ХАЛЫҚҚА ҚҰРҒАҚ УӘДЕ ЖҮРМЕЙДІ, ӘКІМ МЫРЗА!

Билік Қоғам
331 Views

Шымкент қалалық әкімдіктің алдында тағы да айқай шу. Шаһар басшысы Мұрат Әйтеновті іздеген бір топ қала тұрғындары әкімдіктің алдына тағы да жиналды. Жалақымыз жалдамалы пәтерге кетіп жатыр деген қала тұрғындары тұрғын үй кезегіндегі уақытының міз бақпай тұрғанына наразы! Хош! «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жеңімпаз атанған тұрғын үй иелерінің дауы да даусы да бүгінге жетті! Ең төменгі жалақы 70 мың теңге! Жалдамалы пәтердің бағасы 100 мыңнан асып жығылады. Жалақымыз жалдамалы пәтерден артылмайды деген қала тұрғындарының мәселесі қалқан бұзады.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша маусым айында мақұлдау алғанбыз. Содан бері кілтімізді ала алмай келе жатырмыз. Тамыз айында деп уәде берген. Одан соң үй бітпеген есебінен қыркүйекке ауыстырды. Әр айдың аяғына ауыстырып отырды. Қаншама ай өтті. Мақұлдануда 6 ай мерзімге шектеу бар. Тұрғындар 2,3 жұмыстан және жарты ставкада істейтіндер бар. Жұмыстан шығып қалуы да мүмкін. Ол жағын қарастырып отырған жоқ. Сонда біз қанша жыл күтеміз? Бітпеген үйді не үшін конкурсқа ойнатады? Не үшін құрылыс басқармасы оған келісім береді? – дейді ашулы тұрғындар.

Қақаған суықта қабағынан қар жауған тұрғындар қала әкімі Мұрат Әйтеновтен ғана жауап аламыз деп жиналыпты. Алайда ол мүмкін болмай шықты! Мұрат Әйтенов су тасқынының алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр екен! Осылай деген бірінші орынбасары Мақсұт Исахов орындалмайтын уәдеге тойған тұрғындарды сабырға шақыруға тырысты. Оның айтуынша мердігер компания сотқа беріліп, қалған құрылысты басқа компания жалғастырады. Ал ол үшін әлі 3 ай қажет екен!

Мақсұт Исахов, қала әкімінің орынбасары:

— Жарамсыз үйге кіріп аласыздар да, одан соң наразылық білдіресіздер. Оның үстіне салған компаниядан 5 жыл кепіл болуы керек. Сол уақыт аралығында бір ақау шықса оны келіп жөндеп беруі тиіс. Ал ПМКА 7 компаниясы қазіргі таңда қара тізімде. Ол мемлекеттік тапсырыстарға қатыса алмайтын қара тізім. Сондықтан да олардың қалған қаражатына конкурс жарияладық. Біздің есебіміз бойынша 1,5 айдың ішінде бітіруі қажет. 3,4 компанияны біріктіріп сол жерде жұмыс жасадық. Қыркүйек айында соттың шешімі шықты. Ал ол 2 айдан соң күшіне енеді. Ол компания жұмысын бітіріп, қара тізімнен шығамын деп үміттенді. Алайда бітіре алмады.

Құрылысын аяқтамаған мердігер компания құрғақ ісі үшін сотқа берілді. Алайда қалалық әкімдіктің құрғақ уәдесі қала тұрғындарын қанағаттандырмайды. Әлде компанияға қауқары жетпей ме? Бұл қашанға дейін жалғаспақ? Қала тұрғындары қашанғы әкімдіктің табалдырығын тоздыруы керек?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *