ДЕМЕУШІМЕ ХАТ

Тұлға
686 Views

15 желтоқсанда Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВТЫҢ туғанына 100 жыл толады.Көрнекті қаламгер, алаштың абыз ақсақалы – Әзағаның көп томдығын кезіндебелгілі қоғам қайраткері, отызға жуық ақын-жазушылардың шығармасы мен еңбегінбар күш-жігерімен жарыққа шығарған меценат Бекет Тұрғараұлы шығарып бергенболатын. Бір қарағанда бұл қолдау жеке адамға жасалған құрмет сияқтыкөрінгенімен, түсінген адамға мұның соңында ұлттық руханиятқа сіңірген орасанеңбек жатыр. Сондықтан біз заңғар жазушының мерейтойы қарсаңында оныңдемеушісіне арнаған хатын жариялауды жөн көрдік.

Аса қымбатты Бекет Тұрғараев інім, сіз 1947 жылы 5 маусым күні туыпсыз. Бұл мерзім менің өмірімдегі ең бақытты күндердің бірі еді. Сол күні мен өзім тоғыз жыл ғашық болған жан жарым Халимаға қосылғанмын. Көлік болмағандықтан, жас келіншегімді теміржол разъезінен тоғыз шақырым жердегі соғыстан жүдеген жетім ауылыма жаяу ертіп әкелгенмін. Менің келіншегім ауылымызға соғыстан кейін түскен алғашқы келін еді. Шамамызға қарай той жасадық. Колхоз тойға деп берген бір пұт бидайды қуырып, жартысын талқан етіп түйдірдік. Тойға жиналған жастарға деп дастарқанға бидай шашып, кәрілердің алдына құрғақ талқан қойдық. Өйткені, әкем Нұршайық соғыста оққа ұшып, шешем Мұхтар соғыс кезінде елде өлген. Сондықтан бірнеше жыл иен тұрған менің үйімде ақсақалдардың алдына қойған кебір талқанды шылайтын бір кесе сүт те жоқ болатын.

Мінекей, мен Қазақстанның шығыс жағындағы Ақбұзау деген ауылда жетім той өткізіп жатқанда, қасиетті Қазығұрт тауының етегіндегі Талдыбұлақ ауылында сіз дүниеге келіпсіз. Екі ауыл қатар той жасап, қуанышқа кенеліпті. Жоғарыда «жетім той» деп атаған себебім, соғыс кезінде ата-анамнан айырылған мен де, 1932 жылғы аштықта әке-шешесінен көз жазып қалған келіншегім де жетім едік. Соғыста қырық шақты азаматынан айырылған ауылым да жетім болатын.

Сіз соғыстан тірі қайтқан солдаттың бесінші баласы болыпсыз. Мен соғыста өлген солдат әкенің жалғыз ұлы едім. Сіздің туған күніңіз бен менің үйлену тойым осылай сәйкес келіпті.

Қасиетті Қазығұрт баурайында туған сол сәби ержетіп, бұл күнде халық қамқоры, атпал азамат болыпты. Өзі туған күні Абай елінде өткен кедей тойдың иесіне де қамқорлық қолын созыпты.

Қамқорлық болғанда қандай десеңізші?! Оны ауызбен айтып жеткізе алмаймын. Ол – сіздің менің он томдық шығармалар жинағымды шығартып жатқаныңыз. Көп ақша жұмсап, өз қаражатыңызға шығартып жатырсыз.

Мен сізден: «Неге соншама қаржыңызды жұмсап, менің он томдығымды шығаруға ниет білдірдіңіз? Қазір қалталы кісілер өзінің ағайындарына ғана көмектесіп жатыр. Мен сіздің жақыныңыз емес, жерлесіңіз емес, айдаладағы бір қаймана қазақпын ғой. Бірақ өзімді бар қазаққа бірдеймін деп есептеймін. Ал, біздің ағайындар өзге тұрғай, өз жақындарына да көмектесе қоймайды», – дедім.

Сонда сіз күлдіңіз де:

– Менің сізді Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында қуантқым келді, – дедіңіз.

– Не үшін?

– Не үшін екенін менен емес, халықтан сұраңыз, – дедіңіз сіз.

Мен қатты қуаныштымын, әрине. Бұл он том арқылы қуантатыныңыз жалғыз мен ғана ма екен? Бір томды оқыған   1 000 адам, он томды оқыған 10 000 адам қуанады. Бұл ғажап оқиға ғой, қалқам-ау! Ғажап қуаныш! Тек сіздей асыл азаматтың қолынан ғана келетін, жүрегінен шашырайтын қуаныш. Халық қуанышы.

Сіз айналаңызға қуаныш шашып келе жатқан адамсыз. Оның да бірнеше мысалын айтайын. Өз қаражатыңызбен туған ауылыңыз Талдыбұлаққа жаңа мектеп салдырып беруге уәде еттіңіз. Ол уәдеңізді абыроймен орындадыңыз. Сөйтіп, қаншама жас ұрпақты, ата-ананы қуанышқа кенелттіңіз. Сіз «Қазығұрт» энциклопедиясын шығаруға демеуші болуға уәде бердіңіз әрі оған басшылық еттіңіз. Сөйтіп, ол өңірдің болашақ ұрпағына ғажап қазына қалдырдыңыз. Сіз Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Тоқсан бидің шешендік сөздерін жинақтатып, кітап етіп шығарттыңыз. Сөйтіп, халықты аяулы билердің асыл сөздеріне кенелттіңіз. Сіз атақты Тоқсан бидің басына ескерткіш орнату ісіне белсене араласып, бейіт басына шойыннан қоршау жасатып, ескерткіш тас орнатуға уәде бердіңіз. Бейіт басына киіз үй тіктіртіп, ардақты атаға арнап ас беруді өз міндетіңізге алдыңыз. Ол уәдеңізді де ойдағыдай орындап, бүкіл Солтүстік Қазақстан облысы халқының сүйіспеншілігіне бөлендіңіз. Өзіңіз тұрған Петропавл қаласына келген жазушы 3.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» романының 500 данасын, ақын Қ.Мырзалиевтің 14 томдығының 50 комплектісін (700 кітап) өз ақшаңызға сатып алып, мектептерге үлестірдіңіз. Адамгершіліктің рухани ордасы кітапханаларға үнемі осындай көмек көрсетіп келесіз.

Уәдеде тұру, айтқан уәдені бұлжытпай орындау – азаматтың ұлы қасиеті. Осы қасиет азаматтарымыздың бойынан мүлде жоғалып барады. Көптеген шенеуніктер өтірік уәде береді. Бірақ, айтқандарын орындамайды. Алдына келген адамды алдаусыратып шығарып салады. Бұл – барып тұрған қасиетсіздік. Ал, сіздің айтқан уәдені бұлжытпай орындайтыныңызға тәнтімін. Осы қасиетіңіз ұлтымыздың бар ұрпағының бойында болса екен, дарыса екен!

Өзіңізге мәлім, қазіргі замандағы қазақ халқының жанын қинап тұрған ең өзекті мәселе ана тілінің тағдыры ғой. Экономикамыз өсіп, ес жинап келеміз. Оған мың шүкіршілік. Ал, ана тіліміздің жағдайы жан ауыртады. Ана тілінен айырылса, қазақ ұлт ретінде өшеді. Сондықтан ана тіліміздің тұғырын нығайтып, өмірін ұзарту үшін әр саладағы қазақ зиялылары жан сала кірісіп отыр. Әсіресе, жазушылар қауымы жанталаса жанашырлық білдіруде. Ғалым да, жоғары оқу орындары мен мектеп ұстаздары да шырылдап, ана тіліне араша болуда. Ал, заң қызметкерлерінен бұл іске аянбай атсалысып отырған сіз ғанасыз. Оған баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларыңыз куә. Мәселен, «Егемен Қазақстан» газетінің 2004 жылы 17 қараша күнгі санында басылған «Алдымен санамыз сілкінсін» деген мақалаңызды алайық. Осы мақалаңызда сіз ана тілін ардақтау жөнінде өткір де өрелі пікірлер айттыңыз. Жоғары-төменгі лауазымды шенеуніктер айтпаған, айта алмайтын уытты, отты сөз заң қызметкері сіздің аузыңыздан шықты.

Сіз бұдан басқа да қоғамдық түйінді мәселелерге үн қосып, атсалысып отырасыз. Ол сіздің азаматтық деңгейіңіздің биіктігі, қоғамның мүшесі ретінде оған титтей де болса өз жәрдеміңізді тигізуге тырысу. «Бұл менің міндетіме жатпайды» деп қол қусырып отырмау. Бұған баспасөз беттерінде шыққан «Сот беделі – мемлекеттің беделі», «Заң түзелді, судья, сен де түзел!» деген және басқа тағылымды мақалаларыңыз дәлел.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы атақты лаң кезінде жазықсыз жала жабылып, атылып кеткен асыл азамат, республикамыздың тұңғыш бас прокуроры Сүлеймен Есқараевтың есімін есте қалдыру үшін заң жүйесінің бір институтына сол кісінің атын бергізуіңіз үлкен адамгершілік. Жақыны емес, туысы емес әрі көрмеген азаматтың атын өшірмеу үшін әуреге түсіп, азаптану қай қазақтың қолынан келіп жатыр?

Осы арада сіздің бір апайыңызбен ұшақпен ұшып келе жатқан шағыңыз көз алдыма елестейді. Жол қысқарту үшін апайыңызға бұрылып, әңгімелесіп отырдыңыз. Сөз арасында ол кісіге Әзілхан Нұршайықов деген жазушының он томдық шығармалар жинағын шығаруға көмектесіп жатқаныңызды айтып қалдыңыз. Апайыңыз қабақ шыта бұрылып:

– Ол кісі басқа атадан ғой және біздің елдің адамдарын жек көреді. Оған бекер демеуші болғансың, бауырым, – деп салды.

Халықтың мұңын мұңдап, бірлігін қуаттайды деп есептейтін сол апайыңыздан мұндай сөз естігенде сіз өз құлағыңызға өзіңіз сенбедіңіз.

Сонда сіз ол кісіге:

– Мен жұрттың жүзіне емес, жүрегіне қараймын, апай. Жүрегі жақсы кісіден жақсылығымды аямаймын, – деп теріс қарап кеттіңіз.

Сіздің афоризмге ұқсас бұл сөзіңіз мені қатты қуантты, Бекет бауырым. Өйткені, мен де ешкімді жүзге бөлмеймін. «Жүзге бөлгеннің жүзі күйсін» деген сөзді 1970 жылы жарыққа шыққан «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабымда айтқанмын. Онда: «…Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсе екен» деп жазылған. Сол сөздің соңын сәл өзгертіп, одан он жыл кейін ұлы жазушымыз Ғабит Мүсірепов бір мақаласында «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деп жазды. Бұл – бұрын Ғабең екеумізден өзге ешкімнің аузынан шықпаған сөз.

Мен бүтін бір елді емес, әр елден шыққан алаяқтарды, жікшіл, жүзшіл, рушыл оңбағандарды ұнатпаймын. Осындай қылықтары үшін екі-үш адамды ұнатпасам, бұл олар шыққан бүкіл елді жек көргендік емес қой. Мен бүтін қазақ халқын «Біздің жүз, біздің ру, біздің туыс» деп бөлшектеуге тырысушыларды жек көремін.

Сіздің ол апаңыз – менің жақсы көретін қарындастарымның бірі. Бірақ, сен жақсы көргеннің бәрі бірдей сені жақсы көре бермейді екен. Сыртынан сыйлап, ішінен сыбап жүретіндері де болады екен. Жақсы көретін қарындасымның олай дегеніне өкініштімін, әрине. Бәлкім, пендешілікпен байқамай айтып қалған болар. Адамда қызғаныш деген де болады. Мүмкін, соның салдары шығар, қарындасқа жақпасам да, ұлтқа ұнауға ұмтылу – мұратым ғой менің.

Мен сізді досым деп атап отырмын, егер рұқсат етсеңіз. Өйткені, адамның ең жақыны (ата-анадан кейінгі және мәңгілік) адал жары ғой. Одан кейінгі орынға адал дос ие. Бірақ, адал достың да қолынан келмейтін жақсылықтары болады. Ал, сіз маған ең адал деген дос жасай алмайтын жақсылық жасап отырсыз. Ешқандай аралас-құраласы жоқ, алыстағы бейтаныс жазушының 10 томын шығарып беру деген ешбір достың, тіпті, жеке дос тұрғай, Үкіметтің қолынан келмей тұрған жақсылық. Сөйтіп, сіз менің төбемді көкке жеткізіп отырсыз.

Жалпы, мен ең бақытты ағаларыңның бірімін, Бекет бауырым. Менің бірінші бақытым – кешегі 1418 күнге созылған сұрапыл соғыста 786 күн алғы шепте жүріп, аман қалғаным. Екінші бақытым: Халима сияқты дана, жаны жақсы жармен жұп жазбастан 54 жыл қызықты өмір сүргенім. Үшіншісі: кейбір кітаптарымның туа сала «тұншығып» қалмай, қайта-қайта жаңадан «туып» жарияланып жатқаны. Яғни оқырмандарымның өзіме деген өзгеше сүйіспеншілігі! Ал, сіздің менің он томымды шығарып берген қамқорлығыңыз төртінші әрі мәңгілік бақытым болды. Иә, мәңгілік бақыт деп осыны айтуға болады. Өйткені, тірі кісінің басында бақыт ұзақ тұрмайды. Сондықтан мәңгілік бақыт жоқ дейміз. Ал, адамның өлгеннен кейін де аты аталып жүрсе, мәңгілік бақыт сол!

Аса қымбатты Бекет бауырым! Мен сізге қысқа ғана хат жазып, шын жүректен шыққан алғысымды білдірсем деп ойлап едім. Хатымның мұншама ұзақ болып кеткеніне кешірім сұраймын. Мен сіздің Жеңістің 60 жылдығы құрметіне он томдығымды шығартып жатқаныңызды әлі жұртқа жариялаған жоқпын, сабыр сақтадым. Оның үстіне сіздің де алдын-ала жар салып, айғайлатып жүруді жаратпайтыныңызды сездім. Сондықтан да үндемедім. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын!» деген сөз бар емес пе? Енді ел газеті арқылы сіздің төл әдебиетімізге деген бұл ғажап қамқорлығыңызды жұртқа жариялауды жөн көрдім. Оған сіз де қарсы болмассыз деп сенемін.

Осымен өз хатымды аяқтаймын, Бекет бауырым!

Алла алдыңыздан жарылқасын!

Сіздің үздік үлгіңіз қазақтың өзге де азаматтарына ой салсын!

Ағалық сәлеммен

Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ,

Қазақстанның халық жазушысы,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *