ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН ЕМХАНА ТҰРҒЫНДАР ҮШІН ҚАУІПТІ

Денсаулық Мәселе
766 Views

Үшінші мегаполистегі халық саны жыл санап артып келеді. Шымкентте бүгінде 1 миллион107 мың адам тұрады. Жалпы, халық тығыздығы мен бала туу көрсеткіші жөніненШымкент республика бойынша алда. Осы халықтың амандығы, денсаулығы мен өміріүшін қаладағы медициналық мекемелердің жай-күйі заман талабына сай болуы тиіс.

Десек те Шымшаһардағы кейбір емханаларды ХХІ ғасырдағы емдеу орны, күн санап көркейіп келе жатқан мегаполиске лайық медицина мекемесі деуге ұяласың. Мысалы, қаладағы №4 емхана (бас дәрігері Рамазан Бектұрғанов). Бас сұқсаң, көңілің құлазиды. Қанша жерден күтіп-баптап, әктеп-сырлап ұстауға тырысқанмен, мекеме ғимаратының әбден тозығы жеткені сырт көзге көрініп-ақ тұр.

1938 жылы салынған ғимарат 84 жылда әбден тозған. Қанша жөндеуден өткізіп, сылап-сипап, әрлеп-әктегенмен, ескінің аты ескі. Онда телефон, интернет, басқа да электр желілері қабырғаға қанша жапсырсаңыз да жалбырап, шет-шеті ашық жатыр. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», олар кез келген уақытта электр сымдарының тұйықталуын тудырып, емхананы өрт шалуы әбден мүмкін. Құдай бетін аулақ етсін дейік, бұл дегеніңіз медицина мекемесіндегі мыңдаған адамның – медицина қызметкерлері мен науқастың өміріне қауіп!

Шымкент қалалық №4 емханасындағы қолайсыздық бұл ғана емес. Үш қабатты ғимаратта медицина қызметкерлері мен келушілерге 2-ші қабатта жалғыз әжетхана. Жарақат алған, жоғары қабатқа шыға алмайтын науқастар үшін ол өте қолайсыз: баспалдақпен жоғары шығу қарт кісілер, балдаққа сүйенген адамдар үшін өте қиын. Ал өздігінен жүре алмайтын мүгедектер арбасындағы адам үшін бұл тіпті мүмкін емес. Өркениетті елдерде бұл мәселе басты орында болуы тиіс. Десек те өркениетті елдер қатарына қосылғанына 30 жыл болған Қазақстанда әжет өтеу мәселесі әлі күнге елеусіз қалып келеді.

Емханада мүгедектер арбасындағы науқастар үшін жоғары қабатқа шығу тіпті «ақырет». Өйткені лифт жоқ!

Екінші қабаттағы хирург кабинетіне көтерілу де науқастар үшін шешілмей келе жатқан мәселе. Хирургке кімдер барады? Әлдеқандай жағдаймен жарақат алған, қол-аяғы гипстегі науқас үшін мұның қаншалықты қиын екенін түсіне беріңіздер!

Бұл мәселелерді біз емхананың бас дәрігері Рамазан Бектұрғановқа ескерттік. Сұрадық. Көрмей-білмей жүрген жоқ екен.

Айта кетейік, Рамазан Сейдахметұлы бұл мекемені 2018 жылдың желтоқсан айынан бері басқарады. Бұл мәселе үнемі назарында екенін айтады. Дегенмен мәселе тек қана емхана басшылығының қолында емес. Мәселе Шымкент қаласының әкімі мен бас дәрігеріне тіреледі.

Түсінгеніміз, емхананың жақын маңда 1,4 гектарға жуық жері бар. Мүмкіндік жасалса, бюджеттен қаржы бөлінсе, Р. Бектұрғанов өздеріне қарасты 40 мың тұрғынға қолайлы жаңа ғимарат құрылысын жүргізу ісіне қазір-ақ құлшына кірісуге әзір. Мәселе – басқада. Алдымен қаржы қарастырылуы керек!

Бас дәрігер бір сөзінде жаңа емхана құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттың да дайын екенін айтып өтті. Бірақ, неге екені белгісіз, мегаполистің қақ ортасындағы 40 мың тұрғынға қызмет етіп келе жатқан емхана құрылысы туралы Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов жақ ашпайды, кешегі күнге дейін Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы болған Б. Позилов та үнсіз. Бұл мәселе нақ осы Б. Позиловтың кезінде іске асуы керек еді. Б. Жолдасбекұлы Шымкенттің бас дәрігері болып тағайындалғанда қала халқы тозығы жеткен емханалар жаңарады деген қуанған. Әсіресе ескі қаланың 40 мың тұрғыны жаңашыл басшыдан жаңа леп күтті. Бірақ үміт ақталмады.

Әкім Әйтенов қайда қарап отыр?! Осындай сұрақ туындайтыны анық. Халықтың олай сұрауға құқы да бар.

Бәлкім әкім мырза «жел тұрса шатыры шайқатылып, іргесі тербелетін» «соғыс көрген» ғимарат әлі де елге қызмет етіп тұра береді деп елемей жүрген болар? Керек десеңіз, әкім мырза бұл туралы мүлде білмеуі де мүмкін.

Тұрғын үй мен медицина мәселесі реттелмей, жақсармай, қала дамымайды, әкім мырза!

Дайын жерге дайын жоба бойынша ғимарат салуды шеше алмаған адамды басшы деу қиын. Керек десеңіз, бұл – халыққа жасалған қиянат. Бұл – қылмыс! 40 мың тұрғынның денсаулығына, өміріне қауіп төндірген қылмыс!

Шынтуайтына келгенде, бұл мәселеге ең алдымен әкімнің емес, басқа адамның басы ауыруы керек: ол – қаланың Денсаулық сақтау басқармасының басшысы. Бірақ!..

Медицина ғылымдарының докторы, профессор Р. Бектұрғанов бұл салаға кеше-бүгін келген жоқ. Естуімізше, ол жаңа ғимарат жұмысын бастау үшін инвестор тартуға да әзір. Бірақ ұсынған жобасы кері қайтып, ісі мақұл таппай отыр. Кедергі қайдан?

Айтпақшы, Бақытжан Позилов бүгінге дейін қанша медицина мекемесінің лентасын қиды екен өзі? Жекеменшік-мемлекеттік емдеу-сауықтыру орталықтарының ашылуында төбе көрсетіп жүргенін әр кезде желідегі суреттерінен көріп қаламыз. Жекеменшіктің жағдайы белгілі – артында қалталы қожайыны болары анық. МӘМС де әр емделушісі үшін құр қалдырмас, тиісті тиынын берер. Ал 40 мың тұрғынның денсаулығына (тіпті өміріне!!!) жауапты мемлекеттік емхана қашан жаңарады, Б. Позилов?! Ескі қала жұртшылығы қашан жаңа ғимаратқа көшіп, қашан соның лентасы қиылады???

Шымкент қалалық №4 емхананың бас ғимараты 2020-2021 жылдары ішінара жөндеуден өтіпті. Биыл да солай — сыртын әрлеу мен жөндеу жоспарланып отыр екен.

«Ескіні жамағанның есі кетеді» деген сөз бар. Жыл сайын жамай бергеннен кейбіреудің ғұмырынан да ұзақ қызмет етіп келе жатқан ғимарат жаңарып қалмайды. Ол жағы айтпаса да белгілі. Сонда жөндегеннен не пайда, сылағаннан не пайда? Бұл бюджет қаржысын босқа шашумен тең әрекет қой! Әріден ойлайтын тәжірибелі және жанашыр басшы осы жағын ойланар болар.

Айтпақшы, М. Әйтеновті (және бірнеше депутатты) №4 емханаға апарып, көрсету керек еді. Дайын жерге ғимарат салуды мәселесін шеше алмайтын адам Шымкенттің Денсаулық сақтау басқармасын басқармауы керек! Тоқетері – сөз түйіні осы.

Н. ЕРҒАРА

P.S. Газет баспаға дайындалып жатқанда Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позилов өз еркімен қызметінен кетті. Бұл кетістің артында қылмыстық істер жатырдеген сыбыс бар. Бірақ қалалық №4 емхана мәселесі мұнымен шешілген жоқ.«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті бұл мәселені назарында ұстайтын болады. Алдағыуақытта осы қызметке тағайындалатын басшы 40 мың тұрғынның жанайқайына құлақтүреді деп сенеміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *