БЖЗҚ-ның УӘКІЛЕТТІ ОПЕРАТОРЛАРМЕН ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛЫ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМДЕРГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Қоғам
545 Views

Заңнамада тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемдерін алу үшін салымшылардың уәкілетті оператордың интернет-ресурсында электрондық өтініштерді толтыра отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған уәкілетті операторларға жүгінетіні көзделген.

Өз өтінішінде салымшы біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану мақсатын және мақсатты пайдалануға жіберілетін қолжетімді соманы көрсетеді. Уәкілетті оператор салымшылардың өтініштерін қарап, оларды мақұлдау туралы шешім қабылдайды. Сондай-ақ, біржолғы зейнетақы төлемдерін Қордан уәкілетті операторда ашылған салымшылардың арнайы шоттарына аудару бойынша БЖЗҚ-мен өзара іс-қимылдар жүргізіп, біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы пайдаланылуына мониторинг жасайды.

БЖЗҚ мен уәкілетті операторлар арасындағы өзара іс-қимыл электрондық ақпарат алмасу арқылы және өзара іс-қимыл туралы тиісті келісімдер негізінде жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта БЖЗҚ «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ және «Банк ЦентрКредит» АҚ-мен өзара іс-қимыл туралы келісімдер жасады.

Келісім уәкілетті оператор мен БЖЗҚ арасында біржолғы зейнетақы төлемдерін есепке алу, аудару және қайтару мәселелері бойынша ақпараттық өзара іс-қимыл жасау және ақпарат алмасу тәртібін, сондай-ақ, ақпараттың құпиялылығын сақтау жөніндегі шарттар мен міндеттемелерді қоса алғанда, Келісім тараптарының әрқайсысының міндеттері мен жауапкершілігін айқындайды.

БЖЗҚ мен уәкілетті операторлардың ақпараттық жүйелерінің біріктірілуі «электрондық үкімет» веб-порталындағы интеграциялық сервис арқылы жүзеге асырылады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *