Биыл күллі жер шарында инфляция деңгейі шарықтап, теңге түгілі дардай доллардың өзі құнсызданып, шаршы әлемнің есін шығарды. Пандемияның салдары дүниежүзілік экономикалық схемаға әсер етіп, соққы болып тиді. Бұл дағдарысқа қарсы еуропа мемлекеттерінде шерулер, бас көтерулер көбейіп, босқындар саны артты. Радикалды күштер қатайып, Азияның оңтүстігінде содырлар билік басына келуі себепті елге ылаң іріткі салғандықтан, көрші мемлекеттер демдерін ішіне алып, әлем әліптің артын бағып отыр?
Ал, 2022 жыл адамзат үшін қандай жыл болмақ?
Қане, саясатты сараптап, сәуегейлік танытып көрелік.
Ең алдымен сиыр жылын шығарып салып, барысты күтіп алғалы тұрмыз. Қазақ халқының жорамалдарында барыс жылы жаймашуақ болған, күрделі бетбұрыстар алдындағы тыныштық жылы деп саналған. Солай бола тұра 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы барыс жылында орын алған. Сондықтан барыстың сақ, әрі тұтқиылдан келіп, аударып тастайтын қасиетін ескерсек, жыл жайбарақат болады деп жағамыз жайлауда кетпей, төнетін қауіп-қатер, сыни дүниелердің алдын алып, сезіп біліп бәрін бағамдай сақ отырған жөн. Қысқасы барыс несібесін өзінің күш-айласымен тауып жейді, қуаты мен айласы асқан аң болғандықтан, келер жыл қиындық пен қуанышқа, ауыртпалық пен жақсылыққа толы, оқиғалар қатар алмасқан жыл болмақ деп болжанады.
ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒАСЫ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
Сарапшылардың пікірі қақ жарылып тұр, бірі «2022 жылы Қазақстанда тұрғын үй бағасы қымбаттайды. Себебі, бізде баспанаға сұраныс әлі де жоғары, тіпті 2 млн адам үйсіз жүр» дейді. Енді бірі — тұрғын үй нарқы қазіргі бағаны әрі қарай ұстап қалады деп топшылайды. Өйткені, өткен жылы үй нарығының жедел өсуіне жылдағы құрылыс материалдарының қымбаттауынан бөлек, еліміздің азаматтарына баспана салымшысы ретінде зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі берілгендігі деп санайды. Яғни, бұл тетік те тұрғын үй бағасының өсуіне тікелей әсер етіп кетті. Зейнетақы жинағын пайдалану келесі жылдың наурызына дейін жалғаспақ. Сондықтан келесі жылдың наурызынан кейін сатып алушылар саны екі есе төмендейді. Соның салдарынан жыл соңына дейін үй бағасы 5%-ға, ал 2022 жылдың наурызында жаңа үйлер 10-15 пайызға қымбаттайды деген болжам қисындырақ. Нарықта сұраныс азайса, баға тұрақталуы мүмкін. Келесі жылы бағаның өсімі дәл биылғыдай қатты болмауы мүмкін. Екінші деңгейлі банктер де өздерінің ипотекалық бағдарламаларын қайта қарастыратыны сөзсіз.
Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарлама аясында 11 млн шаршы метр, яғни, 172 мың пәтер сатылымға шыққан. Сонда әлгі айтқан 2 миллионға жуық үй кезегін аңдып жүрген отбасылардан осы соңғы берілген пәтер санын алып тастасаңыз, әлі қанша адам үйге мұқтаж екені өздігінен шыға қояды. Айта кетейік, 2021 жылы берілген ипотекалық қарыздардың жалпы сомасы 900 миллиард теңгеге жеткен.
Ал нарық — құрылыс секторына ірі инвестициялар тартылған жағдайда ғана тұрақталуы мүмкін. Сондықтан келесі жылы құрылыс саласына инвестиция молынан тартылады деген де болжам бар. Шетелдік компаниялар тұрғын үй салуы мүмкін. Бірақ, бұл біздің жерімізді иеленіп кетеді деген сөз емес. Салынған үй өзімізде қалады. Мәселен, бос жатқан жерлерге түрік кварталдары салынса, сол жерде жұмыс орындары пайда болады. Сол себепті, құрылыс секторын дамыту үшін шетелдік инвесторларды тарту керек және отандық компанияларға үлкен қолдау көрсету қажет. Қазақстандағы тұрғын үй қорының 40 пайызы үш қалада: Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтанда шоғырланған.
Әзірге 2022 жылдың ортасына қарай тұрғын үй нарығында динамика біршама төмендеуі мүмкін деген жылы болжамды көңілге медет ете тұралық.
ПАНДЕМИЯ ЖАЛҒАСА МА?
Ресми емес ақпарат көздерінде Covid-19 індетінің туындауына себепші, әрі мұны ғаламдық саясат пен бизнеске айналдырды деген қауесетке таңылған Microsoft корпорациясын басқарушы Билл Гейтс келесі жылы пандемия тәмамдалады деген болжам жасады. Миллиардер өзінің твиттер парақшасында қазіргі жылдам тарап барады деген омикрон штамының өзі үш айдан артық ұзаққа бармайтын айтқан.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осыдан бір жыл бұрын 2021 жылы пандемия жалғасады, алайда 2022 жылы бітуі мүмкін деп тұспалдаған болатын. Ұйым басшысы Ханс Клюгенің айтқанындай расында пандемия жыл бойы жалғасын тапты. 2021 жылы вирустың мутацияланған түрлері көбейіп, әлемде жаңа вакцина пайда болды. Ендеше 2022 жылды күтейік, бәлкім бұл болжамдары аспандағы айдай анық келіп қалар… Себебі, өкпені зақымдап, адамзатқа төтеннен шабуылдайтын вирустар қазір бағындыруға келіп қалды. Адам ағзасы оны да жеңіп шығып жатыр.
Ал, экономистер пандемияның қатері, тигізген залалын енді көре бастаймыз дейді. Үкімет санын көрсеткісі келмегенмен елде жұмыссыздық деңгейі артты, жан-жақтан қысқан қымбатшылық та пандемияның тікелей салдары. Дегенмен, қанша қыспаққа түссе де басымыз аман болсын деп алдымен сабырлық танытып шыңдалған қазақпыз. Бастысы, ел аман, жұрт тыныш болса, карантинсіз, пандемиясыз күндер әді-ақ келетіні сөзсіз.
ТЕҢГЕ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚҰНСЫЗДАНБАҚ?
2022 жылы да Қазақстан инфляциядан қашып құтыла алмайды. Құнсыздануға келгенде әлем сарапшыларының өзі керағар пікірде. Бірі әлемдік экономика қалпына келеді деп сендірсе, енді бір теріс болжамдар инфляция одан әрі үдей түсетінін, дағдарыс тек арта түсетінін айтады.
«Теңгесінің құнсыздануына келетін болсақ, келесі жылы ол үдей түседі. Үкімет жоспарлаған дәлізден бірнеше пайызға жоғары болады. Ал дәліздің өзін үкімет баяу көтеруге мәжбүр болады. Бірақ әлемдік экономикада елеулі “инфаркт” болмайынша, бізде инфляция төзімсіз болмайды деп үміттенеміз» — дейді экономист Петр Своик.
Сондай-ақ, биыл Қазақстанда инфляция рекордық көрсеткішке жетті. Бұған дейін 8,5 пайыздық қымбатшылық болмаған. Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, келесі жылы инфляция 4-6 пайызға дейін төмендейді, яғни азық-түліктің бағасы да түсуі керек. Алайда кейбір экономистер бұл болжамды іске асыру мүмкін емес деп санайды. Экономист Арман Байғанов инфляцияның 4 пайызға дейін төмендейтініне күдікпен қарап отыр. «Мәселен, жаңадан келген ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев сұхбат беріп, азық-түліктің бағасы түспейді, керісінше көтеріле береді деп айтқан. Себебі негізгі азық-түліктің әлемдік бағасы өсіп жатыр. Демек, министрдің өзі баға көтеріледі десе, инфляцияның төмендейтіні екіталай», — деді сарапшы.
Осы орайда Арман Байғанов жоғары мемлекеттік лауазымға ие болған адамдардың инфляцияны төмендету жайында жиі айтатынын еске салды. Бірақ көп жағдайда барлық бастама сөз жүзінде қалып жатады. «Дәл қазір әлем бойынша пандемия аяқталмаса да, халықаралық биржаларда шикізаттық тауарлар мен азық-түліктің бағасы көтеріліп келеді. Сондықтан инфляцияның деңгейі бәрібір өсе береді.
Халықаралық тауарлық биржаларда сауда-саттық доллармен жасалады ғой. Ал АҚШ-тың өзінде инфляция жоғары болып тұр. Биыл 5 пайызға жетті. Бұның барлығы тауарларды доллармен импорттайтын дамушы елдерге әсер етеді. Қазақстан да импортқа қатты тәуелді болып тұр, біраз тауарлар сырттан келеді», — деді ол. Ал инфляцияны төмендету үшін отандық тауарларды барынша көбейткен жөн.
МҰНАЙ БАҒАСЫ ТӨМЕНДЕЙДІ
Инвестициялар әлемі» БКС қор нарығы бойынша сарапшы Игорь Галактионов «Прайм» агенттігіне берген сұхбатында, 2022 жылы мұнай бағасы артық жеткізілімге байланысты біртіндеп төмендейтінін айтты.
Сарапшы мұнай бағасы 2022 жылдың соңына қарай төмендейді деп болжаған. Алайда оның орташа жылдық құны 2021 жылы тіркелген барреліне 71 доллар деңгейінде қалады. Бұл болжам алдағы күндері мұнай бағасы көтерілмейді деген сенім ұялатады.
Алайда Галактионов мұнай бағасының төмендеуі туралы болжам жасауға асықпауға шақырды. Себебі АҚШ Энергетика министрлігінің 15 желтоқсанда жарияланған мәліметтері күшті сұраныстың сақталуын көрсеткен.
«Мұнай мен мұнай өнімдерінің қорлары қысқаруын жалғастыру үстінде, ал америкалық мұнай өңдеу зауыттарынан апта сайынғы жанармай жеткізілімі тәулігіне рекордтық 23 миллион баррельге жетті», — деді сарапшы.
Сонымен қатар, жағдайға коронавирустың омикрон штамының таралуы және әлемде оған қарсы әрекет әсер етеді.
«Жағдайдың нашарлауы мұнай бағасына кері әсер етіп, аймақта Brent маркалы мұнай баррелінің 70-72 долларға төмендеуіне түрткі болуы мүмкін», — деп түйіндеді ол.
АЙЫППҰЛ ШЕ?
Қазақстанда көлік салығы мен міндетті сақтандыру полисінің бағасы да өседі.
Қаржы министрлігі «2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заң жобасын дайындады. Құжатта айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылатын айлық есептік көрсеткішті (АЕК) 2022 жылы 1 қаңтардан бастап 3063 теңге көлемінде белгілеу ұсынылды,
Қазір елде АЕК мөлшері 2917 теңгеге тең, ал келер жылы оның 5%-ға өсетіні белгілі болды. Демек соған сай айыппұл, салық, алғашқы тіркеу және утилизациялық алым сомасы да көтеріледі деген сөз.
Биыл шілдеден бастап 2-ден 10 АЕК-ке өскен ластаушы заттар мен шу деңгейінің белгіленген шектен асқаны үшін салынатын айыппұл мөлшері 2022 жылы 29 170 теңгеден 30 630 теңгеге артады. Рөлде отырып телефонмен сөйлескендер (5 АЕК) енді 14 585 емес, 15 315 теңге төлейді. Бағдаршамның қызыл түсіне өтсе (10 АЕК) айыппұл сомасы 29 170 емес, 30 630 теңге болады. Тұрақ ақысын төлемегендерге (3 АЕК) 8751 теңгенің орнына 9189 теңге айыппұл салынады. Жаяу жүргіншілер өткелі, жол жиегі немесе жаяу жүргіншілер жолында жүргендер (15 АЕК) төлейтін айыппұл 43 755-тен 45 945 теңгеге өседі.
Шыққанына екі жыл толмаған машиналарға төленетін бастапқы тіркеу ақысы (0.25 АЕК) 729.25-тен 765.75 теңгеге дейін жоғарылайды, ал үш жастан асқан көліктерді тіркеу үшін (500 АЕК) 1 458 500 емес, 1 531 500 теңге төлеуге тура келеді.
Утилизациялық алымның базалық мөлшерлемесі (50 АЕК) 145 850-ден 153 150 теңгеге көтеріледі. Бұған дейін елге әкелінген жеңіл көліктер үшін 437 550-ден 3 354 550 теңгеге дейін ақша жұмсалса, 2022 жылы 1 қаңтардан бастап бұл сома 459 450-ден 3 522 450 теңгеге дейінгі аралықта болады.
Сондай-ақ утилизацияға өткізілген ескі машина үшін берілетін өтемақы мөлшері де өседі. Толық жиынтықтағы машинаға енді 210 024 емес, 220 536 теңге (72 АЕК) алуға болады. Келер жылдан бастап Қазақстанда АЕК-пен бірге көлік салығы мен міндетті сақтандыру полисінің бағасы да өседі.
ЕҢ ТӨМЕНГІ КҮНКӨРІС ДЕҢГЕЙІН АЙТСАҚ…
2021 жылы Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңге болса, 2022 жылы ол 36 018 теңгені құрайды. Сондықтан кедейлік шегі 2021 жылы 24 011 теңге болса, 2022 жылы бір адамға айына 25 212 теңге төленеді.
Егер 2022 жылы отбасы табысы бір адамға шаққанда айына 25 212 теңгеден аз болса, онда мұндай отбасы осы отбасының барлық мүшесі үшін атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш бере алады.
Отбасының орташа табысын есептеу кезінде мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы есепке алынбайды.
Қазақстанда 2022 жылдан бастап екі миллионнан астам зейнеткердің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТК) мен айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) өсуіне байланысты көбейеді.
2022 жылдың бірінші қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткішті тағы 5%-ке индекстеу жоспарланған. Нәтижесінде ЕТК мөлшері 36 018 теңгені, ал АЕК – 3 063 теңге, ең төменгі жалақы (ЕТЖ) 60 мың теңгені құрайды.
Айта кетері, ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері инфляцияның болжамды деңгейін ескеріп белгіленеді.
Соған байланысты 2022 жылы мемлекеттік бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы алатын 5,1 миллион қазақстандықтың табысы өседі. Ал ең төменгі жалақыны ұлғайту экономиканың барлық саласында жұмыс істейтін 1,6 миллион адамның кірісіне әсер етеді.
Атап айтқанда, шамамен 2,3 миллион зейнеткердің зейнетақысы өседі. Ынтымақты зейнетақы 7%-ке (инфляция деңгейінен 2%-ке артық) және базалық зейнетақы төлемі 5%-ке, жалпы сомасы 138,3 миллиард теңгеге артады.
2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап:
· мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 19 450 теңге;
· зейнетақының ең төменгі мөлшері – 46 302 теңге.
ӘУЕ КОМПАНИЯЛАРЫ КЕЛЕР ЖЫЛЫ СУБСИДИЯЛАНАТЫН БОЛАДЫ
Енді 2022 жылы ұшақпен ұшу бағыттарын белгілі бір деңгейде мемлекет қаржыландыруға көшетін болды. Сондақтан республикалық бюджеттен субсидияланатын 23 әуе бағыты бойынша конкурс өтті. Конкурс Түркістанға 10 әуе бағыты, Көкшетау, Петропавл қалаларына 3 әуе бағыттан, Балқаш, Үржар және Үшарал қалаларына 2 әуе бағыттары бойынша өтті.
Әуе бағыттарды субсидиялау өңірді дамыту үшін әлеуметтік маңызы бар, бұл ретте коммерциялық негізде орындау үшін кіріс деңгейін қамтамасыз етпейтін әуе бағыттарын тұрақты рейстермен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.
2022 жылы осы әуе бағыттар бойынша ұшуларды орындауға тасымалдаушылар ретінде «SCAT», «Qazaq Air» және «Южное небо» әуе компаниялары анықталды. Әуе билеттерінің құны 9-дан 25 мың теңге аралығында болмақ.
Дайындаған
Қ.ИСЛАМҚЫЗЫ