ОЙ САЛАР

Әдебиет
626 Views

(Жалғасы. Басы №9 санда).

28

Белгілі Қазақ деген ақын халық,

Дәлелді айтқан сөзін мақұлдадық.

Жалтақтап қарай берем сұлуларға,

Сияқты бара жатқан ақым қалып.

29

Қор болар арамдық іс істегендер,

Санасы, ақыл-ойы піспегендер.

Бірі боп хайуанның өмір кешер,

Біреуге көлеңкесі түспегендер.

30

Құшақ боп ақпейілмен ашылған бар,

Жарқырап күн нұрындай шашылған бар.

Халықтың жүрегінде қалар мәңгі,

Ел үшін қанын төккен асыл жандар.

31

Ақындар ойын айтар өлеңменен,

Кезі жоқ тіл кессе де төмендеген.

Арманы байлық жинау қанағат жоқ,

Оларға ой келмейді өлем деген.

32

Пәк болып туылсаң да шаранадан,

Зұлымдар бастырмайды жаңа қадам.

Ісіңді алға басқан көре алмайтын,

Өмірде толып жатыр жаман адам.

33

Бас иіп, сыйлап сені жатса жандар,

Сүрініп өмірде көп ақсағандар.

Қарасаң айналаңның бәрі дұшпан,

Өмірде аз болады жақсы адамдар.

34

Жымиып жаныңда жүр әккі жолдас,

Татқаның оңай олжа тәтті болмас.

Ішсең де адалдықтың ақ уызын,

Бәрі де қадамыңның сәтті болмас.

35

Ішінде адамдардың аласы бар,

Әр түрлі іс қылатын шамасы бар.

Жүргендер адаммын деп толып жатыр,

Оны да түсінеді санасы бар.

36

Судың да ағатұғын арнасы бар,

Заманның қарқылдаған қарғасы бар.

Бәрі де адамзаттың бірдей емес,

Сүйретер лайықты арбасы бар.

37

Жері жоқ халықтар бар «Астанасыз»,

Аш жүрген жандар да көп асханасыз.

Біреудің хан сарайдай үйі болса,

Жылап жүр талай адам баспанасыз.

38

Ей, досым жан-жағыңа қара мына,

Адамның кез қылмасын арамына.

Кейбіреу ойланбастан мәз болып жүр,

Мас болып ішкен күнде шарабына.

39

Қаншама қан төгілді тақталастан,

Қанша жан жапа шекті бақталастан.

Таппайсың артық нәрсе бұл өмірде,

Отырып шын достықпен татқан астан.

40

Бар жандар мақсатына жететіндей,

Иненің көзінен де өтетіндей.

Жинаған ішпей-жемей байлықтарын,

Өзімен бірге алып кететіндей.

41

Сезгейсің бұл өмірдің тар екенін,

Ескергін ең керегі ар екенін.

Күні ертең шалып сені құлататын,

Ұмытпа Батыраштың бар екенін.

42

Істеуге жақсылық іс ерінбегін,

Дұрыс қой еңбегіңмен көрінгенің.

Халықтың бар тілегін орындасаң,

Жарқырап тұрар сенің төріңде күн.

43

Көңілден шықса дәйім істегенің,

Ешкімді жолға салып күш темегін.

Көнбейтін ақымақты түзеймін деп,

Мен үшін отқа, суға түс демегін.

44

Дүнием бар екен деп таспағайсың,

Дұшпаннан қорқып босқа саспағайсың.

Көрсетіп дүниеңнің көп екенін.

Халықтан қарапайым аспағайсың.

45

Жігіттің әрбір ісі болаттай-ды,

Ешкімге жамандықты жолатпайды.

Бірлікпен тірлік қылса азаматтар,

Басына «Бақ» құсы кеп қонақтайды.

46

Қандай жау болса дағы ығыспаңдар,

Бірлік пен тірлігіңді нық ұстаңдар.

Жеңеді дұшпандарын тұрмастай қып,

Бір-бірін дос құшақпен ұғысқандар.

47

Ешкімге көрсетпеген жат қылықты,

Аяма қолдан келсе жақсылықты.

Өмірдің таттым мен де бал шырынын,

Қатыннан көргенім жоқ тапшылықты.

48

Дұшпанмен арпалыстым алдырмадым,

Қалғанша әрекет қып әл-дірмәнім.

Жігіт кез болсын мейлі, қартайсамда,

Көңілін сұлулардың қалдырмадым.

(Жалғасы бар).

Ағман САБЫРХАНОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *