ТҮЙЕЛЕР ТАПТАҒАН ЖҮЗІМДІК ЖАЙРАП ЖАТЫР…

Мәселе
807 Views

Есіл еңбек еш болды!

Тоқсаныншы жылдардың басында жұрт ала дорба арқалап, сауда-саттықпен күнелтемін деп қалаға ағылғанда Тілесбай Әмзебайұлы табаны астындағы қу тақыр қара жер түбінде адамға жан азығы болатынын көкейіне түйді де, «Көлтоған» деп аталатын шаруа қожалығын құрды. Бұл ел жүдеу 1993-1995 жылдары еді.

Түркістан облысы, Арыс қаласынан 35 шақырымдай жерде орналасқан Саналы ауылының тұрғыны Тілесбай ақсақал жиырма бес жылдан бері 200 гектардай жеріне жыл сайын бау-бақша егіп, жемісін көріп келген. Жері тозып кетпесін деп бір жылдары көкөніс ексе, келесі жылы жоңышқа егіп тыңайтқан. Гектар-гектар мақта, бидай, жүгері екті, әйтеуір қол қусырып қарап қалмады. Картоп, қарбызды да өндіріп алған кездері бар.

Алайда соңғы бес жылдықтың көлемінде кәсіпкерді алаңдатып, күндіз күлкісін, түнде ұйқысын алған мәселе туындады. Саналы ауылы елімізге мың тонна шұбат беретін, түйе бағатын ауыл-аймақ болып аты дүркіреп таныла бастады. Халық сол Саналыны «Қымыран кені» деп атап кетіпті. Мейлі ғой, саналылықтар ойсылқара тұқымымен жан бағып, өрісін кеңейтіп келеді. Дегенмен, мал басы саны күн сайын көбейіп, айдың-күннің аманында Тілесбай Жұмабаевтың жаз бойы маңдай тері тамған жүзім алқабына қырғидай тиген түйе жарықтықтар тып-типыл етіп таптап кетіп жатыр. Обал-ай! Маң-маң басқан кердең түйені қалай жауапқа тартарсың, малдың егесінен жөн сұрамасаң!?

Ерте көктем шыға бере жерге еңкейіп емінген шаруалар, жаз бойы жүзім мен жүгерінің жайқалып тұрғанын көргенде қандай марқайып қуанды деңіз! Мехнаттың жемісін татамыз деп жүрген егінші Тілесбай аға кеше ғана көз алдында түйелердің жүзімді жайпап жібергенін көргенде іші удай ашып, не істерін білмей дал болды. Кімге шағымданбақ? Қолынан бар келері, басын тіреп барып арыз айтар адамы жергілікті «участковой». Ол да бір-екі күн көпшілікті тәртіпке шақырғандай болып жүреді де, артынан ізім-ғайым… не бұған бірде-бір адам баласы жауапқа тартылмайды, не шаруа реттелмейді. Кімнен не сұрарын, не жауап аларын білмей налыған Тілекең қарт шарасы таусылып, біздің редакциямыздың есігін қағып келді.

Содан шұғыл жолға шығып, егіс басына тарттық. Расында ауылға кіре берістен-ақ мыңғырған түйелер көзімізге шалына бастады. Саналыда мыңның үстінде түйе бар екен. Әр түтін он-он бестей түйе бағатын көрінеді. Дұрыс делік. Дәмі тіл үйірер шұбатын сатып күнкөріс еткен халықтың бұл тұрмысын құп көрдік, алайда бұл тіршілік көзі ешкімге залалын тигізбейтіндей болуы керек. Алма мен жүзім еккен «Көлтоған», «Азбал» шаруа қожалықтарының өзінде бала-шаға асырап, үміт етіп отырған қанша отбасы бар. Қазір ауыл түйекештер мен диханшылар боп екіге бөлініп, жағадан алатын болған. Тілесбай ақсақалдың айтуынша, бақшаға түскен түйені қамап қойғаны үшін мал егесі қоқан-лоққы көрсетіп, «жеріңді өртеп кетеміз!» деп тісін қайрап, дөңайбат көрсетіп кеткен. Енді бірі әлеуметтік желіге салып, істің байыбына бармай даурықтырады.

— Түйе деген танкі сияқты, бау сыртын темір шеңгелмен қанша қоршасақ та, сүйреп кете береді. Түйенің тісі тисе болғаны, алмаға құрт түседі, жүзімдіктер қурай бастайды, — деп шырылдады отыз гектарға бау-бақша еккен «Көлтоған» шаруа қожалығының төрағасы Тілесбай Жұмабаев.

Басылымнан келгенімізді біліп, ауыл тұрғындары ақырын жинала бастады. Шағым айтушылар аз емес екен.

«Абзал» шаруа қожалығының агрономы Нұркен Бағдәулетов:

— 2007 жылдан бері мемлекеттен субсидия алып, 20 гектар жерге бау еккенбіз. Жыл сайын өнім бітік болып, Арысқа 10 тоннадан кем емес алма өткізіп тұрдық. Алма-ның лимонка, бесжұлдыз, семерянка сорттарын іріктеп алып, аудандық, облыстық жәрмеңкеге қатысып тұрдық. Осы күндері алқапқа сиыр табыны, үйір-үйір жылқы, түйе түсіп, жұмысты тоқтатуға мәжбүрміз. Бұрын түйе жоқ-тұғын ауылда, кейін көбейіп кетті. Жиырма гектар жерді қоршау оңай емес. Биыл амалдап баудың сыртын қазып қоршағанбыз, бұл заңға қайшы деп қайтадан қазылған топырақты жаптырып тастады. Мына баудан тағы да он бес жыл өнім алуға мүмкіндік бар еді, енді еңбегіміз зая кетті. Қайран еңбек еш болды! Әрі қарай қалай күн көреміз?! – дейді.

Ендігі әңгімеге «Абзал» шаруа қожалығынан Балқаш апа Бекмағанбетова араласты. Сыртын қазып қоршағандары үшін айыппұл төлеттірмек екен жергілікті әкімдік.

«Алма мен жүзім дәрумен емес пе, балаларымыз жесе қандай жақсы, енді оның бірі де жоқ» деп ашынады ақ жаулықты ана есіл еңбегін тәрк ете алмай… Сонау тоқсаныншы жылдардың басында электр жарығы тапшы тұста егістік басына насос әкеліп орнатып, әупіріммен трактор, жанар-жағар май тауып, қиыншылықты өткерген, жерді жылдар бойы күтіп-баптап, ақыры жаңадан еңсе көтеріп келе жатқанда шаруалардың бұл табыс көзін шорт кесіп тастағаны таза қиянат ғой!

Түйенің кесірінен бейбіт тұрғындар жапа шеккен, биылдың өзінде ауылда төрт бірдей жол апаты орын алып, өмірі қиылып мерт болған жандар жеткілікті. Танауы делдиген түйекең ауыл мен аудан арасындағы тас жолда дөңкиіп жатып алатын болған. Әсіресе, тас қараңғыда өте қауіпті, байғұс түйенің көлік жарығына қарай өршелене шабатын жайсыз әдеті тағы бар…

Әсіресе ауыл тұрғыны Жасұзақ Сүлейменұлы ақсақалдың сөзін естігенде көзіміз шарасынан шыға жаздады. Былтыр 2020 жылдың 14 маусымында ұлы жеңіл көлікпен түйеге соғылып, тіл тартпай кетеді. Суыт хабарды естіген отбасы апыл-ғұпыл барса, апат болған жерге аудандық полициядағылар келіп қоршауға алған екен. Түйенің иесін таппайды, ешкім мойындамайды, ақыры «айдалаға жүрген иесіз түйе» болып шығып, істі ішкі істер бөліміндегілер сол күйі жылы жауып қоя салған! Ол аздай, онсыз да қайғы жұтып отырған әке әрі қарай несие алуға мәжбүр болады! Неге? Ұлының мінген көлігі қызметтік болғандықтан, іске жарамсыз болып қалған көлікті қайтыс болған азаматтың отбасы өтеп беруге тура келген! Мекеме осыны талап етеді. Шерменде әке сабылып жүріп банктен 700 мың теңге несие шығартып барса, көлік жөндеушілер 1 миллион 300 мың теңге сұрап, әрең дегенде ағайын-туыс жабылып жүріп, ақша жинап, өлдім-талдым дегенде қызметтік көлікті су жаңа етіп әлгі ұжымға тапсырады.

Не деген сорақылық!

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, кәсіпкерлік бөлімі,жергілікті құқық қорғау органдарының өкілдері неге самарқау? Неге халықшағымына құлақ түріп, тиімді әрекет етпейді? Біз бұл сауалды тиісті мекемелергежолдап, газеттің алдағы санында әлі де мәселе етіп көтеретін боламыз!

Әділ ҚЫРАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *