ОРМАН ӨРТІНЕ ЖОЛ БЕРМЕЙІК

Қоғам
664 Views

Орманда өрт шығу себептерін сараптағанда көбінесе адамдардың өз кінәсіненболатыны анықталды. Сондықтан өрт қауіпсіздігі ережелерін үйрететін үгіт-насихат жұмыстарын тек өрт сөндіру қызметкерлері ғана емес, олармен қатарқоғамдық мекемелер де жүргізуі тиіс.

Орман шаруашылығының жұмысында өрт қау­іп­сіздігі – бірінші кезектегі мәселе. Орман шаруа­шы­лықтарының барлығында орманды өрттен қорғау жоспары болады. Жоспарда орманның түрі, ортаның рельефі, су жолының, теміржол, автомобиль жолдарының жақындығы ескеріледі. Орман шаруашылығын өрттен қорғаудың жоспары мен сызбасы жасалады.

Жоспарда көлік жолдары, тұрғын үйлер, кардондар, өзен, көлдер, орман шаруашылығының кеңселері, өрт бақылайтын мұнаралар, хабар қабылдайтын пункттер, өрт шығу қаупі бар нысандар белгіленеді. Сонымен бірге, оған өрт қауіпсіздігі құрылымының жоспарында орманды бақылау қызметін ұйымдастыру, өрт сөндіру-бақылау құрылғыларын салу, телефон байланысының жүйесін жаңартып тұру, радиобайланыс ұйымдастыру, ерікті өрт жасақшыларын дайындау және оларды көлікпен қамтамасыз ету т.б. қызметтер кіреді.

Орман және дала өрттерінің алдын алу, оны болдырмауға бағытталған үгіт-насихат жұмыстары аудан көлеміндегі мекемелерде лекциялар, баяндамалар, аудандағы ауылдық округтер мен шаруа қожалықтарға таратылатын ескерту хаттар жатады. Орманға барар жолдарда, демалатын жерлерде, орман жұмыстары жүріп жатқан жерлерде аншлаг паннолар, хабарламалар арқылы өрттен сақтандырулар шаралары жасалуы қажет. Алайда осыларды орман-тоғайлы жерлер маңында демалушылар ескере бермейді. Әр тұрғын мұндай ескертулерге байыппен қараса, халық байлығы орманды тілсіз жау өрттен қорғауға, аман сақтауға ықпалдарын тигізетіні анық.

Орман өрттерінің болуының негізгі себептері мыналар:

– сөндірілмеген шылым не сіріңке;

– аңшылықтың салдары. Олар атқан оқтан бықсып шөп жанып тұтанады;

– механизатор орманда өрт қауіпсіздігін сақтай бермейді. Тұтануға бейім майланған материалды тастап кетеді, техника қауіпсіздігін бұзады, көліктің жанында шылым шегеді және т.б.;

– орман ішінде болған демалушылар, ауыл шаруашылығының жұмысшылары кепкен шөп, кесілген ағаш қалдықтары бар жерлерге от жағады;

– орман қоры жерлеріне жақын жерлердегі егістің орнын өртейді;

– күннің сәулесі мол түсетін жерлерге шынының сынығын тастап кетеді. Ал ол жандырғыш линза тәрізді күн сәулесінен қуат алып құрғақ шөптерді тұтандырады;

Орман өртін сөндіру оңай шаруа емес. Сондықтан оған жол бермеудің алғы шарттарын қатаң сақтау қажет.

Құрметті аудан тұрғындары, өрттің тілсіз жау екенін және өрт болған жерде көптеген шығындар келтіретіні бәрімізге де белгілі. Осыған орай көктем, күз мезгілдері өртке өте қолайлы уақыт.

Орман-тоғайларда өрт орын алса оңайлықпен сөнбейді, айналасындағы бірнеше метр жерге дейінгі өсімдік ағаштарын, аң-құстардың ұяларын жояды. Сонымен қатар бау — бақша егу мақсатында егістік жерлерді дайындау кезінде өрт қауіпсіздігі шараларына онша мән бермей, шөп-шалаңды бей-берекет жағудың арты орман-тоғай өртіне айналып кетуі мүмкін.

Сол себепті табиғат берген байлықты сақтап, орман қорын қорғап, өсімін молайтуға көпшілік болып атсалысуымыз керек. Орман-тоғай өрттері орын алған жағдайда 101, немесе 112 телефонына хабарласыңыздар.

Б. ӘБІЛҚАСЫМ,

Абай ауданы ТЖБ инженері азаматтық қорғау аға лейтенанты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *