ЕРЛІГІҢ МӘҢГІ ЖАДЫМЫЗДА

Тұлға Қоғам
998 Views

Майданда қан кешіп, жанкештілікпен жауға қарсы тұрған жауынгерлер ерлігі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Сұрапыл жылдарда жақыннан жырақтап, қару асынып ел қорғаған әкелеріміз жайлы жазу – кейінгі ұрпақтың парызы. Мамырдың 9-на әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына – 76 жыл. Мен де сол соғысқа қатысқан әкем жайлы сыр шертуді жөн көрдім.

Менің әкем – Сапарбек Ахметшеев 1921 жылы Оңтүстік Қазақстан облысыныңСарыағаш ауданында дүниеге келіпті. Балалықтан енді ғана арылып, есейгеншағында Сарыағаш аудандық комиссариатына шақырылады. Сол кеткеннен қатардағыжауынгер С.Ахметшеев Алматыда жасақталған 100-ұлттық бригада құрамына еніп, Калинин майданына аттанады.

Бұл соғыстың қазақтың қаншама отбасына қаралы хабар әкелгенін біздер кейін білдік қой. Бақытымызға орай әкем сол зұлматтан елге тірі оралып, отбасын құрып, дүниеге біз келдік.

Алайда, соғыстың салдары әкемді де сырт айналып өтпепті. 1943 жылы 7 ақпанда Мәскеу маңындағы Великие Луки қыстағында әкем ауыр жараланып, бір қолынан айырылды. Осы бір көрініс біз үшін үнемі сұрапыл соғыстың суық белгісіндей болып тұратын.

Ерте есейген бозбала майданнан оралған соң да, елге қызмет етуінен танған жоқ. Өзінің туған өлкесі – «Қаракөл» кеңшарына бар өмірін арнап, кейіннен осы еңбегі еленіп, «Ленин», «Еңбек», «Қызыл ту», «Құрмет» ордендерімен марапатталды.

Әкемнің есімі Отанның ержүрек жауынгерлерімен қатар Қазақ КСР-нің Алтын кітабына жазылды. Сондай-ақ, Мәскеудегі Бүкілодақтық көрменің Алтын медалін төрт рет жеңіп алғанын да мақтанышпен айта аламын.

Ердің жасындағы Сапарбек Ахметшеев біліктілігімен, елге адалдығымен көпке сыйлы боп, бесінші шақырылған Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Халықтың қалаулысы болып атанған асқар тауымның қарапайым мінезі өзіне әрқашан серік болды. Оның адамгершілік қасиеттерінен біз де үлгі алып өстік. Жалқаулықты жаны сүймейтін, ерекше шаруақор жан болатын. Қазақ КСР-нің шаруашылығына еңбегі сіңген қайраткер атағы еңбексүйгіштігі үшін берілсе керек.

Әкем 1984 жылы дүниеден озды. Бірақ оның жарық дүниедегі жарқын істері біздің өмір жолымызға әрдайым сәуле берер шырақ іспетті мәңгі жадымызда қалады. Оның ақыретке аттанар алдында «ұрпағымыз соғыс көрмесін» деп армандағанына күмәнім жоқ. Жеңіс туы, лайым, мәңгілік желбірей берсін!

Жұмагүл АХМЕТШЕЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *