«ЖҰМЫСТАР ЖОСПАРҒА САЙ ЖӘНЕ САПАЛЫ АТҚАРЫЛУЫ ТИІС»

Саясат Қоғам
304 Views

Түркістан қаласы аумағын көгалдандыру, абаттандыру, инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары сапалы атқарылуы тиіс. Кезекті рет тарихи шаһардағы маңызды нысандарды аралаған Дархан Сатыбалды жауаптыларға осындай тапсырма берді. Өңір басшысы алдымен әкімшілік-іскерлік орталығындағы 7 және 30-көше бойындағы саябақтың құрылысын қадағалады.

Саябақтың аумағы – 10,5 гектар. Көгалдандыру алаңы 61 мың шаршы метр болса, ойын алаңшалары мен спорт алаңшалары да салынбақ. Сонымен бірге 2 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 300-ге жуық жарықшам орнату көзделген. Белсенді өмірге бастайтын саябақта тұрғындар мен қонақтарға тынығуға жағдай жасалады.

– Жұмысты жоспарға сай сапалы атқарыңыздар. Аяқжолдар, абаттандыру жұмыстары талапқа сай болуы тиіс. Ауа райының ерекшелігін білесіздер. Осы аумаққа жерсінетін акация, тұт, қарағаш және өзге де төзімді ағаштарды көптеп егу керек. Егіп қана қоймай, жан-жағын байлап, дауылдан қорғаған жөн. Әсіресе, көлеңке беретін жапырақты ағаштарға басымдық берілгені дұрыс, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшылар мен мердігерге нақты тапсырмалар берді.

Мұнда қазіргі таңда ағаш отырғызу, резервуар және скважина жүргізу, аяқжолдар тақтайшаларын орнату, топырақтарды тегістеу, газон егу, суғару жүйелерін жүргізу жұмыстары атқарылып жатыр.

Одан кейін Түркістан қаласы үшін аса маңызы бар І.Қожабаев көшесіне жол төсеу барысы да сарапталды. Жолдың ұзындығы – 5,6 шақырым, санаты – жалпықалалық 4-6 жолақты магистралды жол. Құрылысы былтыр басталған жол биыл күзге дейін тапсырылады деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге мамандар «Арыс-Түркістан» каналының бойына қауіпсіздік баспалдақтарын орнату жобасы туралы да айтып берді. 19 шақырымға жуықтайтын каналдың әрбір 500 метрі сайын арнайы ескерту белгісі мен қауіпсіздік баспалдағы орнатылады деп межеленген. Өңір басшысы жол құрылысын сапалы етіп аяқтауды, құрылысын қатаң бақылауды тапсырды. Қалада халық саны өсетінін, осыған сәйкес инфрақұрылым да дамып отыруы керек екеніне тоқталды.

Облыс әкіміне «Ащысай су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жұмысы таныстырылды. Су резервуары – Түркістан, Кентау қалаларын ауыз сумен қамтитын стратегиялық нысан. Қазір бұл резервуар талапқа сай жұмыс істеп тұр. Мамандар су құрамын, сапасын тұрақты түрде тексеріп, зерттеп отырады. Халық саны артуына немесе су тұтыну көлемінің күрт артуына да арнайы жоспар жасалған. Су қоры жеткілікті.

Дархан Сатыбалды су нысанының талапқа сай жұмыс істеуі маңызды екеніне тоқталып, қажет болса, қосымша қолдау көрсетілетінін жеткізді.

ТҮРКІСТАНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

Бүгінде Түркістан қаласында газ тұтынушылар 98 пайыздан асты. Бұл туралыөңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәлім етті.

Әкімнің мәлімдеуінше, Түркістанның жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 165,4 мың адамнан 220 мыңнан аса жуық адамға жетті.

– Қаладағы кешенді жоспарлар Мемлекет басшысының «Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау туралы» Жарлығына сәйкес жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі жоспарлы жүзеге асырылуда. Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаланы сипаттайтын басты көрсеткіш жалпы өңірлік өнім көлемі 2023 жылдың қаңтар-наурыз айына 47,5 млрд.теңгеге жетіп, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 5,6% артты. Оның ішінде өнеркәсіп саласына 13,1 пайыз (6,2 млрд.теңге), ауылшаруашылық саласына 2,2 пайыз (1 млрд.теңге), орындалған құрылыс жұмыстары 35,1 пайыз (15,6 млрд. теңге), тауар айналымы және қызметтерді өткізу көлеміне 49,6 пайызы (17,8 млрд.теңге) тиесілі, — деді шаһар басшысы.

Сондай-ақ Түркістан қаласында 2022 жылы ірі жобалар іске қосылып, туризм саласы жаңа қарқын алған. Оның ішінде «Шаға» жағажайы, Тұңғыш Президент Саябағы, «Ramada by Wyndham Turkistan» қонақ үйі, «Turan Mall», «Turkistan Plaza» ойын-сауық орталықтары ашылды. 2023 жылы қаңтар-наурыз айларында Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 130,5 мың адамға жетті, яғни былтыр осы кезеңімен салыстырғанда 7,4% өсті.

Шаһар басшысының айтуынша, қала аумағында 61 мектеп (50 716 оқушы) бар болса, оның 34 мемлекеттік (43 290 оқушы), 27 жекеменшік (7 426 оқушы). Бүгінгі таңда 29 мектеп 2 ауысымды болса (оның ішінде, 3 мектеп 3 ауысымға қаупі бар), 4 мектеп 3 ауысымды. Қала аумағында мектептердің мәселесін шешу мақсатында 8 мектептің құрылысы 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» жобасы арқылы жүзеге аспақ. Оның 3-уі (ӘІО – 2, әрқайсысы – 2 000 орындықтан), Яссы тұрғын алабы – 1 (1 200 орындық)) биыл басталады.

Брифингте белгілі болғандай, Түркістанда 42 014 электр абонентінің 35 679-ы сапалы электр қуатымен қамтылған. Өтпелі 7 нысанның құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жалпы 2022 жылы 3 нысанның құрылысы жүргізіліп, 90% жұмысы орындалды. Нәтижесінде 3897 абонент сапалы электр қуатына қол жеткізді. Биыл қала тұрғындарын электрмен қамтуды 98,5%-дан 99% жеткізу жоспарланған.

Бұдан бөлек брифингте Түркістан қаласында 42 014 абоненттің ауызсумен 41 552 абоненті, яғни 98,9 пайызы қамтамасыз етілгені айтылды. 2023 жылы 4 нысанның құрылысын аяқтау көзделіп отыр (Мақтазауыт, 1-2 м/а, Яссы ж/е Шауғар, Жаңадан қоныстанған аумақтар, Яссы Шауғар – 10 178 абонент). Биыл жаңадан қоныстанған аумақтарды ауызсу жүйесімен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек.

Түркістан қаласында газбен қамту жұмыстары да қарқын алған. Бұл ретте, 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін 52 052 абонентке табиғи газ желісі қолжетімді болған. 6 секторда 42 014 абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылды. Бүгінде көгілдір отынды 41 217 абонент немесе қала тұрғындардың 98,1 пайызы дербес шот ашып, пайдаланып отыр. Газ құбырына қосылмаған 797 абонент (1,9 %) бойынша ішкі монтаж жұмыстарын атқаратын мердігер мекемелермен бөліп төлеу бойынша ұсыныстар жолданды. Ал, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға табиғи газ желісіне қосылуға демеушілер ұйымдастыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

САУРАНДА «ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ» АШУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының Сауран ауданында Индустриалды аймақ ашу мәселесі талқыланды. «Turkistan» Индустриалды аймақтарды басқарушы компаниясының» Бас директоры Қанат Ұзақбайұлы Сауран ауданы әкімдігінің өкілдерімен аталған мәселе бойынша кездесу өткізді.

Сауран ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев жалпы аумағы 30 гектар жерге Индустриалды аймақ ашып, жергілікті кәсіпорындарды тиімді ұсыныспен көбейту мәселесін айтып өтті.

Сонымен қатар, жиналыс барысында жаңа аймақты құруда бірқатар мәселелерге назар аудару қажеттігі назарға алынды. Атап айтқанда, логистика, орналасу жері, инфрақұрылым, қолжетімді тариф ұсыну — кәсіпорындарды тартуда маңызды екені айтылып, осы мәселелер егжей-тегжейлі қарастырылу қажеттігі ескерілді. Сонымен қатар, онда жету жолы, басымдық берілетін салаларды тарту жағдайы да қаралатын болады. Мұнда жалпы қайта өңдеу, жиһаз, былғарыдан заттар жасау, тамақ өнеркәсібі, қолөнер заттары, ауылшаруашылығы, көкөніс сақтау секілді өнеркәсіп салаларына басымдық берілмек.

Аталған мәселе бойынша алдағы күнде арнайы концепция жасалып, облыс әкімдігіне ұсынылатын болады. Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 9 индустриалды аймақ бар.

Бүгінде Жетісай мен Сауран аудандарында Индустриалды аймақ ашу мәселесі қаралып жатыр. Индустриалды аймақтар жұмысын бастаған сәтте кәсіпкерлер бір жерде шоғырланып, инфрақұрылым мәселесі бойынша компания тарапынан қолдау көрсетіліп, ауданда шығатын өнім саны артады деп күтілуде.

ЖЕТІСАЙДА ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ АШУ ЖОБАСЫ ҚАРАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының кәсіпорындар ашу, индустриалды аймақтарды көбейту бойынша тапсырмасы аясында облыстағы аудан және қалалардың мүмкіндіктері зерделенуде. Осы орайда, Жетісай ауданында «Жетісай» индустриалды аймағын» ашу ұсынысы жан-жақты қаралды. Бұл туралы «Turkistan» Индустриалды аймақтарды басқарушы компаниясының» Бас директоры Қанат Ұзақбайұлы Жетісай ауданына жұмыс сапары барысында талқыланды.

Аудан басшысы Серік Мамытов индустриалды аймақ ашу – өнеркәсіп саласы дамыған аудан үшін маңызды шешім екенін атап өтіп, жалпы аумағы 50 га жерде ашу мүмкіндік бар екенін жеткізді. Индустриалды аймақ ашылған жағдайда, Жетісай ауданындағы өнімдер шығаратын өндіріс орындары бір аумаққа орналастырып, компания тарапынан көрсетілетін қызметтерге жүгіне алады. Атап айтқанда, дайын ғимарат сатып алуға немесе бос жерлерді жалға алып, толықтай жүргізілген инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Бұл мәселе бойынша алдағы уақытта қаржылық-экономикалық тиімділігі анықталып, облысқа ұсынылатын болады. Жетісай ауданы егістік бойынша, оның ішінде жеңіл және мақта өнеркәсібі, дәнді дақылдар өсіруде алдыңғы орында тұр. Жалпы, кәсіпкерлік саласында Жетісайдың 70%-ы агроөнеркәсіп болып табылады.

Айта кетейік, Түркістан облысында бүгінде 9 индустриалды аймақ бар. Онда құны 44,4 млрд. теңгені құрайтын 63 жоба жүзеге асқан. Асфальтті бетон жасау, металл бөлшектер мен бұйымдар өндірісі, мобильді жылжымалы контейнерлер өндіру, тігін, жиһаз өндіру, металл торлары мен құрылыс блоктарын жасау, темір есік өндірісі, тауарлық бетон шығару цехы, темір бетон бұйымдары және басқа да өнімдер өндіріліп, Түркістан және басқа да өңірлерге тасымалдануда.

Бүгінде Индустриалды аймақтар Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Ордабасы, Мақтаарал, Қазығұрт, Түлкібас, Шардара, Бәйдібек аудандарында орналасқан. Жетісай ауданынан да агроиндустриалды аймақ қалыптасып, Түркістан өнімдерінің саны артады деп күтілуде.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА КӘСІПОРЫНДАР САНЫ АРТАДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілді. Жоспарға сай, биыл облыста 6640 тонна балық өсірілуі қажет. I тоқсанның қорытындысы бойынша 2559 тонна өндірілді. Тауарлы балық өндіру бойынша Түркістан облысы республика көлемінде көш басында.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының қатысуымен балық саласында шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер және балық шаруашылығы саласын дамыту жөнінде жиын өтті.

Мәжіліске Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев және балық шаруашылығына қатысты құзырлы мемлекеттік органдар және аудан, қала әкімдіктерінің салаға жауапты орынбасарлары мен шаруа қожалықтың иелері қатысты.

Түркістан облысында балық шаруашылығы саласының жағдайы туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Данияр Сейітов баяндама жасады.

– «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркеліп, олар 88 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 146 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 26 шаруашылыққа субсидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған. Тиісті жұмыстар атқарылуда, – деді ол.

Бүгінде жоспарға сәйкес жаңадан 20 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде төртеуі үйіргелік аулада ашылған. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды қарқынды жүргізіп, нормаға сәйкес облыс тұрғындарының балық өнімін тұтынуын толық қамтамасыз ету және балық өнімдерінің экспортын арттыру жоспарланып отыр. Дегенмен, конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар 21 су айдынында табиғат пайдаланушылармен келісімшарт талаптарының мерзімінде орындалмауына байланысты, шартты біржақты бұзу шаралары жүргізілуде.

Жиында бірқатар ұсыныстар айтылып, мәселелер талқыланды. Атап айтсақ, су айдындары мен тоғандардың аймағынан шаруашылықтарды дамыту үшін жер телімдерін рәсімдеуді уақтылы, тез арада заңдастыру, балық шаруашылықтарының көлемі мен санының көбеюіне байланысты, акваөсіру бойынша кеткен шығындардың көлемін субсидиялауға қосымша қаржы бөлу сұрады. Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету және жаңадан балық шаруашылығын обьектілерін ашу жоспарын орындау жүктелді.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітілген 91 су айдынын қайтадан талдап, зерделеуді тапсырып, экспортқа ден қоюды тапсырған. Ермек Кенжеханұлы осы бағытта жұмыстар атқарылуы керектігін айтып, жауапты мамандарға тапсырма берді. Сондай-ақ балық шаруашылығы саласына инвестициялар тарту жұмысын күшейту қажет екенін атап өтті.

– Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуі керек. Инвесторлар тарту маңызды. Жаңадан тоғанды балық шаруашылығын, балық азықтары мен балық өнімдерін өңдейтін зауыт, кәсіпорын ашуға ниет білдірген тұлғаларға жаңадан және табиғат пайдаланушыларға конкурстық негізде бекітілген су айдындары мен жұмыс істеп тұрған тоғанды балық шаруашылықтарын одан әрі дамыту мақсатында айналасынан жер учаскелерін беруді қарастыру қажет. Балық шаруашылығын дамыту мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған жаңадан балық шаруашылығы нысандарын ашу жоспарының орындалуы қамтамасыз етіліп, атқарылған жұмыстар бойынша әр тоқсан сайын табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына есебі берілуі керек. Балық шаруашылығымен айналысушыларға кәсіптерін дамыту үшін жеңілдетілген несие беру қамтамасыз етілсін. Конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар су айдындарында табиғат пайдаланушыларымен атқарылған жұмыстарына талдау жүргізіліп, шарт талаптарын орындамаған табиғат пайдаланушылармен шартты біржақты бұзу шаралары атқарылуы тиіс. Заңға сәйкес резервтегі су айдындарын конкурстық негізде табиғат пайдаланушыларға бекітіп беру жұмыстары жалғасады, – деді Ермек Кенжеханұлы.

– Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін облыста тауарлы балық өндіру көлемі 20 мың тонна болып бекітілген. Аудан, қала әкімдіктерінің аумағынан 2023-2025 жылдары жаңадан ашуға жоспарланған 91 шаруашылыққа инвестициялық субсидия және жеңілдетілген несие тұрақты түрде бекітілген жағдайда, 2025-2026 жылдары облыста тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан асады, – деді Қайрат Абдуалиев.

Жиналыс барысында өңірде балық шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері талқыланып, көкейтесті сұрақтарға ұтымды жауаптар алынып, балық шаруашылығын дамыту жолдары жан-жақты сараланып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.

Айта кетейік, балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын жинақтап, өткізуде. Облыста жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. 2023 – 2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *