УНИВЕРСИТЕТ ІРГЕТАСЫ

Білім Қоғам
910 Views

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – ел Тәуелсіздігінің жемісі. Сонымен бірге бұл оқу орны – кеңестік жоғары мектеп пен жаңа заманжоғары мектебінің ұштасқан, сабақтасқан белесі. Оның дүниеге келуіне себепші –халықтың арманы, Елбасының көрегендігі, зиялылардың ниеті.

Дегенмен, кез келген тарихи оқиғаның, құбылыстың алғышарты, өз жүйесі, ішкі және сыртқы факторлары болады.

Еуразия ұлттық университеті екі бұлақтан құралған өзен болса, оның бір қайнары – Целиноград педагогикалық институты, екінші қайнары – Целиноград құрылыс инженерлері институты.

Кейбіреулер кешегі тарихты ұмытып жатады. Мысалы, Еуразия университетіне дейін өңір тарихында тұңғыш рет Ақмола аймақтық университеті болдық. Бізге институтпен бірге бірнеше салалық техникум мен училище қосылды. Қазіргі ЕҰУ-ға негіз болған – осы аймақтық университет.

Ол кезде өңірдегі жоғары оқу орны басшысын тағайындау облыс әкімімен келісіп шешілетін. 1992 жылы 1 сәуірде облыс әкімінің алдынан өту үшін Целиноградқа ұшып келдім. Сол күндері осы қалада министрліктің көшпелі коллегиясы жоспарланған-ды. Ертеңіне Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметовпен бірге әкім А.Г.Браунның қабылдауында болдық. Кеудемдегі «За отвагу» медалін қашан, қалай алғанымды сұрады. Жауабымнан соң, сөзге келмей, келісімін берді. Сол 2 сәуірде Жоғары және орта арнаулы білім министрлігі коллегиясы үстінде министр мені ректор етіп тағайындап, институт ұжымымен таныстырды.

Ертеңіне бұрынғы ректор Н.В.Алексеенконы шақырып, ректорат өткіздік. Сонда Николай Владимировичке рахметімді айта отырып, ұжымға қаратып: «Бұл кісі естісін дейтіндеріңіз болса, дәл бүгін көзінше айтыңыздар. Ертеңнен бастап бұрынғы басшыны жамандап келетін бірде-бір адамды қабылдамаймын. Алматыдан командамен келмеймін, бірлесіп жұмыс істейміз. Бірлесіп жаңа мамандарды қабылдаймыз. ҚазМУ-дегі проректорлық тәжірибем бар, ұжымдасып институтты көтереміз. Ойымыз да, арманымыз да тек осы оқу орнын одан әрі дамыту болады», – дедім.

90-жылдардың аса қиын кезеңін біздің институт та басынан кешірді. Ол уақытта оқытушылар – жалақы, студенттерге стипендия ала алмай, жылу мен электр қуаты жетпей, тіпті төлемақыға қаржы табылмай жатты. Целиноградта төрт институт болса, соның әлеуметтік-экономикалық жағынан әлжуазы пединститут еді. Өйткені, нарық пен шаруашылық педагогиканы айналып өтетін.

Алдымен тәртіп пен тазалықтан бастадық. Ол кезде институтта бар-жоғы 2 доктор, 27 ғылым кандидаты бар екен. Ең күрделі мәселе – мамандарды баспанамен қамтамасыз ету болатын. Бірінші күннен қаңырап бос тұрған бір жатақхананы күрделі жөндеуден өткізіп, жас мамандарға бердік. Жатақхана мен оқу корпустарын негізсіз жеке сауда орындарынан, жекеменшік автотұрақтардан тазарттық.

Институтта қазақ тілі мен әдебиетінен маман дайындаудың сапасын арттыруға кірістік. Барлық мамандықта оқытылатын қазақ тілінің сағатын 120-дан 300-ге дейін көбейтіп, Ғылыми кеңес қаулысымен міндетті мемлекеттік емтихан етіп бекіттік. Талантты жастарды Алматыға жіберіп, кандидаттық диссертация жазуына қолайлы жағдай туғыздық. Институт баспасын қуаттандырып, ғылыми журнал, оқу құралдарын шығара бастадық. Ресейдің бас қалалары мен Сібір шаһарларындағы ғылыми орталықтармен байланыс орнатып, оқытушыларымызды тағылымдамаға жібердік.

Аз жылда пединституттың негізінде аймақтық Ақмола университетін құруға қол жеткіздік. Бұл тарихи университеттің ерекшелігі – барлық мамандықта қазақ тілімен қатар шет тілін оқытуды қолға алуы еді. Шет тілін екінші мамандық етіп оқыту, осыған орай оқу-әдістемелік бірлестік (УМО) ашу, түлектерге дипломына екінші мамандық ретінде «шетел тілінің маманы» деген квалификация беру идеямызды министрлік қолдады.

Ол заманның өз коммуникациясы, яғни жаңалықты тез хабарлау мүмкіндігі болды. Осы сапамыз, талпынысымыз Білім министрлігіне, Үкіметке, Президент әкімшілігіне жетіп, біздің базамызда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетін құру жобасы жүзеге асты. Бұл – Елбасының мемлекет астанасын солтүстікке көшіру, ел мен жер тұтастығын сақтау идеясымен үндесті. Болашақ елорданың интеллектуалдық қазығы Ақмола аймақтық университеті құтханасына қадалғанына ұжым болып қатты қуандық.

1996 жылы 23 мамырда Тұңғыш Президент жарлығымен Еуразия университеті болып қайта жаңғырғанымызда, алғашқы күннен қолға алған ісіміз – болашақ жаңа астанадағы жетекші университеттің білім-ғылым-мәдениет бағытындағы концепциясы даярлау еді. Оны қабылдаған соң, «Еуразия» ғылыми-зерттеу институты мен шығыстану, халықаралық қатынастар мамандығын ашуды қолға алдық. Осы мақсатта тәжірибелі басшы, көрнекті фольклортанушы-ғалым Сейіт Қасқабасовты қызметке алдық. Жапон тілінен арнайы Токио университетінің түлегі Идзуми Томита ханымды, араб тілі мамандығы бойынша ҚазМУ-дің түлектері шақырылды. Жас мамандарға жатақханадан арнайы бөлме даярлап, үш жыл коммуналдық төлемнен босаттық.

Тарихи 1996 жылы Алматыдан бастап жер-жерден ғылыми дәрежесі бар білікті мамандар шақырдық. Ерінбей әрбіріне өзім телефон шалдым. Жаңа мәртебе алған оқу жылы-ақ 30-дан аса ғылым докторын, 40-қа жуық ғылым кандидатын қабылдаппыз.

Тағы бір қолға алған жұмысымыз – спорт пен саламаттылық. Спорт факультеті жұмысын жақсарту мақсатында институтқа жеңіл атлетикадан еліміздің екі дүркін чемпионы В. Кононов, бокстан республика чемпионы С.Гущин, волейболдан республикаға еңбегі сіңген жаттықтырушы И.Титов шақырылды. Факультетке республикалық жарыстардың жүлдегерлері, облыс жарыстарының жеңімпаздарын емтихансыз қабылдау мәселесін шештік. Волейболдан жоғары лигада ойнайтын қыздардың «Университет» командасы құрылды. Команда капитандығына бір кезде Алматыдағы АДК командасында ойнаған, КСРО құрама командасының белсенді ойыншысы Е.Беспаева шақырылды. Бұл команда 1996-1999 жылдары республикалық жарыстарда топ бастады. Қала ортасында босаған бір ғимараттан «Еуразия» спорт кешенін жасақтадық.

Музыка факультеті базасында Ақмола өңірінің өнер саңлағы Құлтума атындағы филармония дүниеге келді. Оның басшылығына Абай атындағы опера және балет театрының жетекші әншісі, Қазақстанның еңбегі сіңген әртісі Кенжеғали Мыржықбай, солистік қызметке консерватория түлектері Г.Хамзина, Г.Байғазинова, Ғ.Исқақов, Т.Руднева, Е.Казакеевич, пианист Г.Құсайынова шақырылды. Бүгін солардың көбісі – Астана-операның жетекші әншілері.

Мұның сыртында академиялық орыс халық хоры, қазақ хоры, «Шалқыма» фольклорлық ансамблі, қыздардың үрмелі аспаптар оркестрі, халық аспаптар оркестрі, орыс халық аспаптар оркестрі құрылды. Тұрақты көрме залын аштық.

Ақмола университетінде астана көшіп келгенге дейін істелген істердің нәтижелеріне әділ баға беру халықтың санасында, тарихтың үлесінде.

Астананы Алматыдан Ақмолаға ресми көшіру шарасы кезінде үлкен жүк Еуразия университетінің мойнына түсті. Екі жатақханамызды мұнтаздай дайындап, елорда көшкен бірінші лекте 300-дей мемлекеттік қызметкерді қабылдадық. Тұңғыш Президент 1998 жылы Астананы көшірісуге атсалысқаным үшін мені арнайы марапаттады.

1997 жылы 9 сәуірде Елбасы мен Қырғызстан президенті Асқар Ақаевты қабылдадық. Сол жолы Нұрсұлтан Әбішұлы тікұшақпен елорда үстінен ұшып, мәртебелі қонаққа орталықтың даму келешегін көрсеткенін айтты. Бұл кезде қаламыздың аты әлі Ақмола болатын. Осыған қатысты толғамын да жеткізіп, «Елорданың атын «Қазақстан» деп қойсақ қалай қарайсыздар?» деп, университет ұжымына ой тастады. Елбасы сол кездегі 7 қабатты бас ғимараттың Ғылыми кеңес залы мінберінен: «Еуразия университеті Қазақстанның Гарварды болуға мүмкіндігі бар. Сіздерді жаңа астананың ғылымы мен мәдениетінің көшбасшысы ретінде көргім келеді!» дегені де есімізде.

Осыдан соң аса мәртебелі қонақтардың университетімізге келіп, жастармен кездесуі дәстүрге айналды. Тез арада лауазымды қонақтарды қабылдайтын салтанатты зал, арнайы сұхбат бөлмесін жасап үлгердік. Мұнда Румыния президенті Э.Константинескуді, Польша президенті А.Квасьневскиді, Беларусь президенті А.Лукашенконы, Украинаның президенті Л.Кучманы қабылдап, ұжыммен кездестірдік.

Елбасы мен үкімет төрағасының қабылдауында болып, Еуразия университетіне жаңа бас корпус салу мәселесін орайлы шештік. Университет жанынан профессор-оқытушыларға арнап пәтер салу мәселесі де мақұлданды. Сала басшылығы мен үкіметке «Еуразия университеті қалашығы» атты кешенді сәулет-құрылыс жобасын ұсындық.

Ғылым саласында «Жоғары білім проблемасы», «Практикалық психология және социология», «Құрылыс материалдарын сертификаттау» және «Биотехнология» зертханаларын аштық. Тұңғыш рет «Еуразия ғылыми форумын» өткіздік. Салалық «Хабаршы» журналдарын шығардық. Тарихи тұлғаларға (Шоқан, Абай, Ыбырай, А.Пушкин, Л.Толстой, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытұлы, К.Кемеңгерұлы, М.Әуезов, И.Байзақов, М.Мақатаев т.б.) байланысты ғылыми конференциялар, танымдық шаралар өткіздік. Қазіргі Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» орталығы әу баста біздің базамызда ашылды. Университет кітапханасын өңірлік ғылыми-әдістемелік орталық деңгейіне көтердік. Төрт сала бойынша тұңғыш рет диссертациялық кеңес ашып, ғылыми мектептер қалыптастыра бастадық.

Бұл тізімді әрі қарай да жалғастыра беруге болады. Мысалы, Президент әкімшілігі, Үкімет пен Парламент жаңа елордаға көшіп келген жылдары Еуразия университеті шын мәнінде елдің өркениетті деңгейін көрсететін тәжірибе алаңына айналды. Мойнымызға қаншама жоспарлы-жоспарсыз тапсырмалар жүктелді. Мұның бәрін абыроймен атқардық. Сондықтан да халық «Жаңа астана Еуразия университетінен басталды» деп бекер айтпайды. Елбасының бірнеше кітабында біздің оқу орнымыз туралы жылы сөздер айтып, әділ баға берген.

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері

ЖАУАПТЫ КЕЗЕҢДЕ

Елдің жаңа астанасындағы бірегей жоғары оқу орны – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетіне ректор болып тағайындалуым жаңа елорданың қалыптасуының аса жауапты кезеңіне сәйкес келді. Расында, Астана идеясының авторы Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев мың сан жұмысына қарамай, осы университеттің одан әрі дамуын жіті бақылап отырды. Мен келгенде, Елбасы қамқорлығымен жаңа бас ғимарат пайдалануға берілген еді. Енді үкімет алдына жаңа оқу-зертхана ғимаратын және заманауи жатақханалар тұрғызу мәселесін қойдым. Осыған дейін сол үкіметте вице-премьер болған тәжірибем бар, бірнеше министрлік басшылығында шәкірттерім бар – бұл мәселе оңынан шешіле бастады.

Әрине, кез келген астанада университет – сол елдің мәдени-интеллектуалдық қаймағы жиналған орын. Осыны ескеріп, барды байыту қамымен жан-жақтан білікті мамандарды, ұлттың сөзін ұстаған тұлғаларды шақырдым. 2000 жылдың соңында «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік университетінің 2001-2005 жылдарға арналған даму Тұжырымдамасын» әзірлеп, жауапты да маңызды жұмысқа кірісіп кеттік. Аталған стратегиялық құжат ізашар істерге мұрындық болды.

Факультеттерді ірілендіріп, сала-салаға жинақтап, институт деп қайта жасақтадық. Алты ірі институт мыналар: жаратылыстану-техникалық, гуманитарлық, халықаралық қатынастар, құқық, экономика, білім беру институттары. Қажетті елу екі кафедра анықталды. Сұранысы жоқ мамандықтарды қысқартып, ел мен елордаға қажетті информатика, қолданбалы математика, механика, радиофизика, электроника т.б. жаңа мамандықтарды аштық. Үкіметтің 2000 жылы 24 қазандағы қаулысымен Дипломатиялық академия Астанаға көшіріліп, Еуразия университетіне қосылды. Бұл үдеріс те оқу орнының беделін көтерді. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген дипломаттар – бір кездегі біздің үміт үкілеген шәкірттеріміз.

Қазақ «Атар таңға жүрсең де, батар күнге жүрме» дейді. Бірлікті ұжым, білікті ғалымдар деңгейі университеттің ұлттық мәртебе алуын тездетіп, мемлекеттің ерекше көңіл бөлуіне ықпал етті. Басшы ретінде осы елдік істі үйлестіру, биліктегі орта буынға ұлт білімі мен мәдениетінің талап-тілегін жеткізу маған бұйырды.

Осы кезеңде Елбасымен бірнеше рет кездесіп, Еуразия университетін дамыту туралы кеңес алдым. Шынын айтайын, университетке ұлттық мәртебе берілуі – Нұрсұлтан Әбішұлының елорда жоғары мектебіне деген айрықша қамқорлығы. Астана тұрып жатқан шақта Елбасы шаршау дегенді білмеді, күні-түні осы қаланың әр іргетасы, әр кірпіші, әр ғимараты туралы ойлады десем, артық айтқандық емес. Бас қаланың бас жоспарын талқылайтын жиын ай сайын өтіп жататын.

Еуразия ұлттық университетіне мемлекеттік қызмет, экономика, әлеуметтік салалардың кәсіби сапалы мамандарын даярлау міндеті қойылды. Отандық білім моделінің даму индикаторы ретінде үлгілі құрылымға айналу тапсырылды.

Тұңғыш Президент дәстүрлі ғылым мен білімді дамытумен бірге жастарды шынайы азаматтық пен отаншылдыққа тәрбиелеу, ұлт дәстүрі мен адамзаттық құндылықтарды құрметтеу, жаңа бағыттарды игеру сынды қадау-қадау тапсырма берді.

Бүгінде Назарбаев университеті білім-ғылым саласында қандай жетекші рөл атқарса, 2000 жылдардың басында Еуразия ұлттық университеті сондай көшбасшы қызметке ие болды.

Осының барлығы әлемдік деңгейдегі ғылым мен білім кеңістігіне шығуға қабілетті Қазақстан жастарын даярлау туралы Н.Ә.Назарбаевтың жоспар-жобасы бойынша орындалды. Ол кісі әркез: «Еуразия университетін әлемдегі бәсекеге қабілетті оқу орнына айналдыру қажет. Жастар бойында сенім, өжеттілік, табандылық қасиетті қалыптастырыңдар. ТМД мен Орталық Азия ғана емес, Еуразия кеңістігі көлемінде алдыңғы қатарлы оқу орнына айналуды темірқазық етіп алыңдар!» деп, бізді жігерлендіретін.

Президент белгілеген бұл негізгі міндет негізінде шешуші қадамдар жасалғаны көпшілікке аян. Жаңа типтегі астаналық университеттің алдына қойылған миссия – Қазақстанның білім жолының ауыр да болса абыройлы болатынын көрсетті.

2000 жылдан бастап Еуразия университеті аймақтық қана емес, ұлттық және халықаралық маңызы бар жоғары оқу орнына айналды. Бізге апта сайын, кейде аптасына бірнеше мәрте түрлі мемлекет басшылары, халықаралық ұйымдар жетекшілері сапарлап келетін. Бұл да Елбасының көрегендігі екен. Жастар ешкімнен қаймықпай, президенттер мен премьер-министрлерді, атынан ат үркетін тұлғаларды көре берсін, олармен сұхбаттаса берсін деген ниеті екен-ау. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен құрылымдары басшылары Еуразия университетімен тікелей байланыста болды. Танымал отандық және шетелдік ғалымдарды жұмысқа шақыруды жүзеге асырдық.

Көп кешікпей жастарымыздың сапасы көріне бастады. Сөйтсек, мемлекеттердің президенттерінің, жауапты тұлғаларының саяси, экономикалық тақырыптағы баяндамалары шеберлік сыныптары сияқты болады екен. Мұндай кездесулер мен ресми іс-шаралар университетіміздің, жалпы мемлекетіміздің әлемдік деңгейде танылуына, беделінің артуына ерекше әсерін тигізді.

Бір жылдан кейін Еуразия ұлттық университеті өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Біз жоспарланған классикалық үлгідегі жоғары білім орталық ордасы ретінде, әлемдік үздік университеттер қатарына енетін оқу орны ретінде таныла түстік. Өйткені, біз халықаралық деңгейдегі классикалық университет бағытын ұстандық.

Бізге талай ел басшылары келді. Соның ішінде солтүстік көршіміз – Ресей Федерациясының бұрынғы президенті Б.Н.Ельцин де, жаңа президенті В.В.Путин де келді. Ынтымақтастықтан да лайықты нәтиже шығару керек, Елбасының қолдауымен, ғылыми қауымның ниетімен 2001 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалын аштық. Еуразия университеті негізінде ММУ филиалының ашылуы жоғары білімнің одан әрі ілгерілеуіне ықпал етті. Еуразиялық ғылыми-білім кеңістігі аясында РФ Том университеті, Беларусь мемлекеттік университетімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық. Кешікпей Халықаралық жоғары білім ғылымдарының академиясының, университеттердің Еуразиялық қауымдастығының мүшелігіне өттік. Бірінен соң бірі оннан аса елдің президенті, Испания королі, Рим папасы, халықаралық ұйымдар басшылары, НАТО бас хатшысы, министрлер мен елшілер дәріс оқып, біздің құрметті профессорымыз ретінде ықпалдастыққа атсалысты.

Испания, Ресей, Жапония, Корея, Түркия, Беларусь, Голландия, Германия, Франция, Дания жетекші университеттерімен тығыз байланыс орнаттық.

Халықаралық білім деңгейіне жету оңай емес. Сондықтан ғылыми әлеуетті көтеру міндеті тұрды. Сол себепті Қазақстанның әр аймағынан және басқа елдерден жетекші ғалымдар шақырып, дәйекті кадрлық саясат жүргіздік. Нәтижесінде 40-тан астам танымал ғылым докторы, 60-қа тарта ғылым кандидаты шақырылды.

Ғылым бағытында да аянып қалмадық. «Ежелгі түркі өркениеті: жазу ескерткіштері» атты халықаралық ғылыми форум өткізіп, әлем түркологтарын жинадық. Елбасының қолдауымен Қазақ елі астанасының қақ төріне – Еуразия университетінде көне түркі қолбасшысы Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесін орнаттық. Ескерткіштің ашылуы ел Тәуелсіздігінің жарқын белесі ретінде аталынып өтті. Енді келген президенттер мен көшбасшылардың бәрі «Қазақ елінің тарихы терең екен. Сан ғасырлық жазуы, жыры бар екен!» деп, еліне тамсанып қайтатын болды.

Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында Еуразия ұлттық университетінде ТМД елдерінің бірнеше халықаралық саяси форумы өтті. Атауымызда Елбасы берген әйгілі Лев Гумилевтің есімі тұр, Шығыс пен Батыс ғалымдарының басын қосқан «Еуразия ғылыми форумын» өткізуді дәстүрге айналдырдық. Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасын орындауға аянбай атсалыстық.

Саяси жиындар мен басқосуларды есептемегенде, 2000-2004 жылдары Елбасы университетімізге арнайы төрт рет келіпті. Біртуар кемеңгер тұлғаның әрбір келуі – ұжым мен студент-жастар үшін айтулы мереке, зор қуаныш болды. Нұрекеңнің жасты да, кәріні де, жаппай жұртты баурап алатын қасиеті бар. Ұлт көшбасшысының әр сұхбаты, әңгімесі, ойы, жауабы – елдіктің мінбері, әлемдік деңгейдегі қайраткердің шеберлік сыныбы болды деуге толық негіз бар.

Нұрсұлтан Әбішұлы – ел көшбасшысы, ұлт намысының қамшыгері. Әлемдік саясатты игеруде, экономиканы еңсеруде, өз халқының тарихын, тілін, мәдениетін білуде Тұңғыш Президент замандастарына да, жас ұрпаққа да өнеге көрсетті. Еуразия кіндігінде ұлт пен ұлысты сүттей ұйытып, келісім мен бірліктің шамшырағын жаққан қарқарадай Елбасы еңбегі Қазақстан дамуының жаңа кезеңінде – әділеттік пен сабақтастықты темірқазық етіп алған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы тұсында үйлесіммен жалғасуда.

Сәрсенғали ӘБДІМАНАПОВ,

педагогика ғылымдарының докторы,

математика профессоры

АЙРЫҚША ҚАМҚОРЛЫҚ

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – елорданың ғана емес, еліміздің жаңа тарихындағы мәні де, маңызы да ерекше жоғары оқу орны. Өйткені, оның негізін қалаған тұлға – Қазақстанның Тұңғыш Президенті, әлемдік деңгейдегі саясаткер, Ұлттық ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» Стратегияларының авторы Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының мынандай тамаша қанатты сөзі бар: «Азаттық алумен іс бітпейді. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін заманға сай амалың болуы керек». Біздіңше, егемендік алған жылдары дүниеге келген КИМЭП (Қазақ менеджмент университеті), Еуразия университеті, КБТУ (Қазақ-Британ университеті), Назарбаев университеті секілді ірі жоғары оқу орындарының бәрі де – Нұрсұлтан Әбішұлы көкейіндегі тәуелсіздікті баянды етудің амалы еді деп, сеніммен айта аламыз.

Әрине, осының ішінде Еуразия ұлттық университетінің жөні бөлек. Ол жаңа астананың білім-ғылым әлеуетіне негіз болу үшін ашылды. Тағдырымның ең бір тамаша кезеңі осы оқу орнымен байланысты. Мұнда төрт жыл бірінші проректор, төрт жыл ректор болдым.

Жалпы жоғары мектептегі еңбек жолымды әйгілі академик, Қарағанды мемлекеттік университетінің танымал ректоры Е.А.Бөкетовтің тікелей басшылығымен бастадым. 90-жылдары осында ректор Ж.С.Ақылбаев қарамағында бірінші проректорға дейін өсіп, тәжірибе жинадым.

2000 жылы күзде Білім және ғылым министрлігі жариялаған конкурстан сәтті өтіп, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың бірінші проректоры лауазымына тағайындалдым. Жаңа деңгейдегі қызметіме қолдау білдірген сала басшылығына, мемлекет және қоғам қайраткері М.Жолдасбековке ризашылығым шексіз.

2004 жылы 10 ақпанда Білім және ғылым министрлігі жариялаған байқаудың нәтижесіне сай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры болып тағайындалдым.

Сала басшылығы менің алдыма оқу орны құрылымдық бөлімшелер мен білім үдерісін ақпараттандыру, білім алушылар сапасын арттыру, халықаралық ықпалдастықты дамыту, Еуразия кеңістігі университеттерімен тығыз байланыс орнату міндетін жүктеді. Осының бәрі Елбасының сол кездегі білім-ғылым саласындағы концептуалды тапсырмаларына сәйкес келді.

Мамандарды сапалы даярлауды қамтамасыз ету үшін университеттің оқу-зертханалық базасын жаңартуға, жаңа оқулықтар мен оқу құралдарын сатып алуға (жыл сайын шамамен 70 мың дана кітап сатып алып отырдық), ең бастысы, инновациялық ғылыми жобаларды іске асыруға қомақты қаржы бөлінді. Біз сәт сайын Елбасының қамқорлығын сезініп отырдық.

Университеттің кадрлық құрамын сапаландыру жұмыстары одан әрі белсенді жалғастырылды. Қазақстанның түрлі өңірлерінен техникалық және жаратылыстану бағытындағы жетекші ғалымдар шақырылды. Мысалы, 2004 жылы ақпан айына дейін университетте 104 ғылым докторы қызмет істесе, мақсатты кадрлық саясаттың нәтижесінде 2007 жылы ғылым докторы мен профессорлар – 178-ге, ал ғылым кандидаттарының саны 386-ға жетті. Кәсіби білікті мамандарды одан әрі дамыту жолында тапшы мамандықтар бойынша білім беру лицензиялары алынды.

Ол кезде «Алтын белгі» иегерлері аз да болса саз еді. Талап та, өлшем де қатаң болатын. Мәселен, ЕҰУ-ға 2003 жылы 89 «Алтын белгі» иегері оқуға түссе, 2005 жылы олардың саны 3297-ге өсті. Осы көрсеткіш бойынша Еуразия университеті республикада бірінші орынға шықты.

Оқытушылар мен студенттердің осындай салиқалы контингентіне ие болған соң, басшылық алдында оларға қолайлы жағдайлар жасау міндеті тұрды. Университетті дамыту жоспарына сәйкес, материалдық-техникалық базамызды айтарлықтай нығайттық. Бұл бойынша жазған ұсыныстарымызды, министрлік алдына қойған мәселелерімізді ел басшылығы орнымен және кезең-кезеңімен шешіп берді.

2000-жылдардың басында студенттер жатақханасы жетіспеді. Шақырылған профессорлар кәсіби білімі мен білігін оқу үдерісі мен ғылыми зерттеулерге толық бағыштау үшін олардың әлеуметтік мәселесін шешу міндеті тұрды. Сондықтан шұғыл түрде профессорларға арналған 2 блоктан тұратын 60 пәтерлік тұрғын үй кешенін салдық, сондай-ақ ресми рұқсат алып, тағы бір 9 қабатты профессорлар үйінің іргетасын қаладық. Қысқа мерзімде М.Жұмабаев көшесі бойынан «Студенттер үйін» тұрғызып, пайдалануға бердік.

Елбасының жаңа астананы тұрғызу бойынша батыл шешімдерін қолдап, біз де алдымызға амбициялық міндеттер қойдық.

Қазақстан мен бүкіл ТМД-да алғаш рет «Элиталық университеттік білім беру тұжырымдамасын (2005-2015 жылдар)», «2006-2010 жылдарға арналған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дамытудың кешенді бағдарламасын», «2005-2007 жылдарға арналған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің іс-шара жоспарын», «Қазақстан Республикасындағы элиталық білім беру және элиталық университеттер туралы ережені», «ЕҰУ студенттеріне патриоттық тәрбие беру тұжырымдамасын», «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мемлекеттік тілді дамыту тұжырымдамасын», «Бозоқ» ұлттық тарихи-археологиялық мұражай-қорығының тұжырымдамасын» қабылдап, қомақты жұмыстарды атқаруға кірістік.

Қай бастамада болсын, қай елдік-ағартушылық істе болсын сүйенеріміз де, қолдаушымыз бар – Тұңғыш Президент еді.

2005 жылдың қыркүйегінде мен ЕҰУ ректоры мәртебесінде Болонья қаласындағы (Италия) Еуропа университеттерінің Ұлы Хартиясына қол қойып, әлемдік бірыңғай білім беру кеңістігіне кіру жолында маңызды қадам жасадық.

2005-2007 жылдары шетелдік танымал әріптес-университеттерді тарта отырып, елімізде алғаш рет заманауи магистрлер мен PhD докторларын даярлаудың инновациялық бағдарламасын жүзеге асырдық. Ұлыбританиядан, Жапониядан, Аргентинадан, АҚШ-тан, Германиядан, Швецариядан 40-тан астам профессор іссапармен келіп, PhD бағдарламасын жүзеге асыратын меморандумға қол қойды.

Университеттің алғашқы 10 жылдық мерейтойын – отандық жоғары мектептің жаңашыл белесі ретінде атап өту біздің тұсымызда өткені де – тарихи және тағылымды оқиға болды. Бұл елдік шараның биік деңгейде атқарылуын Ұлт көшбасшысы – Нұрсұлтан Әбішұлы өзі тікелей бақылауына алды. Астана білімнің ұлы тарихы көз алдымызда өтті. Оған қатысымыз болғанына өзімізді бақытты санаймыз.

2006 жылы 26 мамырда Елбасы Еуразия ұлттық университетінің жаңа оқу-зертханалық ғимаратының 940 орындық үлкен залында еліміздегі және шетелдердегі Қазақстан жастарына арнап «Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы – білім экономикасына» атты тарихи дәріс оқыды. Арада 15 жыл өтсе де бұл дәріс әлі көкейкесті. Ұлт көшбасшысы Еуразия ұлттық университетін «отандық жоғары білім флагмандарының бірі» деп бағалай отырып, жастарға былай деген еді: «Әрқайсыларыңның жанарыңнан жаңаны білуге, жасампаздыққа деген құмарлықты, дамуға деген жауапкершілікті мойынға алуды көргім келеді. Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі материалдық баюға ғана емес, ұлттың рухани баюына жеткізуі тиіс екенін түсінсеңдер деймін. Білім саласы – ұлттық қауіпсіздігіміздің құрамдас бір бөлігі».

Тарихи дәрісті жастармен бірге білім-ғылым саласының барша жауапты азаматтары да тыңдады. Мәртебелі қонақты қарсы алушы мекеменің басшысы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлымен бірнеше мәрте сұхбаттастым. Сонда Елбасы салиқалы да байыпты қалыппен: «Он жылдық мерейтойдың тағылымы 100 жылдық мерейтойдың тағылымындай өтуі керек. Бүкіл Қазақстан сендерге қарап отыр. Сондықтан елдік жауапкершілікті әрбір оқытушы-профессор, әрбір студент сезінуі керек» деген еді.

Біз тарихи сәттерді «Еуразия университеті және Еуразия әлемі», «Президент Нұрсұлтан Назарбаев және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» атты кітаптарда хаттап көрсеттік.

Еуразия университеті ғылымның жаңа асуларын игеруге бет түзеді. «Жерді қашықтықтан зондтау және географиялық ақпараттық жүйелер» бағыты бойынша ғарыштық технологиялар магистранттарын даярлау үшін Ғарыштық мониторинг орталығын аштық. Геоақпараттық модельдеу зертханасы мен ғылыми-әдістемелік зертхана негізінде М.В. Ломоносов атындағы ММУ (Ресей) ғалымдарымен, Ғарыштық және зерттеу институтымен (Қазақстан), «Radarsat International, Inc» (Канада) компаниясымен байланыс орнаттық. Елбасы қолдауымен Пәнаралық ғылыми-зерттеу кешенін ашып, ғалым-физик, Нобель сыйлығының лауреаты Ж.И. Алферовтың жоғары бағасын алдық. Сондай-ақ, физика бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары Стивен Чу (АҚШ), Вольфганг Хэнш (Германия), Масатоши Кошиба (Жапония), Клод Коэн-Тануджи (Франция), химия бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Ахмед Зевайл (АҚШ) т.б. біздің бастамамызды қолдап, әлемдік ықпалдастығымызды арттырды.

Нью-Мексико университетімен (АҚШ) бірлесіп «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы батыс моделі» магистрлік бағдарламасын жүзеге асырдық. Университет жанынан Конфуций институты ашылды. «Гумилев оқулары» мен «Еуразия ғылыми форумын» дәстүрге айналдырып, Л.Н. Гумилевтің Мәскеудегі тарихи кабинетін толықтай университетімізге алдырдық. 2004-2008 жылдары түрлі мемлекеттің 60-тан астам жетекші қайраткерін, әлем университеттерінің 80-нен астам танымал ғалымын қабылдап, Қазақстанның білім-ғылымы мен мәдениетін насихаттадық.

Тұтастай алғанда, Елбасы еліміздің аты мен затын әлемге қалай танымал етсе, Еуразия университетінің де беделін арттыруға, студент-жастарымыздың инновациялық жобаларға бет бұруына сондай ықпал етті.

Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ,

ҰҒА құрметті академигі,

заң ғылымдарының докторы,

профессор

МЕМЛЕКЕТШІЛДІК ЖОЛМЕН

2008 жылы Елбасы бізді, ұлттық жеті университеттің ректорын арнайы өкіммен тағайындаған салтанатта: «Қазақстан сіздерге үлкен үміт артады. Әлемдік қатал бәсекелестікте жастарды жаңашыл білім мен ғылымға жұмылдыратын да, ғалымдардан сапалы қызмет пен дәрісті талап ететін де – университеттер. Сондықтан, ұлттық деген атқа лайық болыңдар! Жүйелі, табанды, табысты еңбек етіңдер! Бұл – халықтың аманаты және менің тапсырмам!» деген еді. Мұны Мемлекет басшысының жоғары мектепке ерекше көңіл бөліп, зор сенім артқандығы деп қабылдадық.

Расында, Елбасы азаттыққа дейін де, Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап та жалпы білім-ғылым саласына мемлекетшіл интеллектуалдық әлеует ретінде қарағаны мәлім. Ал, ел астанасын Арқа төсіне көшірердің алдында болашақ елорда табан тірер және сүйінер бір биік болсын деп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бұрынғы педагогика институты мен құрылыс инженерлері институты негізінде ашты. Бұл да – көрегендік және мемлекетшілдік жол.

Мен өзіме дейінгі университет басшылары А.Құсайынов, М.Жолдасбеков, С.Әбдіманапов, қазіргі ректор Е.Сыдықов секілді тұлғалардың әрбірін өз миссиясын абыроймен орындаған және елорда жоғары білімін қалыптастырып-дамытуға үлес қосқан азаматтар деп білемін.

Елбасы өзіме ұлттық университет басшылығын сеніп тапсырған мерзімде – 3 жыл 3 ай 3 күнде сенім үдесінен шығуға тырыстым. Иә, басшы немесе жауапты адам бір өзі ештеңе істей алмайды. Сондықтан тапсырылған мемлекетшіл жұмыстарды ұжыммен бірлесіп атқарып шықтық деп сеніммен айтамын.

Жыл сайын Ғылыми кеңесте бас қосып, ақылдаса отырып, алдымызға жоспар-жобалар қоятынбыз. Мұның бәрі білім мен ғылым саласын жаңа сапаға жеткізуге, білім және оқу-әдістемелік бағдарламалар мен ішкі құрылымдарды әлемдік озық тәжірибелерге сай жүйелеуге бағытталатын.

Бірінші кезекте заман сұранысына орай жаңа факультеттер мен кафедралар, ғылыми зерттеу институттарын ашуды, білім беру мен ғылыми зерттеу жұмыстарын заманауи арнаға түсіруді қолға алдық.

Елбасы – мемлекеттің көшбасшысы. Сондықтан ол елдің стратегиялық бағытын айқындап отырады. Университет – саяси билік құрылымы емес, бірақ ол – мемлекеттің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуы тұрақтылығының бірегей кепілі. Біз осыны мықтап басшылыққа алып, оқытушыларымыздың да, ғалымдарымыздың да, қызметкерлеріміздің де, білім алушыларымыздың да бәсекеге қабілетті болуына, шынайы отаншыл-мемлекетшіл бағыт ұстануына көңіл бөлдік.

Университетке әлемге танымал қоғам қайраткерлері мен ғалымдарды, мәдениет тұлғаларын шақырып, жүздеген маңызды бас қосулар, жиындар өткіздік. Кеше ғана ауылдан аспаған бала Нобель сыйлығы лауреаттарының, университетте қызмет ететін аса танымал тұлғалардың дәрісін тыңдай бастады.

Оқу орны сапаланып, жаңаруы үшін оқытушы-ғалымдардың өзі сапаланып жаңару керек. Осыны ескеріп, қосымша қаржы көздерін тауып, мамандарымызды лек-легімен дамыған елдердің университеттеріне, ғылыми орталықтарына іссапарға, тағылымдамаға жібердік. Әлем Қазақ елін, оның мәдени-рухани мұрасын танысын деп, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Иордания, Түркия, Ресей елдерінде «Абай орталығын» аштық.

Проректорларымыз негізінен жастар еді. Ол кезде өзім де 42 жастамын. Ақсақалымыз – ғылыми-зерттеу жұмысы жөніндегі проректор, есімі әлемге танымал академик, биолог-генетик, бір кездегі Білім және ғылым вице-министрі Рахметқажы Берсімбай, жас проректорлар – философ-профессор, қазір мәжіліс депутаты Жәмила Нүсіпжанова, Ресейде туып, 25 жасында сол елде жоғары лауазымды заңгер болған Лаура Есмұхан, алаштанушы-профессор, қазір академик Дихан Қамзабекұлы, Ресейде туған тарихшы-профессор, спорт шебері, қазіргі Тарих институтының директоры Зиябек Қабылдинов. Шетінен білімді де білікті азаматтар. Р.І.Берсімбай да – түбі ресейлік, бірақ ҚазМУ ректоры Ө.А.Жолдасбеков оны талантты жас маман кезінде Новосібірден Алматыға аттай қалап алдыртқан. Ал осы қаланың құбыры мен құдығына дейін білетін шаруашылық жөніндегі проректор Мұхтар Оразалин кеңесшім ретінде біраз жұмыстарды атқарды.

Сапаландыру жұмысын университет кітапханасынан бастадық. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті кітаптарды Еуропа елдерінен де алдырттық. Бұрын кітапханаға оқытушылар мен студенттер тек кітап оқуға, сабаққа даярлануға барса, біз оны конференция, тағылымды кеш, ғылыми пікірталас өткізетін алаңға айналдырдық. Сөйтіп кітапхана мәртебесі артып, келушілер күрт арта бастады.

Заңдық негізде мамандарды сапаландырудың байқауын өткізіп, жалақыны көбейттік. Ынталандыру мақсатында Қазақстанда тұңғыш рет әлемдік импакт-факторлы журналдарға мақала жариялаған ғалымдарға сыйақы төлеп тұрдық. Осы жылдары ғылымнан тұңғыш рет Мемлекеттік сыйлық алған М.Өтелбаев, У.Өмірбаев, профессорлар Р.Берсімбай, Р.Ойнаров, Р.Мырзақұлов, Е.Нұрсұлтанов т.б. көш бастады.

Қазақ тіліндегі оқулықтардың санын арттыру үшін байқау ұйымдастырып, авторларына арнайы қаламақы белгіледік. Дәл осылай білім алушылардың ғылыми жұмыстарын ынталандыратын тетік те таптық.

Қос диплом бағдарламасын да қолға алдық. Ресей Халықтар Достығы университетімен, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы оқу орындарымен келісімге отырып, осы бағдарламаны жүзеге асырдық.

Жұмыс берушілерді тартып, «ҚазМұнайГаз», «Ұлттық банк», «Қазақстан темір жолы», «КЕGOC» т.б. ірі компания басшыларымен меморандумға қол қойылып, өздеріне қажетті мамандарды таңдап алуына мүмкіндік туғыздық. Бұл компаниялар біздің басқа да жобаларымызды қолдады.

Білім ордамыздың материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі заман талаптарына сай электронды құрал-жабдықтар сатып алынып, аудиториялар мен зертханаларға орнатылды. «Алтын белгі» атты Студенттер үйін, 9 қабатты профессорлар тұрғын үйін тұрғыздық. Барлық оқу ғимаратын сапалы жөндеуден өткізіп, университет аумағын абаттандырдық.

2010 жылы күзде Қазақстандағы Еуропа одағы өкілдігінің басшысы, елші Норбер Жустенмен кездесіп, елшілер дәрісі туралы келісімге келдік. Бұл – жоғары білім тарихында бұрын-соңды болмаған жоба еді. Еуроодаққа кіретін 17 елдің мәртебелі елшісі университетімізге келіп, тәлімді дәріс оқыды. «ЕО және ЕҰУ – достастық көпірі» аталынатын жоба Елбасының халықаралық саяси ұстанымын қолдауға және салаландыруға бағытталды.

Елбасы – Еуразия университеті үшін рәмізді тұлға. Сондықтан бас ғимараттың үлкен акт залына «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті аудиториясы» деген жаңа атау беріп, мазмұнынан сай толық жаңадан жасақтадық. Оның сыртқы қабырғасына ЕҰУ-ға келіп дәріс оқыған әлем көшбасшыларының есімін, келген күнін алтын әріптермен жазып қойдық.

Президент аудиториясында АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Иран президенті Махмұд Ахмединежад, Корея президенті Ли Мен Бак, «Бөбек» қайырымдылық қорының жетекшісі Сара Назарбаева, ЕҚЫҰ Астана Орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клетцер, Құран Кәрімді орыс тіліне аударған дінтанушы Валерия Порохова т.б. дәріс оқыды. Орайлы келісімнің нәтижесінде Мәскеу мемлекеттік университетінің декандары мен кафедра меңгерушілері де бізге келіп, сабақ жүргізіп тұрды.

Елбасын Еуразия университетімен байланыстыратын тағы бір тарихи оқиға – 2009 жылы 10 наурызда елордада біз ұйымдастырған Университеттердің Еуразиялық ассоциациясының ХІ съезі. Бұл ТМД мен әлемге беделді ұйымның форумының Қазақстанда тұңғыш өтуі ел абыройын көтерді. Оған 200-ге жуық ректор қатысып, Елбасы Н.Назарбаев пен МГУ ректоры В.Садовничийдің тарихи баяндамаларын тыңдады. Сол жолы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ықпалдастықты тек саясаткерлерге ғана сеніп тапсыруға болмайды. Қазіргі маңызды іс – еуразиялық ықпалдастықтың мәдени-гуманитарлық өлшемі. Біздің міндетіміз – бай интеллектуалдық мұраны дамыту және жинақталған білімді барлық аймақтың жемісті өркендеуіне пайдалану. … Біз университеттерімізде ТМД халықтарының тілдерін оқытуды неге бастамасқа? Бұл – еуразиялық кеңістік мәдениетінің ең бір бай қатпары ғой», – деген еді.

Тұңғыш Президенттің арнайы университетке келуі, әлем жоғары оқу орындары басшыларымен еркін сұхбаттасуы, білім мен ғылым саласына қамқорлық көрсетуі, Еуразия өңірін толғандырған проблемаларды ортаға салуы – шетелдік әріптестеріміздің көз алдында Қазақстан көшбасшысының ғана емес, елдің абыройын көтерді.

Біз енді әлемдік және Еуразиялық кеңістік аясында батыл жобаларды жүзеге асыра бастадық. Қазақстан мен Орта Азияда бірінші болып университетімізді әлемдік «Times Higher Education – QS World University Rankings» бәсекесінің алдына шығардық. Біз бұл рейтингтен жүлделі орын алғанда, көп оқу орны QS-тің не екенін де білмейтін…

Елбасының Университеттердің Еуразиялық ассоциациясы ХІ съезінде айтқан бір ойы – оқу орындарында «Еуразиялық зерттеулер» кафедрасын ашу туралы ұсыныс еді. Біз мұны 2009-2010 оқу жылы аштық.

Тұңғыш Президент ел жастарына ерекше көңіл бөлді. Олардың жан-жақты жетіліп, әлем жастары көшінен қалмауын баса айтатын. Осы ретте біз «Әлем құрамасы» мен «ЕҰУ құрамасы» деп атап екі команда құрып, ғылыми сайыс өткізуді қолға алдық. Еуропа, Ресей, Түркия, Қытай т.б. жоғары оқу орындарында оқитын 50 үздік студентті қаржысын төлеп шақырдық. Әскери кафедра құрып, жауынгерлік рухты да серпілтуге ықпал еттік. Бұл бағытта топжарғандарды Үндістан әскери оқу орындарына тәжірибе алмасуға жібердік. Студенттеріміздің мәдени-ұлттық «Қыз Жібек», «Ер Жігіт» байқаулары елорда ғана емес, ел көлемінде жақсы резонанс тудырды.

Мемлекетіміздің ұлттық жетекші жоғары оқу орны – ғылым, білім, мәдениет салаларының тоғысқан жері, ел мен әлемнің арасын жалғастырған интеллектуалдық алтын көпір. Сондықтан Елбасы Еуразия университетіне осыдан 25 жыл бұрын айрықша миссия жүктеді. Ол бұл міндетті абыроймен атқарды және атқара да бермек. Өткен ширек ғасырлық жолы, жеткен жетістігі – тағылымды да өнегелі екені рас, ал енді алда алар асуы бұрынғыдан да биік болсын.

Ерлан СЫДЫҚОВ,

ҰҒА академигі,

тарих ғылымдарының докторы,

профессор

ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ БЕЛЕС

Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығының сәйкес келуін бір-бірін толықтыратын тарихи даталар ретінде қарау қисынды. Ел азаттығы – елдіктің бойтұмары, елорда ұлттық университеті – интеллектуалдық жаңғыру рәмізі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға қарамастан білім мен ғылымға ерекше көңіл бөлді. Университеттің қалыптасуы жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан жолының қалыптасып, дамуымен тікелей байланысты.

Еуразия университеті құрылған 1996 жылды еске түсіріп көріңіздерші. 90-жылдардағы экономикалық қиындықтар мен геосаяси ахуалдың күрделі кезеңінде ел астанасын Арқа төсіне көшіру бастамасы, шекараны шегендеу мен құрақ көрпедей этностар береке-бірлігін сақтау – Елбасының 1994 жылы Мәскеу университетінде көтерген Еуразиялық экономикалық одақ идеясының интеллектуалдық платформасын өмір жүзіне шығарды. Бұл – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті еді. Мұның да авторы, негізін қалаушы – Нұрсұлтан Әбішұлы.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің алғашқы баспасөз хатшысы, қоғам қайраткері Ғ.М.Шалахметовтің естелігіне қарағанда, Елбасы 90-жылдардың басында уақыт тауып, түркітанушы-ғалым Лев Гумилев еңбектерін құныға оқыған. Тұжырымдамалы ойларын дәйектеген. Еуразия кеңістігінде түркі дүниесінің жаңғыруы, пассионарлық серпіліс Нұрсұлтан Әбішұлын қызықтырғаны сөзсіз. Міне, бұған дейін әлем университеттері тәжірибесінде болмаған жоғары оқу орнына еуразиялық гуманитарлық-интеллектуалдық миссия беру және атауына кеңес ғылымы ноқтасына басы сыймаған Л.Н.Гумилевті ұсыну – ерекше қадам еді.

Елбасы Еуразия ұлттық университетінің негізін қалай отырып, астананы Ақмолаға ауыстырған кездегі ойы – жастар келешегінің қамы, өңірлердің тепе-теңдікте дамуына қамқорлық десек қателеспейміз. Болашақ елорда білімді, ақылды, зиялы қала болуы керек, осының бәрі айрықша миссиялы университеттің төңірегіне топтасқаны жөн деген Елбасы идеясы айнымай жүзеге асты. Нұрсұлтан Әбішұлы «Еуразия жүрегінде» атты кітабында Л.Н.Гумилев университетін: «Ас­тана­ның жоғары білім жүйесінде тағы бір ма­ңыз­ды қадам жасал­ды. Қазіргі дүниеде қажетті білімді меңгеріп қана қоймай, сол біліммен жеңіп шығуға болатынын біз тү­сінбегенде кім түсінбек. Білім ғана дү­ние­нің қозғаушы күші бола ал­мақ» деп сипаттауының мәні осында.

Елбасы жаңа еуразияшылдықтың жолын ғылыми-практикалық тұрғыдан өрістетуде саясат пен білімге қатар иек артты. Соның нәтижесінде кешегі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы да, Еуразия университеті де ұланғайыр кеңістіктің, түрлі мемлекеттер тоғысының ортасында өңірлік тұрақтылық пен гуманитарлық үйлесімділіктің арқауы бола білді.

Бүгінде Л.Н. Гумилев атындағы университет – жаратылыстану, техникалық және гуманитарлық ғылымдар салалары бойынша іргелі, қолданбалы және инновациялық зерттеулерге зор интеллектуалдық әлеуетін жұмылдырған жоғары оқу орны. Университет өз құрылымын заман талабына сай жаңартып отырады. Қазіргі таңда ЕҰУ-да 13 факультет бар. Бұларда бакалавриаттың – 106, магистратураның – 105, докторантураның 51 білім бағдарламасы жүргізіледі. Осы оқу жылы білім алушылар саны – 20 мыңға жетті. Мемлекеттік білім гранты иегерлерінің таңдауы бойынша да елімізде көш бастап тұрмыз. Бұлардың басым бөлігі – «Алтын белгі» иегерлері мен республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздары. Университетте үш әскери-оқу бағыт бойынша запастағы қарулы күштер мамандары даярланады. Болашақ ғылыми-зерттеу университеті мәртебеміздің іргетасын 31 ғылыми құрылым (институт, орталық, зертхана) кезең-кезеңмен қалыптастырып жатыр. Жанымызда Елбасы идеясымен ашылған Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалы жұмыс істейді. Өзіміз де шет елдерде (Иран, Қытай, Түркия, Пәкістан т.б.) ЕҰУ-дың 12 орталығын, 1 филиалын (Өзбекстан) аштық. Әлемнің 4 елінде (Әзербайжан, Беларусь, Иордания, Армения) «Абай орталығымыз» сәтті жұмыс істеп жатыр.

Даму стратегиясы бойынша ЕҰУ – шын мәнінде Қазақстанның ірі білім және ғылыми орталығы. Бүгінде оқу орнының әлеуетін ҚР ҰҒА академиктері, Мемлекеттік сыйлықтың, «Достастық жұлдызы» сыйлығының лауреаттары бастаған тәжірибелі профессор-оқытушылары құрайды. Келісім-шарт негізінде Италия, Испания, Иран, Оңтүстік Корея, Түркия, АҚШ, Жапония т.б. елдердің профессорлары дәріс оқиды. Ғылыми сапаға келсек, 175 ғылым докторы, 527 ғылым кандидаты, 183 PhD, соның ішінде ҚР ҰҒА-ның 9 академигі, 5 корреспондент-мүшесі, «Болашақ» бағдарламасының 168 түлегі бар.

Еуразия ұлттық университетіне шет ел мемлекет басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары келіп, білім алушылар мен оқытушылар алдында дәріс оқуы да дәстүрге айналған. Мұндай кездесулер студенттер мен оқытушылардың жалпы мәдени, интеллектуалдық және саяси деңгейін арттырып, университеттің халықаралық беделін көтереді.

Испандық Laboratorio de Internet жоғары бағалаған университет ғылыми кітапханасы – 1,6 миллионнан астам кітап қоры бар Орталық Азия жетекші мәдени орталық.

Ширек ғасырдағы білім мен ғылым, маман даярлау пен қызмет көрсету саласындағы жетістігіміз 2012 жылы Президенттің «Алтын сапа» сыйлығымен, ТМД-ның «Үздік қызмет» сыйлығымен марапатталды.

Бүгінде біз – QS Top 50 Under рейтингіне енген Қазақстан мен ТМД-дағы жалғыз жоғары оқу орнымыз. Ал, әйгілі QS World University Ranking рейтингінде әлемнің үздік университеттері арасында топ-300 қатарындамыз. Жоғары оқу орындары вебсайттарының әлемдік «Webometrics» рейтингінде де Қазақстан бойынша алдыңғы орындамыз. Academic University Ranking Performance Еуразия университетін Орталық Азиядағы жетекші оқу орны қатарына қосты.

Әлемнің көптеген жетекші университеттерімен арадағы қарым-қатынасымыз жылдан-жылға артып келеді. Академиялық ұтқырлық, басқа да түрлі бағдарлама аясында білім алушыларымыздың шет елге баруы пандемияға дейін қалыпты жағдай болатын. Осы ретте әлемнің 160 жоғары оқу орнымен байланыс орнатсақ, дүние жүзінің 45 мемлекетінен 1,2 мыңнан аса профессор ЕҰУ-ға келіп немесе соңғы оқу жылы онлайн жүйесінде дәріс оқыды.

Еуразия ұлттық университеті – елдің де, елорданың да интеллектуалдық орталығы. Астана – Нұр-Сұлтан қаласында өткен ірі форумдар (Астана экономикалық форумы, Еуразия медиа форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Еуразия ғылыми форумы т.б.), елдік конференциялар (Қазақ хандығының 550 жылдығы, Абылайханның 300 жылдығы, Алаштың 100 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы, Ә.Бөкейханның 150 жылдығы т.б.) ғылыми-концептуалдық жұмыстарын біздің ғалымдарымыз атқарды. Сондай-ақ, ел тарихында алтын әріппен жазылған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ғылыми-мәдени-біліми дәнекерлік (тіпті аудармашы, еріктілерге дейін) шараларының жуан ортасында Еуразия университеті жүрді.

Университет – қашанда мемлекеттің ғылыми және мәдени әлеуеті. Елбасы идеясымен дүниеге келген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың жобалық офисі бастапқы кезеңде Еуразия ұлттық университеті жанында орналасты. «Туған жер» бағытының тең төрағасы болу маған жүктелгендіктен, ғылыми-ағартушылық топты үйлестіріп, Қазақстанның солтүстік, орталық, шығыс өңірлерінде кешенді жұмыстар атқардық.

Ұлт көшбасшысы өзі құрып, қалыптастырған Еуразия университетінің даму келешегіне әрқашан қамқорлықпен қарайды. Өз басым Тұңғыш Президент өкімімен ректор болып тағайындалған 2011 жылдан бері оқу орнымызға деген осы ізгі ниеттің талай рет куәсі болдым. Астана төріндегі алғаш кездескенімде Ұлт көшбасшысы: «Еуразия университеті мен үшін де, ел үшін де ыстық. Өйткені, оны зор үмітпен аштым. Қазір астанамен бірге көркейіп келеді. Жаңашыл университет үздіксіз алға жылжып, жастарды қатаң бәсекеге даярлауы керек. Сол үшін оқытушы-ғалымдардың деңгейіне жауапты болыңдар!» деген еді. 2014 жылы елдік рухани шарада: «Бүгінгі жастар қоғамның жауапты бөлігі, болашақ ата-ана екенін сезіне ме? Білім мен адамшылық – елдіктің сипаты, сондықтан Еуразия университеті жоғары мектеп жүйесінде көш бастауы қажет» деп айтқаны да жадымда.

Нұрсұлтан Әбішұлы ЭКСПО көрмесінің ұйымдастыру шарасына атсалысқанымыз үшін ұжымымызға айрықша алғысын білдіріп: «Бұл – мемлекетіміздің беделін көтерген әлемдік шара. Еуразия университеті осында сынақ пен тәжірибеден абыроймен өтті»,– деп тұжырымдады. Ал, сол 2017 жылы жеке қабылдауында болғанымда, Елбасы: «Еуразия университеті жағдайын әрқашан сұрап-біліп отырамын. Зерттеу университеті боламын деген талаптарыңды толық қолдаймын. Инновациясыз ештеңе жоқ. Ғылымдарыңды осыған жұмылдыр!» деп, ізгі тілегін жеткізген-ді.

Мемлекет басшысының мұндай сөздері бізді, әрине, жігерлендіре түсті. «ЕҰУ-дың 2015-2020 жылдарға арналған даму стратегиясын» сәтті орындап, білім мен ғылым саласында қомақты табыстарға жеттік. Жоғары рейтингтік журналдарда ғылыми мақала жариялаудан ел университеттері арасында топ бастадық. Түлектердің сапасы мен жұмысқа орналасуы жөнінен де алға шықтық. Білім бағдарламаларын сапаландыру мен аккредиттеу бойынша да жоспарымызды орайымен орындадық. Ғылыми жобаларымызды қаржыландыру көлемі 1,5 млрд. тг. ұлғайып, 2020 жылы шамамен 1,8 млрд. тг құрады. Материалдық базаны нығайтуға келсек, соңғы жылдары біз 1 шағын отбасылық тұрғын үйді, 1 студенттер жатақханасын, 1 оқу ғимаратын пайдалануға бердік. Мерейтой қарсаңында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 2.500 орындық студенттер жатақханасы құрылысын бастап, заманауи «Спорт кешеннің» тұсауын кескелі отырмыз.

Ал, университеттің 2021-2025 жылдарға арналған даму стратегиясында білім мен ғылым сапасын одан әрі арттыру, инновация, ақпараттандыру, цифрландыру, халықаралық интеграция, әлеуметтік серіктестік, қоғаммен, бизнеспен, кәсіпорындармен нәтижелі диалог орнату мәселесін күн тәртібіне қойдық. Астаналық жоғары оқу орны және ұлттың рухани даму орталығы ретіндегі мақсат-міндеттеріміз де айқындалды. Технологиялар коммерциализациясы мен трансферті де, инновациялық экожүйе, халықаралық бәсекеге қабілеттілікті жетілдіру де ұмытылмады. Міне, осының бәрі – Елбасы сенімінің үдесінен шығуға ұмтылуымыз еді.

Мемлекеттің Еуразия университетіне қамқорлығын Президент Қ.К.Тоқаев үйлесімді жалғастырды. 2020 жылы жеке қабылдауында болғанымда, Қасым-Жомарт Кемелұлы ЕҰУ-ға 2025 жылға дейін 20 мың шаршы метрлік пәнаралық оқу-зертхана кешенін, 5 мың шаршы метрлік ғылыми кітапхана ғимаратын тұрғызуға Үкіметке тапсырма беретінін айтты. Абай мерейтойын қорытындылау шарасында Еуразия университетінің интелектуалдық еңбегін жоғары бағалады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *