең болды соған дән риза, ғұмыры ұмытпай құрақ ұшып тұрады. Адамның пейілін құрметтей білу дегеннің өзі ғанибет қой. «Әр кім қолда барын ұсынады, Көңілді қандай адам түсінеді» демей ме.

Қазақ жерінде уран кенін зерттегендер тізімін алып, көріп еді көбісі о дүниелік болып кеткен, бірді-екісі шетелде жүр. Бірлі-жарым сол экспедиция қатысқандарды тауып сөйлесіп еді, олар қара шаруа, алып кел, барып келмен жүрген жай жұмысшылар болғанын, карта-зерттеу жағына жоламағандарын айтты.

Күн артынан күн өтіп, уақыт асықтырып, Жақан бастырмалатып сұрап жүргенде Ғылым Академиясының есігінде отырған мұртсыз теке сақалды вахтер шал бір жақсылық айтты:

– Қазақстанды Бобров шалдан артық білетін ешкім жоқ болатын.

– Бобров деген кім? – деп бұл жабыса кетті.

– Ол уранды көп зерттеген зор оқымысты-геолог. Ол тірі болса қазір тоқсаннан асар еді. Вася ағай Бобровтай ғалым енді туа қоймас. Қатты ауырып, көрінбей кетті. Қайтыс болыпты деп кейін естідік.

– Бобров Вася ағайдың балалары бар ма?

– Жалғыз қызы бар. Ол да кемпір болған шығар.

– Сіз сол қызының адрес, телефонын тауып беріңізші, – деп вахтерге жалынып-жалпайып қалтасына үш жүз долларды сүңгітті.

Ертесінде вахтер шал көңілді, күлмеңдей қарсы алды.

– Сен қазақ күнде мұнда келесің, жолың болды. Міне мынау адресі – деп қағаз ұстатты.

Такси жалдап құстай ұшып «Алтын квадрат» атанып кеткен орталықтағы мекен-жайды қиналмай тапты.

Есігіне барып қоңырауды басып көп тұрды. Бір сәтте:

– Кто там? – деген дауыстан жауап алған соң, шырт-шырт етіп есік ашылды.

Ғалымжан тік тұрған қалпы жағдайды асығыс-үсігіс айта жөнелді.

– Кіріңіз, – деп кемпір төрге бастады. Абажадай кең үйдегі мебель-жиһаздың бәрі ескі, былғары диванның шетіне сықырлатып отыра кетті.

– Мен пенсиядағы адаммын, пенсиям мына пәтердің ай сайынғы ақысынан аспайды. Сатайын десем көзім қимайды, – деп ескі көк халат киген, әппақ шашы қобыраған кемпір өз жағдайын тізіп айта бастады.

Бұл оқыс шешімге келді: – Әжей мен сізге көмектесейін, деп сөмкесінен он мың долларды шығарып алдына қойды.

– Алыңыз, Маргарита Васильевна! Қазақстандықтардың сәлемі Сізге!

– Осыншама көп пұлды не үшін беріп отырсыз? – деп кемпір шошып кетті.

– Сіз Вася ағайдың картасын тауып беруге көмектесіңіз. Мен уран кендерін іздеп жүрген геолог-ғалыммын.

Кемпір екі қолын артына ұстап ары-бері жүрістеп кетті.

– Әкем өліп қалған жоқ, тірі. Мазамды алмасын деп өзі әдейі лақап таратып жіберді де, көшіп кетті.

– Қайда кетті?

– Мен әкеме жан баласына тіс жарып айтпауға уәде берген едім… Сізге енді қалай айтам, – деп қипақтап қалды.

– Маргарита Васильевна! Сізден жалынып, өтінемін. Осы тілегімді орындасаңыз бүкіл проблемаңызды, бар шаруаңызды мойныма аламын. Ай сайын қажетті қаржы салып тұрамын.

– Мен қазақ деген халықтың жақсылығын, жомарттығын көп көрдім, әкем де аузынан тастамайды. СССР-дің бәрін аралап, шарлады ғой, бірақ сендердей ақкөңіл жанды көрмедім деп отыратын. Мен қазір ол кісінің тұрып жатқан мекен-жайын жазып берейін. Бірақ бір адамға Василий Бобров тірі екен, бар екен деп тісіңнен шығарма! – деп тілдей қағазды ұсынып, үстел үстіндегі бума долларды алып, желеңінің қалтасына салып алды.

– Мен бұл үйді сатпаймын енді, көзім қимайды. Шешемнің жиған дүниесі, балаларым осында өсті, анау әкемнің бөлмесі. Бәрі ыстық. Орталықта, көршілерім өте жақсы жандар. Екі балам шетелде, үш-төрт жылда қолдары әзер босап, келіп кетеді.

Ғалымжан өзінің шақыртқы-визиткасын беріп қуанып, алып-ұшып, шыға салысымен бірден самолетке билет алды.

* * *

Көне Новгород жері – қалың орман, айдын-айдын көлдер мен жағасы қалың сор-саз жайлап аққан өзен-сулардың арасы аң жүре алмас тоғай, нән-нән ағаштар. Новгородтан аудан орталығына шейін таксимен келіп еді, ары қарай Бобров тұратын деревня екі жүздей шақырым сыңсыған орманның ішінде, оған жол жоқ, тек бронотранспортер ғана айына бір-екі рет қатынайтын көрінеді. БТР-ді жекешеге шығарып алған ауғандық-десантшы:

– Ол деревняға жететін жол саз батпақ, көлкіген іркілген су, тығылып, сазға батып жатасың – деп қиқайып қиналды. Айтқан жолақысын артығымен беріп еді, өсіп кеткен едірейген мұртын ширатып, күлмең қағып, БТР-ді оталдыра бастады.

Афганец-десантшы шынында ер екен телегей-теңіз болып жарқырап жатқан қашқын суды қақ жарып, кейде БТР белуарына дейін балшыққа батса да – нән қарағайға шынжырды орап, сүйреп шығарады. Осындай қат-қабат мына жұмысын ауырсынбайды, көңілді, әңгімешіл. Таң атпастан жолға шығып еді, түс ауа деревняға әзер жетті. Жол-жөнекей бір елді мекені жоқ, бір тірі жан көрінбеді. Ал мына «деревня» деп атаған ауыл небәрі оншақты ғана үй, әрқайсысы бөлек-бөлек орман ішінде.

– Міне, Вася ағайдың үйіне де келдік. Бұл кісі омарташы – балын алып кетіп, сатып, қалаған заттарын әкеп беріп тұрамын, – деп десантшы заттарын түсіре бастады.

Тоқсанға келген кәужіреген ілмиген шал болар деп ойлап келсе, үй бақшасынан ұзын, тіп-тік нық жүріспен басында жеңіл сұр шләпілі кісі келіп сәлем алды.

– Афганец, батыр, қалай оқ-дәрі әкелдің бе? – деп десантшының арқасынан қағып, Ғалымжанмен жай ғана амандасты.

– Вася ағай, мына жігіт сізге жолығамын деп келіпті.

– Ғалымжан Жартыбаев – деп паспортын көрсете бастап еді.

Шал: – Афганец – батыр, ертең, жоқ, арғы күні келіп мына қонақты алып кет, – деді де, оған:

– Медеухо ма, самагон ба? Қайсысың ішесің?

– Сіз жасаған самагон нағыз зәм-зәм, оған ешбір нәрсе пар келмейді.

– Мә, онда. Афганец маған анау-мынау адамды әкеле салмайды – деп, Вася ағай екі бөтелке әкеп беріп, жолға шығарып салды.

– Ал, енді сен менің қонағымсың. Василий Иванович Бобров деген мұңлық шалыңыз мен боламын, – деп күлімсіреді. Сақал-мұртын қырынып жүретін, үсті-басын таза ұстайтын кірпияз жан екені бірден байқалады.

Ғалымжан өзі жайлы, арнайылап келген шаруасы жөнінде қысқаша айтып өтті.

– Қазақтар неге мені іздемей жатыр деп ойлаушы едім. Сен жарадың, жүрегіңде от, кеудеңде рух бар азамат екенсің. Анда көрші тайынша сойып жатыр, содан сыбағаңды алып келейін. Әйелім де сол жерде жүр, сен мына беседкада отырып демал, – деп Вася ағай көршінің үйіне қарай кетті.

Маужыраған мамыражай ұйыған тыныштық. Ит тұмсығы батпас ұлы жіңгір орман қоршаған ашық алаңқайдың шет-шетінде он шақты ғана төбесін тақтаймен жапқан бәкене ағаш үйлер. Бақшаның арғы жағында бал арасының омарта ұя-жәшіктері, анда-мұнда ұшып-қонып жүрген аралардың ызыңы естіліп қалады. Одан арыда көкпеңбек аспан түстес шалқыған көл.

Беседка ішінде жантайып көкке қараған, аспан шайдай ашық, күн қызуына маужырап көзі ілініп кетіпті.

– Шәй ішейік, – деген дауыстан оянып кетті. Ет жеңді бетінің қызылы тамған әйел самаурынды көтеріп үйге кіргізіп бара жатты. Вася ағай ет мүшелеп, тұздап лабастан шығып, қолы-басын жуды.

– Жүр, жолдан келдің ғой, шәй ішейік, – деп үйге бастады. Жұпыны ғана үш бөлме, төргі бөлмеде ағаштан жасалған столда жағалай отырып шәй ішті.

– Мынау Варвара… Варвара Васильевна деген менің келіншегім, – деп Вася ағай қызыл бет әйелді одан әрмен қызартып таныстырды.

– Қазақтар қонақжай ғажап халық. Мен он жеті жыл қазақтар арасында жүрдім. Олар ат мінеді, қымыз ішеді, кең далада жүреді. Мен олармен көп араластым.

Самаурын шәйін көптен ішпегеннен бе, ағыл-тегіл терледі, бал да тіл үйіреді, өзге ешнәрсеге ұқсамайтын керемет дәмді, түрлі қайнатқан тосап-вареньелерінен тамсана дәм татып, рақат күйге түсті.

– Ғалеке – деді Вася ағай – Қазір мен монша жағамын. Екеуміз моншаға түсеміз. Сен бүгін-ертең менің қонағымсың. Ертең аңға шығамыз, балық аулаймыз. Жақсылап демал.

– Өзіңізде бір шаруам бар еді.

– Білемін, геолог дегеннен кейін-ақ сезіп отырмын. Ол жайлы бүгін әңгіме қозғамай-ақ қояйық.

Вася ағай моншаға отын жарып жатып:

– Ғалеке, мен тірі болсам бір қазақ іздеп келер деп күтіп жүргенмін. Варвара да көріпкел, емшілік қасиеті бар деп айттым ғой, ол да сенің келе жатқаныңды бір апта бұрын түс көріп, «бізге әлдеқайдан бір қазақ келе жатыр» деп хабарлап қойған.

– А, солай ма?! – деп қатты таңырқады қонақ. – Расында да жеңгей шын көріпкел екен. Шайға жадырап шығып моншаға жақындағанда Вася ағай: – Бұл моншаны – қара монша дейді.

Қазір ішкі қабырғасы түгел қап-қара күйе. Оған тиіспе, үстіңді былғап – күйелеп аласың. Ал, сол күйе біле білсең мың да бір ем. Сиыр, жылқы етін жейсіңдер, оның еті мен қазысын ұзақ сүрлеп сақтайсыңдар. Сонда етке бір көгерген жұғын жабысып тұрады, міне бұл нағыз ем – кәдімгі пенициллин.

Монша деген жан рақаты-ау, неше түрлі шөптермен булап, қайың сыпыртқысыменмұның үстін сабалап, буын-буындарына тұрып қалған суықтың бәрін қуып шыққаншығар. Шал артынан монша буынан қып-қызыл буы бұрқырап жүгіріп шығып, тиіптұрған көлге күмп сүңгіді. Қайта келіп моншаға түсіп жуынып-шайынып, Варвараістеген кешкі асты ықыластана алып отырды.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы, қоғам қайраткері, «Әділет. Рухани жаңғыру» 
газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *