КӘСІПТІ ҚОЛДАУ АРҚЫЛЫ ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАР ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Қоғам
330 Views

Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы бизнес-климат қалыптасқан. Облыс екінші жыл қатарынан бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингісінде және «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасын орындауда республика бойынша 1-ші орында тұр.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен аудан, қала тұрғындары арасында өзін-өзі жұмыспен қамтыған кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар мен жеңілдіктерді түсіндіру, таныстыру жұмысы жүріп жатыр. Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Н.Иманқұлов бастаған топ Отырар ауданына арнайы барып, кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша семинар-кеңес өткізді. Бұл семинар-кеңес кәсіпкерлердің түйткілді де, келелі мәселелерін талқылау және мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге ұсынылатын қаржылай қолдауларды кеңінен насихаттау, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында ұйымдастырылды.

Басқосуға Отырар ауданы әкімінің орынбасары Е.Оралбай, «TURKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы КММ-нің басшысы С.Курбанов, осы орталықтың Отырар аудандық бөлімнің басшысы А.Тулимбетов, «Атамекен» ҰК палатасының аудандық филиал директоры Ұ.Абдрахимов қатысты. Кездесулер барысында 100-ге жуық жергілікті шағын және орта бизнеспен айналысатын жергілікті кәсіпкерлер мен кәсіп бастауға ниетті тұрғын қамтылды.

Өткізілген басқосуда тұрғындар мен кәсіпкерлер кәсіп ашу үшін жеңілдетілген несиелер беру мәселесіне ерекше тоқталды. Отырар ауданы ауыл шаруашылығына қолайлы аграрлы аймақ екені айтылып, сол мүмкіндік пен артықшылықты толық пайдалану қажеттілігіне баса назар аударылды. Осы кәсіптері арқылы кәсіп иелерінің отбасына табыс көзі кіретіні және бірнеше азаматтың жұмыспен қамтуға қол жеткізетіні айтылып өтті. Сонымен қатар кәсіпкерлер мен тұрғындарға тек қана кәсіп ашып, оны дамыту емес, тұрғындардың қажеттіліктеріне байланысты «TURKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы КММ-нің Отырар аудандық бөлімі арқылы көмек алуға болатыны айтылды. Аталған орталық құжаттарды әзірлеуге көмектеседі.

Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы осындай семинарларды Төлеби және Ордабасы аудандарында да жалғастырды. Алдағы уақытта да барлық аудан, қалада осындай кең көлемде кәсіпкерлерге берері мол семинарлар өткізілмек.

Айгүл СҮНДЕТОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *