ӘСКЕР НЕГЕ ӘЛСІЗ?

Мәселе Қоғам
715 Views

Биыл көктемде шамамен 17 000 азамат әскерге шақырылады. Бүгінде олардың сауалнама деректері анықталып жатыр. Қазір әскерге шақыру жасындағы барлығы 90 мыңнан астам жасөспірімге қатысты денсаулығын, отбасы жағдайын, сотты болу-болмау, қылмыстық жауапкершілікке тартылу жағдайлары сынды мәселелер зерделену үстінде. Сосын алдағы көктемнен бастап күніне шамамен 800-900 адам Отан алдындағы борышын өтеуге аттана бастайды.

Мемлекет басшысы «Қаңтар оқиғасы» кезінде қарулы күштер өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз басшылығының кесірінен жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмағанын айтты. «Командалық-штабтық және әскери жаттығулар кезінде оң нәтиже көрсеткен армиямыз бола тұра, сын сағатта оның әлеуетін пайдалана алмадық. Сырттан көмек шақыруға мәжбүр болдық», – деді Мемлекет басшысы.

Әскер неге әлсіз? Біз осы сұрақтың жауабын іздеп көрген едік.

Қазіргі таңда Қазақстан Қарулы күштерінің саны 70 мыңнан астам адамды құрайды. Оның 70%-ы келісімшарт негізінде қызмет етушілер. Қалған 3/1 бөлігі әскери дайындықтан өтіп, бір жыл Отан алдындағы борышын өтеп келетін азаматтар. Кешегі «Қаңтар оқиғасы» кезінде осы өрімдей жап-жас жігіттер стратегиялық маңызы бар ғимараттарды өз өмірлерін қауіпке тіге отырып қорғады. 18-ге кеше ғана толған сарбаздардың бойындағы жігер мен отаншылдық сезімді көргенде көңіл толқыды.

Дегенмен «Ауруын жасырған – өледі» деген бар, Қазақстан Қарулы күштерінде бәрі жақсы деуге болмайды. Отан қорғауға әр азамат өз еркімен барып жатыр деу қиын. Оның дәлелі – жыл бұрын ғана әр өңірде көшеде кетіп бара жатқан азаматтарды ұстап алып, әскерге күштеп алып кетіп жатқаны. Мысалы, Ақтөбеде жігіттерді әскер қатарына көшеден күштеп әкетіп жатқанын желіден де, жаңалықтардан да көрдік. Әскери қызметкерлер тіпті базарларда сауда жасап тұрған азаматтарды алды-артына қаратпай көліктеріне отырғызып әкеткен. Құзырлы орындардың мұндай әрекетін түсінбеген жұрт арасында «ер адамдарды соғысқа жинап жатыр» деген қауесет тарап кеткені есте.

Өскеменде де осы жағдай: жоғары оқу орнында оқиды деген анықтамасын өткізу үшін барған жігітті әскери комиссариаттан шығармай, қамап қойған. Қызылордада денсаулығы жоқ әйел 19 жастағы ұлын – үйінің үлкені әрі қорғанышын күштеп әскерге алып кеткенін айтып шағымданған. Осылай «қуалап жүріп қолға түсірген» жігіттерді әскери комиссариат ата-аналарына да ескертпестен, әскерге «ұрлап» жіберіп жатқаны былтыр шу болған. Әскерге шақыру науқаны кезінде өңірлерде де 18 бен 27 арасындағы азаматтардың көшеге шығудан қалып, сақтық танытқанын да білеміз. Тап осындай шу алдағы наурызда тағы қайталанбасына кім кепіл? Неге қазақ жігіттері Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыз?

Мұның да себебін іздеп көргенбіз. Әлімжеттік, ұрып-соғу мен қорлау, мазақ ету мен психологиялық қысым – біздің Қарулы күштер жайлы ата аналардың ең алдымен айтатыны да, қауіп қылатыны да осы. Жоққа шығара да алмаймыз, былтыр сап-сау болып әскер қатарына кетіп, ақыл-есінен айырылып келген жігіттің жайын бүкіл Қазақстан біледі. Қызылорда облысы Сырдария ауданының тұрғыны Саят әскерге қатарына алынбас бұрын үш рет медициналық тексеруден өткен. Соңғы 4 жыл бойы еш жері ауырмаған, денсаулығына ешқандай шағым болмаған жігіт 25 қыркүйекте әскерге алынады. Арада 1 ай өткенде – 25 қазанда есін білмеген күйде еліне жеткізілген.

Оның алдында Теміртауда бір сарбаз қайтыс болды. «Әскери бекетте тұрған жауынгердің қолындағы қару атылып кетіп, басын жарақаттаған. Сарбаз жедел облыстық ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады», –деп құтылды жауаптылар. Сап-сау, ақыл-есі бүтін жігіттің қаруы қалайша атылып кетеді, ол неге өзін өлімге қиды, мұндай мәселелер үнемі жұмбақ күйінде қалып келе жатқаны жасырын емес. Жалпы, әскер қатарында болған қылмыстардың шындығына жету, ақиқатын анықтау қиынның қиыны. Сондықтан Қазақстан қарулы күштеріндегі әлімжеттік пен адам өлімі үнемі жұмбақ күйінде қалып жатады.

Түркістан облысынан Қарағанды өңіріне әскери борышын өтеуге барған сарбаз, мысалы, екпе салдырған соң қайтыс болды делінді. Оның алдында ғана анасымен сөйлескенде ол тамағы ауырып жүргенін айтқан. Ал коронавирусқа қарсы екпе ауырып жүрген адамдарға салынбайтыны белгілі. Сонда әскер қатарындағы азаматтар отанын қорғамақ түгілі, өз қауіпсіздігін, денсаулығын қорғай алмай тұрғаны ғой? Осындай жағдайлардан кейін, айтыңызшы, кім басын қауіпке тігіп, денсаулығын қатерге іліп, әскер қатарына қуана-қуана барады?

Қазақстан қарулы күштеріне түбегейлі өзгеріс керек. Онсыз әлсіз әскердің әлеуетін көтеру еш мүмкін емес.

Зерек ДҮЙСЕМБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *