ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЭНДАУМЕНТТЕР ФОРУМЫ

Білім Қоғам
481 Views

29 сәуірде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ENU Endowment Fundтаныстырылымы және еліміздегі алғашқы «Қазақстанның Эндаументтері» форумы өтті. Іс-шараға қазақстандық және шетелдік сарапшылар, мемлекеттік мекемелердің, білім беру ұйымдарының, қаржы компанияларының және кәсіпкерлік қауымдастықөкілдері қатысты.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлектері ENU Endowment Fund құрылтайшылары болып табылады. Эндаумент-қорды құрудың негізгі мақсаты – тұрақты дамуды қамтамасыз ету және келешекке әлеуметтік, білім беру, ғылыми және мәдени жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру үшін ұзақмерзімді қосымша ресурстар тарту.

Таныстырылым барысында «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректор Ерлан Сыдықов университет түлектерінің жоғары әлеуметтік жауапкершілігін атап өтті.

«Біздің түлектеріміз ENU Endowment Fund құруға бастамашылдық танытты. Университетімізде эндаумент тәжірибесі жүзжылдықтармен өлшенетін үздік әлемдік жоғары оқу орындарының үлгісі бойынша мақсатты капитал қорының құрылуы – бұл бұрын-соңды болмаған оқиға. Олар тек ЕҰУ ғана емес, сонымен қатар қазақстандық білім беру саласындағы маңызды жобаның алғашқы ашушылары болып табылады. Жақын арада қордың табысы дарынды студенттерге және олардың инновациялық жобаларына қаржылық қолдау көрсетуге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Осылайша, түлектер өздерінің білім алған ЖОО өміріне белсене араласып, адам әлеуетін дамытуға ғана емес, бүкіл елдің болашағына да өз үлестерін қосады», — деп атап өтті ректор.

ENU Endowment Fund директоры Динара Мұсабалина қорды және веб-сайтты https://endowmentenu.kz/ таныстыру барысында мақсатты капиталға қол сұғылмайтынын және жинақтау сипаты бар екенін атап өтті. Одан түскен инвестициялық табыс есебінен ғана жобаларды қаржыландыруды жүзеге асыру жоспарлануда. ЕҰУ-дың құрылтайшы-түлектері мұқтаж студенттерге гранттар мен стипендиялар тағайындау арқылы қолдау көрсетуді, білім алушылардың ғылыми-инновациялық және кәсіпкерлік қызметіне жәрдемдесуді және талантты жастарға қолғабыс етуді жоспарлап отыр.

Қорға 10 млн теңге көлемінде алғашқы жарнаны ENU Endowment Fund құрылтайшыларының бірі, ЖОО түлегі Дмитрий Инютин енгізді. Оның айтуынша, ұрпақтар сабақтастығын сақтау бүгінде аса маңызды.

«Осы университетте алған білім мен дағдылар көптеген өмірлік қиындықтарды жеңуге көмектесті. Бүгінгі жетістіктерімде білімнің үлесі бар, демек менің альма-матерім де бар. Өзімнің университетіме, оның ішінде жаңа технологиялар дәуірінде білімге құштар студенттерге көмектесу тәрізді жауапты іс-әрекеттердің уақыты келді деп ойлаймын. Эндаумент – бұл қиын-қыстау кезеңдерде университеттердің тұрақтылығын сақтау мен нығайтудың тиімді тетігі. Осы қордың арқасында біздің болашақ ұрпақтарымыз ғылыммен айналысатын болады», — деп атап өтті Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ түлегі.

Тұсаукесер аясында университеттің дамуына үлес қосқан түлектер мен меценаттарға арналған «Даңқ ағашының» салтанатты ашылуы өтті. Бұл аллеяда тұлғалардың есімдері болашақ ұрпақтың есінде қалуы үшін отырғызылған көшетке нақыштап жазылады. Даңқ ағашына бірінші болып Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ түлегі, Эндаумент қорының құрылтайшысы Дмитрий Инютиннің есімі жазылды. Сондай-ақ, ол университет өміріне белсенді қатысқаны үшін «ЕҰУ меценаты» белгісіне ие болды.

Қорды құру мақсаттарының бірі – студенттерге стартап жобаларын жүзеге асыруға көмектесу. Мәселен, жас стартапер Диас Ташиев бұл жастар үшін жобаны іске асыруға қолдау алуға жақсы мүмкіндік деп санайды.

«Кәсіпкерлік туралы негізгі білімді жастар бойына сіңіру керек деп есептеймін. Бұл қаржылық сауаттылықты арттыруға мүмкіндік береді және кәсіпкерлер санын арттырады. ЕҰУ-да студенттерді кәсіпкерлікке оқытып қана қоймай, стартаперлерді қолдау шараларының кешені қарастырылған. ЖОО-ның бизнес-инкубаторында инновациялық бизнес идеяларды қолдау үшін акселерация бағдарламалары құрылған, мастер-кластар өткізіледі, коворкинг орталығында жұмыс орнын ұсына отырып, заңды және консалтингтік қызметтер қарастырылған. Біз Эндаумент қорына да үлкен үміт артамыз», — деді 3 курс студенті.

Қордың таныстырылымы І «Қазақстанның Эндаументтері» форуммен жалғасты. Елімізде алғаш рет мақсатты қорлардың өкілдерін тоғыстырған жиынды Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырды.

Форумның мақсаты – мақсатты капиталды қалыптастыру мен дамытудың өзекті мәселелерін талқылау, эндаументтерді басқару бойынша озық тәжірибе алмасу үшін бірыңғай алаң құру.

Форум жұмысын ашқан ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев эндаумент қорлардың мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды.

«Мұндай форумды өткізу өте уақтылы және өзекті. Эндаумент қорын құру – білім беру үрдісіне инновацияларды енгізудің маңызды құралдарының бірі. Бұл жоғары оқу орындарының дамуына, студенттерді қолдауға, зерттеу қызметін ілгерілетуге ықпал етеді. Мен бұл бастаманы қолдаймын», — деді ол.

Сондай-ақ, іс-шара барысында ММХҚИ, ҚазҰУ, Ұлттық кардиохирургия орталығының «Жүрек орталығы», КАЗГЮУ, Назарбаев Университетінің «Әлеуметтік даму қоры» және т.б. өкілдері сөз сөйледі.

Бірінші Эндаумент форумына қатысушылар университет аумағына 50 түп көшет отырғызып, байыпты бастама есте қаларлық оқиғаға айналды.

Іс-шара аясында тұрақты даму, инвестиция және фандрейзинг мәселелері бойынша панельдік сессия, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдардағы капиталды басқару бойынша семинар өтті.

Анықтама үшін: Эндаумент – ұйымның тұрақты дамуы мен болашаққа ұзақ мерзімді инвестициялауқұралдарының бірі болып табылады. Қазақстанда эндаумент қоры нысаналы капиталдың құқықтық институты ретінде салыстырмалы түрде жақында пайда болды, бірақ соған қарамастан бүгінгі күні еліміздегі оқу орындарының жанында ондаған эндаумент бар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *