АМАНГЕЛДІ БАТЫР МА ӘЛДЕ… БАРЫМТАШЫ МА?

Таным Тарих
700 Views

«Ардагер Амангелді ердің ері,

Кең байтақ жалпақ дала туған жері.

Елі мен мекенінің туын ұстап,

Қол бастап қан майданда аққан тері»- деп Жамбыл Жабаев жырға қосқан және «…Амангелді сияқты халық батырлары еріктілер армиясының алғашқы қаһармандары болды»- деп Бауыржан Момышұлы бағасын берген Амангелдіні қазаққа таныстырып жату артық болар еді. Дегенмен, байқасаңыз, батырдың аты кейінгі кездері аталмай кетті. Тіпті оның 120, 130 және 140 жылдығы еленбей өтті. Мұның себебі неде?

Қазақстан тәуелсіздік алғалы кейбір басылымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарында Амангелдіні барымташы, бүлікші етіп көрсету белең ала бастады. Мұндай мақалалардың артында белгілі бір мақсат көздеген саяси топтың тұрғандығы анық және олардың мүддесі халық мүддесінен аулақ екендігі белгілі. Осы мақаланы жазудағы мақсатымыз Амангелдінің шынайы бейнесін кейінгі ұрпақ біле жүрсін деген ниет еді. Қазіргідей алмағайып кезеңде ақты ақ, қараны қара деп анық айта білу және тарихымызды кейінгі ұрпаққа бұрмаламай жеткізу әрбір азаматтың қасиетті борышы болуы керек деген ойдамыз.

1916 жылы бұратана халықтан 19 бен 31 жас аралығындағы жастарды тыл жұмысына алу жөнінде ақ патшаның «Июнь жарлығы» шығады. Осыдан кейін Торғай уезінің әскерге барудан бас тартқан қазақтары Амангелдінің маңына топтала бастайды. Бұған Семей, Ақмола, т.б. уездердің халқы қосылып, жинала келе әжептәуір күшке айналады. Аманкелді бұл кезде 43 жаста болатын. Стихиялы түрде басталған осы көтерілісті Амангелдінің басқаруына тура келеді.

Амангелді халықтың арасынан шыққан, елдің өзі сардар етіп сайлаған батыр еді. Ауыл молдасынан жазу-сызуды үйренгені болмаса, көтеріліс басталар кезде оның саяси сауаты да аз болған. Соған қарамастан өзінің жүректілігі мен батылдығының арқасында елу мыңға (!) жуық сарбазға басшылық жасай білді.

Көтеріліс қазақ даласына кең етек жайған кезде ол Әліби Жанкелдин, Николай Тарасенко сияқты большевиктерге жолығып, олардан Ресейде болып жатқан төңкеріс туралы, большевиктер партиясының алдына қойған мақсаттары жөнінде естиді. Халықтың нағыз ортасынан шыққан және шаруа қазақтың сол кездегі мұң-мұқтажын жақсы білетін батырдың өзі де большевиктер партиясының мүшелігіне өтеді. Амангелдінің алдына қойған басты мақсаты қарапайым халықтың жоғын жоқтау болғаны анық.

Кейінгі шыққан Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясында Торғай көтерілісі жөнінде: «…Екі-үш айдың ішінде елеулі күшке айналған көтерілісшілер Қоғалыкөлде бас қосып, Әбдіғапар Жанбосыновты хан, Амангелдіні көтеріліс қолбасшысы (сардар) етіп сайлады. Әбдіғапар мен Амангелдінің ұйымдастырушылық іскерлігінің нәтижесінде көтеріліс саяси сипат алды, оған қатысушы сарбаздар қатары елу мың адамға жетті»- деп көрсетілген. Яғни, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіндегі Амангелдінің рөлін екінші орынға қойған. Бұл батырға ғана емес, тарихқа да жасалған қиянат.

Шын мәнінде олай емес еді. Көтерілісшілердің саны көбейгеннен кейін оларға азық-түлік, киім-кешек, ат-көлік қамдау мәселесін шешу керек болады. Осы жағдайға байланысты Амангелді: «Енді хан сайлап алайық, оған барлық рулар бағынатын болсын (көтеріліс аймағындағы рулар — И.А.)» деген пікір айтады. Хандыққа өзінің ескі танысы Әбдіғапар Жанбосыновты ұсынады. Осылайша Әбдіғапар хан болады. «Хан» деп аталғанымен оның міндеті жасақты қажетті заттармен қамтамасыз етіп отыру ғана болған. Көтерілісті ұйымдастыру, оның қару-жарағы мен әскери өмірдің барлық жауапкершілігі батырдың мойнында болғаны анық. 1916 жылдың жазында басталған осы көтеріліс 1918 жылдың күзіне, яғни Торғай даласына Кеңес өкіметі орнағанға дейін созылды. Өкінішке орай, Амангелді батыр бұл жеңісті күнді көре алмады.

Бұрынғы Қазақ Совет Энциклопедиясында батырдың қазасы жайлы былай деп жазылған: «Шығыс майдандағы Колчак армиясының шабуылына байланысты алашордашылар 1919 жылдың 20 апрелінде Торғайда төңкеріс жасап, Амангелдіні қолға түсірді. Қызыл партизандар қалаға кіруге бірнеше сағат қалғанда алашордашылар оны азаптап өлтірді».

Амангелді қалай қаза табады? Шындығында оның өлімі «Амангелді» кинофильмінде көрсетілгендей майдан даласында емес, әлдеқайда қайғылы жағдайда өтеді. Ашық айқаста жеңе алмаған алашордашылар аңғал батырды алдаумен қолға түсіреді. Келіссөзге шақырады да қамауға алады. Оған түрлі қорлық көрсетіп, ат құйрығына байлап өлтіреді. Батырдың басын шауып, денесін Торғай қаласының сыртына апарып көміп тастайды. Есіл ер осылай қаза табады. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін кінәлілер анықталып, тиісті жазаларын алды.

Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясында Амангелдінің өлімі басқаша жазылып, «1919 жылдың 20 сәуірінде Торғайда Кеңес өкіметі құлатылды да, Амангелді тұтқынға алынды. Батыр қазақ азаматтарын бір-біріне қарсы қойған аласапыран уақыттың алмағайып саясатының құрбаны болды»- дей салған.

Амангелдінің қалай өлтірілгені Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» (Алматы, «Жазушы» баспасы — 1971) атты тарихи романында анық көрсетілген. Кітап әдеби шығарма болып есептелгенімен, ондағы адам аттары мен жер-су атаулары ешқандай өзгертусіз берілген және оқиғалар мен олардың мерзімі тарихи деректерге сүйене отырып жазылған. Имановты 1919 жылдың 18 мамырында Торғай қаласының түрмесінде өлтіреді. Кейін түрме қабырғасынан Амангелдінің жазып кеткен хаты табылған. Онда: «Мені тұтқынға алып қырдағы түрмеге қамады. Мұнда жиырма жеті күн отырдым. Алаштар сазайымды берді. Олар Міржақып Дулатов, Әбдіғапар Жанбосынов, Сейдазым Қадірбаев, Сәлімгерей Қаратілеуов… «- деп он алты адамның атын атайды (бұл да сол кітапта).

Алашордашылар Амангелдіні не себептен өлтірді? Біріншіден, олардың алдарына қойған мақсаттары бөлек болатын — алаштықтар ақ патшаға қарсы ұлт-азаттық көтерілісті қолдамады. Екіншіден, батырдың ел ішіндегі беделі өте жоғары болды, көзі тірі болса бұқара халықты ізіне ерте алатынын алашордашылар білді. Сол себептен оның көзін жоюды ойлады және осы жоспарын жүзеге асырды да.

Енді үш айдан кейін, яғни 2023 жылдың 3 сәуірінде, халық батыры Амангелді Үдербайұлы Иманов 150 жасқа толады.

Ислам АХМЕТҰЛЫ.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *