«БІЗДІҢ ЖЕРІМІЗ ТАЛАНТТАРҒА БАЙ»

Экономика Қоғам
941 Views

Мемлекет басшысы Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиынды ашқан Қазақстан Президенті ел тәуелсіздігінің 30 жыл ішіндегі табыстары Алматы қаласымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

– Тәуелсіздігіміз Алматыда жарияланды. Сондықтан бұл шаhардың тарихи рөлі айрықша. Қазір Алматы – экономикамыздың басты қозғаушы күші. Сонымен бірге мұнда бизнес саласы жақсы дамыған, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын жақсарту баршаға ортақ негізгі міндет саналатынын және азаматтарды жұмыспен қамтып, табысын арттыру басты назарда болуы қажет екенін еске салды.

Мемлекет басшысы қаланы одан әрі дамыту үшін өсімнің жаңа бастаулары қажет деп санайды. Мұндай бағыттардың бірі жаңаша түрленген экономика.

– Бұл мәселеде инноваторлар, жастар мен бизнес арасындағы тиімді қарым-қатынас маңызды рөл атқарады. Мұны дамыған елдердің тәжірибесінен көруге болады. Бұл жерде «велосипед ойлап табудың» қажеті жоқ. Краудфандинг, білім беру хабтары, бизнес-көмекшілермен арадағы арнайы инвестициялық кезеңдер сияқты технологиялар шетелде өздерін жақсы қырынан көрсетті. Жалпы әкімдіктерде жаңаша түрленген экономиканы дамыту жөнінде түсінік пен өзіндік көзқарас бар. Алматы қаласының тәжірибесін өзге өңірлерде қолдану қажет. Біздің жеріміз таланттарға бай. Жас орындаушылар, шығармашылық өкілдері аймақтық қана емес, әлемдік деңгейде де мойындалып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстік астана мен оның төңірегін дамытудың тағы бір маңызды бағыты ретінде туризм саласын атады. Президенттің айтуынша, соңғы 10 жылда Алматыға өзге елден келушілердің саны үш есеге артқан, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 435 мыңға жеткен. Ішкі туризм бойынша да оң өзгерістер бар. Сондай-ақ ол Алматы Mercer компаниясы өткізетін беделді рейтингке қосылған бірден-бір қала екенін атап өтті.

Президент еліміздегі эпидемиялық ахуалдың тұрақсыз екенін айта келе, қала тұрғындары мен бизнес өкілдері індеттен сақтануға аса мән бермей, оны елемей жүргенін атап өтті.

– Мен тағы да отандастарымызды сабыр сақтауға, барлық санитарлық нормаларды қатаң ұстануға, коронавирусқа қарсы жаппай вакцинацияны қолдауға шақырамын. Үкімет пен әкімдіктер жаппай вакцинация жүргізуге дайын болуы керек. Біз 1 ақпаннан вакцинация жұмысын бастадық. Бірақ дәл қазіргі уақытқа дейін вакцина салдырған азаматтардың саны 19 мыңнан сәл ғана асады. Жоспар бойынша біз 6 миллионнан астам адамға вакцина салдыруымыз керек. Егер өз өндірісіміздің қуаты мен Ресейден әкелінетін вакцина жетпей жатса, онда нарыққа шығып, қажетті көлемді импорттау керек. Жаппай иммунитет қалыптастырмай ауруды жеңе алмаймыз, экономиканы қайта қалпына келтіру де мүмкін емес. Үкіметке аталған жұмысты жандандыруды тапсырамын. Бұл мәселені өзім бақылап отырамын. Вакцинацияға дұрыс қарау керек, бұдан басқа жол жоқ. Осы мәселені азаматтардың есіне тағы бір мәрте салғым келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөз соңында Алматы әкіміне жүктелген міндеттерді мұқият іске асыруды тапсырды. Сонымен қатар, берілген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы Президент Әкімшілігінің бақылауында болатынын атап өтті.

Akorda.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *