ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ МАЗМҰНЫ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Білім
904 Views

Бүгінгі жас ұрпақ– халқымыздың болашағы, еліміздің ертеңі. Еліміздің тілін, әдебиетін, тарихын, мәдениетін, дәстүрін білетін ұрпақты тәрбиелеу, білім беру ұстаздың қолында. Еліміздің мұғалімдері Жаңартылған білім мазмұнында курстарды оқып, біліктіліктерін шыңдады.

Өзім де осы курс бойынша оқыған ұстаздың бірі болғандықтан, осы тақырып бойынша қалам тербеп отырмын.

Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін өзінің ұстаздық ғұмырын сарп ететін мамандар ғана сапалы да, жемісті еңбек ете алады деп ойлаймын

Жаңартылған білім беру бағдарламасы оқушының сөйлеу әрекетінің төрт түрін: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылымды жетілдіруге бағытталған. Бұл сөйлеу әрекетінің түрлері бойынша түйінді дағдылар оқу жоспарында «спиральді» тәсілмен берілген. Қарапайымнан күрделіге қарай, бірте-бірте білім, білік пен дағдылары кеңейтіліп қалыптасады. Оқу мақсаттары оқушылардың зерттеу дағдыларын, қарапайым бақылауға тәжірибе арқылы білімі қалыптасуына, алған білімін қайта өмірде қолдана білуіне бағытталған. Оқушы бойында әлеуметтік дағдылар, жалпы білімнің іргетасы, танымдық белсенділігі, жүйелі оқу әрекетінің қалыптасуына бастауыш сынып оқу бағдарламаларында көңіл бөлінген.

Бастауыш сынып пәндеріне арналған оқу бағдарламаларындағы оқу мақсаттары оқушылардан шынайы проблемаларды анықтап, зерттей білуді талап етеді. Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді, қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АҚТ-ны қолдану, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) қолдана білу. Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі – спиральді қағидатпен берілуі. Оған оқу мақсаттарының жүйесін талқылау барысында көз жеткіздік. Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериалдық бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты балдары бойынша өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Критериалды бағалау, кері байланыс тәсілі ХХІ ғасырдағы қарқынды дамып келе жатқан зияткерлік және техникалық ортада табысты болу үшін қажетті дағдыларды меңгертуге бағытталған. Олар оқушыларды сын тұрғысынан ойлау, бірлесіп жұмыс істеу, ақпаратты өңдеу, проблемаларды шешу сияқты анағұрлым жоғары деңгейдегі көптеген дағдыларды өз бетінше меңгеруге және зерделеуге дайындайды және ынталандырады. Осы дағдыларды жоғары дәрежеде меңгеру математика бойынша білім беру бағдарламасында мәселелерді шешу, жаратылыстану бойынша білім беру бағдарламасында бірлескен зерттеу және ғылыми зерттеу жүргізу дағдыларына баса назар аударса, дүниетану пәні аясында ойлау дағдыларын дамытуды көздейді.

Сөзімнің соңын қорытындылай келе, бұл жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша менің көкейге түйгенім: алдымызға бір мақсат қоя отырып, сол мақсатқа жету жолында шәкірттердің жүрегіне жол тауып, әрекеттендіре білу шеберлігіне жетсек, егемен елдің ұл-қыздары білімді де білікті болып шықпақ. Соның арқасында біз бәсекеге қабілетті, іргесі мықты ел боламыз!

Ақжарқын БЕКМУРЗАЕВА,

№14 мектеп-гимназиясының

бастауыш сынып мұғалімі.

Кентау қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *