ӨРКЕНДЕГЕН ӨҢІР, СӘУЛЕТІ ЖАҢҒЫРҒАН СЕМЕЙ

Билік Экономика
19 Views

Абай облысының әкімі Берік Уәли Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қабылдауында болып, Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелері мен алдағы міндеттері туралы баяндады.

Президентке 2025 жылғы өңірдің даму қорытындылары және биылғы төрт айдағы негізгі көрсеткіштер таныстырылып, өткен жылы облыстың өңірлік жалпы өнімі 3,9 триллион теңгеге жеткені айтылған. Ал биылғы қаңтар-сәуір айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8 пайызды құраған. Инвестиция көлемі 19,4 пайызға өсіп, өнеркәсіп, өңдеу секторы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларында тұрақты оң өсім сақталғаны баяндалған.

Мемлекет басшысына инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жөнінде де есеп беріліп, соңғы бір жылда инвестициялық пулға енгізілген жобалар саны 29-дан 112-ге дейін көбейіп, олардың жалпы құны 2,2 триллион теңгеден 4,4 триллион теңгеге дейін артқаны жөнінде ақпарат берілген.

Қазіргі уақытта өңірде құны 577,5 миллиард теңге болатын «Аягөз – Бақты» теміржол желісі салынуда. Семей қаласында жаңа жылу электр орталығын және тау-кен байыту комбинатын салу жобалары жүзеге асырылып жатыр.

Президентке Семей қаласында арнайы экономикалық аймақ құру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да баяндалған. Бұл бастама аясында жалпы құны 400 миллиард теңгені құрайтын өндірістік жобаларды іске асырып, 2500 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Сонымен қатар Алакөл жағалауын дамыту, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту, сумен жабдықтау, жылу және кәріз желілерін жаңарту, Семей қаласындағы жаңа көпір құрылысы, тұрғын үй және жол салу бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат берген.

Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірге инвестиция тарту қарқынын күшейту, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру және «Абайға құрмет» акциясын жоғары деңгейде ұйымдастырып, өңірлер салатын әлеуметтік-мәдени нысандарды сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырыпты.

«Президент тапсырмаларын нәтижелі орындау – басты міндетіміз, — дейді облыс басшысы,- Абай облысының тұрақты дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз.»

Мемлекет басшысына берілген ақпараттардан аңғарылғандай, Абай облысында әлеуметтік, экономикалар жобалар жоғары қарқында жүзеге асырылуда. Облыс әкімі Берік Уәли мырзаның басшылығымен жүйелі түрде жатқан жобалар жергілікті халық тарапынан қызу қолдауға ие болып қана қоймай, өңір жұртшылығының шынайы ықыласына да бөленуде. Әсіресе жылдар бойы дамуы баяулаған Семей қаласында ірі құрылыс нысандары бой көтерілуде. Жолдар жөнделіп, Алаш қайраткерлері мекен еткен шахар гүлденіп келе жатыр. Елді қуантқан игі істер ұзағынан сүйіндіргей!

 

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,

«Әділет» республикалық қоғамдық-саяси,

тарихи-танымдық газетінің бас редакторы,

Қазақстан Республикасы Бас редакторлар клубының

бірінші вице-президенті