ӨНЕР ТАУСЫЛМАС АЗЫҚ, ЖҰТАМАС БАЙЛЫҚ

Қоғам
522 Views

«Болар баланың бетін қақпа, белін бу» демей ме қазақ. Нұрсұлу бала кезінен іске ширақ, айтқанды айтқандай қағып алатын қағылез болып өсті. Үй шаруасына бейім, шырқ үйіріп дөңгелетіп әкететін Нұрсұлу он бес жасында сегізінші сыныпты бітіріп, қазіргі Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылдық округіне қарасты туған жері Жаңа тұрмыс ауылынан ұзап шығып, Ташкентке жол тартты.

Бұл жақта екі жыл тігіншілік курсты оқып, 1989 жылы жақсы үлгерімімен оқуын тәмамдап, Сарыағашқа қайтып оралды. Нұрсұлу тігіншілікті меңгеріп, Қапланбек ауылындағы тігін ательесіне жұмысқа орналасып жатқанда, оның қатарлас құрбылары мектепті енді бітіріп, жаңадан кәсіп игеру үшін оқу орындарына аттанып жатқан еді.

Алғаш жұмыс бастағанымда қасымда көп жылдық тәжірибесі бар тігінші апайлар киім үлгісін қалай пішуді, тігуді қолмен көрсеткенде, сол мезетте көзбен ұғып алатынмын, — дейді Нұрсұлу Сламова. – Екінші рет қайталатып, сұрап жатпастан лезде көзбен көргендерімді пішіп, тігіп шығатынмын. Сол ұжымда бір жарым жылдай жұмыс істедім. Тоқсаныншы жылдардың басы қиын кезеңдер болды. Дүкендерде, базарларда сатып алатын киім табылмайтын. Жұрт киімді қолдан тіктіріп киетін. Сондай кездерде тапсырыстар арқылы әйелдер мен балалар киімдерін, көбінде көйлектер, кеудешелер тігуші едім.

Нұрсұлудың бұл жылдары бекерге кеткен жоқ. Өмірдегі ең қуанышты кезеңдері – тұрмысқа шығып, бала сүйді, өзі ардақты ана атанды. Бүгінде бала-шағалы, перзентінің алды бойжетіп, оны құда түскен жеріне ұзатып, немерелі болып отыр. Барлығын жастай бастап, ерте бастан еңбекке араласқанның, ісінің алға басқандығының жемісі болар, бұл күндері ол өз алдына тігін цехын ашып, қол астындағы тігіншілерін қамқорлыққа алған жеке кәсіпкер. Тоқсаныншы жылдардың басынан кешегі 2009 жылға дейін үйде бала тәрбиесімен отырса да, қолынан ине-жібі түспей арнайы тапсырыстар қабылдады.

Нұрсұлуды көп жылдар бойы жақсы танитын, бұрынғы досындай, тіпті туысындай болып кеткен тұтынушылары бар. «Ел құлағы елу», пәлен жерде күміс соғатын жақсы ұста бар екен, он саусағы майысқан шебер десе, үдере барып көретін қанымызда бар ескі қасиет ғой, Нұрсұлуда да жұрт бірінен-бірі естіп, ат сабылтып, көйлек тіктіріп кететін ханымдар жеткілікті. Тек әйелдер көйлегін емес, цехқа қандай тапсырыс түседі, талғап, таңдап жатпайды, перде дейсіз бе, төсек жабдықтары ма, бала киімі ме, жапқыштар ма, әйтеуір елге қажетті нәрсенің барлығын тігіп беруге ұмтылады.

Нұрсұлу Орынбасарқызы 2009 жылдан бастап кәсіпкерлікке бет бұра бастады. Қала орталығындағы ғимаратты жалға алып, қасында екі тігіншіні қосып, істі бастап кетті. Сол жылы құжаттарын заңды түрде туралап, патент алып, мемлекетке салық төледі, өзіне міндетті зейнетақы төлемдерін жүргізуді қолға алды. Халықтың кәдесіне жарап, қызмет етіп отырған, соған сай маңдай терімен еткен еңбегінің нәтижесін көрген қандай керемет! Енді толықтай аяқтан тұру үшін Нұрсұлу тігін цехын одан әрі дамытуды ойлады. Өздігінен іздене бастаған ол үкімет тарапынан «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бар екенін естіп, несие алуға бел байлады. Біріншіден, өзінің қанша жылғы тәжірибесіне сенді, екіншіден, тәуекел етіп, табандылық танытпаса, бәсекелес заманы емес пе, күннен күнге тігіншілер қатары көбейіп келеді. Дегенмен, өнерлінің өзегі талмас деген, «өзім дегенде өгіз қара күшім бар», Нұрсұлу көп ойланып жатпастан, Халықты жұмыспен қамту орталығына келіп, несиеге құжаттарын өткізді. Ұзамай «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша үш миллион теңге несие алды. Бұл қаржыға Қытайдан тауар материалдарын алуға, Шымкент қаласынан заманауи соңғы технологияға сай, сапалы алты тігін машиналарын сатып алуға жұмсады. Нұрсұлу өзі жоспарлағандай, осыдан соң, жұмыс көлемі арта бастады. Қатарларына өзге де тігіншілер келіп қосылды. Тігіншілер ай сайын жалақы алады.

Реті келсе, мектеп формасын, басқа да мекемелердің формаларын тігеміз. Егер мектептен тапсырыс алатын болсақ, өзіміз барып, бір сыныптың оқушыларының өлшемдерін түгел алып, соған сай тігіп береміз. Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласындағы мекемелердің ақ халаттарын, ауруханалардың төсек жабдықтарын, жаймаларын тігуді бастасақ деген жоспарымыз да жоқ емес, — дейді жеке кәсіпкер Нұрсұлу Орынбасарқызы. Бастысы нарықтан өз орнын тауып, ілгерілеп келеді. «Өнер таусылмас азық, жұтамас байлық» деген осы. Бойыңдағы өнерді сыртқа шығарып, оны ел кәдесіне жаратып, өз кәсібін нәсіпке айналдыра білген оған әрі қарай тек табыстар тілейміз.

Құралай ИСЛАМҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *