КӨНЕ АСТАУДАН ЖЕМ ЖЕП ҮЙРЕНГЕНДЕР «ӘДІЛДІК» ІЗДЕУГЕ КӨШКЕН БЕ?

Қоғам
684 Views

Соңғы кездері атышулы Бақытжан Төреғожин, Болат Әбілов секілді белсенділер аяқ астынан «оянып», әлеуметтік желіде оңды-солды байбаламшыл, қазіргі билікті біржақты, негізсіз айыптаған жазбаларын бұрқырата бастады. Сөздерін бажайлап қарасақ, ішінде іліп алар ештеңе жоқ. Сол баяғы жаппай қаралауға, негізсіз жала жабуға құрылған ескі сарын. Дәлел, дәйектен жұрдай. Болмаса адам «мұны біреуден естідім, оған тағы біреу айтқан екен» деп хабар тарата ма?! Осылайша, олар тағы да өздерінің сөз теріп, бірді-бірге соғып, жан бағып жүрген саудагерлерше көрсетіп отыр.

Бұлардың ұйқысынан шошып оянғандай, кенеттен белсенді болып шыға келуіне не себеп?

«Бақсам бақа екен» демекші, көне астаудан жем жеп үйренгендерге ескі жүйедегілерден тапсырыс түскен сыңайлы. Өйткені бұл Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан» бастамасы аясында саяси реформаларды қарқынды іске асырып, етек алған жемқорлықпен, тамыр жайған олигополиямен, криптократиямен ымырасыз күрес жүргізіп, заңсыз иеленген қаражаттар мен активтерді мемлекет меншігіне қайтаруы кезінде өршіп барады. Әрине, «мал ашуы, жан ашуы» деген. Талай жылдан бері шайқап ішіп, шалқақ басып, билеп төстеп үйреніп қалғандарға Мемлекет басшысының ел қамын көздеген бұл әрекеті қайдан жақсын?! Сондықтан жоғарыда аталғандар осылардың айтақтауымен жасап отыруы мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды.

Жалған «әділдік іздегіш» бола қалғандарға айтарымыз мынау. Арам ақша алға бастырмайды. Сендердің «елшіл» болып, ұпай жинап, пайда табатын дәурендерің өтті. Енді аяр іс, алдамшы сөздерің халыққа өтпейді. Бізге еліміздің бірлігі қымбат. Берекелі өмірі қымбат. Сондықтан жүйесіз сөзді тоқтатыңдар!

Қасымхан БЕГМАНОВ,

ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *