ШЫҢҒЫС МҰҚАН! БҮГІНІҢЕ ҚАРА, ЕРТЕҢІҢЕ ҚАМДАН!

Билік
857 Views

Міне Тәуелсіздіктің 30 жылдығына да жеттік. Осы жылдар ішінде еліміз алға ұмтылып, сындарлы реформаларды жүзеге асырып келеді. Соның бірі Шымкенттің өз алдына мегаполис болуы ел үшін қуантатын жаңалық болды. Тағайындалған әкімдердің ішінде Ғабидолла Әбдірахымов халықтың көңілінен шыға білсе, Ерлан Айтаханов руханиятты көтеріп, идеологияны алға қойды. Өкінішке қарай, екеуінің де қызметтік тағы қысқа болды.

Ал, енді қазіргі әкім Мұрат Әйтенов екі жылға жуық мегаполисті қалайша басқарып келе жатқаны көпке аян. Соның ішінде қаланың идеология саласының орынбасары етіп Шыңғыс Мұқанды алып келді.

Алайда қоғамдық сананы қалыптастырып, халықты оң бағытқа бастайтын құрал ретінде жүзеге асуы тиіс идеологияға беретін баға бұралқы иттің бұралаңы секілді күйге түсіп тұр. Идеологияны азаматтарды ортақ бір іске жұмылдырушы күш, тәрбие құралы, мемлекет ұсынған идеяны жоспар бойынша түгелдей іске асырушы бағыт емес, өз пайдасына пайдаланып жүргендер бар. Шымкенттің бас идеологы да идеология саласын билік баспалдағы ретінде пайдаланып жүргендей әйтеуір. «Жаны ашымастың басы ауырмас» дегенге түсіп қалғандай. Міне, дәл осы сөзді Шымшаһарының идеологиясын «жүгендеп» отырған Шыңғыс Мұқанға қарата айтсақ, жарасып-ақ кетер еді. Олай дейтініміз, осы саланың тізгінін ұстаған оның басы даудан, аяғы «жаудан» арылмай жүр. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» деген сөз болғанымен, «Мал мүйізінен, адам тілінен» байланады деген тәмсілдің де барын естен шығармаған жөн. Алғашқы әдісті, яғни жылы-жылы сөйлеу арқылы жұрттың жүрегінен орын алып, сеніміне селкеу түсірмей жүрген оның от ауызды, орақ тілді көсем, тілінен тікен тайған шешен екенін білмейтін адам кемде-кем-ау! Десек те, көп сөйлеп көсемсіп, бата алғаннан гөрі тілінен «таяқ жеп», табанынан «тайып» жүрген мезеті басымырақ сияқты. «Ақырын жүріп, анық бас» дегенді қаперінен шығарған Шыңғыстың жүрген жері шым-шытырыққа толы «шығармаға» айналуда.

«БАҚСАҚ, БАҚА ЕКЕН»

Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін қала әкімі орынбасарының басына бұлт үйірілуге таяп қалғандай. Бір жылдан астам қызметінде Шыңғыс Жұмабекұлының ешқандай жобасы шымкенттіктердің көңілінен шыққан жоқ десек, көбісі келіседі-ау. Әдепкіде қызметке тағайындалғанда «жылы» ойымен, пайымды пікірімен жұрттың сенімінен шыққандай болған. Сөйтсек, «бақсақ, бақа екен» демекші, айтылған сөзі атылған оқ емес, шашыраңқы бытыраға татымайтын дүние екенін жұрт та аңғарғандай.

– Мемлекетке мемлекеттік қызметтен тыс жүріп те қызмет етуге болады. Бірақ, соңғы айда көрген індет ойымды өзгертті. Қала әкімі Әйтенов ұсыныс жасағанда таңғалдым. Оған ойын ашық айтатын менен гөрі, танитын, яки сенімді адам қолайлы емес пе деп ойладым. Біраз сөйлескен соң Әйтенов мырзаның Шымкентке барын салып адал қызмет еткісі келетінін сездім. Енді не істемекпін?

Біріншіден, денсаулық сақтау саласы. Адам қолын кесіп алса, ол жерге су жиналып, жара пайда болады. Себебі адам ағзасының жасушалары жараны жазуға жиналады. Қазір сондай жағдай. Қаланың бүкіл күш-қуаты жараны жазуға жұмылдырылып жатыр.

Екіншіден, білім саласы. Қарапайым ата-ана ретінде өткен оқу жылын әупірімдеп өткердік. Ата-аналарға да, мұғалімдерге де оңай болған жоқ. Жаңа оқу жылы да оңай болмайды. Дегенмен онлайн мектептің сапасы түспеуге тиіс» деп әлеуметтік парақшасында жазба жариялаған болатын.

Сөзге жүйріктігін көрсетіп, коммуникация, мәдениет саласына кеңінен толғанып, қызмет ететінін білдіреді. «Сенімге селкеу түсіретін көп фактордың бірі – сыбайлас жемқорлық. Бұл да – вирус. Онымен әрбір азамат коронавируспен күрескендей күрессе ғана жеңбек» деген ол әлеуметтік сала қызметкерлерін таза жұмыс істеуге шақырды. Егер жемқорлыққа қатысты фактілер болса, тура өзіме хабарласыңыздар деп телефон номерін қалдырды. Бірақ… бұл нөмір бұл күнде құлаққа ұрған танадай үнсіз, өшірулі.

Ал білімдегі жемқорлық жойылмақ түгілі тамыр жайып, жайқалып кетті. Әсіресе 2019-2020 жылдары.

* * *

Сонымен, Шықаңның қарамағындағы мәдениет саласы ұйымдастыратын іс шаралар республикалық деңгейді өту керек деп тапқандықтан қазір тек Алматы мен бас қалаларда тұратын әншілерді шақырып концерт өткізетін болған. Оған барып жатқан, көріп тамашалап жатқан халық жоқ, тек әкімдікке қатысты қызметкерлердің өзімен зал толтырып, өздері көріп, өздері қол соғып қайтатын сияқты.

Мәдениет демекші…

МӘДЕНИЕТ САЛАСЫН «ЖҰЛДЫЗДАР» ҮЙІНЕ АЙНАЛДЫРДЫ

Иә, Шықаң жоғарыда айтылған міндеттеріне миығынан қарамады десек, қате болмас. Жұмабекұлы біздің ойымызша бір жылдан астам қызметінде кешіруге келе бермейтін қателіктер жіберді. Рет-ретімен баяндасақ…

2020 жылдың соңы шымкенттіктердің есінде мәңгі сақталатын шығар?! Бұл жолы ол «Атың шықпаса әкім бол!»-дың керін келтірді. Шымкентте өз саласының мамандары жоқтай, жергілікті кадрларды шетке қағып, шетінен ығыстырды.

Айталық, Шыңғыс Жұмабекұлы дарынды дәрігер, мықты нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаевты №2 қалалық ауруханасының бас дәрігер қызметіне алып келді. Бірақ ол ұзаққа бармады. Шымкентте бес күн отырды да тайып тұрды. Ал Шымкент қалалық мәдениет үйі концерттік ұйымы директорына белгілі әнші Сәкен Майғазиевты тағайындады.

Ол жақсы ниетпен туған жерге қызмет етем деп келіп еді. Алайда, әкімдіктің «әккілері» оны да торға тыға жаздады. Одан қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы міндетін атқаруға белгілі журналист Мәди Манатбекті әкелді. Бірақ, оның соңы трагедияға айналды. Яғни, аяулы талантты жазушы қызымыздан ( марқұм Аягүл Мантай) жұмбақ жағдайда айрылдық. Неге олай болды, өлімге не итермеледі, әзірге белгісіз.

Мұнан бөлек, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары лауазымына әнші Ақбота Керімбекованың келуі ел іші мен әлеуметтік желілерде түрлі қауесет пен үлкен дау туғызды. Шымкенттіктер Ақботаны жылы шыраймен қабылдамады. Қала әкімінің бірінші орынбасары болса, өз идеясының дұрыстығын дәлелдеп бақты. Өзі отты қолымен көсеп, жобасын Мұрат Әйтеновке таңды. Шындығында әкімнің ойына мұндай «ШОУ» жасау қайдан келсін?! «Шымкентті республикалық қалаға айналдыру үшін республика деңгейінде еңбек етіп жүрген азаматтар жұмыс істеуі керек» деген не деген көл-көсірлік?! Қалалық опера және балет театрының бұрынғы директоры Әбдіхан Нұрмағамбетов қай әншіден кем? «Жігіттер» квартетін, одан бөлек қаншама талантты жастарды өнер әлеміне қанаттандырды. Өлшеусіз еңбек етті. Сонымен, Шыңғыс өзі айтқандай, Шымкентті РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МА-ҢЫЗДЫ ҚАЛАҒА айналдыра алмады. Идеологиясын «ИТ ҚАУЫП», тың серпіліс әкелмеді.

Ол ол ма, «Наурыз Шымкенттен басталады» атты мегажобасынан да үлкен айқай-шу шықты. «Сенімге селкеу түсіретін көп фактордың бірі – сыбайлас жемқорлық. Бұл да – вирус» деп көсемси сөйлеген ол осы жолы «тілінен байланды». Қала әкімінің бірінші орынбасары әкімдікті жақтап, мерекелік шараларға жұмсалған қаражат жайында брифинг берді. Шыңғыс «Наурызға әкімдік бір тиын да төлеген жоқ» деп ақталды.

«Жалпы, мәдениетке қанша ақша қаралдыдан бастайықшы. 3 млрд. теңгеден сәл-ақ асады. Былтыр Шымкент қаласының бюджеті 456 млрд. теңге болса, мәдениетке бөлінген қаржы 1%-ға да жетпейді екен» дегені журналистердің есінен ғана емес, естіген адамның есінен кетпейтін цифр. Сөйтіп Жұмабекұлы желге ұшып, әлдекімдердің құлқынына кеткен қаражаттың ізін байқатпауға тырысты. Алайда, «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» демекші, өтірігі өрге аспады. Жылы сөйлеп, мәймөңкелегенімен, Наурыз мерекесіне бөлінген, мұрты бұзылған 565 миллионның арты бәрібір ашылды. Әкімдіктің масқарасы шығатын болған соң, Мәдениет басқарамасы қитұрқы әрекеттерге барды. Ақыр соңында мәдениеттегі үш бухгалтер азаматша пара беру үстінде құрбандыққа шалынғандай болды. Үшеуінің де отбасы бар, қазір қандай күйде отыр екен?! Сот шешімі немен бітетіні бөлек әңгіме.

Ал, Әйтенов аттай қалап әкелген Ханзада Есенова түк білмегендей, алшаң басып қызметінде жүр әлі.

ОРЫМБАЕВ ОРЫНСЫЗ ОТЫР МА?

Бұрын ата-бабаларымыз «мұрнына иісі бармайтын», «үш қайнаса сорпасы қосылмайды» деген сөзді жиі айтушы еді. Шымкенттің бас басылымдарының басына дәл осындай күн туған сияқты. Қалам тербеп, қағаз кеміретін, «жантақ жеп, ірің ішетін» журналистика саласында еңбек ету «түсіне» де кірмеген бұрынғы блогер, әлеуметтік желі қолданушысы Нұрбол Орымбаевты «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-не, яғни қалалық «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің директорлық қызметіне алынды. Бір қызығы, Шыңғыс Жұмабекұлы әкімдіктің ішкі заңдылығына сүйенді ме, әйтеуір оған директорлық лауазымның тізгінін ұстата салды. Алайда бұған дейін баспасөз саласының жұмысынан бейхабар, журналистер арасында «сканвордшы» атанып кеткен Орымбаев қызметін жандандыра алатынына күмәнмен қарайтындар көп. Әлі күнге ұжымды редакция ғимаратымен қамти алмағаны тағы бар. Оңтүстіктің емес, республикалық журналистикада ойып тұрып орын алатын белгілі журналист Бақтияр Тайжан (бұл мақаланың жариялануына Б.Тайжанның қатысы жоқ) қазір «Шымкент келбетінде» редакторлық қызметпен ғана шектелген, бәлкім Орымбаевты Б.Тайжанның үстінен директор етіп әкелгендегі мақсат – үшінші мегаполиске тән қалалық бас медианың құрылымын кеңейтіп, қаржылық қуатын арттырады деген сенім болған шығар… Алайда, бас редактор Бәкеңнің қазіргі таңда жеке кабинетінің де жоқтығы, бұрынғы кабинеті мен қызметтік көлігін жаңа директор иемденіп алғаны бұл Орымбаевтың оңтүстік журналистеріне жасаған құрметсіздігі емес пе?! Мұндай әділетсіздікке төзбеген кейбір журналистер өз арызымен жұмыстан кетсе, кейбірін «артық адам, босқа айлық төлемеймін» деп штаттан қысқартқан көрінеді.

Сондай-ақ Орымбаев директорлыққа келгелі басылымның мәртебесі төмен түскендей. Ашып айтсақ, алдағы 2022 жылға баспасөз науқаны жүрдім-бардым қамтылды Яғни миллион тұрғыны бар мегаполистің аты дардай газетінің таралымы 10 мың данаға да жетпейді. Бұл алдағы уақытта басылымның болашағы құрдымда тұрғанын, директордың іскерлік қабілетінің әлсіз екенін, редакция жұмысына жаны ашымағанын көрсетеді.

Ол ол ма, «Шымкент келбетінде» сараптама, зерттеу мақалалар азайды. Есесіне шұбалаңқы, мән маңызы жоқ ақпараттар көбейді. Өмірінде журналистикада тер төкпеген Орымбаев қала басылымының жағдайын жақсарта алар емес.

Міне, Шымкенттің идеологиясына жауапты Шыңғыс Мұқанның тірлігі – осындай. Басқа мегаполис қалалар мен облыстарда БАҚ саласының өз медиасы бар. АЛ… ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТІҢ ӨЗ МЕДИАСЫ, ЖУРНАЛИСТЕР ҮЙІ ЖОҚ.

* * *

Бәрін айт та, бірін айт, Алаш арыстарына арналған Орталық саябақтағы композиция мүсіндерінен адам тіптен ұялады. Ескерткіш ашылды деп, бөркін аспанға атып қуанған шымкенттіктердің қуанышы ізінше су сепкендей басылды.

Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулат ұлт қадірлілері… Әттеген-ай, бәрінің есімдері табандарының астында жазулы тұр. Неге олай? Әлде әдейі аяққа таптау ма? Онсыз да Алаш қайраткерлерін ақтай алмай жатқанымызда, бұл жағдай жығылғанның үстіне жұдырық болды.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов пен бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның Алаш зиялыларына көрсеткен құрметі осындай «ниже плинтуса» болып тұр.

Яғни ұлт зиялыларына арналған композиялық мүсін ескерткіш құрмет емес, нағыз масқара!

Композиялық мүсіндердің ашылуына қатысқан қала әкімі Әйтеновтің ойына не келді екен?! Ескерткіштің маңыздылығына тоқталғанына, міз бақпай сөйлегеніне аң-таңбыз. Аты бар да, заты жоқ, қалай болса солай салынған композиялық мүсін жастарды қалай отаншылдыққа тәрбиелейді?

Сонда халықтың рухын оятып, санасына сілкініс әкелген, жеріміздің тұтастығының сақталуын ықпал еткен, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді бұрын соңды болмаған деңгейге көтерген, заманның сын қатеріне қарамаған Алаш арыстарына көрсеткен құрметіміздің сиқы осы ма?!

Онсыз да ұлт зиялылары жазықсыз қуғын сүргін құрбаны болып, сүйектері шашылып қалған жоқ па? Бейбіт күнде оларды құрметтеп, ұмытылмау үшін есімдерін неге аяқ астына жазу керекпіз?!

Осы мәселелердің бәріне атүсті қарайтын болсақ, халықтық мүдде, идеологиялық даму тұрғысынан мешел қоғамға айналуымыз бек мүмкін. Осыдан кейін Шыңғыс Мұқанның бұдан әрі қала әкімінің бірінші орынбасары болуы – ақылға қонбайтын сияқты….

Біз Шыңғыс туралы ой қозғап, мақала жазарымыздың алдында қызықтырған сұрағымызды қойып, бетпе-бет диалогқа шақырмақшы болдық. Уатсабына да жаздық. Ішкі саясат арқылы сәлемдеме де жібердік. Өкінішке қарай, оның уақыты 10 күн ішінде де болмады. Не деген қыруар жұмыс, бүкіл Шымкенттің жұмысын бір өзі арқалап жүрген екен ғой деген ойда болдық. Жаман ойға бармадық.

Қалай болғанда да, идеология саласына халықтың ұлттық рухын көтеретін және елдің ері болу үшін бар күш-жігерін аямайтын саналы, парасатты азамат бұл күнге аса қажет болып тұр. Олай болса, «Аяз би, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дегендей, «Шыңғыс Мұқан, бүгініңе қара, ертеңіңе қамдан!» деуге тура келеді.

Нұр-Қасым ӘЛІМБАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *