МАТЫҒҰЛ БИ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Рухани жаңғыру
1 455 Views

Әлі толық зерттелмей жатқан батырларымыз бен билеріміздің бар екені белгілі. Солардыңбірі шекті Матығұл би. Арғысын айтпай бергісін түсіндіру қиын дегендей, Матығұлби жайлы айту үшін әңгімені шекті руынан бастаған дұрыс сияқты.

Көне тарихи жазбалар мен жыр-қиссаларда шектілер жайлыдеректер жиі кездеседі. XVII-XIX ғасырларда олар Сырдарияның төменгі құйылысындағы қызылқұм мен қарақұмнан басталып солтүстігі Ырғыз бен Шалқарғадейінгі жерді алып жатқан аймақты мекендеген көрінеді. Арал теңізінен Мұғалжартауына дейінгі жерді мекендегендер қыр шектісі, Арал маңы қарақұмы менқызылқұмды жайлағандары Сыр шектісі деп аталыпты. Атақты Көтібар Бесендеұлы,Есет Көтібарұлы, Жанқожа Нұрмұхамметұлы, Бекежан Айбекұлы, Тайлақ Бекежанұлы,Ерназар Кенжалыұлы, Бекет Серкебайұлы, т.б. батырлар мен Мөңке, Нияз, Матығұл, Жетес, Нұрыбай, Бекарыстан билер шектіден шыққан.

Шекті руы Шыңғыс, Өріс, Баубек және Бөлек болып төрткебөлінеді. Осының Өрісінен екі аталық тарайды – Есенәлі және Әйдербек. Есенәліден Палуан мен Кішкене туады екен. Кішкенеден алты бала – Жиеней,Жолшара, Асан, Үсен, Құрманай және Құттық болған. Кішкене бабамыздың алты ұлыел ішінде «Алты кішкене» атанып, олардан тараған ұрпақ «кішкене шекті» дегенатпен белгілі болады. Бұл атау кейін ақын-жазушылардың шығармаларына, тарихшылар мен зерттеушілердің жазбаларына енген. Орыс зерттеушісі И.Аничковтың1894 жылы Қазан баспасынан шыққан «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхамедов» аттыкітабында, Мұхаметжан Тынышпаевтың 1925 жылы Ташкентте басылған «Қазақ халқының тарихынан материалдар» деген зерттеуінде, Зейнолла Шүкіровтің «Сыр бойы»романында, басқа да әдебиеттер мен мектеп оқулықтарында айтылады.

Сыр бойының белгілі шежірешісі Құлашынның Ахметінің айтуынша Кішкенеұлы Асаннан төрт бала болған — Қожамберді, Құдайберді, Сырлыбай және Өтеп. Сырлыбайдан бес бала: Дәулетияр, Матығұл, Аташ, Мырзағұл және Мәметек. (Өмірзақ Ахметов, «Сыр елінде жинақталған қазақтың шежіресі» — Қызылорда, 1995 ж. 73-84 б.). Асан руын көбейтіп тұрған Матығұлдың осы алты баласының ұрпақтары. Біздің әңгімеміз Асанның немересі Сырлыбайұлы Матығұл жайлы болмақ.

Матығұл дәулетті адам болыпты, әрі билік құрған көрінеді. Матығұлдан тараған ұрпақтардың би Нұрыбай, батыр Құрымбай, көп Көбек, тентек Тоғыс, аз Бақай, наз Қалыбай деген атақтары бар. Осы алты баладан тараған ұрпақ ел ішінде «қалың матығұл» деп айтылады. «Матығұлдардың түйе қарағаны бір үйлік» деген де сөз бар. Соған қарағанда Матығұлдың түйесі көп болғанға ұқсайды. Олар көшіп бара жатқанда жұртына қоламтаға көміп нан қалдырып кетеді екен, осыған қарап матығұлдардың көшін айыратын болған.

Зейнолла Шүкіров өзінің «Сыр бойы» романында «Арқадан атақты Сегіз сері келгенде Матығұлдың Өмірқұл, Көбек және Құрымбай атты үш ұлы бар еді» деп жазады (З.Шүкіров, «Сыр бойы» романы, I-том, 105 бет). Сегіз серінің 1818 жылы туып, 1854 жылы дүниеден қайтқаны белгілі. Оның патша үкіметінің қуғынына ұшырап кіші жүздің жерін сағалайтын кезі 1840-шы жылдардың шамасы. Олай болса Матығұл биді XIX-шы ғасырдың басында өмір сүрген деп болжауға болады. Көнекөз қариялардың айтуынша сол кезде Елек пен Ырғыз жақта «кішкене шектінің» ұрпақтары ғұмыр кешкен екен. Әбдісаттар Оспанов 1992 жылы шыққан «Жанқожа батыр» атты кітабында былай деп жазады: «…XIX ғасырдың қырқыншы жылдары кезінде шапқыншылық пен қанау күшейе түсті (автор Хиуа хандығының шапқыншылығы жайлы айтып отыр. – И.А.). Бұл кезде Жанқожа батыр жазда Қарақұмды жайлап, қыста Ырғызды қыстап жүретін» (Алматы, «Ғылым» баспасы. I-том, 76 бет.). Елек өзенінің аша тұсында Матығұл баласы Құрымбай жерленген деген дерек бар. Сол сияқты Матығұлұлы Көбектің бейіті де сонда деп айтылып жүр.

Шымкент қаласының тұрғыны Тәңірбергенов Жылқайдардың айтуынша Орал облысының Казталовка ауданында «Кішкене шал» деп аталатын жер бар екен. Сол маңда ескі қорымдар көп көрінеді. Ал Қуаныш Әділханұлы фейсбукте былай деп жазыпты: «Асан бабамыздың бейіті Мұғалжар тауында дейтін еді. Бірде мұғалжарлық кісімен поезде сапарлас болдым. Біздің жақта Асан бейіті деген бар, ауылымызда асан руының адамдары да бар деді». Бұлардан басқа Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында «Матығұл мазары» бар екені белгілі болып отыр. Айтылып отырған атаулардың бәрі де біздің бабаларымыздың есімдеріне сәйкес келеді, оның үстіне Матығұлдың Көбек пен Құрымбай атты балаларының Ырғыз жақта жерленгені жайлы жоғарыда айттық. Бұлардың бәрінің сәйкес келуі кездейсоқ нәрсе емес, сондықтан алдағы уақытта Матығұл бидің өмірі, сонымен қатар Ырғыз ауданындағы «Матығұл мазары» мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында толығырақ зерттеуді қажет ететін сияқты.

Ислам АХМЕТҰЛЫ,

ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты,

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *