«ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТ» АТАҒЫ ТЕҢГЕ СЕКІЛДІ ҚҰНСЫЗДАНЫП БАРАДЫ

Қоғам
1 091 Views

Құрметті азамат атағының жыл өткен сайын құны қалмай барады. Жақында Түлкібаста жетінші шақырылым депутаттарының кезекті сессиясы өтіп, ауданның құрметті азаматы атағына лайықтылардың тізімі бекітілді. Тоқсан кандидаттан отызы іріктеліп алынды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында бұл азаматтар Мәдениет үйінде аудан деңгейінде марапатталды. Дегенмен, аталған отыздың ішінде лайықтыларымен қоса, мүлде лайық емесі де бар. Шыны керек, ауданға есімі белгісіз, еңбегі сіңбеген лайықсыз адамдар өтіп кетті. Мәселен, Түлкібас ауданында тұрмайтын, сонау бір кеңес кезінде екі-үш жыл жұмыс істеп көшіп кеткен азаматтар да жүр. Соның бірі Жамбыл облысының қазіргі мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков. Ол Түркістан облысының Төлеби ауданында туған, 1978-1981 жылдары Түлкібастағы Ломоносов мектебінде мұғалімдік еткен. Ауданға басқа еңбегі сіңбеген. Есесіне Түлкібастың Абай атындағы мектебінде қырық жыл ұстаздық еткен, көрнекті жазушымыз Мархабат Байғұт ағамызға сабақ берген, ұрпақ тәрбиесіне еселі еңбек сіңірген Мақұлбек Шыныбаевтың есімі тізімде тұрған жерінен сызылып тасталғаны тіпті түсініксіз. Бұл кісі 1964-2004 жылдары педагогика саласында қызмет еткен ауданға абыройлы, көрген жерде ел қоғадай жапырылып сәлем беретін, есімін аға буыннан кіші буынның бірі қалмай сыйлайтын құрметті ақсақал. Ауыл ішіне қадірлі оны халық әлдеқашан Құрметті азамат санайды, тіпті бұл атақты әкімдік бермесе де… Ал түлкібастықтардан Сарыбеков кім деп сұрап көріңіз, жұрт түсінбей иығын қиқаң еткізбесе маған келіңіз. Бәлкім, Сарыбековтың жұмысын жамбылдықтар жақсы білетін болар…

Одан бөлек Әуелхан Тұрғымбеков 2016 жылдың күзі мен 2017 жылдың көктеміне дейін шамамен 6-7 ай Түлкібас ауданы әкімінің қызметін атқарды. Кеше оған Түлкібас ауданының Құрметті азаматы атағын берді. Түлкібасқа тым аз уақытқа келіп-кеткені үшін бе? Бұл кісіге облыс берсе жарасады. Облыс көлемінде жұмыстар атқарған азамат қой. Оны аудан деңгейіне түсіріп керегі жоқ еді… Ауданда екі жарым жыл әкім болған, қазір Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков те Құрметті азаматқа ие болды.

Мен 2016-2020 жылдары мәслихат депутаты болған кезімде, кәсіпкерлер де Құрметті азамат атағын алып кеткен. Сол кезде аудан әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы болатын, Тұрашбековтың бастамасымен ауданға келіп 22 канал қазған Байкен Аширбаев деген кәсіпкер Түлкібастың Құрметті азаматы атағын алып кетті. Қолдан келсе, қонышыңнан бас деген осы! Мемлекеттік бағдарлама аясында аудан орталығына төрт қабатты 2 тұрғын үй салып берген кәсіпкер «Ақ-Орда» құрылыс компаниясының жетекшісі де Сайдулла Қалыбеков осы атаққа лайық деп табылды. Бұл қалай болғаны, Құрметті азамат атағы жалпы экс-әкімдер мен кәсіпкерлерге беретін атақ па өзі? Егер кәсіпкерлер беру керек болса, онда «Атымтай Жомарт» атындағы атақ немесе сыйлық деп оның бағытын өзгертейік? Алтыншы шақырылымдағы депутат ретінде бұл тақырыпты талай көтергенмін. Өзім әкімдерге Құрметті азамат атағын беруге наразымын. Әкім өзіне тиесілі міндет пен қызметті жасап, сонысына сай бағасын алып кеткен адам.

Бәрінен де халықтың берген атағы қымбат. Ешқандай орден, медаль тақпай-ақ нағыз атақты беретін бұқара қауым. Ел мойындаған есімдер жерде қалмайды. Десек те, ардагерлер ұсынған азаматтар неге сол тізімге кірмеді? Мен бұл сауал бойынша аудан әкіміне кіргенмін, неге депутаттарымыз қарамады, неге о баста мән бермеді деп… Расында аудандық мәслихатта отырған 17 депутатымыз осалдық танытты, тізімді талқыламады, өмірбаяндарымен таныспады.

Түлкібас ауданының әкімі — Нұрлан Байғұт мырза, сонда сол жақ, он жағыңыздағы отырған депуттардың қолшоқпары болдыңыз ба? Неге «Құрметті азамат» деген атақ бұл ауданда тұрмайтын адамдарға беріледі? Неге еңбегі сіңгендер қатарында 1988 жылы туылған Нұр-Сұлтан қаласында білдей бір мекемеде шенеунік Мадияр Мұхамеджанов жүр? Қай еңбегіне сай алды? Ауданымызға қандай үлесі бар қосқан? Пандемия басталған тұста ауданға 200-300 мың теңгенің тыныс алу аппаратын алып бергені үшін бе?! Әлде оңыңыз бен сол жақтағылар қалталарыңызды толтырды ма? Ал, бір жыл бұрын ғана депутат болған Рамжан Қарақұлов ненің құрметіне атақ алды? «Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» деген қай заманда болсын сипат ала бере ме, депутат мырзалар? Неге ауданымызға үлесін қосқан азаматтар сол атаққа лайық емес? Халық қалаулысы өз халқыңызға қай беттеріңізбен қарайсыздар? Әлде сіздерге бұл үйреншік жайт па? ,, Ит үреді, керуен көшеді» деген сыңай танытып, жүре бермексіздер ме? Бұл ұят тірлік! Бірақ, сіздерде ұят, абырой, намыс жоқ екенін көзім баяғыда-ақ жеткен. Сіздерді халық қалаулылары деп атауға намыстанамын!

Асқар АЙДАРБЕКОВ,

Түлкібас ауданының алтыншы шақырылымдағы мәслихат депутаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *