ЖЫЛҚЫНЫҢ СҮТІ – ШЕКЕР, ЕТІ – БАЛ

Экономика Қоғам
1 362 Views

Жылқының бабын жасай білетін халықтардың ішінде қазақты атасақ қателеспейміз. Соғым сойып, етін жіліктеп сақтап, қазы-қартаға айналдырып, сүтінен қымыз ашытып отыратын ел қайда бар? Сірә, төрт түліктің тілін біліп, қамын күйттейтін қазекемнен артығы жоқ шығар. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз — Бегімбек Уринов та ата-бабасынан бері келе жатқан жылқышы.

– Жылқы өсіру – атамнан жалғасып келе жатқан кәсіп, — дейді Бегімбек. –Бұл күндері мал басын көбейтумен бірге бордақылаумен айналыса бастадық. Соғым етін дайындауға елу күндей уақыт кетеді. Осы аралықта сойысқа апаратын жылқылардың салмағын арттырудың қамына кірісеміз. Мәселен, жылқының сатып алғандағы салмағы шамамен жеті жүз-жеті жүз елудей келі тартады. Жем-шөбін әзірлеп, баптаған күндер ішінде көбінде үстіне жүз келі салмақ қосады.

Ал, енді жылқыны қоңдандырамын дегенше, қаншама еңбек пен маңдайдың тері керек. Таңның атысынан күннің батысына дейін жем-шөбін беріп, қора-қопсыны тазартып, саумалын саудырып жүретін Бегімбек осы кәсібіне шүкірлік етеді. Мақтаарал ауданы атам заманнан диханшылыққа бейім ғой. Кейде өзі бастап, ал бірде ағайындармен бірігіп жоңышқа егеді. Жоңышқа жақсы азық. Бірақ, бордақы малдарды дайындауға жоңышқаның құры өзі аздық етеді, жүгері семіртеді деген соң, кейінгі жылдары жүрегі егуге ден қойған болатын. Нәтижесі жаман емес. Ол аздай қазір Солтүстік Қазақстаннан арнайы арпа мен бидай, сұлы азықтарын алдыртып жатыр екен. Жем-шөбі түзеліп, күтімі тәуір болса, жылқы еті құнарланып, дәмі тіл үйіре бастайды. Дұрыс баптаса мұндайда қымызы нағыз бал татырлық болады.

Уақыт өте келе Бегімбек түбінде осы ісінің алға басу мүмкіндігі барына көзі жетті ме, қолындағы азын-аулақ мал басын әрі қарай дамытып кеңейткісі келіп, өз бетінше іздене де бастап еді. Дегенмен, қандай да бір кәсіп көзін дөңгелетіп алып кету үшін қалтаңызда бастапқы капиталыңыз болу керек. Барлығынан бұрын ең бастысы – ынта.

Көп ұзамай Бегімбек Уринов жаңадан кәсіп бастағысы келетін азаматтарға қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарлама бар екенін естіп, Мақтаарал аудандық жұмыспен қамту орталығына барады. Мұндағы мамандар қабақ шытпай қарсы алып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген соң, Бегімбек іздегені алдынан шыққандай қуанды. Ең төмен жеңілдетілген пайызбен несие береді, жұмысыңыз алға басамын дегенше, жарты жыл үзілістен соң, несие төлемін өтей беруіңізге болады. Әрине, жеке кәсіпкерлік курсынан өтіп, бұрыннан мал өсіріп бағудың қыр-сырына қанық жылқышы Бегімбек үшін алты ай ішінде нәтижеге қол жеткізе алатын уақыт.

Жылқы бордақылауды отбасылық кәсіп етіп отырған Уриновтарды ауыл іші жақсы таниды. Бұл күндері Жұмыспен қамту бағдарламасы шеңберінде үш миллион теңге несие алып, тағы да он бас жылқы санын көбейтті. Сонымен бірге жем ұнтайтын арнайы аппараттар алынды. Соның өзі әжептәуір кәдеге жарап тұр. Осы аппараттың арқасында қаншама уақыт үнемделді. Мал азығы да дер кезінде дайын. Әр екі ай сайын жылқы соғымға әзірленеді. Қырқүйек айынан бастап соғымның басы қыза түседі. Содан қыс түсіп, көктемның аяғына дейін жылқы еті жақсы сатылады. Сауданың саябырсып қалатын мезгілі жаздың шілде, маусым айлары. Дегенмен, бұл айларда босқа қарап қалмай, қораны түгел дизенфекциялап алады.

Бегімбек Үринов:

-Біз мұсылман болғаннан соң, шариғат үкімімен малды халал бауыздаймыз. Маңдайынан ұрып өлтіру секілді қатыгездік жоқ. Етін базарға, дүкендерге, мекемелерге таратамыз, алдағы уақытта халал ет дүкенін ашу ойымда бар- дейді.

Сондай-ақ қымызды тапсырыспен сатып алып кететіндер жеткілікті екен. Бұл шаңырақта жыл он екі ай саумал үзілмейді. Саумал мың түрлі дертке ем екенін жақсы білесіздер, сол себепті сұраған кісінің көзінше биені жаңадан сауып береді. Қазір литрі бес жүз теңгеден сатылуда, ал қымыздың литрі үш жүз теңге.

– Мақсат — несие алу емес, — дейді жеке кәсіпкер Б.Уринов. – Мақсат – отбасымызды, балаларымды аяғынан тік тұрғызу, өмірге бейімдеу. Шағын кішкентай әрбір шаңырақтың тұрмысының түзелгені – мемлекеттің хал-ахуалы, экономикасының жақсарғанын білдіреді. Сондықтан, осындай идеяда құрылған «Жұмыспен қамту» бағдарламасы, оларды қолға алып, іске асыруға мұрындық болып отырған Халықты жұмыспен қамту орталығына рахметімді айтамын.

Алты баланың әкесі, шаңырақтың тұтқасы, әрі кәсібін дөңгелетіп отырған Бегімбекке біз де ісіңіз оңғарыла берсін деп тілек айтып аттандық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *