МӨЛДІР ЖЫРДЫҢ МОНШАҒЫ

Әдебиет
954 Views

Қайран жиырма бес деп бұрынғы аталарымыз сағына әнге қосқан жиырма бестен асып, отызға аяқ басқан Арманның жүрекжарды жырларын оқыған сайын жастық шақты еске алып, жиі күрсініп алатыным бар.

Арман табиғатынан ақын. Қуанса шын қуанады, жыласа шын жылайды. Жалған сезімге, жасанды ойларға бой ұрып, бас шұлғымайды. Сезім иірімдері, ой орамдары, тіл қуаты көңіл сендіреді, жүрекке жылы тиеді. Осыдан біраз жыл бұрын Сәкен Сейфуллин музейі жыл сайын жариялайтын мүшәйрада бас бәйге алып елін қуантқан еді. Одан кейін де Республикалық жыр бәйгесінде талай рет жұлдызы жарқырағанын жақсы білемін. Өзіне талап қойғыш, ізденгіш, жылтыр сөзге, жалаң жолдарға құмарлығы жоқ, не жазса да ағынан жарылады.

Шынның жүзін көрсететін Құдайға,

Жүрек деген кеудеңдегі ұлы айна.

Пенделіктің сыпырады ол пердесін,

Күнің үшін тапсаң да ойлап мың айла.

Міне, біздің Арман осылай жырлайды. Маған әсіресе оның құнарлы ойы мен шұрайлы тілі, ешкімге ұқсамайтын жазу мәнері ұнайды. Мөлдір жырдан моншақ тізетін Арманның болашағы алда. Кемелдене келе қазақ жырының көсегесін көгертетін үлкен қалам иесі боларына көзім жетеді. Жолың болсын, жас ақын Арман!

Несіпбек АЙТҰЛЫ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Шеризат Арман Манарбекұлы1992 жылы 4 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Медеу ауылында дүниеге келген. Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Педагогика ғылымдарының магистрі. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әдебиет порталының» қызметкері.

ҮНСІЗДІК

Ешбір адам байқамаған, сезбеген,

Жанымды оқып қоясың-ау көзбенен.

Мұнша қымбат болар ма еді үнсіздік,

Мұнша аяулы болар ма еді сөз деген.

Сезіне алмай жүрміз неге сол бақты,

О үнсіздік сені сүйем толғақты…

Бəрі ішінде жұдырықтай жүректің

Біз айтатын ештеңе де қалмапты.

Тіпті нəзік қағысымен кірпіктің,

Үрейімді қабақтағы үркіттің.

Сөздің қанша қажеті бар ғаламға

Тілі сөйлеп тұрған кезде түйсіктің.

Таңғажайып тіршілікті таң нұрын,

Тілсіз жырлап, шексіз сүйем барлығын.

Түпсіз терең жанарыңның ішінен

Үнсіз менің оқылады тағдырым.

ЖҮРЕК

Шынның жүзін көрсететін Құдайға,

Жүрек деген – кеудеңдегі ұлы айна!

Пенделіктің сыпырады ол пердесін,

Күнің үшін тапсаң да ойлап мың айла…

Қалтқысыз ол көрсетеді барлығын,

Алдында айдай жүзі жарық арлының.

Абайсызда алсаң сызат түсіріп,

Тас түнекке айналады тағдырың.

Кеудеңдегі шын құдірет болғасын,

Оны қайтып жуа алмайды көз жасың.

Өкінерің, өртенерің белгілі,

Көкірегің шемен шерге толғасын.

«Жоқ, жүректен аяулысы тірінің»*

Құдай ғана ашады оның құлыбын.

Бір жүректің құпиясын тануға,

Кейде бүкіл жетпейді екен ғұмырың.

*Хәкім Абай

ЖАУАБЫ ЖОҚ СҰРАҚ

Өмірде осы

сүйе алмай, сағыныспай,

Қоштасамыз біреумен тағы ұғыспай…

Келген таза мекенге ғайыптағы,

Кетеді ұшып адамның жаны құстай..

Кетеді ұшып,

Қалдырып бір ғұмырды,

Әкетеді өзімен сырды құнды.

Жерде біздер қаламыз жетім көңіл,

Жалғыздықпен арқалап күзгі мұңды.

Мағынасыз түндерде мазалап Ар,

Адам солай бәрінен тазаланар.

Жанымызда жалғыз-ақ өкінішпен,

Жауабы жоқ сұрақтар ғана қалар….

ШЫН БАҚЫТ

Ескіреді бәрі де жаңарады.

Жаңарады дүние тазарады.

Қара көзің суалып қасіреттен

Қара шашың бір күні ағарады.

Жаңарады бәрі де ескіреді,

Қадіріңді біреулер кеш біледі.

Ғұмыр бойы адамдар жүрегінен.

Періштенің дауысы естіледі.

Сен қалмайсың..

Сен жүрген жол қалады.

Тәтті өмірді қимайсың сонда-дағы.

Саған аян —

О бастан бұл ғаламда,

Шын бақытты ешкімнің болмағаны.

Көктем қайтып келмейді, Күз өкініп.

Бір шындықты көмеді жүз өтірік…

Сонда дағы күлесің ақымақтай,

Соның бәрін жүресің біле тұрып.

ЕРТЕГІ ӨМІР

Келу жеңiс болғанмен, жеңiлемiз өлiмнен,

Қар астынан таппассың, көктемiңдi көмiлген..

Сөз жете ме, сәттердi жеткiзуге сезiнген.

Көз жете ме, уақытты қайтаруға шегiнген?

Ал, тұрлаусыз тiрлiкте, бақыт бар ма тұрақты,

Жалған – азап болған соң, армандаймыз жұмақты.

Көңiлдi арбап көшедi қызыл-жасыл дүние,

Өмiр деген – апамның ертегiсi сияқты.

ІШТЕГІ СЫР

Күндерім ұзап барады,

Қалдырып сырын кешегі.

Бір жұлдыз құлап барады,

Бір үміт үзілмесе еді…

Жетуге тұрған асығып,

Арманым таусыла ма енді…

Ой неге мұңға батырып,

Ай неге таусыла берді?

Бір сынақ тосады әр күн,

Жан қайдан тұрақ табады?!

Жүрекке батады балғын,

Жылдардың жырақтағаны.

Бәрі де алдамшы екен ғой,

Бір ғұмыр неге жетеді?!

Бұл өмір жалғаншы екен ғой,

Алынар сенен есебі.

Қорқыт та жеңілген өлім,

Жетеді әттеңін ала.

Аз ғана өмір дегенің,

Аяулы сәттерің ғана.

МОЙЫНДАУ

Ғашық жүрек мойындауға тиісті,

Мені өртеген сағыныштың күйі ішкі.

Бізден бұрын ойларымыз табысып,

Бізден бұрын жолдарымыз түйісті.

Бізден бұрын болып кеткен бәрі де…

«Тағдыр» деуден аса алмадық әріге.

Енді бізге ем болмайды уақыт,

Енді жүрек бағынбайды дәріге.

Ауанына еріп іңкәр көңілдің,

Бал шәрбатын қанып іштім сол у-дың.

Ессіз ғашық болып күйген жүрекпен

Қажеті не енді ақылды болудың…

Енді ешқандай бұл жүректің жоқ емі,

Тек ұлғаяр жалғыздықтың көлемі..

Қорлығы мен мазағына өмірдің,

Маxаббатсыз адам ғана көнеді.

АҚ ЖАУЫН

(Секен Тұрысбектің күйі)

Күмбір еткен қағыстан-ақ алғашқы,

Өмір — күймен,күй — өмірмен алмасты.

Ақ жауынға айналды да дүниеге,

Көздің жасын сығып-сығып алды ащы.

Тоқтата алмай өзектегі өксігін,

Керуен-керуен бұлтқа айналып көшті мұң.

Қағыспенен қатар соққан кеудеде,

Жүрегінің домбыраға қосты үнін.

Ару дүние тұрса екен деп ластанбай,

Төгіп-төгіп алды шерін аспандай.

Қос бұрымдай қатар жатқан қос шекті,

Періштелер қанатымен қаққандай.

Талант тұрмақ, тағдыры бар тастың да,

Сан ғасырлық кетті сіңіп жас құмға.

Тазалыққа іңкәрлікке ынтыққан,

Ақ жауынның сағыныш бар астында.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *