САУРАННЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН

Қоғам
364 Views

Түркістан облысы, Сауран ауданының құрылғанына 1 жыл болды. Естеріңізде болса, бұл туралы Жарлыққа Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев 2021 жылдың 15 наурызында қол қойды.

Ауданның құрылғаны – кеше ғана. Яғни 1 жыл деген аса көп уақыт емес. Дегенмен онда атқарылған жұмыстар көп. 

«Сауран ауданының құрылуы оң әрі ұтымды шешім болды». Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің аталған аудан тұрғындарымен кездесуінде саурандықтар осылай деді. Тұрғындар жаңа ауданның инфрақұрылым және өзге де салалары бойынша мәселелерін айтып, әкімге сұрақтарын қойды. Пікір алмасты. Облыс басшысы тарихи мекен – Сауранды дамытуға көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.

Кездесуде тұрғындар тарапынан түрлі мәселелер көтерілді. Атап айтқанда газ, жер кезегі, Оқушылар сарайы мен Мәдениет үйін, тарихи мұражай салу, карьер пайдаланушылардың жұмысын қадағалау, білім ұяларын салу және өзге де түйткілдер бойынша сұрақтар қойылды. Өңір басшысы тұрғындардың талап-тілегі кезең-кезеңімен орындалатынын, әлеуметтік нысандар саны артып, Сауран ажарлана түсетінін жеткізді. Биыл әкімшілік-іскерлік орталығы, спорт кешені салынатынын, 3 мектептің құрылысы жүріп жатқанын мәлімдеді. Шорнақ ауылының аумағы абаттандырып, 5 балалар ойын алаңшасын салу, орталық көшедегі 5,6 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Елді мекендерді газға қосу жұмыстары да жүріп жатыр. Тұрғындар Түркістан өңіріндегі жұмыстарды оң бағалап, Сауранға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдауға, өңір басшысына ризашылықтарын білдірді. Кездесу соңында өңір басшысы бірнеше тұрғынды жеке өтініштері бойынша қабылдап, сұрақтарына жауап берді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында елімізде қандай реформалар болатынын айқындап берді. Басшыларға тұрғындардың табысын арттыру, жұмыспен қамту, инженерлік инфрақұрылымды жақсарту және өзге де мәселелер бойынша міндеттер жүктеді. Түркістан облысында бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі 322,9 млрд. теңгені құрап, 4,1%-ға ұлғайды. Жалпы, облыс құрылған 4 жылда 2,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылып, 2 есеге артты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өткен жылы 20 елді мекенге жаңа ауыз су құбыры тартылып, ауыз сумен қамтылған елді мекендер 717-ге жетті. Жаңадан құрылған Сауран ауданының инфрақұрылымы жақсарып, әлеуметтік нысандар, мектептер, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы салынады. Оңалту орталығы бой көтеруде. Ауыл шаруашылығы мен туризмді дамыту бойынша да жұмыстар атқарылып жатыр. Тарихы тереңде жатқан Сауранның болашағы жарқын боларына сенемін. Сол бағытта бірлесе жұмыс атқарамыз», – деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Бүгінде Сауран ауданының орталығы – Шорнақ ауылының бас жоспарының тұжырымдамасы қаралып, Бас жоспарын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жұмыс биыл аяқталып, ауданда құрылыс қарқыны еселеп артады деген жоспар бар. Бұйыртса, келесі жылы Сауран ауданының гүлденген, өркендеген келбетін көретін боламыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *