«ЕРТІСТЕН» БАСҚАСЫНЫҢ БӘРІ ЕРЛЕДІ

Спорт
936 Views

2018/2019 жылдардағы УЕФА Чемпиондар лигасының бәсекелері бастау алды. Бірінші іріктеу кезеңінің алғашқы кездесуінде қазақстандық «Астана» клубы Черногориядағы (Қаратаудағы) Никшич қаласының намысын қорғайтын «Сутьеска» клубымен тоқайласты. Елордада өткен аса тартысты кездесу 1:0 есебімен алаң иелерінің жеңісімен аяқталды. Ойын тағдырын шешкен жалғыз допты 29 минутта Роман Муртазаев пенальтиден соқты. Сырт алаңда өткен қарымта кездесуде елордалықтар қарсыластар қақпасына жауапсыз екі доп салды. Джордже Деспотович (38), Серікжан Мұжықов (65) гол авторы атанды. Екінші іріктеу кезеңінде «Астана» өз алаңында Данияның «Мидтьюлланд» клубынан 2:1 есебімен басым түсті. Ласло Кляйнсхайлер (31, 90+4) дубль жасады. Густав Викхейм (51) жауап доп соқты.

Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері әрі Кубок иегері Алматының «Қайраты» Андорраның Андорра-ла-Велье қаласында «УЭ Энгордань» клубымен кездесті. Бар болғаны бесінші минутта-ақ алматылықтардың сапына жаңадан келіп қосылған украиналық легионер Адеринсола Хабиб Эсеоленің соққысын қайтармақшы болған алаң иелерінің қорғаушысы Вальтер Вагнер абайсызда өз қақпасына доп (автогол) өткізіп алды. «Қайраттың» капитаны Бауыржан Исламхан 25 минутта пенальтиден доп соғып, есепті еселеді. Қонақтардың құрамындағы мажарлық жаңа легионер Мартон Эппель 90 минутта есепті 0:3-ке жеткізді. Алматыдағы Орталық стадионда өткен қарымта кездесуде алаң иелері қарсыластарын 7:1 есебімен қапы қалдырды. Бұл ойында Мартон Эппель 4, 11, 44, 75 минуттарда доп соғып, покер жасады. Адеринсола Хабиб Эсеола (42), Бауыржан Исламхан (53), Ян Вороговский (87) де гол соғуымен ерекшеленді. Қонақтардан Морган Ляфон (72) бір доппен ғана жауап қайтарды. Келесі кезеңде «Қайрат» Голландия чемпионатының қола жүлдегері әрі Кубок финалисі «АЗ Алкмар» клубын 2:0 есебімен жеңді. Қос голды да Адеринсола Хабиб Эсеола (12, 50) соқты.

Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінің алғашқы кездесуінде қаржылық есебі уақытында өткізілмегендіктен біздің Шымкенттің «Ордабасы» клубының орнына жарысқа қосылған Қостанайдың «Тобылы» алғашқы ойынын сырт алаңда өткізді. Олар Грузияның астанасы – Тбилисидегі Михаил Месхи атындағы Орталық стадионда «Самтредия» клубын 0:1 есебімен қапы қалдырды. Тағдыршешті голды 90+5 минутта Максим Федин соқты. Қостанайда өткен жауап ойында алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жетті. Бауыржан Тұрысбек (12) пен Аслан Дарабаев (83) қарсыластар қақпасынан саңылау тапты. Олар кейіннен армениялық «Пионик» клубынан айласын асырды (2:1). Максим Федин (49) мен Азат Нұрғалиев (80) соққан доптарға Корян (90) жалғыз доппен жауап қайырды.

Павлодардың «Ертісі» Литваның астанасы – Вильнюсте «Тракай» футбол клубымен жасыл алаңға шықты. Бұл кездесуде есеп ашылған жоқ. 86 минутта керекулік Сергей Кисляктың пенальтиден жасаған соққысын алаң иелерінің қақпашысы Шведкаускас асқан шеберлікпен кері қайыра білді. Павлодарда өткен қарымта кездесуде алаң иелері 0: 1 есебімен жеңіліс тапты. Кездесу тағдырын шешкен жалғыз голды С. Кузач 19 минутта соқты. Осылайша «Ертіс» жарыс жолынан шығып қалды.

Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *