КЕК (РОМАН)

Әдебиет
349 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Қырбай, сорлы қазақ осы күнге дейін барына қанағат тұтып, қанша зұлымдық көрсе де, Аллаға шүкіршілік қылып, соғыс тілемей, жай жүрген. Қатардағы сорлы қазақты орыс ұлығы бір қанаса, өзіңдей парықсыз, жатбауыр есепті озбыр болыс екі қанады. Сонда да дауыс шығарып, қол көтерді ме? Бірақ заман озған сайын іштей жылауы үдеді, көзге көрінген тартар қорлығы артты. Енді шын жылағанды Құдай да көрді. Енді берді. Бергені – жұрттың көкірек көзі оянды, басқыншыларға кеткен кегі көтерілді. Қауымын соңына ерткен сардар-сәруарлар патшаның бар әскерін жеңеміз деп ойламайды. Сен айтқандай, ақымақ та емес. Біз патша ұлықтары тәубесіне бір келсін, қазақтың да намысты, еріккеннен шығарылған заңға, қисынсыз жарлыққа көне бермейтін ел екенін білдірейік деген ниетпен, көкірекке талай жылдан бері қордаланған наразылықты көрсетейік деген ашу-ызамен атқа қондық. Орыс ұлығының жанды жаралаған қорлығын, көңілде қалдырған қара таңбасын қайтсек жуып-шаямыз деп, топтандық. Қасіретпен күн кешкен сан жылдың ұшыққан жарасы жарылар күні бүгін екен. Кешегі өткен әруақты ерлердің жолын қуып, ізіне ерген мына біздер осылай анттасып, серттесіп, бір тұяқ серпіп қалуды ойластырдық. Майданға кетсе, бала өледі, ауылда қалса шал өледі. Бала өлмесін, одан да шал өлсін деп, ел аузына қараған ылғи ақсақал-қарасақалдар бетке шықтық. Жетесіз Қырбай, сенің «қай түлен түртіп, елді бұзып жүрсіңдер» деген пәтуасыз сөзіңе айтарымыз – осы!».

Қырбай да қайтпады. Қайтпауға бекінген. Өзін жұмсаған орыс ұлығынан көп тапсырма алған… «Қайтсең де, бүлікшілердің көсемдерін тоқтат! Сенен асатын олар – кімдер? Тоқтатсаң, болыстықты билейтін шенің не, үйездегі күллі болыстардың үстінен қарайтын үлкен хәкім етеміз!» деген ұлықтар.

Ол бұрыннан жарамсақ еді. Бай еді, сараң еді, иә, әзір де өзіне біткен құт-берекеден айырылмаған. Қызығы, ол байлық маған Құдайдан бітті десе, сол байлықты сақтау және болыс дәрежесіне жетуім орыс ұлығының жарылқауынан дейтін. Ағайын-туысқа сараң ол, орыс ұлығына – жомарт. Еліне залым ол, орыс ұлығына – мейірбан. Әрі өлгенше шенқұмар. Шен жолында бәрін түгел сатуға дайын. Бұрыннан болыстар арасына от салуға, олардың кейбір жасырын әрекеттерін үйез, облыс бастықтарына жеткізіп тұруға құмар, жансыздыққа жаны шебер жарамсақ. Осыдан да, қатарынан жеті сайлауда болыс сайланғаны. Әлбетте, Берной уезінде мұндай жәдігөй болыс – жалғыз бұл емес. Ондайлар көп. Қазір бәрін үйез, облыс ұлықтары Бекболат пен Омарбек сынды сардарларға қарсы айдап салуда.

«Сорлы қазақ әзірше атылып берсе – ысылдап, жаңбырша жауатын, күркіреп берсе – жер-дүниенің астан-кестеңін шығаратын орыс өтрәдінің мылтық-зеңбіректерінің оқтарынан жүрегі шайлықпаған аш құлақ, құр намыспен желігіп жүрген жігіттерді топтап, сарбаз құрғанына мәз екен. Егерде ол жарақшылар мұздай қаруланған отрядпен бетпе-бет кездессе, аттам басуға шамасы келер ме екен. Ал жол көрсетпей тұрып – көсем, қылыш көтермей тұрып – ұлық атанбақ Тоқаш пен Омарбектің, Бекболат пен Сәттің тірлігі тіпті далбаса. Бүркіт тырнағы астындағы шымшық жемі мен суын алаңсыз жеп-ішіп, тірлігіне тәубә айтып, тыныш жүрудің орнына, иесінің тірсегінен шоқығысы келеді. Бүркіт – орыс, шымшық – қазақ қой. Сор жолға ат басын бұрған көтеріліс бастаушылар ертең соңына ергендермен бірге түнекке батып, мәңгі қапасқа, түпсіз тұңғиыққа сіңерлерін пайымдамайды. Ақырғы сөзін айтты: Тоқаш пен Омарбек ақылды болса, соңындағы құранды-жырыңды тобырдың бәрін бүгіннен таратпақ шарт. Әзірше орыс ұлығы – кешірімшіл, патшасы – мейірімді. Әйтпесе, өзін батырмын деп өзеуреген әрбір есі кем жігіт, ақымақ азамат ажалынан бұрын өлмек. Өзі өлсе мейлі, ашуы қозған орыс ұлығы ағайын-отбасымен қосып, түгел қырмақ».

Қырбайдың екеуіне айтпағы, ескертпегі – осы екен.

Ол сөзін аузынан түкірігін шашыратып аяқтағанда, жанындағы орыс сөзге кірісті. Екіншісі орыс емес, аудармашы татар екен. Даусы шіңкілдеген оның сөзін аузына-аузы жұқпай аударып беріп отыр. Аудармашының айтуынша, бұл мырза үйездегі переселен комитетінен келген қызметкер екен. Ол айтады деді тілмәш: «Қазақтар бастаған істерінің соңы немен аяқталатынын ойламайтын ақылы кемдеу халық екен. Құр шоқпар-сойылдарымен от қаруының арқасында бүкіл дүниені ықтырып отырған Ресей әскеріне қалай қарсы шаппақ? Қазақтар бодан ел – жарлыққа қарсы бас көтеретін қақысы, өз беттерімен көтеріліс жасауға құқығы жоқ. Ауыл қазағында тіпті ерік те жоқ. Сол үшін де, патшаның айтқанына көніп, айдауына жүргендері өздеріне пайдалы. Ал мына Тоқаш пен Омарбек сықылды көтеріліс бастаушыларды дереу ұстап, қамау керек. Елден аластап, Сібірге айдау шарт…».

Тоқаш әрдеңенің артын бағып, сабыр сақтауға үйренген жан. Ал өмір бойы ылғи жол тосқан, тау кезген қарақшылармен, керуен тонаушы бұзықтармен, мал ұрлаушы барымташылармен алысып үйренген, басынан сөз, үстінен қамшы асырғанды ар санап, кіммен болса да дереу ұстаса кететін Омарбек мұндайда шыдап тұра алмайды. Әсіресе, қазақты қаралап, кемсітіп, намысын аяқ асты еткен бөтеннің сөзін естісе, тіпті, арқасы ұстап кетеді. Әлгі орыс солай дегенде, бергі жақтағылардың үстінен баса-маса, ақырып барып, оның тұмсығынан бір қойды. Жалаң қолының өзі гүрзідей тиетін Омарбектің соққысынан ол сорлының тістері опырылып, иек сүйегі сынып кетті ме, қыңқ деп дыбыс шығаруға да шамасы келмей, дуалға жабысты да қалды.

Ашулы Омарбек келесі кезекте тілмәшты да бір қойып, үстел астына кіргізе салды. Осы сәт отырғандар орындарынан гуілдесе тұра сап, оған жабыла кетті. Алдыңғы келгендердің екеуін бірден сұлатты. Арт жағынан келген үшінші біреу мұның сыртынан қолдарын қапсыра құшақтап алды. Одан бұлқынып босанам дегенше, қарсы алдынан келген ұзын бір жігіт тура мұрнынан соқты. Заматта мұрнынан қан сау ете қалды. Жаңағы ашуы түк емес, бетіне қатты соққы тигенде қаны басына шауып, жынданардай хәлге түсті. Артынан қапсыра құшақтағанды екі жағына сілкіп-сілкіп, үстел үстіне лақтырып жіберді. Сосын ұзынға шапты. Ол қолын ербеңдете бергенде, тура ішінен ұрды, бетіне басымен соқты. Серейген неменің тілі салақтап, жерге шөкті.

Осының барлығы бір демде, дереу болғаны соншалық, болыс тыпырлап орнынан тұрғанша, Тоқаш араға түсіп, сырттағы жігіттер жүгіріп келгенше, там ішінде орыс пен тілмашпен бірге екі-үш жігіт сұлап жатты. Омарбек енді орнынан қорбаңдап тұра берген семіз болыстың желкесінен аямай бір перді. Болыс кесілген жуан бөренедей маңдайымен жер сүзе құлады.

«Уа, атаңа нәлет қанын сатқан, жанын сатқан, ит жағымпаз! Мә!».

 «Қазағыңды жамандап, болыс болғанша, мә, өле қал! Мә!».

« Әй, сен, өзің жақтайтын орысқа емес, қазаққа болыссың ғой! Мә!».

«Сол қазақтың арқасында күн көресің, байлық жинайсың, сөйте тұра, қандасыңды жерге тығасың! Мә!».

«Сендей сатқындардың кесірінен қара қазақ сорлы боп жүр! Мә!».

Әр сөз айтқан сайын болысты ұра берді, ұра берді. Қырбай байғұстың үстін қан басты. Ол демсіз қалғанда жан-жақтағы оның адамдарына атылды. Бірін ұрып, бірін теуіп аласұрып жүргенде өз жігіттері жабыла ұстап, әзер тоқтатты.

– Осы істегенің де жетер, – деді Тоқаш. – Енді сабырға кел.

Басылмаған ашуын далаға шығып, зорға басты. Серіктері де орыстардың қаруларын алып, далаға шықты. «Болыстың сүйектері қирап, миына қан құйылып кетті ме, қорылдап жатыр. Орыс пен тілмашта түк сезбейді деді жігіттердің бірі. «Өлмесе, өмірем қапсын, бәрі», — деді екіншісі.

Көтерілісшілер қайтарда болыстың кеңсесі мен үйіндегі жарамды заттардың барлығын ат-арбаларға артты. Жайлаудағы жылқыларын алдарына салып, Үлкенсазға қарай айдады. Бірақ Бестоғай ауылынан көтерілісшілер қатарына бірде-бір жігіт қосылмады.

Жолда келе жатқанда Омарбек ауыр ойға батты: «Жаңа Қырбай болыс бұрын қылыш-найзамен соғысқан ата-бабаларың сияқты бүгінгі орыспен сойыл-шоқпармен соғысамыз дейсіңдер ме? Ендігісін өздерің біліңдер. Жөнге көніп, түзулікке жүрмедіңдер ме, онда өз обалдарың өздеріңе. Қырылсаңдар – өздерің, әрі сендерге ерген қара тобыр қырылады. Орыспен бірлікке, ұлықпен татулыққа шақырған менің бірдеңем кетеді деймісің, – деді-ау азбан. – Рас, қолма-қол шайқастың заманы өткенін онсыз да білеміз. Бірақ біз көтерілсек – өлерімізді білмеппіз бе, жарақты жасақ құрсақ – маңдайдан атылар мылтық барын сезбеппіз бе! Біздің ешқайсымыз уәли де, ғази де атанбақты ойламаймыз. Қара қазақты аяусыз таптаған отаршыл ұлықтарға ерлік-елдігімізді танытпаққа ту көтердік. Құрбандықсыз бақ қайда, шығынсыз бақыт қайда?! Ту көтеріп, көтеріліс бастаған әрбіріміз тоғышар болсақ, мешеу болсақ, халық жылап, ел жасып, тумаластың қабырғасы сөгіліп, жүрегі езіліп жатқанда міз бақпай, селт етпей, қарақан басымыздың қамын күйттеп отыра беретін едік.

Иә, қазір күллі қазақ даласы күңіреніп жатыр. Олармен қоса, бүкіл Жетісудағы қандастардың да жандары қарылды, жүректері езілді. Батыр-оғлан ел ішіндегі жақсылықта да, жамандықта да бас иелікті қолға алмайтын ба еді. Міне, елге сондай жамандық төнгенде, бізге, анау Тоқаш сынды бас иелерге қара халық қарады. Бай-кедей демей, намысы биік текті ұрпақ соңымызға түгел ерді. Енді мұратқа алған, көкірекке түйген ой-мақсаттарымызды орындамай, аттан түспегеніміз абзал. Солай етеміз де…».

– Қатты ойға батып кеттің-ау деймін, Омарбек, – деді Тоқаш. – Бағанағы Қырбайдың сөзі көңіліңе ауыр зіл тастады-ау, сенің. Сын шақта кері тартып, іштен жаулыққа жүретіндер бар халықтың арасында кездеседі. Күні кешеге дейін орыстар да бір-бірімен қырқысқан. Өзбектер де үш хандыққа бөлініп, өзара қырылысқан. Отаршылдардың бізден бұрын да, қазір де үстем боп тұрғаны – қағазға басылған қатаң заң-зәкүні, тұрақты тәртібі, мықты әскері, қуатты қаруы бар мемлекетке айналғанында. Ол қазақты сондай құдіреттілігімен бағындырған. Бір жағы халықты билеген үстем таптың қорқақтығы мен ездігінің кесірінен бөгдеге бағынғанбыз. Отарланған елдің ішінде ерлерден гөрі, жарамсақ ездер көп болады. Басқыншыға қарсы тұрудың алдында ішіміздегі елін сатқан ездерді бір тезге салып қойғанымыз да – жөн іс. Әлгіндегі болыс пен жарамсақтарын сабаған ісің – сондай жазаның бір түрі. Сол қылығыңмен озбырлардан халықтың титтей де болса, бір кегін қайтардың. Ал үлкен күрес алда. Күрес алдында батырдың ауыр ойға түспегені ләзім. Қырбай бізді әдейі келіседі деп шақырыпты.

Кешке Үлкенсазға оралды. Әнеукүннен бері мұнда жан-жақтан жиналған ұста жігіттер көрік басатын ұстахана тұрғызып, көтерілісшілер үшін қылыш-семсер соғуға кіріскен. Ұсталар үш күннен бері қырыққа жуық қылыш жасапты. Күртібастау, Ақшиден келген аңшы жігіттер жиырма шақты мылтық жиып әкепті. Бүгін азанда топқа қырғыз жақтағы Қарақұдықтан жүз жігіт келіп қосылыпты. Қырбай ауылынан еңсесі түсіп келген Омарбек өздерінің соңына ерген сарбаздар сапының күннен-күнге көбейе түскенін көргенде көңілі көтеріліп, бойын қуаныш кернеді.

ОРАЗ АЙТҚАН ОРЫНДЫ ІС

Биылғы жаз жылдағыдай қатты ыстық емес. Қазір мезгіл шілденің ортасына таяса да, күнде ертелі-кешке шығыстан салқын самал есіп, күн райы аса ысымай тұр. Кейде жел әкелген қара бұлттан оқтын-оқтын өткінші жаңбыр құйып қояды. Ауа райының бұлайша салқындау болып тұрғаны көтерілісшілер үшін жайлы-ақ. Ертеңгісін Үлкенсаз үстінен қара бұйра бұлт үйіріліп, нөсер жауып өтті. Жаңбырдың нөсерлеткені сондай, кіші-гірім арықтарға су толып, болмашы сел де жүріп өтті.

Шілденің жаңбырының салқыны ұзаққа созылмайды. Нөсерден соң ашылған аспаннан төгілген күн қызуы жерді демде кептіріп, шықтанған шөп атаулыны әп-сәтте дегдітіп тастады. Тоқаш пен Омарбек бүгін таң азанымен Қордай, Меркіге аттанбақ болған. Ойлары – ондағы қазақтарды көтеріліске шақыру. Одан кейін Алматы мен Шығыс Қастек тараптағы қандастарға бармақ.

Азанда ерте аттануға жаңбыр бөгет болды да, сапарға сәске көтеріле аттанды. Содан бес күн бойы екеуі аталған ауылдарға барып, кездесулер жүргізді. Халықтың көпшілігі үндеулерін қолдап, сарбаз қатарына қосылатындарын білдірді. Алтыншы күні штабтары орналасқан Үлкенсазға қайта оралды.

Үлкенсазда бұларды Верныйдан келген Қиқымның баласы Ораз күтіп отыр екен. Ораз Қаскелеңнің тумасы, шығу тегі жағынан Омарбекке жақын. Бұдан тоғыз жастай кіші. Соңғы жылдары ауылдан Верныйға барып, орыстармен араласып жүрген азамат. Тоқашпен көптен таныс болғанымен, Омарбек оны тек сырттай ғана білетін. Екеуімен ықыластана амандасқан соң, жанындағы жалпақ бет, қой көзді, бір жас жігітпен таныстырды. Онысының аты – Абдолла екен. Абдолла жас болса да үлкендердің алдында именбей сөйлейтін сөзге пысықтау екен. Қол алысып болған соң сөйлей жөнеліп, өзін-өзі тереңірек таныстырды:

– Туған ауылым шығыс жақ беттегі – Киікбай. Тегім ұйғыр болғанмен, әжем албанның қызы, яғни қазаққа жиенмін. Жалпы, біздің туыстардың бәрі қазақша таза сөйлейтін қазақ тұрыпты болып кеткен. Атамның аты – Розыбақ, әкемнің аты – Ахмет. Жасым он тоғызда. Верныйда орыс мектебінің бастығының көшірі болғам. Сол басқаратын мектепте жүріп оқып, орысша жазуды да, оқуды да, сөйлеуді де әбден үйреніп алғам.

– Тыңшылық жасап келген жоқсың ба? – деді Омарбек оған көзін аларта қарап.

Омарбектің зәрлі, отты көздері өзіне қадалғанда Абдолла бір сәт сасып, біресе Тоқашқа, біресе Оразға жалтақ-жалтақ қарады.

– Бұның не, Омарбек? — деді Ораз. – Абдолла таза, достыққа адал жігіт. Өзі де қарашекпен мұжықтардан әбден зәрезап көріп өскен. Бұдан еш күдіктенбе.

Одан соң сөзге Тоқаш араласты. Ол анау екеуіне Омарбекті және басқа да сардар атанып жүрген жігіттерді таныстырды. «Үлкен қаладан келдің ғой, Ораз, ол жақтағы ұлықтардың бізге қарсы не ойластырып жатқанын құлағың шалды ма?» — деді.

– Шалғанда қандай, – деді Ораз – Верныйдағы әскери губернатордың кеңсесі және бүкіл қала бүгінде абыр-сабыр. Фольбаум әскери гарнизонды аяқтарынан тік тұрғызып, күллі солдаттар мен курсанттары соғысқа дайындап жатыр. Жақын күндері мұздай қаруланған әскер осы жаққа аттануы мүмкін. Біз осыны ескертуге келдік… – деп бір тоқтады да, сөз аяғын күдікті әрі ауыр сұрақпен аяқтады: – Қалай ойлайсыңдар, сондай күшті әскерге төтеп бере аласыңдар ма?

Тоқаштан бастап, барлық сардар бір сәт тосылып қалды. Ораз бір күрсініп, жақын күндері газетке шыққан бір әңгімеге ойысты. Ол айтты: «Газетте осыдан бір жеті бұрын Ташкенттің сегіз мың халқы дүрк көтеріліп, патша жарлығына қарсы Шорсу деген алаңға жиналыпты. Шаһар жұрты ұлықтарға талап-тілектерін бейбіт жеткізбек болған екен. Бірақ Түркістан өлкесіне жаңа басшы болып келген генерал-губернатор Куропаткин құзырындағыларға тәшкенттіктердің бірде-бір арыз-қапылын тыңдамауды, тек оқ атып, біразын қырып тастауды пәрмендепті. Газет жазуына сенсек, қарасы қалың қауымды екі мыңдай солдат пен полиция қоршап тұрып атыпты. Шеттегілер баудай түсіп, жараланғандары сұлап, оқтан амандары шат-шәлекей болыпты. Өлгендер мыңнан асыпты, оқ тиіп қансырағандар, жарақаттанғандар одан да көп болыпты. Патша жендеттері басқа жақтағы мұсылмандардың бәрін қорқытып, үрейлендіру үшін бұл оқиғаны газетке әдейі басқан. Қазір бұл газетті қаладағы, үйез-үйездегі сауатты қазақтардың бәріне әдейі таратып, оқытып жатыр екен. Патша ұлықтары оны оқыған қазақтар көтеріліске шығуға дайындалған бауырларын райдан қайтарады деп ойлайтын болса керек».

Көтерілісшілер штаб деп атаған жан-жағы ашық, тек үсті ғана матамен жабылған бастырма іспеттес жайда бірталай адам отырған. Ораздың әңгімесін кейін әркім іштей өз ойымен алысқандай, тағы тым-тырыс қалды. Әлден соң біреу аһ ұра күрсінді, біреу үрейленген дыбыспен күңіренгендей болды. Омарбек шиыршық атып, ұшып тұрды:

– Нәлеті отаршылдардың қит еткен мұсылманға көрсететіні ылғи – осы. Бұл жолы не көрсетсе де, жастығымызды ала өлейік. Бәрімізді түгел қырып, тауыса алмас. Біз өлсек, ертең біз үшін кек алатын ұрпақ бар. Бүгін солардың намысын жанитын ерлік көрсетіп, соңымызға үлгі тастап кетейік. Ораз, патша жендеттерінің қаруы мықты екен деп, бастаған жолдан еш тайман!

– Омарбек аға! Менде патшаның қаруы мықты, сондықтан да, көтерілісті бастамай-ақ қойыңдар деген ниет жоқ. Қандай жағдайда да мен сіздермен біргемін. Бірақ қазақтың Әлихан, Ахмет, Міржақып деген оқымысты жақсылары анада газетке «Алаштың азаматтарына!» деп үндеу жазды. Сөздерін бар қазақ даласында, Түркістанда көтеріліске кіріскен сарбаздардың басшыларына, қала берді, барша халыққа арнапты. «Басымызға осындай күн туды, не қыламыз» дейді. «Жарлыққа көніп, майданға қара жұмысқа адам бергенде бізге қандай ауыртпалық келмек. Көнбей қарсылық таныта берсек, онымыз немен аяқталмақ? Осы екі жағын ақыл таразысына салсақ қайтеді» дейді. Мәселенің бар тарапын қамтып келіп, аяққы сөздерін былай тұжырымдапты: «…Көнгенде шаруаға кемшілік келер, майданға барған жігіт қазаға да, бейнетке де ұшырар (қазаға ұшырар деп ауру-сырқаудан болған қазаны айтамыз. Әйтпесе соғысатын солдат қылып алмайды, соғыстан өлмейді). Көнбегенде көретін ауырлық – үкіметтің жарлығына бағынбай бас тартсақ, «жау жағадан алғанда, бөрі етектен» болып, үкімет бізге құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар. Ол күшті законға сүйеніп істер. Ондай мысалдар болып жатқан жоқ па. Дұрысы – жарлыққа көнгеніміз жөн-ау. Ауыл жігіті майданға барса, ел көреді, жер көреді, тіл үйреніп, ысылады. Соғыс көріп, кімнің-кім екенін біліп, көзі ашылады. Бәлкім от қарудың, жылдам оқ атар мылтықтың тілін үйренер. Мұндай жігіттер қазіргі қазаққа, бостанға ұмтылар кейінгі қазаққа әбден-ақ керек емес пе» дейді.

Кейде мен олардың да ақылы дұрыс па деп қалам. Ал екінші ойым – халықты қанаған патшаның ұлықтарының айтқанына қашанғы көне береміз, бір рет болса да, жағасына жармасып, балағынан қауып көрейік те дейді. Мен екінші ойға бекіндім. Зорлықшымен қамшы алып – сабасып көрейік, мылтық алып – атысып көрейік.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *