университет қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының кезекті есептік-сайлау конференциясында жоғары бағаланды
Жақында Л. Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының кезекті есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Осы аталмыш конференцияға Орталық аппараттан Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрайымы А. М. Мұқашева, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының құқықтық инспектор А. Ж. Бектабанов, ал университет тарапынан Басқарма мүшесі-Әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Ләззат Төлегенқызы және университеттің құрылымдық бөлімдерінен сайланған 65 делегат шақырылып, соның 64 делегаты келіп қатысты.
Есеп беру-сайлау конференциясының алғысөзін алдымен Орталық аппараттан Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрайымы А. М. Мұқашева ашып беріп, одан кейін университет тарапынан Басқарма мүшесі-әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Л. Төлегенқызы сөз алып, одан Тарих факультеті Қазақтан тарихы кафедрасының профессоры Т.С. Садыков пен Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі Журналистика және медиаөнер кафедрасының профессоры М.Б.Тоқтағазин сөз алып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Одан кейін конференцияны жүргізуші Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Б.Б. Сейдеш бүгінгі өткізіліп отырған Конференцияның күн тәртібі туралы ұсынысын айтты. Ол 2022-2026 жылдар аралығында бастауыш кәсіподақ ұйымының атқарған жұмысы туралы баяндама жасап, 2022-2026 жылдар аралығындағы ревизиялық комиссияның есебі тыңдалды.
Одан кейін, күн тәртібінің бірінші мәселесі бойынша Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия университеті Кәсіподақ комитетінің төрағасы Сейдеш Бәкіжан Болатбекұлы өз баяндамасында 2021 жылғы 26 қазан күні «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы» филлиалының кезектен тыс есептік-сайлау конференциясында Төраға лауазымына сайланғанын айта келе, бүгінгі заманауи кезеңге сәйкес әлемдік әлеуметтік-экономикалық процестердегі жаһандық өзгерістер еңбеккерлер өміріне орасан зор ықпалын тигізіп, кәсіподақтар қозғалысына жаңа талаптар мен міндеттер жүктеуде деп бастай келе, білім мен ғылым саласы – үнемі жаңару мен қарқынды өзгерістерді талап ететін маңызды сала. Осы орайда, әрбір қызметкердің кәсіби мүддесі мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау – қоғам дамуының негізгі тірегі. Біздің ұйым «бірлік пен ұйымшылдық» қағидасын берік ұстана отырып, әрбір еңбек адамының құқығын қорғауда табанды еңбек етіп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей: «Кәсіподақтар – азаматтық қоғамның маңызды институты және еңбек адамының құқығын қорғайтын негізгі күш». Біздің бес жылдық жұмысымыз осы бағытпен үндесіп, университетіміздің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерінің мүддесін қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, құқықтық қорғау, әлеуметтік қолдау және кәсіби мүддені ілгерілету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нақты нәтижелерге қол жеткізілді дей келе, осы орайда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы да университетіміздің ішкі әлеуметтік еңбек саласындағы өзекті мәселелерді шешуге толыққанды ат салысып отырғандығын, сонымен қатар Кәсіподақ ұйымының еңбек адамының құқығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп келе жатқандығын ерекше атап өтті.
Университеттің кәсіподақ ұйымы үнемі тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша университетте 2815 қызметкер, оның ішінде 1481 кәсіподақ мүшесі бар, бұл қызметкерлердің 53%-ын құрайды.
ҰЖЫМДЫҚ ШАРТ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК
Жұмыс беруші мен университеттің профессор-оқытушы құрамы мен қызметкерлерінің өзара мүдделерін қамтамасыз ететін талаптар мен шарттарды жасасып, олардың қызметін үйлестіруде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қызметкерлерінің Ұжымдық шарты ерекше роль атқаратыны белгілі.
Осы мақсатта, бірінші кезекте 2022–2025 жылдарға арналған ұжымдық шарт 2022 жылғы 23 маусымда қабылданып, бекітілсе, ал 2025 жылы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес 2025–2028 жылдарға арналған екінші ұжымдық шарт әзірленіп, бекітілген болатын.
2025–2028 жылдарға арналған Ұжымдық шартта ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің еңбек жағдайлары, жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік кепілдіктер бойынша 2023–2026 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімнің талаптары ескерілді. Орталық аппараттың тарапынан жүргізілген Қоғамдық бақылаудың нәтижесінде университет әкімшілік персонал қызметкерлерінің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын үш күнге дейін ұзарту туралы норма енгізілді.
ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ
Еңбекті қорғау – кәсіподақ ұйымы қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Кәсіподақ ұйымы мен университет басшылығы еңбек қауіпсіздігі мәселелерін бірлесіп шешуге және қызметкерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүргізді.
2022–2026 жылдар аралығында еңбек жағдайлары, еңбек тәртібі, жазатайым оқиғалар, тәртіптік мәселелер және еңбек дауларына қатысты өтініштер мен мәселелер қаралды. Тиісті жағдайларда этика, тәртіптік және келісу комиссияларының қарауына ұсынылды.
Елімізде жүргізіліп жатқан Конституциялық реформаларлдың нәтижесінде 2026 жылдың Наурыз айында жаңа Конституция қабылданса, ал тамыз айының 23-ші жұлдызында Заң шығарушы орган Құрылтай құрылып, Құрылтай депутаттарының сайлауы өткізілген болатын. Және, еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыру мақсатында былтырғы 2025 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жарлығымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, жұмысшылардың құқықтық мәртебесін айқындап берсе, біздің университетте осы «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай университеттің қарапайым жұмыскер санатындағы 10 жұмыскерге Кәсіподақ тарапынан тегін Қазақстанның беделді шипажайларына тиісті 10 жолдамаға Сертификат берілгенін де ерекше қамқорлық деп атап өтуге болар еді.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 203-1 – бабына да 3-ші маусым күні мынадай мазмұнда толықтырулар енгізіліп, 2026 жылдың 4 тамызынан бастап күшіне енуі де, жұмыскерлердің мүдделерін қорғауға байланысты жаңа серпін берді.
Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектордың еңбегіне ақы төлеу тəртібі ұжымдық шартта айқындалуы мүмкін.
Нәтижесінде осы енгізілген нормаға сәйкес 2026 жылдың сәуір айында Орталық аппараттан Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрайымы А. М. Мұқашеваның орынбасары В.Ф. Беженаров мырзаның жіберген хаты бойынша жазғы жөндеу жұмыстарының басталуына байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің Бас ғимаратындағы №208-ші акт залында барлық жұмыскерлер санатын, оның ішінде құрылысшылар, ремонт жүргізетін жұмыскерлерді жинап университеттің еңбекті қорғау қызметі өндірістік бақылу инспекторы Асқар Тасқалиевтың қатысуымен нұсқау жұмыстары жүргізілген болатын.
МӘДЕНИ-БҰҚАРАЛЫҚ, СПОРТТЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ІС-ШАРАЛАР
Кәсіподақ ұйымы жыл сайын университеттің құрылымдық бөлімшелерімен, оның ішінде Jastar департаментімен бірлесіп, мәдени-бұқаралық, спорттық және әлеуметтік бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыруға қатысып, материалдық қолдау көрсетті. Мынадай жұмыстар атқарылды: «Денсаулық және сергектік» спартакиадасы, Ақселеу Сейдімбек атындағы тастаяқ турнирі, «ENU BARYSY» республикалық турнирі, киберспорттық турнир, минифутбол спартакиадасы, марафондар және басқа да спорттық іс-шараларға қолдау көрсетілді. «Күлтегін» декадасы аясындағы іс-шаралар ұйымдастырылды. 1 маусымда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларына қайырымдылық көмек көрсетілді. 1 қыркүйек қарсаңында көпбалалы отбасыларға арналған «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өткізілді. Халықаралық қарттар күніне орай «Ардагерлерді ардақтайық» қайырымдылық акциясын ұйымдастыру және еңбек ардагерлеріне қолдау көрсетілді. «Қош келдің, Жаңа жыл!» іс-шаралары аясында кәсіподақ мүшелеріне сыйлықтар табыстау және жаңа жылдық ертеңгіліктер ұйымдастырылды.
2025 жылы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында еңбек адамын қолдау, олардың денсаулығын нығайту және еңбекке қабілеттілігін арттыру бағытында әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар жүзеге асырылды. Университетпен бірлесіп, қызметкерлерге шипажайларға жолдамалар берілді. 2026 жылы университеттің 30 жылдық мерейтойы аясында жыл бойы түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Іс-шаралар спорт, білім, тәрбие және әлеуметтік бағыттарды қамтып, ұжым бірлігін нығайтуға және мерейтойды кең көлемде атап өтуге бағытталды.
САУЫҚТЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ
Кәсіподақ ұйымы қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – қызметкерлерді сауықтыру және демалысын ұйымдастыру. Кәсіподақ мүшелеріне «Сарыағаш» емдік-сауықтыру кешені, «Алтынай», «Әсел», «Манкент», «Мойылды», «Сосновый бор» шипажайларына жолдамалар ұсынылды. Қазақстан Республикасы аумағындағы шипажайларда демалған кәсіподақ мүшелеріне есепті қаржылық құжаттары болған жағдайда 30 пайыздық жеңілдік қарастырылды.
ҚАРЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОЛДАУ
Кәсіподақ ұйымының кезекті отырыстарында жоспарлы мәселелер қаралып, ай сайын қаржыландыру қорытындылары шығарылды. Тексеру комиссиясы қаржының бөлінуіне жылына екі рет тексеру жүргізді. Қайырымдылық көмек кәсіподақ комитеті мүшелерінің шешімі негізінде бөлінді. Жыл басында мерейтойларға, емделуге және басқа да әлеуметтік қажеттіліктерге қаражат бөлу мәселелері қарастырылып, тиісті шешімдер қабылданды. Жыл ішінде педагогикалық ұжым мен қызметкерлердің қайырымдылық және әлеуметтік қажеттіліктері бойынша өтініштері қабылданып отырды.
МАРАПАТТАУ ЖӘНЕ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІН ЫНТАЛАНДЫРУ
Кәсіподақ мүшелерінің кәсіби мүдделері мен әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғауға қосқан үлесі, университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысуы, қайырымдылық іс-шараларды қолдауы және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсетуі ескеріліп, белсенді мүшелер салалық марапаттармен марапатталды.
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ІС-ШАРАЛАРҒА ҚАТЫСУ
Кәсіподақ ұйымының мүшелері жыл сайын Қазақстан оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы ұйымдастыратын республикалық форумдарға, семинар-кеңестерге, оқыту іс-шараларына және тәжірибе алмасу кездесулеріне белсенді қатысып отырады, мысалы жас педагогтарды қолдау мақсатында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының ұйымдастырып, қаржылай қолдауымен былтыр 2025 жылдың маусым айында «Ала көл демалыс аумағында» ұйымдастырылған, және биылғы 2026 жылдың маусым айында «Зеренді» демалыс аумағында» ұйымдастырылған жазғы жиынға университетіміздің жас ғалымдары барып қатысып қайтса, сонымен қатар, еңбекші әйелдерді қолдау, кәсіподақтардың әлеуметтік саладағы рөлі, еңбек қауіпсіздігі, қаржы және құқықтық қызмет, ұйымдастыру бағыттарын қамтитын іс-шараларға кәсіподақ ұйымының басқару аппараты, техникалық инспекторлары, ревизиялық комиссия мүшелері, педагогтер, жас мамандар және басқа да қызметкерлері қатысып өз біліктіліктерін шыңдап отырады.
ҚОРЫТЫНДЫ
2022–2026 жылдар аралығында бастауыш кәсіподақ ұйымы қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сауықтыру, қайырымдылық көмек көрсету, мәдени-спорттық іс-шараларға қолдау көрсету және кәсіподақ мүшелерінің біліктілігін арттыру бағыттарында жүйелі жұмыс жүргізген.
Алдағы кезеңде де кәсіподақ ұйымы қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғауға, еңбек жағдайларын жақсартуға, әлеуметтік қолдау тетіктерін дамытуға және университет ұжымының қоғамдық өміріне белсенді қатысуға бағытталған жұмысты жалғастырмақ.
ЕҰУ-дің кәсіподақ ұйымы атқарған басқа да шаралар аз емес. Соның бәрін іскерлікпен басқарған Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бәкіжан Болатбекұлы Сейдештің іскерлігі мен еңбекқорлығына конференцияға қатысушылар риза болып тарқасты. Б.Сейдеш мырза жаңа кезеңге бірауыздан қайта сайланды. Оның жұмысына Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрайымы А. М. Мұқашева жоғары баға берді. Біз де абыройлы басшының келбетіне риза болып аттандық.
Балжан АРИНОВА,
«Әділеттің» Астана қаласы мен
Ақмола облысындағы арнаулы тілшісі
Астана қаласы



