Елімізде жасы 70-тен асқан аналар саны 1,3 миллионнан асады екен. Соның 579-ы ғасырдан да ұзақ жасаған әжелер.
Бірнеше күн бұрын әлем көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күнін тойлады. Бұл күні әсіресе аналарға, ғасыр жасаған әжелерге ерекше құрмет көрсетілді. Атап айтқанда:
52 ШӨБЕРЕ СҮЙГЕН ӘЖЕ
Түркістан облысы, Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев 8 наурыз күні 100 жасқа толатын Нанабекова Қатира әженің шаңырағына барып, мерекемен құттықтады. Аудан басшысы ғасыр жасаған әженің хал-жағдайын сұрап, иығына ақ жаулық жауып, сыйлық табыстады. Өз кезегінде арнайы құттықтай келген азаматтарға ризашылығын білдірген ардақты әже елдің амандығын тілеп, ақ батасын берді.
1922 жылдың 8 наурызында дүниеге келген Қатира әже 1950 жылы Келес ауданының тұрғыны, соғыс ардагері Башар Нанабековке тұрмысқа шыққан екен. Бүгінде өнегелі әулеттің шамшырағы болған әжей бейнетпен өткен ғұмырының зейнетіне бөленіп, ұрпақтарының алдында бақытты өмір кешіп келеді. Тылда тер төгіп, еңбек еткен ол өмірге әкелген 4 перзентінен 15 немере 52 шөбере сүйіп отыр.
Айта кетейік, бүгінде Келес ауданында 13 мыңнан астам көпбалалы ана бар.
13 ҚҰРСАҚ КӨТЕРГЕН АНА
Түркістан қаласында ғасыр жасаған 6 ана бар. Көктемнің алғашқы мерекесі күні Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Құлбайымбетов 100 жасаған аналарды арнайы құттықтады. Алдымен 102 жасқа толған Қызсұлу Нұрханова мен 100 жастың жотасына шыққан Әшіркүл Бимаханбетованың шаңырағында болып, мерекелік лебіздерін білдірді.
Қызсұлу әже дүниеге 13 перзент әкелген алтын құрсақты ана. Екі ғасырдың куәсі болған қарт ананы сол күні мерекесімен құттықтап, қара шаңыраққа барған үлкен ұлы 758 жаста. Ал 40-шақты немеренің үлкені 50-ден асқан. Бүгінде әжесін алақанында аялап отырған шөберенің өзі 30-ды еңсеріп үлгеріпті.
Мерекемен арнайы құттықтап барған шаһар басшысына ғасыр жасаған аналар ақ батасын беріп, заманның тыныштығын, ұрпақтың амандығын тіледі. Аналардың тілегі қашанда қабыл болады, Қызсұлу және Әшіркүл әженің батасы қабыл болсын дейік.
35 НЕМЕРЕ, 82 ШӨБЕРЕСІ БАР
Сарыағаш ауданының Нұрлы жол ауылында 102 жасқа келген Жадыра есімді әже тұрады. Өткен мереке күні аудан әкімі Мұхит Отаршиев Жадыраәжейдің шаңырағына арнайы барды.
«Жер бетіндегі жақсылық атаулы аналардың үлкен жүрегімен әрленеді десек, жылына бір тойланатын мерекеде олардың еңбектерін бағалап, құрмет көрсету — парызымыз. Сіздер өмірді нұрландырып, шаңыраққа шаттық нұрын себесіздер. Сіздердің қолдауларыңыз әркімнің жүрегінде сенімділік ұялатып, шуақ сыйлайды», — деген Мұхит Баймұханбетұлы қарт әжеймен әңгімелесіп, арнайы сый-сияпаттарын табыстады.
Жадыра әже шаңырағына арнайы құттықтай келген аудан әкіміне алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Кескенбаева Жадыра Төлегенқызы – 1920 жылы, 10 наурызда дүниеге келген. 1971 жылы Сарыағаш ауданына көшіп келіп, колхозда мал, егін шаруашылығымен айналысқан. Қарт ана 7 ұл-қызды дүниеге әкелген. Қазіргі таңда 35 немере, 82 шөбере, 4 шөпшек сүйіп отыр.
БИЫЛ 103 ЖАСҚА ТОЛДЫ
Созақ ауданында да ғасырдан ұзақ жасаған аналар бар. Атап айтқанда, Қарақұр ауылында 102 жастағы Сырғакүл Керімбекова, ал Сызған ауылында 103 жасқа толған Дүйшет Қалаубаева тұрады.
Айта кетерлігі, 1920 жылы Созақ ауылында дүниеге келген Сырғакүл Керімбекова әженің кіндігінен 4 ұл, 1 қыз тарап, бүгінде 15 немере 25 шөбере, 7 шөпшек көріп отыр. Колхозда жұмысшы, сақпаншы болып ауыр жұмыс істеген. Созақ, Қаратау совхозында есепші болған. Саналы ғұмырын еңбек жолына арнаған аяулы жан.
Ал биыл 103 жасты еңсерген сызғандық Дүйшет Қалаубаева әжеміз тыл және еңбек ардагері. «Асыл әже» медалін кеудесіне таққан жан. Ел анасы 3 қыз 2 ұлдың анасы. Бүгінде немере, шөбере, шөпшек көріп отыр.
Мереке күні Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков ғасырды бағындырған әжелерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен арнайы құттықтап, иықтарына орамал жауып, сый-сияпат жасады. Мерекелік гүл шоқтарын ұсынды.
«Ғасыр жасап, өмірдің ащы-тұщысын көрген әжелеріміздің өмірі баршамызға үлгі. Бұл кісілер елдің анасы. Сіздердей аналардың бата тілегі ұрпаққа күш-қуат береді. Елдің амандығын жұрттың тыныштығын тілеп, аман жүріңіздер», — деп құттықтады аудан басшысы.
…Айта кетейік, Қазақстандағы ұзақ өмір сүрушілердің басым көпшілігі оңтүстік облыстарда тіркелген. Мәселен, бірінші орында 87 адамды құрайтын Түркістан облысы тұр. Үздік үштікке Алматы мен Жамбыл облыстары да енген, әрқайсысында ғасыр жасаған 76 адамнан бар.