ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ НАСИХАТТАЙТЫН БІЛІМ ЖҮЙЕСІН ҚҰРУ ҚАЖЕТ

Білім Мәселе
896 Views

Ұлыбританияда тұрыпжатқаныма 4 жыл болды. Оның  бір жылын білім саласындағы саясат және көшбасшылық бойынша магистратурада өткіздім. Үнемі білім саласын бақылап отырамын. Балаларым мектептерінде оқып жатыр.

Ұлыбритания саясатының ерекшеліктері:

1) Бұларда бастауыштан бастап мектеп білімі ұлттық құндылықтар (семалар, яғни мәдени, идеологиялық негіздер немесе ядролар) маңайында топтастырылады. Мысалы, тілді өздерінің патшаларының тарихтары арқылы оқытады. Ағылшын тілі сабағында Артур патшаның қылышы деп тақырып өтсе, соған скетч қояды. Бұдан қандай нәтиже шығады: осындағы көп ұлт – индустар, қазақтар, орыстар, поляктар, тағысын тағылардың бәрінің балалары мектептен шыққанда индус, қазақ және тағы басқалар боп шықпайды, олардың бәрі бритиш болып шығады. Олар өздерінің айдентитиін (жұрттық қалыбын немесе бірегейлігін) бритишпіз деп айқындайды. Демек, мектеп ұлттарды ұйыстырып, бір идеологияның аясына тәрбиелейтін мықты мекеме бұларда.

2) Тіл үйрету үшін мұғалімдер армиясын, құрал-жабдықтарды, материалдық базаны түгелімен дайындап қойған.

3) Балалардың миына бритиш мәдениетін сіңіру мақсатында кітап дегенді аямай төгіп тастаған. Онда өздерінің идеологияларының (ал идеологиясы Ұлттық Оқу Бағдарламасында былай деп берілген: Ұлыбританияның басты байлығы – оның тілі мен мәдениеті, ол халықты біріктіруші күш) басты семаларының (идеология ядроларының, компоненттерінің) айналасында түрлі жастағы балаларға кітап, ойыншық, құрал-жабдықтарды үйіп-төгіп тегін таратады. Оларды оқып, сабақта талқылайды. Сонда мектеп деген ең басты фокус. Біз осы жағынан ақсап отырмыз.

Енді техникалық ғылымдар туралы айтсақ, көп адамдар, ресейлік техника ғылымдарының дамығанын алға тартады. Дәлел ретінде олимпиадалар мен кейбір халықаралық жарыстардағы бірінші орындарды иемденулерді алға тартады. Біріншіден, мысалы, Ұлыбритания мектептерінде барлық мектептерде лабораториялар техниканың соңғы үлгісімен жабдықталған. Мұнда кез-келген мектеп оқушысы, мысалы, химиядан базалық эксперименттерді толығымен емін-еркін жасай алады. Ал бізде – посткеңестік елдерде бір сыныпта бір-екі бала химияны жақсы біледі (Оның өзі тек теория жүзінде. Өйткені бізде ресейлік жүйе мен посткеңестік білім жүйесінде тек теорияға қатты мән беріледі). Қалғандары дым да білмеуі көптеп кездеседі. Ал сол бір-екі бала ертең престижді мектептерге барып түседі де, артынша сол мектептерде оларды селективті түрде дайындап (оқу бағдарламасын оқымайды олар), тек олимпиадаға ғана дайындалып, нәтижесінде орын алып жатады. Бірақ бұл әділетсіздік және орысша айтқанда «показуха». Өйтіп бір баламыз химиядан гран-при алғанша, барлық балаларымыз химия бойынша жабдықталған лабораторияларда бірдей деңгейде білім алған әлдеқайда тиімді. Сонда біз, шынымен, біздің елде (Ресейде, посткеңестік елдерде) техникалық ғылымдар жақсы дамыған деп айта аламыз. Ал енді мектептердегі лабораториялардың (Ресейде де сол жағдай) қандай дәрежеде екенін біле тұра, бірен-саран орын алғанын айтып, техникалық ғылымдар сол жақта дамыған деп айту – қате.

Ғылым қазір Батыста. Ақша төлеп алу керек болса, тек Батыстан алып оқу керек. Ресейліктер бір компания шығарса, Батыста техникалық ғылымдар саласында мың компания бар. Олар тұрақты (sustainable). Оларда жетістіктер де тұрақты (посткеңестік елдердегідей анда-санда жарқ ететін «показуха» емес).

Сонымен бірге, мектеп білімін, орта техникалық білім орындарын (техникум мен колледждерді) дамыту керек. Біздегі дефицит жоғары санаттағы инженерлерден гөрі, орта буын техникалық кәсіби мамандар деп естіп жатырмыз. Батыста мектеп бітірген бала бірден өндіріске жұмысқа тұрады. Бұл жақта ЖОО дипломы міндетті емес. Өйткені мектептерін жақсылап жабдықтаған, кәсіп иесі етіп шығарады.

Неге біз осы бағыттарға, яғни мектебімізге бет бұрмаймыз? Біріншіден, білімді әділетті етейік. Барлық мектептерді жақсылап жабдықтайық. Ауыл баласына да, қала баласына да бірдей жағдай болсын. Тек элиталық мектептерге ғана лаборатория жабдықтамайық. Бұл білімдегі теңсіздік. Оларға кәсіпті мектепте үйретейік. Екіншіден, жоғарыда айтып өткендей, мектептегі оқу бағдарламасын біздің өзімізге керек идеология компоненттерінің (семалардың) аясында ұйымдастырайық. Мұның бәрі дамыған мемлекеттерде жұмыс істеп тұрған модель. Бізге велосипед ойлап табудың немесе жоғарыдан төмен «қойып қалу» әдісімен басқарудың еш қажеті, пайдасы жоқ.

Өмірден мысал: ауқатты шотландиялық досымыз бар. Жақында Қазақстаннан оралды, сол жақта мұнай саласында жұмыс жасаған. Дастарқан басындағы әңгімеде қандай оқу бітіргенін сұрадым. Оның шетелдерге жиі шығып, жоғары жалақылы инженер болып жүргеніне қарап престижді ЖОО бітірген шығар деп ойладым. ЖОО білімі жоқ болып шықты. Абердиннің қарапайым мектебін бітірген. Содан соң механикалық инженерия саласында компанияға жұмысқа тұрған, компания оны тегін колледжде оқытып алған (2-3 күн жұмыс істеп, 3 күн теориялық білім беретін колледж). Сөйтіп, міне, сол біліммен 20 жыл жұмыс істеп жүр. Шетелге де шығып істей береді.

Бұдан не түйеміз: мектеп білімін жөндеуіміз керек, балалардың инженерлік кәсіпті мектептен алып шығуына қатты көңіл бөлуіміз керек. Жабдықтауымыз керек құрал-жарақпен. Одан қалса, техникалық колледждерімізді, техникумдарымызды дұрыстайық.

Гүлшат БАҚЫТЖАН.

(Фейсбук).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *