ҚОС САЛАНЫҢ ҚАЙРАТКЕРІ

Мерей Тұлға
15 Views

Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде жеті жыл тілші, аға тілші болып қызмет атқарып, 1984 жылы Қазақ теледидарының «Қазақстан» ақпараттық бағдарламасына редактор болып жұмысқа ауыстым. Ол кезде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап кеткен телекомпаниялар жоқ, жалғыз ғана «Қазақ теледидары» бар болатын.

Сол кездегі Қазақ ССР радио және теледидар комитетінде маңызды орын алатын «Қазақстан» ақпараттық бағдарламасының Бас редакторы, белгілі тележурналист Төлеубай Қаймулдинов болды. Осында бұқаралық ақпарат құралдарының көрнекті журналистері Әміролла Сарымов, Жаңабек Тоқпанов, Сағидолла Дәулетқалиев, Ержан Уәйіс, Сағындық Нұрекеев және басқалар қызмет атқарды.

Жұмысқа қабылданып, күнделікті қызметіме кірісіп кеттім. Алғашқы еңбек күнім әлі есімде. Ертелеу келіп, жұмыс үстеліне жайғасып жатқанымда, үлкен кабинетке орта бойлы, жылы жүзді, отыздан енді асқан жігіт кіріп келе жатты. Бірден таныдым, экономика, саясат тақырыбынан хабар жүргізетін белгілі комментатор Ержан Уәйіс. Әріптесім мені алғаш көріп тұрса да, көптен білетіндей жылы амандасып, өзін таныстырып, жұмысыма сәттілік тіледі. Сол күні мені түскі шайға шақырып, алғашқы «ерулік» берген де – Ержан болды.

Бір аңғарғаным: газет пен телевидениенің мақсаты бір болғанмен, жұмыс процесінде біраз айырмашылықтар бар болып шықты. Газетте өзің таңдап алған тақырыбыңды зерттеп-зерделеп, дәйекті мәліметтермен, деректермен толықтырып жазып шығасың. Дайын дүниені бөлім меңгерушісі, сонан соң редактор оқып, газеттің алдағы бір санына жоспарлайды. Ал, теледидарда жағдай мүлдем басқаша. Эфирге баратын жаңалықты кинооператор таспаға түсіріп, сөзін жазасың, режиссермен бірлесіп монтаж жасайсың, мәтінін міндетті түрде өзің оқуың керек. Екі-минуттық сюжетті дайындау үшін бес-алты адам бірлесіп еңбек етеді.

Адам баласына қол ұшын созып, жәрдемдесуге даяр тұратын тәжірибелі Ержан Уәйістен телевиденияның ішкі сыры мен қырын көп үйрендім. Қазақ теледидарында абыройы биік, жеткен шығармашылық жетістіктері көп болса да, өзі жайында айтқанды жарата бермейтін Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының тумасы екенін, Маяқұм елді мекеніндегі орта мектепті алтын медальмен және С.М.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетін журналист мамандығы бойынша үздік бітіргенін кейін білдім.

Еңбек жолын республикалық Қазақ телевизиясында режиссердің көмекшісі қызметінен бастапты. 1969 жылдан 1984 жылға дейін «Қазақстан» ақпараттық бағдарламасында тілші, редактор, экономика шолушысы, саяси шолушысы болып еңбек етіпті. Мәскеу қаласындағы КСРО Мемлекеттік Телерадио комитетінің жанындағы білімін жетілдіру жоғарғы курсында оқып, кәсіби шеберлігін жетілдіріпті.

Ержан Уәйіс 1978 жылы Куба елінің астанасы Гаванада өткен жастар мен студенттердің Бүкіл дүниежүзілік фестиваліне делегат болып қатысып, мерейі өсті.

Мен бір жылдан соң, жаңадан ашылған «Алатау» телеарнасына ауыстым. Екі жылдан соң, жеке шаңырақ көтерген «Алматы» теледидарына Бас редактор болып тағайындалдым. Илеген пұшпағымыз бір болғандықтан, Ержан екеуміз жиі кездесіп, достығымыз нығая түсті.

1992 жылға дейін әріптесім «Қазақстан» ақпараттық бағдарламасында бөлім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары болып еңбек етті.

Өткен мен бүгіннің дәнекері Ержан Үбәйдаұлы журналист болған сәттерін сағына еске алады.

– Алғашқы экранға шыққан күнімді ерекше сәтке балаймын. Тікелей эфирді бүкіл республика көреді. Он тоғыз облысты аралап, өндіріс орындарында, шахталарда, зауыттарда, елдімекен, колхоз-совхоз, егін алқаптарында жүресің. Қазақстан ол заманда бір миллиард пұт рекордты астық беретін ел болды. Егін орағы кезінде күнделікті 40 минуттық «Алтын дән» хабарын тікелей эфирде жүргізетін едім. Елді таныдым, елді Қазақстанға таныттым. Қазақстанның бірінші басшысы, қазақтың біртуар перзенті – Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың телевизиялық түсіру тобында жеке тілшісі болдым. Ол кісі қатысқан жиындардан репортаж жүргізу, облыстарды аралау кезінде бірге жүру – қызметімнің шарықтау шегі болды. Кейін зейнет жасына шыққан соң да, Димекеңнің жанынан табылдым. Алты сағаттық фильм түсіріп, 80 жылдығында арнайы сұхбат алдым.

1991 жылы 1 желтоқсанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан (Президент болып сайланған күні) бірінші сұхбат алу бақытына ие болдым. Ол көңіл-күйді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Елімізге есімі танымал тұлғалармен бірге жүрдім. Ұлы Баукең – Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының екі мәрте батыры атанған Талғат Бигелдинов, партизан жазушы, Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов, тағы да екі мәрте батыр атанған диқан ата – Ыбырай Жақаев, Мойынқұмнан шыққан атақты шопан – Жазылбек Қуанышбаев бастаған қазақтың тұлғаларынан сұхбат алу мәртебесі бұйырды, – дейді Ержан Үбәйдаұлы өткен күндерді еске алып.

Әлі есімде, 1992 жылы Қазақстан Компартиясын ұзақ жылдар басқарып, Қазақстанның гүлденуіне шексіз үлес қосқан Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев 80 жасқа толды. Өкінішке қарай, сол кездегі Президент әкімшілігі, Үкімет бұл оқиғаға мән бермеді, түк болмағандай кейіп танытты. Бұқаралық ақпарат құралдары үнсіз қалды. Алматы облысы, Балқаш ауданының сол кездегі әкімі Тілеулес Ардабаев ештеңеден қаймықпай, Димекеңнің 80 жылдығын атап өтіп, астына ат мінгізіп, үстіне зерделі шапан жапты. Балқаш ауданының орталығы – Бақанас ауылында өткен торқалы тойға «Қазақстан» ақпараттық бағдарламасы Бас редакторының орынбасары Ержан Уәйіс және сол кездегі Алматы теледидарының Бас редакторы ретінде мен қатыстым. Ержан досым Дінмұхаммед Қонаевтың 80 жылдығына арнап, бес минуттық репортаж берді. Ал, мен 25 минуттық хабар жасадым. Осы ерлігі үшін Ержан Уәйіс қатаң сөгіс алды, мені де Президент әкімшілігі біраз қыспаққа алды. Не көрмеген бас, оған да шыдадық. Ең бастысы – Димекеңдей қайталанбас алып тұлғаның алдында арымыз таза болды, досым Ержан екеуміз журналистік парызымызды адал орындадық. Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан соң Ерекең шетелде аккредитацияға тіркелген тұңғыш қазақ журналисі, Қазақстан телевизиясы мен радиосының Түркия Республикасындағы тұңғыш тұрақты арнаулы тілшісі болды.

1992-1993 жылдары Стамбұл қаласындағы республикалық «Егемен Қазақстан», «Халық кеңесі», «Заман – Қазақстан» газеттері мен КазТАГ агенттігінің, Германиядағы «Азаттық» радиосының Түркиядағы тұрақты тілшісі қызметін қоса атқарды.

1993-1999 жылдары Түрік Республикасындағы Қазақ елшілігінде дипломатиялық қызмет етіп, Стамбұл қаласында Қазақстанның тұңғыш Бас консулы қызметтерін атқарып, екі ел арасындағы әріптестік, туыстық қарым-қатынастың қалыптасуына айырықша қызмет етіп, достық көпірінің негізін қалауға үлесін қосты.

Бірнеше жыл ТҮРКСОЙ-дың Бас директорының Бас кеңесшісі болып түркі тектес туысқан халықтардың әдебиеті мен мәдениетін дамытуға үлкен үлес қоса білді.

Ержан Уәйіс – Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері.

Қазақстан Республикасы Президентінің 5 желтоқсан 2008 жылғы Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін журналист – Қазақстанның Тәуелсіздігі, сыртқы қатынастары, Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстар туралы бірнеше телевизиялық деректі фильмдер түсірді. Ол сондай-ақ бірнеше кітаптың авторы.

1997 жылы Қазақстанның Стамбұл қаласындағы Бас консулы қызметінде жүргенде Мекке Мәдинада болып, Қажылық парызын орындады.

2007-2015 жылдары Қызылорда облысы әкімінің арнаулы тапсырмалар жөніндегі кеңесшісі, облыс әкімінің орынбасары, Қызылорда облысындағы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы болып жауапты қызметтер атқарды.

Осы жылдар ішінде Ержан Уәйіс облыстық әлеуметтік тыныс-тіршіліктің дамуына үлкен еңбек сіңірді. Қызылорда облысы бойынша 25 мешіттің ашылуына қатысып, лентасын қиды.

Еңбегі бағаланып, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы атанды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Құрметті профессоры, «Хорасан ата» республикалық қоғамдық қорының президенті.

Қазіргі таңда «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» Түркия еліндегі арнаулы өкілі, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының кеңесшісі (Стамбұл қаласы). Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» сыйлығының лауреаты, Дінмұхаммед Қонаев орденінің иегері, Халықаралық Д.А.Қонаев қорының мүшесі.

Ерекең – Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен Сыртқы істер министрі кезінде Стамбұлдағы Қазақ бас консулы болып, 6 жыл қызмет еткен дипломат.

Түркия президенттері – Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирель, Абдулла Гүл, Реджеп Тайып Ердоған, премьер-министрлер – Нәжмиддин Эрбакан, Месут Йылмаз, Тансу Чиллер, сондай-ақ Түрік дүниесінің лидері Алпарслан Түркеш, Стамбұл әкім-губернаторы Хайре Козакчиоглының қабылдауында болып, Қазақ телевизиясына сұхбат алған алғашқы халықаралық дәрежедегі журналист – осы Ержан Уәйісов болатын.

Халық мүддесі, Қазақстан мүддесі үшін маңдай терін төккен белгілі журналист, дипломат Ержан Уәйіс туралы жүрекжарды сөзді көптеп айтуға болады. Осындайда тіл ұшына «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген қанатты сөз орала береді.

Иә, шын мәнінде Ержан Уәйіс – ізгілік, жақсылық үшін туған, елін, халқын сүйетін нағыз зиялы азамат.

 

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы-режиссер,

Қазақстанның еңбек сіңірген

қайраткері

 

Суреттерде

  1. Белгілі тележурналист Ержан Уәйістің халық ардақтысы, жарты әлем таныған Дінмұхаммед Қонаевтан сұхбат алу сәті. 1992 жыл. Алматы қаласы
  2. ҚР Сыртқы министрі Қасым-Жомарт Тоқаев және Стамбулдағы Қазақ Бас консулы Ержан Уәйіс. 1994 жыл. Алматы қаласы