МЕЙІРІМ ЖЕТІСПЕГЕН БАЛАЛАР ҚЫЛМЫСҚА КӨП БАРАДЫ

Тәрбие Құқық
936 Views

Құқық бұзушылық — қоғамға жат іс-әрекет. Құқық бұзушылық әсіресе жастар мен жеткіншектер арасында (мектеп оқушылары) кеңінен етек алып келеді.

Жасөспірімдер қазіргі кезеңде тез өзгермелі мәдениетте, хаос және тұрақсыз, құбылмалы ортада өмір сүреді. Жасөспірімдердің санасы кей дерек көздерді қорытып үлгермей жатып ортаға бейімделу процестері қалыптасуы керек. Мұның өзі қылмыстың жоғарылауына әсер етеді. Бұрынғы баға жетпес тәрбие құндылықтары күмәндану, сенімсіздік сезімдерін тудыра бастады. Мысалы, отбасы ертеректе, сенімді, қауіпсіз ошақ болса, казіргі кезде, жанұядағы келіспеушілік, түсініспеушілік әсерінен үлкен мәселелерге (өз-өзіне қол жұмсау, қылмысқа бару, т.б.), итермелеуші себептерінің біріне айналып отыр. Көптеген экономикалық-саяси мәселелердің пайда болуы, сенімсіздіктің тууына, көптеген наразылықтарға әкеліп соқтыруы мүмкін.

Қылмыс жасауға итермелейтін себептердің бірі – ажырасқан отбасылардың көптеп кездесуі. Яғни, осындай жанұядан шыққан жасөспірімдердің қылмысы. Бірақ айырылыспай әрқашан ұрыс-керісте болатын жанұя жасөспірімдері де қылмыс жасауға жақын болып келеді. Сондықтан, басты болып, отбасындағы атмосфера болып табылады. Жасөспірімдер ата-анасының қамқорлығы мен қадағалауынан тыс қалады. Көп жағдайда жасөспірімдер, ұл да қыз да анасына жақын болып келеді. Бірақ, әкесі жағынан жақындықтың аз болуынан қылмыстық іс-әрекетке барады, әсіресе ұл балалар. Бұл мәселеге байланысты жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, сексуалды қылмыс жасаған жасөспірімдердің отбасы тату емес, аралары ыстық болмағанын көрсеткен. Сонымен қатар ата-анасының тәрбиелеу моделі де өз ықпалын тигізеді. Мысалы, әке-шешесі бір-бірімен ұрсысып, қарсыласып жүрген отбасынан екі жасөспірім қыз балалар өздерінің агрессивтілігімен және салмақсыздығымен өз құрдастарынан ерекшеленген. Қыздар өз ата-анасының іс-әрекетін қайталаған. Сонымен қатар, қылмыс жасауға тұлғалық факторларда әсер ете ала ма деген сұраққа жауап іздеген. Арнайы жүргізілген зерттеу бойынша қылмыс жасағандар: өздеріне сенімді, құқық қорғау органдарына ұнатпаушылықпен қарау, тез ренжігіштігімен, өзін басқара алмаушылығымен, ашу-ызаға бой алдыру қасиеттерімен ерекшеленген. Алайда, кейбіреулерінде, өзі туралы бағасының төмен болуы, өзін жек көру сияқты қасиеттері кездеседі. Осындай адамдар тобы өз істеген іс-әрекетін мойындамай, барлығын қоршаған орта мен адамдардан көріп, кінәлайды. Кей жағдайда заң бұзу невроз симптомы, қорқыныш, мазасыздық жемісі болып келуі мүмкін. Сондай-ақ әртүрлі формадағы және деңгейдегі психопотологиядан зардап шегеді. Кейбіреулері жүйке бұзылуымен ауырады, оны психиаторлар «іс-әрекетіндегі салмақсыздық» деп атайды.

Зерттеу нәтижесіндегі себептердің бірі – балалық шағынан бастап қамқорлық, мейірімділіктің жетіспеушілігі. Кей жағдайларда заң бұзушылық іс-әрекетке эмоционалды жағынан сау балалар баратыны да кездеседі.

Қылмыстың биологиялық факторы:

Қылмыстардың көбі сыртқы себеп бойынша жасалады. Бірақ, кей жағдайлар да органикалық және биологиялық факторлары тікелей және жанама әсер етуі кездеседі. Мысалы, қылмыс жасаған жасөспірімдер арасында бас миының маңдай жазығының дамымай артта қалуы жиі кездесетінін көрсеткен. Бұның өзі нейрофизиологиялық бұзылыстарына, өз іс-әрекетіне жауап бермеуіне әкеледі. Бірақ, бұл танымдық процестің бұзылуы дегенді білдірмейді, тек бұндай жасөспірім өзіндегі білімді пайдаланып қана іс-әрекет жасай алмайтындығын білдіреді.

Биологиялық фактордың қылмыс жасауға қандай рөлі бар екенін зерттей келе, ұрпақтан ұрпаққа берілуі мүмкін екендігін анықтаған. Сондықтан, жанұяның комплексті әсері өзіне қоршаған орта факторымен генетикалық факторды қоса көрсетеді.

Кәмелетке толмағандар құқық бұзушылығының алдын алуды тікелей не| жанама көздейтін құқықтың қайнар көздерінің осылайша көп болуы қоғамдық қатынастардың кез келген саласында кәмелетке толмағандар тұлғасының дамуын қамтамасыз ететін қолдау жүйесінің көзделгендігін көрсетеді. Әсіресе бұл қауіпті жағдайда тұрған және ерекше қорғау мен қолдауға мұқтаж жасөспірімдерге қажет. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен оқытуда отбасының маңызы зор. Осыған орай мемлекетіміз отбасының, соның ішінде кеңейтілген отбасының тұтастығын сақтауға аса назар аударып отыр.

Кәмелетке толмағандар құқық бұзушылығының алдын алудың ең маңызды алғы шарты болып табылатын, отбасындағы берекені сақтаудың негізінде, субъективтік себептерден басқа, өтпелі кезеңнің әлеуметтік-экономикалық жағымсыз құбылыстары жатыр. Ол ата-анасының материалдық жағдайының нашар болуына байланысты балабақша мен мектептерге бара алмауы нәтижесінде, соңғы жылдары қараусыз, тастанды, үй-жайы жоқ, сөйтіп құқық бұзушылық жасауға баратын балалар саны көбейіп отыр.

«Ұлды тоқшылық, қызды жоқшылық» құртады демекші, тоқшылыққа мастанып, түнгі клубтарды бермей, ішімдік ішіп, нашақорлыққа бой алдырып, уытты заттардың салдарынан түрлі құқықбұзушылық қылмыстарға барып жатқан оқушылар аз емес. Енді біреулері таршылықтан тарығып, күшін пайдалана отырып, қаржы талап ету мақсатында әртүрлі қылмыстардың төрінен көрініп жүр. Қылмысты ішімдік және наркотикалық заттар әсерінен жасайтындар көптеп кездесетіндіктен, арнайы зерттеу жұмысын жүргізген. Олардың біреуінің нәтижесі бойынша, егер жасөспірім бұрын тұтқынға алынса, наркоман адамдармен қарым-қатынаста болса, қылмысты ішімдік, есірткі ықпалын жасайды.

Кінәні кімнен іздейміз? Тәрбие тамырына үңілетін болсақ, таяқтың тиер жері отбасындағы ата-ана. Тәрбие беруде ата-ананың рөлі жоғары. Жасөспірімдердің санасына кері әсер ететін ақпарат көздері мен телехабарларда үнемі беріліп отыратын қылмыс хроникасындағы жағымсыз мәліметтер жастардың, жан дүниесіне қатыгездікпен жүгенсіздік ұрығын себуде. Ақпарат құралдары қатігез кылмыскердің іс-әрекетінің егжей-тегжейін жазып, жасөспірімдерге сабақ болар десе, кейбір жасөспірімдер, осы қылмысты жасаған кылмыскер қандай сезімде болды екен деп, сол қылмысты қайталайтыны кездесіп жатады. Бұл қоғам тарапынан теріс тәрбие.

Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында жаһандық дағдарысқа қарамастан мемлекеттің әлеуметтік саясаты – ең алдымен жұмыс орындарын көбейтуге, қамқоршылары баланы оқытуға, жағдайы келмеген кезде кәмелетке толмағандарға мемлекеттің есебінен жоғары және арнайы орта білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын өсіруге бағытталып отыр.

Оқу орындары, кәмелетке толмағандарға медициналык, кеңестемелік және басқа да көмек көрсететін, атап айтқанда осындай жәрдемге мұқтаж немесе қатыгездік құрбаны болған, ата-анасының мейірімін көрмеген және қудалау мен қанауға душар болған жасөспірімдерге қол ұшын беретін базалық және анықтама орталықтарына айналуы тиіс. Нормативтік құжаттарда мектепке бару ережесін сақтау қиынға соғатын, сондай-ақ мектепті тастап кететін кәмелетке толмағандарға арнайы көмек көрсетілетіні көзделіп, жастар арасындағы қылмыстың және кәмелетке толмағандар құқық бұзушылығының алдын алудың тиімді жолдарын табуға қатысты, ғылыми-зерттеу жүргізуде білім беру жүйесінің барлық буындарының арасында ынтымақтастық болуын ынталандыруға, сондай-ақ осындай зерттеулердің кең таралуы көзделуге тиіс.

Мәдениет, ойын-сауық, спорт және туризм мекемелерінің, әлеуметтік қауіпті жағдайда тұрған кәмелетке толмағандарды көркемөнер, техникалық, спорт және т.б. үйірме, секцияларында үйренуге тарту, оларды отандық және дүниежүзілік мәдениет құндылықтарына баулу басты бағдарлама болуы тиіс.

Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеуде бұқаралық ақпарат құралдары, әсіресе телеарналар зор рөл атқарады. Бірақ, бұл істе айтарлықтай кемшіліктер бар екендігі барлығымызға белгілі. Мысалы: теледидар арқылы адам өлтіру, қатыгездіқ, қанқұйлы оқиғалар, алдап-арбау, эротикалық мағынадағы журналдар, фото суреттер, жарнамалар мұнын өзі келешек ұрпақтың мінез құлқының қалыптасуы мен даму процестеріне зиян келтіретіндігі айтпаса да түсінікті. Осы жағдайға байланысты бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңда, жастарға арналған тиісті қызметтер мен мүмкіндіктерді БАҚ-ы арқылы тарату қажеттігі туралы норма императивті түрде баяндалу керек. Заңда бұқаралық ақпарат кұралдарын есірткімен, зорлықпен байланысты материалдар көрсетуді мейлінше азайтуға, сондай-ақ зорлық пен қанауды жағымсыз жағынан көрсетуге мүдделі ететін, осыған ынталандыратын нормалар көзделуі тиіс.

Дәурен САЙХАНОВ,

Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі

мамандырылған ауданаралық сотының төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *