ДӘСТҮРЛІ ДІНИ ТАНЫМДЫ ҰСТАНУ – ҰЛТТЫҚ ТҰТАСТЫҚ

Дін
824 Views

Зайырлы мемлекеттегі діни ұстаным – ұлттың мәдениетімен, ұстанымымен тығыз байланысты. Діни ұстаным — адамдардың санасына,мінез-құлқына ықпал етеді. Ал, зайырлы қоғамда діни ұстаным – олдүниетанымдылыққа, мәдени шығармашылыққа, рухани-адамгершілікке шақырады.

Дін – тұнып тұрған мәдениет. Дәстүрлі дініміз қазақ халқының салт-дәстүріне сай. Біздің әдет-ғұрпымыздың бәрі шариғатқа сәйкес құрылған. Қазақтың ұлттық аспабы домбыраның құндылығы мәдениетте қандай болса, дінде де дәл сондай. Дін — табиғатына сай халқымыздың салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен үндесіп, зайырлы қоғамның мүмкіндіктеріне орай елді ізгілікке шақырады. Дін – өнегелілігімен және діни толеранттылығымен ерекшеленетін гуманитарлық мәдениеттің ажырамас бөлігі.

Дәстүрлі діннің құндылықтары еліміздегі түрлі этностардың өзара тату және ынтымақтаса өмір сүруіне ықпал етері сөзсіз. Дін — салт-дәстүрлердің рухани өзегіне айнала отырып, қазақ халқына ғылым, білім, діни танымдық көзқарасты тарту етті.

Дін — адамдардың не үшін өмір сүріп жатқандығынан, жақсы-жаман әрекеттері үшін Алланың алдында жауап беретіндігінен хабардар етті. Дін құлдырай бастаса, адамның бүкіл руханияты ауруға ұшырайды, ал егер өркендей түсетін болса, онда мәдени өсуге жол ашылады. Дін — дағдарысқа ұшыраған жағдайда, оған іргелес тұрған мәдениет те құлдырап, жойылуға айналады. Дін — тарихи-мәдени таным ретінде өркениетке өмір сыйлады. Олардың бірлескен өзара әрекетінен әлемдік тарихтың мазмұны құрылады. «Мәдениет» пен «өркениет» бастапқы жабайылықтан құтқарады, халықты адамиландырады, басқаша айтқанда, олар адамды түбегейлі өзгеріске ұшыратады. Дін – мемлекеттік бірлік пен билікті нығайтушы, адамдарды жақындастырушы, қоғам тамырындағы қан айналымын реттеуші, бауырмашылық пен ұйымшылдықты уағыздаушы. Дін — адамдарды білімділікке, еңбек етуге, сабырлылыққа, қайраттылыққа үндейді.

Қазақ халқы ислам дінін өз халқының діні ретінде ұстанғанына да мың жылдан аса уақыт өтіпті. Дәлірек айтқанда, VIII ғасырдан бастау алғанымен, Х ғасырдың екінші жартысында арғы қазақ тайпалары тарихи шынайы таңдау жасап, ислам дінін қабылдады. Міне, осы кезеңнен бастап қазақ жері ислам өркениеті тараған аймаққа айналды. Сунниттік бағыттағы мұсылман діні — қазақ халқының рухани байлығының ажырамас бір бөлігіне айналды. Негізінде, қазақ халқы мәдениеті мен тарихындағы ислам дінінің рөлін екі аспектіде қарастыруға болады. Бір жағынан алғанда, құлдырап бара жатқан нанымдардың орнына келген ислам діні адамдардың адамгершілік тұрғыдан биіктеуіне, интеллектуалды және мәдени ілгерілеуіне ықпал етті. Әсіресе, бұл дін ұлттық сипаттағы ең үздік қасиеттердің қалыптасуына оң әсер етті. Келесі жағынан алғанда, исламнан нәр алған халық тарих белестерінде өзіндік орнын жоғалтпау үшін мәдени күреске ұмтылды. Қазақ даласында «Құран», «пайғамбар», «шариғат», «ислам» сөздері үнемі айтылып жүрді. Араб-парсы классиктерінің шығармалары қазақ ұлттық мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Өзінің бүкіл саналы ғұмырында қазақ халқы араб жазуын пайдаланып келді. Соңынан мұны Ахмет Байтұрсынов реформалап, өзіндік «төте жазуға» айналдырды, оған қазақтың төл дыбыстарын білдіретін таңбалар ендірді.Қазақ мәдениетінің майталмандары атанған ақын-жыраулар, күйшілер, билер ислам өркениетінің көрнекті өкілдері атанды. Олардың діни білімдері ерекше болды. Қожа Ахмет Ясауи мен Асан Қайғыдан бастап Шәкәрім мен Міржақып Дулатовқа дейінгі қазақ мәдениетінің барлық өкілдері ислам руханиятының тасымалдаушыларына айналды. Қазақ зиялыларының барлық өкілдері мұсылмандықты ұлттық-мәдени өмірдің қажетті бөлігі деп санады. Олар осы діннің мәдени, гуманистік және ұйымдастырушы кезеңін өркендетуге ұмтылды. Қазақтар көшпенді түркі халықтарының (ғұндар, орхон түріктері және т.б.) тікелей ұрпағы болып келеді. VI-VIII ғасырларда ұлы далада үстемдік құрған түркі тілдес тайпалар дәуірі, қазақ халқының рухани тарихында ерекше орынға ие. Өйткені дәл осы кезеңде қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген халықтың шаруашылық жүргізу әдістері, тілі, тұрмысы, ұлттық-мәдени және саяси дәстүрлері түпкілікті қалыптасып болды. Дала мәдениетінің өзіндік ерекшеліктері орын алды.Кейде «көшпенді мәдениет» пен «мұсылман мәдениеті» ұғымдарын шатастырып жатады, бұл екеуі дербес ұғым болып табылады. Өйткені, «көшпенді мәдениет» шаруашылық жүргізу және тұрмыстық салттарды, ал «мұсылман мәдениеті» дін аясында өмір сүруді білдіреді. Мәдениет (өркениет) рухани саламен, дінмен байланысты болды. Тарихи тәжірибенің көрсетуі бойынша сан ғасырлар бойы қалыптасқан көшпенділер мәдениеті ислам дінінен тыс қалыптасып үлгерген. Сондай-ақ оның шеңбері аясында өмір сүре алады. Ислам діні көшпенді мәдениеттен отырықшылыққа көшуге мәжбүрлемейді. Мұның өзі қазақтардың ислам дінін қабылдауына да өзіндік әсерін тигізді.

Қорыта келгенде түркі даласын, оның ішінде сан ғасырлық өз тума мәдениетін жасап, оны өмірлік ұстанымы етіп жүрген қазақ халқы туралы қалам толғағандар әлі де мұсылмандық мәдениет аясында жазылған және тарихи еңбектерде сақталып қалған мұраларымыз мол. Оларды ортамызға қайтаруымыз керек, мәдени мұраларымыздың мұрты бұзылмай тұрған қырларына назары түсетін жаңа жас буынға жол ашуға тиіспіз.

Қуаныш ТАУТАЕВ,

Шымкент қаласы дін істері басқармасы

“Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

«Талдау және мониторинг” бөлімінің басшысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *