ҚАЗАҚТЫҢ ҚИЛЫ ДА ҰЗАҚ ТАРИХЫ БАР

Таным
1 095 Views

Түркілердің мекенін – Еуразияны табиғи-географиялық үш белдеуге бөлуге болады. Осы үш географиялық-табиғи ортада үш түрлі және бір-біріне өте жақын, үш мәдени-шаруашылық тип қалыптасқан. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын көшпелі бақташылар. Егіншілікпен айналысатын жартылай және тұрақты отырықшылар. Үшіншіден орманды алқаптарды мекендеген тұрақты және қыдырма аңшылар мен бақташылар. Бұл мәдени шаруашылық типтерді қалыптастырушылар, Сібір мен Орта Азияны мекендеген ежелгі ғұндар, түркілер, ұйғырлар мен моңғолдар өздерінің құдіретті империяларын құрған халықтар. Жазба әдебиеті ертерек қалыптасқан Қытайда құдіретті ғұндар мен олардың бұтағы болып саналатын көк түркілер тарихының әйдік баяндары сақталған. ХIII ғасырға дейінгі түркі ұрпақтарының тарихын жүйелеуге жағдайымыз әбден болатын.

ХIII ғасырдағы түркі ұрпақтары бір халық болатын. Егер ежелгі түркі – моңғол тайпаларының ішкі қырқысулары болмағанда, ежелгі түркілердің ортақ тарихы мен ортақ мәдениеті, дербес даму арқылы түркілердің бірігуіне бастар жол болар еді. Бірақ тарихи ақиқат керісінше қалыптасып, бір кездегі суперэтнос – түркілердің ұрпақтары қала мемлекеттер деңгейіне дейін бөлшектенді. Әлемдік тарихта «Феодалдық бытыраңқылық» деген атпен белгілі болған бей-берекетсіздік Ұлы Далаға да, Еуропаға да тән құбылыс болды. Сондықтан да Алтын Орда ежелгі түркі жерінде оңай құрылды…

«Ұлы Түркі елі қазіргі заманауи мемлекеттер Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан, Түркия елдерінің ортақ тамыры. Біздің мыңжылдықтарға ұласатын шежіреміз бар. Мақтаныш тұтатын бабаларымыздың ерліктері бір», – деді Н.Назарбаев. «Қазақстан Республикасының тарихы – Мәңгілік елдің Ұлы тарихы» атты ел тәуелсіздігінің 23 жылдығына арнаған баяндамасында. Еуразия құрлығында алып империялар құрылған. Олар көрші халықтармен жолбарысша алысып өмір сүрген. Ұлан-ғайыр территорияны ен жайлап, еркін билеген айбарлы халықтар болған. Хатқа түскен, тасқа басылған тарихтың өзі үш мың жылдық. Біздің заманымыздан бұрынғы он мың жылдықтан бергі мерзімде Ұлы Даланы мықтар мекендеген екен… Оларға дейін де ата-бабалар тарихы болғаны анық. Біз Қазақтың қилы да ұзақ тарихының барын еске салуды мақсат тұттық.

Жұмаділ ӘБУОВ,

қоғамтанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *