СОҒЫСҚА 500 МЫҢ РУБЛЬ АУДАРҒАН МАМБЕТОВТЫҢ ПАТРИОТТЫҒЫ

Тұлға Қоғам
528 Views

Ұлы Отан соғысы басталған уақытта Қыдыр Мамбетовтың жасы 40-тан асқандықтан оны майданға алған жоқ.

1941 жылдың 29 шілдесінде «Правда» газетінде «Трудящиеся предлагают создать фонд обороны» атты хаттарға шолу жарияланған. Үш күннен кейін осы газетте «Фонд обороны – новое проявление советского патриотизма» атты бас мақаласында Қорғаныс қоры жедел ұйымдастырылғаны айтылды. Оның ашылуына азаматтар жан-жақты қолдау көрсетіп, отаншылдықты және майдан мен тылдың бірлігін көрсетті.

Соған байланысты, КСРО Мемлекеттік банктың барлық жергілікті бөлімшелерінде арнайы шоттар ашылған болатын. Қорғаныс қорына КСРО азаматтары ерікті түрде қаржылай немесе материалдық құнды заттарды беріп көмек көрсеткен. Қорғаныс қорына жеке ақшалай жинақтар, алтын, күміс заттар, авторлық қаламақы, үкіметтік наградалар және мемлекеттік қарыз облигациялары, қаржылық лотереялар бойынша ұтыстар, жексенбілікте тапқан қаражат, ауылшаруашылық өнімдерін сатудан түскен қаражат аударылатын. Еңбекшілердің жинаған қаражатына соғыс техникасын жасау аймақтарда 1941 жылдың жазында басталып кеткен.

1944 жылғы Сталин халыққа арнаған бір сөзінде:

«…Бірнеше күн бұрын әскер мен халыққа жараланған неміс аңдарының ізіне түсіп, жауды ұясына дейін қуып, біржола талқандауды тапсырамын».

Бұл сөздің сол заматта әрбір патриот адамның жүрегіне жеткені, 1944 жылы Үшінші Мемлекеттік Әскери Қарызға жазылу басталғаннан-ақ еңбекшілердің отансүйгіштігі анық байқалды.

Сол жылы «Күйік» (Куюк) қойсовхозының ферма меңгерушісі Қ.Мамбетов патриоттық танытып, 500 мың рубльге облигациялар сатып алып, оны Қорғаныс қорына аударған. Және ол адал еңбегімен тапқан қаражатына жасалған жаңа танк пен ұшақ және қару-жарақ фашистік баукеспелердің бастарына оттай бораған оқ болып тиіп, жеңісті жақындатуға көмектеседі деп білген. Қыдыр атаның фермасында 9 мың қой болған, осы совхозда 13 жыл үздіксіз жұмыс істеп, Стахандық еңбегі үшін 15 рет ақша мен мал ретінде сыйақы алған.

«Жаңа Әскери Қарыздың шығуы туралы хабарды естіген сәтте, мен мемлекетке өзімнің еңбекақымнан жинаған ақшамның барлығын аударуды шештім. Мемлекет алдында патриоттық борышымды өтеп, маған бақытты өмір берген Отанымның абыройы үшін одан да жақсы еңбектенетін боламын.»

Бұл жөнінде ол, Сталинге орыс тіліндегі телеграммасында жазған. (Қ.Мамбетовтың телеграммасының көшірмесі төменде көрсетілген).

Сол жылы И.Сталин өз атынан Қ.Мамбетовке ризашылық білдіріп, жауап ретінде мынадай телеграмма жолдаған (орысшадан аударылған,):

«Кеңес Одағын қорғау ісінде қамқорлық танытқаны үшін, жолдас Мамбетов менің сәлемім мен Қызыл Әскердің ризашылығын қабыл алыңыз». (көшірмесі төменде тіркелген)

Бұл туралы 1944 жылдың 6 маусымында «Оңтүстік Қазақстан» (Южный Казахстан) газетінде жарияланған:

Телеграмма:

Ленинское

заведующему фермой

овцесовхоза «Куюк»

Каратасского района

товарищу Мамбетову

За проявление заботы в деле обороны Советского Союза товарищ Мамбетов примите мои приветствия и признательность Красной Армии.

И.СТАЛИН

Елдің алғысына ие болған Қ.Мамбетов осылайша өзінің шынайы отансүйгіштігін көрсеткен. Қазіргі күні Қ.Мамбетовтың шөберелері Берік Кәрім Шымкент гарнизонының әскери сотының төрағасы, Серік Кәрім Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы болып, сот саласында абыроймен қызмет атқарып жүр.

Ұлы Отан соғысында Жеңіске жету үшін тылда жүріп ерен еңбегімен мол үлес қосқан Қыдыр Мамбетовтың патриоттық әрекеті мәңгілік ел есінде сақталады!

Махаббат АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *