«NUR OTAN» ФИЛИАЛЫ ЖАҢА ҒИМАРАТЫНЫҢ ҚАБЫРҒАСЫ ҚАЛАНДЫ

Уақыт Қоғам
631 Views

Биыл Келес ауданында бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтереді. Соның бірі – «Nur Otan» партиясының Келес аудандық филиалы ғимараты.

Аудан орталығының Тұрар Рысқұловкөшесі бойынан бой көтеретін партия ғимаратының құрылысына аудандағы белсенді партия мүшелері мен кәсіпкерлер демеушілік жасауда. Аталған ғимараттыңқабырғасын қалау жұмыстары басталды. Құрылыс нысанының басына Келес ауданыныңәкімі, «Nur Otan» партиясының Келес аудандық филиалының төрағасы АқментайЕсбаев баaрып, ғимарат құрылысымен танысты. Ақментай Үсенұлы нысан құрылысынадемеушілік жасап жатқан кәсіпкерлерге алғысын айтты.

«Өздеріңізге белгілі аудан болып қайта құрылғанымызға да 3 жылдың жүзі болып қалды. Осы уақытқа дейін біршама жаңа нысандар бой көтеріп, ауданымыздың көркіне көрік қосып, тұрғындарға қызмет етуде. Әлі де болса аталған жұмыстар жалғасын тауып, тұрғындарымыз, қала берді болашағымыз үшін талай тірліктер атқарылары сөзсіз. Нысандардың көбі бюджет қаражатынан бой түзеп жатса, соның ішінде ауданымыздың кәсіпкерлері де елдің көркеюіне үлестерін қосуда. Соның бірі – осы «Nur Otan» партиясының Келес аудандық филиалының ғимараты. Бұйырса бұл ғимарат та сәулетті әрі елге қызмет ететін нысанның бірі болады деп сенеміз» – А.Есбаев.

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ЖЫЛЫЖАЙ КӨЛЕМІ 20 ГЕКТАРДАН АСТЫ

Қазіргі кезде наны жүріп тұрған кәсіптің бірі – жылыжай десек қателеспейміз. Көпшіліктің: «Салафанның ішіне бақша егіп те адам жари ма» деген ойының келмеске кеткені қашан. Тірнектеп істеген тірліктің табыссыз қалмайтынын түсінген қазекем бүгінде жылыжай жайын жетік меңгеруге кіріскен. Соңғы бір-екі жылда Түркістан өңірінде айтулы кәсіппен айналысушылар саны көбейіп келеді.

Ғылым мен техника дамыған заманда жылыжай өніміне сұраныс та еселеп артпақ. Жердің тозуы, топырақтың құнарсыздығы және климаттың өзгеруі – оған басты себеп болмақ. Жылыжай жұмысын жандандырып, егіс көлемін арттыруда, сонымен қатар, шығынды азайтып, өнімді көбейтуде ауыл шаруашылығы мамандары тынбай жұмыс істеуде. Жылыжайдың болашағы зор. Келешекте өңірге көгілдір отын келгенде оған кететін шығын неғұрлым азайып, кәсіпкерге жеңілдік туады. Онда көктемнен бастап, ерте пісетін өсімдіктердің сан алуан түрін өсіруге болады. Бұл бір жағынан жергілікті тұрғындарды табиғи отандық өніммен қамтуға септігін тигізсе, екінші жағынан экологиялық таза өнімнің адам денсаулығына тигізер пайдасы ұшан-теңіз.

Төртінші индустриалды-инновациялық даму дәуірінде бұл гендік инженериялық өнімдерден сақтайды. Жылыжай өндірісі – оңтүстік өңірлерде дамыған. Соның ішінде Түркістан облысы Төлеби ауданында жылыжай ісін кәсіп еткен шаруалар саны артып келеді. Солардың бірі – жеке кәсіпкер Жандар Жолдықараев. Көксәйек ауылдық округі, Қазақстан елді мекенінің тұрғыны үйіргелік жерден аумағы 0,13 га болатын жылыжай салған.

Ол бірінші айналымға қияр дақылын екті. Диқанның айтуынша, жиын-терім жұмыстарына маусым айының соңында кіріседі. Жылыжайдан шамамен 10-12 тонна өнім алуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, бүгінде Төлеби ауданы аумағындағы жылыжайлардың жалпы көлемі 20 гектардан асады. Биыл тағы 1 га аумаққа жылыжай салу жоспарлануда.

ЖАҢАРУ ЖӘНЕ САПАЛЫ ҚЫЗМЕТКЕ БЕТБҰРЫС

Қаланың инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғындарға қызмет көрсету сапасын арттыру – өзекті саланың бірі екені даусыз. Бұл бағытта көлік құрылымын, оның ішінде қоғамдық көлік қызметін заманауи үлгіде қалыптастыру – жауапты сала мамандарының ұдайы назарында. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары қаланың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму көрсеткіштерінің жоғарылауы – аталмыш саланың қызметін жетілдіруге, тұрғындардың сұранысына сай оңтайландыруға оңды ықпалын тигізуде.

Осы орайда, Түркістан қаласы әкімдігінің «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» басшысының міндетін уақытша атқарушы Арман Оспан бөлімде I тоқсанда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Қала әкімінің төрағалығымен өткен жиында жол, тас төсеу, асфальт салу, жарықшамдар, аялдамалар орнату және қоғамдық көлік мәселесі кеңінен айтылды.

Шаhар басшысы өз сөзінде, бүкіл маршруттардың жүру кестесіне өзгеріс енгізу қажеттігін және ол үшін қала тұрғындарының ой-пікірін сұрау, соған сай шешім қабылдау қажеттігін тапсырды. Одан өзге, 109 — Бірыңғай байланыс орталығына келіп жатқан қоғамдық көлік жүргізушілері, автобустардың тазалығы және жүру уақыты жайлы шағымдарды «Жолаушы» ЖШС өкілі М.Жұмагелдіұлына тез арада назарға алуды тапсырды.

Жалпы, Түркістан қаласында 24 бағыт болса, соның 21-інде «Жолаушы» ЖШС 270 қоғамдық көлікпен қызмет көрсетуде.

Оның ішінде 40-қа жуық автобус «Жолаушы» ЖШС теңгеріміндегі автобустар болса, қалған 230-ға жуығы шағын автобустарды жалға алу келісім шарты арқылы қызмет көрсететін жеке азаматтардың автокөліктері. 24 бағыттың 3-інде (№14, 15, 16) 2021 жылдың ақпан-наурыз айларынан бастап тасымалдаушы «ТехПрофАвто» ЖШС жаңа ISUZU SAZ LE маркалы сыйымдылығы 53 орындық жаңа автобустармен қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда жаңа 3 бағытқа «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау» қағидасына сәйкес, қызмет көрсету құқығына арналған конкурстық жұмыстар жүргізілуде. Конкурстың аяқталу уақыты биыл мамыр айының соңына жоспарланған. Сондай-ақ, бұл бағыттарға «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында инвестор «АлемПэй» ЖШС-мен келісім шарт арқылы электронды билет жүйесі енгізілген. Сондай-ақ, жаңа автобустарда кондиционер, электрондық табло, жарнамалық монитор және камералар қарастырылған.

Жолаушы тасымалдаушы қоғамдық көлік қызметін жандандыру бағытында қолға алынған ауқымды шаралар бүгінде өз нәтижесін беріп жатқаны көңіл қуантады.

Қаладағы қоғамдық көліктерді, жолдарды жаңарту арқылы жолаушыларға сапалы қызметтер көрсету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту мәселелері оңтайлы шешілуде. Сондықтан, облыс орталығындағы қоғамдық көліктерді, автокөлік жолдарын жаңарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенім мол.

ЖАЙЫЛЫМ ЖЕРДІҢ КӨЛЕМІН 21%-ҒА АРТТЫРУ КӨЗДЕЛУДЕ

Түркістан облысының әкімдігі спутниктік деректер негізінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мониторингінің жаңа технологияларын пайдалануда. Облыс аумағындағы ондай жерлерді анықтау бойынша космомониторинг жүргізілді. Цифрлық технологиялар мен әдістердің кең мүмкіндіктерін қолдана отырып, жосықсыз жер пайдаланушыларға бақылау күшейтілген.

Космомониторинг көрсеткіштері облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында талқыланды. Облыс әкімі кей аудандарда орын алған жер иелерінің әрекетін және оған жол берген әкімдерді қатаң сынға алды. Жер заңнамасын бұзу деректері бойынша шара қолдануды және мәселені шешуді тапсырды.

«Облыс аумағында жерді қазып тастаған жағдайлар жиілеп кетті. Неге әкімдер қарамайды? Бұл дегеніңіз – табиғатқа қиянат қой. Ол жерге мал түсіп, мертігіп жатыр. Оны тоқтату керек. Қазып тастаған жерлерді реттеу керек. Барлық әкімдерге тапсырма», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Егістікке мал түспес үшін шұңқыр қазып тастаған азаматтарға шара қолдану мақсатында облыстық жер инспекциясына арнайы хат жолданған. Түркістан облысында жүріп жатқан ғарыштан мониторинг барлық жерді қамтиды және оны пайдалану мен түсімділік, тіпті су тұтынуды анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жер қолданылмай немесе мақсатына сәйкес пайдаланылмай жатқан жағдайларды анықтайды.

Игерілмеген жерді мемлекетке мәжбүрлеп қайтару көзделген. Жер қатарынан 2 жыл бойы пайдаланылмаған жағдайда, айыппұл салынады және жер салығы 10 есе ұлғайтылады. Облыс бойынша жайылым тапшылығы бар 152 елді мекендер анықталды. Жыл соңына дейін жалпы пайдалануға 130 мың га жер өтеді. Осылайша, халықтың пайдаланатын жайылым жердің көлемі 742 мың га немесе 21% артуы күтілуде. Заң жобасында мемлекетке қайтару мерзімін екі жылдан бір жылға дейін қысқарту қарастырылған. Жайылымдар алаңдарын ұлғайтуға бағытталған жұмыстар жалғасуда.

Отырыста облыс аумағындағы коронавирус инфекциясы мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы баяндалды. Жағдай тұрақты. Бүгінгі күнге дейін 176 мыңнан аса адам 1-ші компонентпен вакцина қабылдады. Пандемия басталғалы 700 мыңнан астам адамнан ПТР сынағы алынған.

ҚАУІПСІЗДІКТІ ЖАНДАНДЫРУДЫ МАҚСАТ ТҰТҚАН ТҮРКІСТАНДЫҚ ТУРИСТІК ПОЛИЦИЯ

Түркістан облысының орталығында 2019 жылдың көктемінде Туристік полиция бөлімі өз қызметін бастаған болатын. Қазіргі таңда Туристік полиция штатында 5 полицей жұмыс істейді.

Туристік полиция қызметкерінің негізгі міндеттері шетелдік азаматтардың жағдайын, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен қатар, шетелдік азаматтар көп жүретін жерлерде патруль жасау, кез-келген сұрақтар бойынша оларға жауап беру және қауіпсіздік туризм жағдайына мониторинг жасау, жалпы қоғамдық тәртіпті сақтау және де қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау – ең басты міндеті. Оларға қойылатын талап, мемлекеттік тілмен қатар орыс және ағылшын тілдерін, еліміздің тарихын білуі тиіс. Сондай-ақ, тез тіл табыса білетін қасиеті болуы қажет. Қазақстанға қыдырып келгендерге кеңес беру, ақпараттандыру да туристік полицияның қызметіне кіреді.

Арнайы киім, қажетті техника, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген қызметкерлердің басты қызметі – туристердің қауіпсіздігін қорғау. Осы бағытта Түркістан облысы туристік полиция қызметкерлері рухани-мәдени орталықтағы туристік көлік жүруге арналған жол арқылы қызмет көрсетіп, жол сілтеп, коронавирус індетінен сақтану шараларынан да хабардар етуде. Аталған орталық – қала тұрғындары мен қонақтары көп келетін аумақ болып саналатындықтан қауіпсіздікті жандандыру басты мақсат болып табылады.

Аталған полиция қызметкерлері туристермен қарым-қатынас жасау үшін қазақ, орыс, түрік және ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Олар қала қонақтары қауіпсіздігімен қатар, қаланың көрікті де тарихи жерлерін көрсетіп, қала тарихын дәріптеуде.

ХАЛЫҚТЫҢ ӨТІНІШІ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРҒА БІРТҰТАС ЖҮЙЕ АРҚЫЛЫ ТҮСІП, САҚТАЛАДЫ

«Е-Өтініш» – бұл барлық мемлекеттік және сот органдарына, сондай-ақ өтініш берушілерге өтініштерді қараудың бүкіл тарихы сақталатын бірыңғай база. «Е-Өтініш» бірыңғай ақпараттық жүйесіне 100% мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қосылған. Жаңа ақпараттық жүйені енгізудің өзектілігі мен маңыздылығы және Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің жұмысы жайлы Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова кеңінен түсіндіруде. Жұмысшы топ Конгресс холл ғимаратында бірнеше кездесу өткізіп, Түркістан облысының Халыққа қызмет көрсету орталығында болды.

Түркістан облысына қарасты ауылдық округ әкімдері, ардагерлер, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, жастар, Халыққа қызмет көрсету орталығында қызметкерлермен кездесіп, мемлекеттік органдар жұмысының жаңа жағдайдағы жұмыс ерекшеліктері және өтініш берушілермен жұмыс сапасын арттырудың жаңа мүмкіндіктері мен жолдарын көрсетті. Жұмыс тобының құрамында жобаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдардың — Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі, Юстиция министрліктерінің, Бас прокуратураның және басқа да мекемелердің өкілдері болды.

Мемлекеттік органдар өтініштерді бұдан бұрын қабылданған шешімдер мен жауаптарды ескере отырып, әкімшілік іс қалыптастырады. Жөнелту болмайды. Базада басшылардың өзінен төменгі құрылымдарға арналған, көтерілген мәселелерді шешу туралы тапсырмалар не ұсыныстар жазылған қарарлар болады. Шағымдану кезінде шешімдердің немесе жауаптардың негізділігін мемлекеттік орган дәлелдейді.

Жыл басынан бері облыс бойынша азаматтардан 17 000-нан астам өтініш келіп түскен. Хаттар үш түрге бөлінеді: стратегиялық, типтік және шағымдар. 1 шілдеден бастап бірыңғай ақпараттық жүйесіне кезең-кезеңмен көшу жүзеге асырылатын және азаматтардың мемлекеттік органдарға өтініштері бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы түсетін болады. Осы жүйенің көмегімен өтініш беруші өтінішті қарау барысын бақылай алады.

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ЕКІ ЖЫЛДА 1 МЫҢҒА ЖУЫҚ АЗАМАТ БАСПАНАМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Түркістан облысында былтырғы жыл мен биылғы жылдың есепті кезеңіне дейін 1 мыңға жуық азамат баспанамен қамтылды. Қазіргі таңда облыс бойынша 42 883 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл туралы брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Бақтыбек Убайдин мәлімдеді.

Оның айтуынша, баспана кезегінде тұрғандардың басым бөлігі халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар.

«Қазіргі таңда, бір ғана Түркістан қаласының өзінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға 13 010 адам кезекте тұр. Оның ішінде 3 258-і көпбалалы отбасылар, 5565-і халықтың әлеуметтік осал топтары, 4001-і бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, 185-і жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және 1-і баспанасы авариялық жағдайда деп танылған азамат. Заң талаптарына сай осы аталған азаматтарды үймен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп келеді», – деді Б.Тоқбергенұлы.

Сондай-ақ, өз кезегінде «Отбасы банк» Түркістан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Амир Нұрмұқанов үй кезегінде тұрған азаматтарға мемлекеттік бағдарламаның шарапаты көптеп тиіп жатқанын сөз етті.

«Өңірде «Отбасы банкі» арқылы жылына 2 пайыздық жеңілдетілген несиемен үй алу үшін көпбалалы, толық емес отбасылар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске асырылуда. Биылдың өзінде аталған жоба бойынша 1 269 отбасы өтініш білдірді. Ал, үй кезегінде тұрған азаматтардың қалған санаттары үшін «5-10-25» бағдарламасы жұмыс істейді. Мәселен, өткен жылы осы жобамен облыс орталығында 336 пәтер сатылды. Биылдың өзінде 66 пәтерге конкурс жарияланды, нәтижелері маусым айында анықталады. Сонымен қатар, Түркістан қаласында тұрғын үй «7-20-25» бағдарламасымен 63 отбасы тұрғын үй сатып алса, 9 пәтер бойынша қайта конкурс жарияланды», – деді А.Қизатұлы.

Айта кетейік, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесінде өткен жылы 336 пәтер, биыл 125 пәтер үлестірілген. Сондай-ақ, осы жылы өңірде коммуналдық тұрғын үйге кезекте тұрған 137 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

ПАРТИЯ МҮШЕЛЕРІ ТӘРТІБІМЕН ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІГІМЕН ҮЛГІ БОЛУЫ ТИІС

Түркістанда «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Бақылау-тексеру комиссиясының отырысы өтті. Жиынды Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев жүргізіп отырды. Ол партия жұмысын жандандыру бағытындағы Елбасы, Партия Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, әрбір азаматтан табанды еңбек пен жауапкершілік талап етіліп отырғанын, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жетілдіру, жоспардағы іс-шараларды жүзеге асыру керектігін айтты.

Жиында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы таныстырылды. Олар:

Комиссия төрағасы:

1. ТАСЫБАЕВ Абдрахман Батырбекұлы – Түркістан облысы қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы.

Комиссия мүшелері:

2. СӘРСЕНБЕКОВ Жақсыбек Әбдетұлы – «Арыс» селолық тұтынушылар кооперативінің төрағасы.

3. ЕСЕМБАЕВА Тамара Тұрарқызы – Түлкібас аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы.

4. АЙТЕКЕЕВА Алтынай Қалдарқызы – Сайрам аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы.

5. КЕРІМБЕКОВА Әйгерім Ерланқызы – Сарыағаш аудандық Жастар ресурстық орталығының есепшісі, Сарыағаш аудандық мәслихатының депутаты, фракция мүшесі.

Партия филиалдарының бақылау-тексеру комиссиялары партия органдарының қаржы және шаруашылық қызметтеріне бақылау жасауды жүзеге асырады және заңнамаға, партия Жарғысы мен Бақылау-тексеру комиссиялары туралы Ережеге сәйкес әрекет етеді.

Биыл 14 мамырда өткен облыстық партия филиалының кезекті есеп беру-сайлау конференциясында облыстық бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Абдрахман Батырбекұлы 2019-2020 жылы бақылау-тексеру комиссияларының атқарған жұмыстары бойынша есебін беріп, бірқатар мәселені қозғаған болатын. Кемшілікке жол берген филиалдардағы жауапты тұлғаларға партия тарапынан тәртіптік шара көрілді.

Жиында Бақылау-тексеру комиссиясының құрамы мен жұмыс жоспары бекітілді. Алдағы уақытта да партиялық тәртіпті нығайту бағытында жұмыстар жалғасады.

БИЫЛ 2,5 МЛН ШАРШЫ МЕТР ӘЛЕУМЕТТІК БАСПАНА САЛЫНАДЫ

Бастапқы жарна мөлшерін өзгертужәне көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен ерекше қажеттіліктері баразаматтарға жеңілдетілген ипотека беру, осы және өзге де өзекті мәселелер «NurOtan» партиясы жанындағы Жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі жаңа республикалық қоғамдық кеңестің біріншіұйымдастырушылық отырысында талқыланды.

«Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы аясында биыл елімізде 17 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланса, оның 2,5 миллионы халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған. 2021 жылдың төрт айында 3,5 млн. шаршы метр тұрғын үй немесе 28,9 мың пәтер пайдалануға берілді.

Алайда, баспанаға мұқтаж адамдар саны күн сайын өсуде. Бүгінде тұрғын үй кезегінде 562 мың отбасы тұр, оның 185 мыңының табысы отбасының бір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, оларды тұрғын үймен жедел қамтамасыз ету үшін жеке тұрғын үй қорындағы жалдау ақысының бір бөлігін Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары үшін 31 АЕК, өзге өңірлер үшін 21 АЕК және ауылдық жерлер үшін 15 АЕК мөлшерінде субсидиялау ұсынылады. Сонымен қатар, вице-министр аз қамтылған отбасыларға арналған баспана құрылысына жаңа көзқарас туралы айтып берді.

«Әлеуметтік осал отбасылар үшін тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі жылына шамамен 10 мың пәтерді құрайды, мұндай жағдайда проблема тек 20 жылға жуық уақыттан кейін ғана шешіледі. Сондықтан қаражатты әкімдіктер салатын үйлердің құрылысына емес, жеке инвестицияларды тарту үшін коммерциялық компанияларды субсидиялауға бағыттады. Жыл сайын 37 мың пәтер тапсырамыз және 5 жыл ішінде барлық аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге тырысамыз», — деді Қайырбек Өскенбаев.

Тағы бір маңызды мәселе – ерекше қажеттіліктері бар адамдарға баспана беру. Бұл бағыттағы пәрменді тетіктердің бірі ипотекалық несие беру болып табылады.

«Отбасы банкі» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, 2 мыңға жуық мүгедектігі бар тұлғалар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың банкте 19,6 млрд. теңге сомасында несиелері бар. Мұндай отбасылардың жалпы сомасы 3,7 млрд. теңгені құрайтын 10 мыңға жуық депозиті бар.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға 13,8 млрд. теңге сомасында 1,3 мың займ берілді. Биыл осы бағдарлама бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары 27 мыңнан астам өтініш жолдады. Жартысынан көбі «толық емес отбасы» санатына жатады», — деді Ләззат Ибрагимова.

Өз кезегінде Кеңес мүшесі Ирина Смирнова соңғы жылдары кезекте тұрғандардың саны артып, берілетін пәтерлер саны азайып бара жатқанын атап өтті.

«Кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету баяу жүріп жатыр, сондықтан жыл өткен сайын кезек көбеймесе азаймай тұр. Мысалы, өткен жылы кезек 23%-ға ұлғайса, ал тұрғын үй алғандар саны 3%-ға азайды. Мұндай қарқынмен, кезектің соңында тұрғандар 80 жылдан кейін ғана баспана алады. Сондықтан мүгедектігі бар адамдар үшін тұрғын үй қорын ұлғайту қажет», — деді Ирина Смирнова.

Еске сала кетейік, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 2025 жылға қарай 1 млн. отбасы үшін 103 млн. шаршы метр тұрғын үй беру міндеті тұр. Оның ішінде 284 мың көпбалалы және кедейлік шегіндегі отбасылар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жетім балалар бар.

Отырыс қорытындысы бойынша «Nur Otan» партиясы атынан кеңес мүшелері «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды.

Сонымен, олардың пікірінше, мүгедек бала 18 жасқа толған кезде оның тұрғын үй алу кезегінің сақталуын, әлеуметтік осал санаттар үшін тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтуды, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасында көзделген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шегін көтеруді ескерген жөн. Бұдан басқа, әлеуметтік осал отбасыларға сатып алу құқығынсыз бұрын жалға берілген тұрғын үйді олардың жекешелендіріп алуына мүмкіндік берілуі керек.

ЖЕР ДАУЫНА НҮКТЕ ҚОЙДЫ

«Nur Otan» партиясы Бәйдібек аудандық филиалында қоғамдық қабылдау бөлмесінде аудан әкімі, партия төрағасы Шәріпбеков Ержігіт Шәріпбекұлы, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Ерлан Нұрмаханов, аудандық мәслихат депутаты Гульдария Шардарбекова аудан тұрғындарының өтінішін тыңдап қабылдау өткізді.

Қабылдауға Ақбастау, Боралдай, Қазата, Шаян, Ағыбет, Шалдар елді мекені тұрғындары өтініштерімен келді. Қаралған өтініштерді қарау барысында Ақбастау ауыл округі тұрғынының 210 га жайылымдық жер дауын даулап, 10 га қосымша жерін жоқтығын айтып мәселелерімен жүгінді. Аудан әкімі, партия төрағасы Ержігіт Шәріпбекұлы және жер қатынастар бөлімінің басшысы Нұралы Оразов жер сызбаларын көрсетіп, тиесілі жерін алғанын дәлелдеп берді. Шындығына келгенде өзіне тиесілі жері заңдастырылып берілгені анықталды.

Шалдар ауылының тұрғыны Г.Расилова өзі ІІІ топтағы мүгедек, жағдайы жоқтығын айтып әлеуметтік көмек сұрады. Мәселесін қарай келе, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Ерлан Заипұлы тұрғын үйінің жөндеу жұмыстарын жүргізіп көмек көрсететіндігін жеткізді.

Боралдай ауылының тұрғыны Ү.Кәдірбеков анасының уақытылы ем қабылдай алмағанын айтып, наразылығын білдірді.Аудандық мәслихат депутаты, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Г.Шардарбекова мәселенің тиесілі, нақты жауабын берді. Жеке куәлік жансақтық қателік жазылған туған жылының кесірінен осы күнге дейін жұмыссыз жүргендігін айтып көмек сұрады. Қарау барысында ХҚКО арқылы мәселесінің шешімі табылатындығы айтылды.

Ағыбет ауыл округі, Майбұлақ ауылы тұрғыны Б.Жұмаділдәнің өтініші 12 км. шақырым жолға тас төсеу мәселесін қарау барысына жолдады.

Жұмысқа орналасу және мемлекеттік тұрғын үйін жекешелендіріп алу мәселелері де қаралып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Қаралу барысына жолданған өтініштер партия бақылауында тұрады.

ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДА ТҮСКЕН ӨТІНІШТЕР БОЙЫНША 5 ОТБАСЫНА БҰЗАУЛЫ СИЫР ТАПСЫРЫЛДЫ

Түркістан облысында нұротандық депутаттар халықпен етене жұмыс істеуді жалғастырып жатыр. Жуырда «Nur Otan» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөліміне Қ.Әбдалиев ауыл округінің аз қамтамасыз етілген отбасылар атынан Х.Нышанбаева, Г.Баймурзаева, К.Төреханов, Ә.Байботаева, Ә.Жылқайдаров және Р.Ертаевалар әлеуметтік көмек сұраған болатын. Жалғыз басты аналар мен қиын жағдайда қалған тұрғындар партиядан қолдау күтетіндерін айтқан-ды. Нәтижесінде аудандық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Саян Батырбаев және Рабат ауылының кәсіпкерлері (партия мүшелері) бірлесіп, 5 отбасыға – бұзаулы сиыр, бір отбасыға – жылқы және де азық-түліктей көмек көрсетті.

Сонымен бірге қайырымды азаматтар қосымша 10 отбасына азық-түлік себеттерін үлестірді. «Балық берме, қармақ бер» нақылын ұстанған депутат осылайша тұрғындардың мал шаруашылығымен айналысуына қолдау көрсетті. Өтініштері назарға алынған тұрғындар жетекшісі партияның Қазығұрт аудандық филиалы мен депутатқа, кәсіпкерлерге алғыстарын білдірді.

Түркістан облысында «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Мамырдың 11-не дейінгі көрсеткіштер бойынша өңірде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарымен 592 қабылдау өткізіліп, 1,6 мың адамның өтініші тыңдалды. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен 299 қабылдау өткізіліп, 657 тұрғынның өтініші қаралған.

Беттерді дайындаған

А. СӘКЕНҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *