АБАЙ ЖӘНЕ ЗАР ЗАМАН АҚЫНДАРЫ

Таным Әдебиет
2 121 Views

(Соңы. Басы өткен сандарда).

Зар заман жыршылары мен Абайдың шығармашылығындағы сарындар сабақтастығы өлең сөздің құдіретін сезініп, оның қадір-қасиетін бағалай білу тұрғысынан да көрініс байқатады. Сөз өнерінің шексіз мүмкіндігі арқылы өз дәуірінің бейнесін жеріне жеткізе сипаттаған кезде жыр жүйріктері еңсені езген «қайғы» мен «зар» ұғымынан алшақтап кете алмайды. Өзі өлеңінің көркемдік кестесін сынға алған ақындар секілді Абайдың толғамдарында да «тіл», «қайғы», «зар» атауларының белгілі бір тұтастық құрайтынын аңғарамыз:

Сайра да зарла, қызыл тіл,

Қара көңілім оянсын.

Жыласын, көзден жас ақсын,

Омырауым боялсын.

* * *

Қайғы шығар ілімнен,

Ыза шығар білімнен.

Қайғы мен ыза қысқан соң,

Зар шығады тілімнен.

Зар заман поэзиясының түп негізі келешекті болжаған Асан Қайғы толғауларынан бастау алатыны белгілі. Асаннан басталатын басқыншылықты болжау сарыны кейінгі ақын-жыраулар шығармашылығында жалғасты. Абыздың жайлы жер іздеп, таппаған қапалы көңіл-күйі кейін зар заман ақындарының толғауларына көшті. Аласапыран арпалыс пен жойқын шапқыншылықтан шаршап-шалдыққан халық ұғымындағы «Жерұйық» бірте-бірте көмескіленіп, болашақтың келеңсіз бейнесі туралы түсінік қалыптасты. Міне, өлең-жырдағы сол әуенді зар заман ақындары туындатты. Бір қарағанда «Зар заман» – «Жерұйыққа» қарама-қайшы ұғым, екіншіден, сол «Жерұйықтан» үмітсіздік түрткі болған, туынды идея. Бұл – ежелден келе жатқан жайлы жер іздеу идеясынан өрістейтін сарын. Асан Қайғы жерінген («Атамыз өткен Асан би, Мұны да құтсыз деп айтқан жер»), Қазтуған жырау жиренген («Қарға бойлы Қазтуған, Қайғыланып көшкен жер») қоныс қашаннан қазақтың атамекені болса да, елді бір жайсыздық билеп, қауіп-қатердің елесі кезе бастағанда «берекесі кеткен, киесі қашқан» жұпыны күйде суреттелуі – халық көңіл-күйінің әсері. Абайдың «қайғы» ұғымын арқау еткен өлеңдерінен де Асан абыздың сұлбасын көреміз:

Бір қайғыны ойласаң,

Жүз қайғыны қозғайды.

Жер қорығыш желгек шал,

Желіп жүріп боздайды.

Әрине, Абай зар заман жыршылары толғаған «қайғы» мен «зардың» ауқымында қалып қоймайды. Санаға ұялаған сөзді жаңаша түрлендіріп, өзгеше образдар топтамасын түзеді. Зарлау мен жылау күйінен, өкініш пен күйініштен арыла қоймаған ақындардың қолданысындағы дәстүрлі ұғымдар енді адами қарым-қатынастың белгілі бір сәттерін аңғартатын тұрақты түсініктерге айналды. Хакім Абай бұл сөзді ішкі сезім арпалысының сипаты («Шырайды қайғы жасырмай, Күлкінің ерні кезермес»), әлдебір құбылыспен салыстыра шендестірудің өлшемі («Қайғың – қыс, жүзің – жаз, Боламын көрсем мәз»), мақсаткерлік пен сенім жолындағы көңіл-күйдің көрінісі («Қыранша қарап қырымға, Мұң мен зарды қолға алар») ретінде пайдаланып, тосын тіркеске жол ашады.

ЖЫР МЕН ЖҮРЕК

Абай поэзиясында сана-сезімнің, сүйіспеншіліктің әсерін білдіретін «жүрек» сөзі қазақтың ежелгі ұғымында «ержүрек», «жаужүрек» түрінде қолданылып, көбіне-көп батырлық пен батылдықтың баламасы ретінде айтылған. Жыраулар шығармашылығында «жүрек» ұғымы арагідік болса да ұшырасып қалады. Әсіресе, өз-өзіне сенімділікті, мығымдылықты, бекемділікті байқататын «жүрегінің басы» тіркесінің Шалкиіздің де, Ақтамбердінің де толғауларында кездесуі назар аудартады. Шалкиіз жырында дұшпанға қарсы тас түйін бекінген қайсарлық атойлап тұрса («Жау көрген жүрегінің басы едім»), Ақтамберді бұл арқылы көпшіліктің қадірін, ағайынның берекелі тіршілігін, бар туыстың бірлігін аңғартады («Атадан алтау туғанның, Жүрегінің бастары, Алтын менен бу болар»). Нақ осы жерде «жүректің басы» бауырласу мағынасын да білдіреді. Ақтамберді жалғыздық пен жалқылықтың көрінісін де «жүрекпен» байланыстырады: «Атадан жалғыз туғанның, Жүрегінің бастары, Сары да жалқын су болар». Бәрібір жыраулар поэзиясында жүрек адами сүйіспеншілік, сыр-сезімнен гөрі, жаугершілік замандағы батырлық пен қорқақтық, ашу мен ыза, ерлік пен ездік, бекемдік пен қорғансыздық ұғымдарын көбірек бедерлейді. Ақтамбердінің «Дұшпаннан көрген қорлығым, Сары су болды жүрекке» немесе «Батырмын деп кім айтпас, Барарға жүрек шыдамас» немесе «Дұшпаннан көрген қорлықтан, Жалынды жүрек қан қайнап» деуі – осының дәлелі.

Ал мұның адами қарым-қатынас ыңғайына ойысуы Бұқар жырау («Әкелі бала – жаужүрек, Әкесіз бала – сужүрек»), Шал ақын («Жүрекке ашу келіп толған шақта, Дененің біле алмассың ауру-сауын») толғауларынан байқалады. Абайдағы «жүрек» – қайрат пен ақылға әміршілік қылатын, бүкіл жан дүниені билейтін жүрек. Бұл сөз ұлы ақынның шығармашылығында алуан түрлі образға өзек болды. Қазақ поэзиясында Абай бейнелеген жүректің сырын жан-жақты зерделеген Р.Сыздықова былай дейді: «Абай бір ғана жүрек сөзін әр алуан эпитетпен жұмсайды, олардың ішінде жылы жүрек, ет жүрек деген бірен-сараны ғана тұрақты эпитетпен келгендері болса, қалған 14-15-і Абайдың өзі ұсынған эпитеттермен айтылған образдар: сорлы жүрек, асау жүрек, жалын жүрек, үрпейген жүрек, кірлеген жүрек, ынталы жүрек, жаралы болған жүрек, асыл жүрек, мұз жүрек, сұм жүрек, ызалы жүрек… Абай жалпы жүрек сөзін 150-ден астам рет жұмсағанда, ол қолданыстардың дені «адам, адамның ішкі дүниесі, сезімі» деген ауыспалы мағынада келген екен».

Абай шығармашылығында «жүрек» сөзі арқылы адамның жан-дүниесінің өзгерістері, ішкі әлемінің құбылыстары, сана-сезімінің толқыныстары, мінез-құлқының көріністері бейнеленді:

Жүрегі – айна, көңілі – ояу,

Сөз тыңдамас ол баяу.

* * *

Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі.

* * *

Жүректе айна жоқ болса,

Сөз болмайды өңгесі.

* * *

Сенісерге жан таба алмай,

Сенделеді ит жүрек.

* * *

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес.

Абай Құнанбайұлы жырлаулар поэзиясында өзгеше сипат алған жүрек ұғымын сезім дүниесіне айналдырды. Осы үлгі кейін қазақ әдебиетінде жүйелі түрде жалғасты, тамырын тереңге жайды. Тіпті «жүректің» байырғы мағынасын ығыстырған өзгеше желі қалыптасты. Әрине, зар заман ақындарының шығармаларында «жүрек» сөзі кездесе қойған жоқ. Бұлай болуы заңды да. Тек Дулат Бабайтайұлының бір толғауында ғана осы ұғым ұшырасып қалатыны рас.

Ұлы ойшылдың өлең өрнегіне үлгі болған Дулат шығармашылығында «жүрек» сөзінің асыл сезімнің сыр сандығы мағынасында қолданылуы – олардың жыр өнеріндегі сабақтастығының тағы бір мысалы:

Адамның жүрек сенімді

Сыр сақтайтын тұрағы

Сүйіп алған сұлу жар –

Жүрегіңнің құралы.

Осындай ақындық мектептің жыр кестесін байыптап, бағалаған Абай поэзиядағы биіктікті аласартуды мақсат тұтпаса керек. Өйткені, Р.Сыздықова тұжырымдағандай, «ақындық қуаты, сөз кестесі жағынан Дулатты Абай қомсына алмайды. Дулат – Абайға дейінгі қазақ ақындарының ішінде жазба поэзияға бір табан жақын келген, европа мен орыс мәдениетінде классикалық поэзия деп аталатын өлең сөздің біраз белгілерінің қазақтағы бастауын танытқан ақын».

АДАМ МЕН ҚОҒАМ

«Заманға сай адам» тұжырымын зар заман поэзиясына Дулат енгізгені белгілі. Оның өлеңінде дәуірдің сипатына қарап, тиянақ таба алмай дағдарған адам мен сол кезеңге бейімделіп, уақыттың ыңғайына көндіккен адам қатар көрініс байқатады:

Қилы, қилы заманды,

Заманға сай адамды

Салыстыра қарасам,

Су мүйіз болған танадай,

Шыр көбелек айналам.

Қоғам адамының әрекетінен қанағат таппай, әрі-сері күйге түскен ақынның ой-толғамы халықтың мүддесімен үйлеседі. «Су мүйіз болған танадай» қауқарсыз, «шыр көбелек айналған» бағдарсыз ел адамы Мұрат ақынның дәуірінде өз ортасына әбден икемделді. Оның толғауындағы «шыр көбелек айналу» тиянақ іздегендіктің емес, тіршілікке бой үйреткендіктің белгісі:

Шыр көбелек айналып,

Замананың адамы

Заманың мұндай сұм болды.

Әбубәкір шығармашылығында адамның заманға бейімделгендігі тіпті айқын көрінеді. Ол қулық-сұмдықты жете меңгерген, уақыттың аңысын аңдап күн кешетіндерді сипаттайды: «Замананың адамы, Артын ойлап асылы, Көңілі жоқ өлерге». Сондай-ақ ақын өлеңінен дәуірдің ығына жығылып қана қоймай, іс-әрекет белсенділігін танытқан кісінің тұлғасын байқаймыз. «Білген адам ұстап жүр, Заманның қару-жарағын», – дәуірдің тосын құбылыстарын жатырқаудың мезгілі өтіп, қоғамға бой үйрете бастаудың көрінісі.

Ал Абай бейнелеген отаршылдық дәуірдегі қазақ атқамінерлерінің сипаты тек Дулат шығармаларынан үндестік тауып қана қоймайды, оның өлеңдері «Жаңа низамның» ел ішіне әкелген зауалын айтып зар илеген ақындардың қай-қайсысының да жырларымен мазмұндық жағынан сабақтасады. «Орыс сияз қылдырса, Болыс елін қармайды. Қу старшын, аш билер Аз жүрегін жалғайды» – деп абайлық шеберлікпен өрілген өмір шындығы бодандық бұғауындағы қазақ қоғамының қыр-сырын ашқан Шортанбай, Мұрат, Әбубәкірлердің ел билеудің жаңа жүйесі туралы көзқарастарын еске салады. Орыс пен болыстың қатынасы, старшын мен бидің әрекеті бұлардың шығармаларындағы негізгі тақырыптардың бірі екені баршаға мәлім.

Зар заман ақындарының шығармаларында сонау Ноғайлы дәуірінен бергі жырларға желі болып тартылып келе жатқан «Еділді алды, елді алды» тіркесі арқылы Ресей отаршылдығының іс-әрекеті көрсетіледі. Мәселен, Мұраттың «Сарыарқа» толғауында да («Еділді тартып алғаны, Етекке қолды салғаны»), Қазтуғанның атынан баяндалатын жырында да («Еділді алса – елді алар, Енді алмаған не қалар?») жерді жаулаған жасауылдардың озбырлығы осылай бейнеленеді. Қазақ жеріндегі «Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» бір өзен атауының ауқымынан асып, атамекен, атажұрт ұғымына теңескен Еділ зар заманның басқа да ақындарының өлең-жырларына өзек болды. Еділге ентелеп, Жайыққа жармасқан жат пиғылды әріден таныған Шортанбай да («Еділді алды, елді алды, Енді алмаған не қалды?»), Әбубәкір де («Еділ, Жайық – екі су, Ел қонарға тар болды») өз сөзін айтты. Зар заман жырларындағы рух шақырып, ыза-кекті оятатын осы бір тіркес Абай поэзиясында өзгеше көңіл-күйді бейнелеп, ерекше образ жасау үшін қолданылады:

Барып келсе Ертістің суын татып,

Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып,

Еділді алып, елді алып есіреді,

Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып.

Абайдың көзіне түсіп отырған есірік – жеріңді жаулап, малыңды даулаған жасауыл емес, өз арамыздан шығып, өзімізге тақым батырған ел пысығы. «Еділді алып, елді алғандардың» етегінен ұстап, солардың кейпіне енген адам. Халқына қайыры жоқ безбүйректі Абай «Еділді алып, елді алып есіргендердің» қатарына қосады. Қайғы жұтқан қазаққа қарашекпеннің жазасынан гөрі, қандасының назасы ауырлау. Жат пиғылды жау «Еділді алып, елді алып қана қойған жоқ, санаңды да билеп алды» дегенді аңғартады Абай. Сөйтіп, сөз зергері дәстүрлі жырлардағы белгілі тіркесті келімсектерді көрсету үшін емес, отаршылдардың сойылын соққан қараңғылық пен надандықты кейіптеу үшін қолданды.

Замана ахуалының өзгерістерін ой елегінен өткізіп, өзіндік баға беру Абайға да тән. Ұлы ақынның айналадағы құбылыстарды түсініп-түйсінуі кейде өзінің алдындағы жыр жампоздарының көзқарастарымен сабақтасып жатады. Мәселен, оның заманның азғандығы, дүниенің тарылғандығы туралы пайымдаулары Шортанбай тұжырымдарын еске түсіреді:

Мынау азған қу заман

Қалыбында тұрмайды.

Біреу малды ұрлайды,

Біреу басты қорлайды…

* * *

Заманыңның тарлығын ойла, мырзам.

Абай суреттеген замана – аласапыран өзгеріске түскен («Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді»), күшті мен тісті жұлқып-жұлмалап, ыңғайына көндіре алмаған («Әркімді заман сүйремек, Заманды қай жан билемек?») арпалысқа толы кезең. Зар заман ақындары сияқты Абай тіршіліктен түңіліп, баз кешіп кетпейді. Бұлдыр болашақтың, алдамшы өмірдің, қу заманның кеспірсіз келбетінің өзінде абайлық нұр, абайлық үміт сәулесі жүреді:

Көк тұман – алдыңдағы келер заман,

Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.

* * *

Алды – үміт, арты – өкініш алдамшы өмір.

* * *

Сұм-сұрқия қу заман,

Гүл көрінер жігітке.

Бұдан шығатын қорытынды, «қу заман» – Абай үшін айналасындағы құбылыстарды зерделеуден туындаған ақтық тұжырым емес, салыстырмалы өлшем. Ұлы ойшылды алдыңғы ақындардан даралап тұратын ерекшелігінің бірі – әрекетшілдік. Бұл замана туралы толғанысынан да байқалады («Түзетпек едім заманды, Өзімді тым-ақ зор тұтып»). Ал зар заман поэзиясы ел мен жердің азғанын айтумен шектелетіні мәлім. Әрине, Абайдың да қайғысы мен зары жетерлік. Бірақ бұл – тіршіліктен торығып, біржола түңілудің толғанысы емес. Ішкі жан-сезімінің сан түрлі ыңғайдағы құбылысы. Сондықтан бірде «Өткен күнге өкінбен, Әм үміт жоқ алдымда», енді бірде «Уайым – аз, үміт – көп» түрінде көрініс берген абайлық көңіл-күйді нақты тұжырым қайшылығының мысалы ретінде қарауға әсте бола қоймас. Зар заманның зары мен Абайдың зары сонысымен де бөлек. Алдыңғы ақындардағы зар – өткенді көксеп, өксудің зары. Ал Т.Шапайдың пікіріне ден қойсақ, «Абайдағы зар – адамнан басталады. Тұстастарының надандығын, күйкілігін, алауыздығын, ынтасыздығын, пәлеқорлығын, кербаққан берекесіздігін мінеуден басталады». Зар заман поэзиясында адами болмыстың әлеуметтік көңіл-күйінен гөрі қоғамдық үн, саяси сарын басымдау тұрады.

БОЛМЫС ПЕН БЕЙНЕ

Шортанбайдың «Зар заман» толғауында ақырзамандық белгілердің көріністері («Заман ақыр боларда, Алуан-алуан жан шықты, Қайыры жоқ бай шықты») бұрын ел ішінде үрдіс емес, кейіннен пайда болған құбылыстарды санамалап, замана адамның жаңа тұрпатын аңғарту түрінде бейнеленеді. Ақынның ұғымы бойынша, ен далада еркін жүрген жұрт үшін «ақша деген малдың», «шошала деген үйдің», «шошаңдаған бидің» шығуы жақсылықтың нышаны емес. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықтыға» меңзейтін мұндай жаңалықтарға зар заман ақындары шошына қараған. Ал Абайда бұл үлгі өз қоғамына бейімделген ел пысығын мінездеу үшін қолданылады:

Еңбегі жоқ, еркесіп,

Бір шолақпен серкесіп,

Пысық деген ат шықты.

Бір сөз үшін жау болып,

Бір күн үшін дос болып,

Жүз құбылған салт шықты.

Түр-сипаты өзгерген заманның жаңа адамының сыртқы кейпі Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкірлердің шығармаларында жан-жақты көрініс тапқаны баршаға мәлім. Әсіресе, бұрынғыдан өзгеше киім-киістің үрдісі ретінде Әбубәкірдің «тар шалбары» мен «қынамалы бешпенті» жұрттың санасында жатталып қалды. Ал Абай өз өлеңінде заманына сай жігіттің сыртқы түрін, сүйкімсіздеу қылығын былайша көрсетеді: «Қу шалбар қулығына болған айғақ, Тізесін созғылайды қалталанса-ақ». Сондай-ақ оның «Бар өнері – қу борбай, сымпыс шолағы» Мұрат Мөңкеұлының «Ел биледі бір сымпыс, Екі бұты таралған», – деген тіркесін ойға оралтады.

«Ел биледі бір сымпысқа» ұқсас үлгілер Абайдың басқа өлеңдерінде де ұшырасады. Жалпы, Абаймен заманы бір зар заман ақындарының шығармаларында өзара ұқсас түйдек-түйдек тіркестер үнемі кездесіп қалатыны рас. Қазақ әдебиетінің ілгергі нұсқаларында қалыптасқан жыр ағымы кейінгі сөз зергерлерінің өлең-толғауларына әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан олардың өлең өрімі, ой қайырымы, сөз саптауы, бейнелеу тәсілі жағынан біркелкілігі байқалса, мұны әдебиеттегі қалыпты нәрсе деп бағалаған жөн. Өйткені, рухымыздың талассыз баламасындай болған жыраулардың жыр толғамынан Абай да, оның дәуірінде өмір сүрген өзге ақындар да сусындады. Сан ғасырдан тамыр тартатын халық поэзиясының тұтас үзіктері кейінгі жыр жүйріктерінің шығармаларында кездесуі – заңды құбылыс. Мысалы, өз қоғамындағы ел адамының бет-бейнесіне, кескін-келбетіне, болмыс-бітіміне, мінез-құлқына көңіл толмаушылығын Абай былайша бейнелейді:

Жат айбынар ісі жоқ,

Жау айбынар күші жоқ.

Өзі еркіне жіберсең,

Еш нәрсеге тоймайды,

Қалжыңы теріс, сөзі ұрыс,

Айтқан сөзге көнбейді,

Өз тентегін көрмейді,

Қазақ бұзар бір қырыс.

Ал осы кейіптеуді еске салатын жыр түйдегін Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян» толғауынан ұшырастырамыз. Екеуінің де суреттеп отырғаны бір адам. Дәлірек айтсақ, типтік бейне. Мұраттың «Киім кисе жеңі жоқ, Етегі бар да, белі жоқ, Қатпа болған түйедей, Киеңкі болған биедей» «ел билеген бір сымпысы» мен Абайдың «қазақ бұзар бір қырысы» – бір-біріне айна-қатесіз ұқсас пенделер. Тек әрқайсысының суреттеуіне сәйкес, олардың бет-бейнесі әрқилы ыңғайда көрініс тапты.

Зар заман жыршылары дәуірдің жаңалық-өзгерістеріне қарсы тұрып, оны ұлттың дамуына кесел келтіретін құбылыстар деп бағалағаны белгілі. Соның бірі – қоғам адамының жаңа киім үлгісіне қарсылық. Әбубәкір Кердері «Тар шалбар, бешпент шықты қынамалы, Жігітке шапан киген ұнамады» деп жырлаған кезеңде дәстүрлі киім-кешек идеалданғаны анық. Осы тұрғыдан алғанда Абайдың «Ескіліктің киімі» деген өлеңінде зар заман ақындарының ұлттық қалпымызды сақтауды қалайтын ой-пікірлерімен сабақтастық байқалады. Бірақ бір ерекшелігі, Абай шығармаларында жаңалыққа, оның ішінде киім кию үлгісіне қарсы шығудың емеуріні де сезілмейді. Тек мұны қазақтың ілкі дәстүрін дәріптеу, сондай-ақ ескі құндылықты қастерлеу тұрғысынан туған өлең деп бағалаған жөн. Абайдың өзі де «Ескіліктің киімі – естіліктің киімі» деген тұжырымды ұстанып отырған жоқ. Ақын өз заманындағы қазақтың болмысын, мінез-құлқын оның сыртқы түр-сипатын боямасыз кейіптеу арқылы танытады:

Ойланып ойға кеттім жүз жылғы өткен,

Тон қабаттап кигенім – шидем шекпен.

Жейде-дамбал ақ саңнан, жарғақ шалбар,

Жырым балақ, матамен әдіптеткен.

Мықшима аяғымда былғары етік,

Киіз байпақ тоңдырмас ызғар өтіп.

Үлкен кісе белімде жез салдырған,

Шақпағым, дәндәкуім, жарқ-жұрқ етіп.

Абай кейіптеген заман ақыр жастарының зар заман ақындары шошына қараған ұрпақтан көп айырмашылығы жоқ. Дулат, Шортанбай, Мұрат және Әбубәкір қазақтың ұлы мен қызының атадәстүрден ажырап бара жатқанына көбірек ден қояды. Әке мен баланың арасындағы қарым-қатынастан ой түйеді. Абай болса, өз дәуіріндегі ұрпақтың мінез-құлқын, ниет пиғылын бейнелейді:

Заман ақыр жастары

Қосылмас ешбір бастары.

Бірін бірі қастыққа –

Қойнына тыққан тастары.

«Заман ақыр» ұғымын «құрып біту», «жойылу» мағынасы тұрғысынан түйсінсек, басы бірікпей, бір-біріне жауыққан ұрпақтың өшпенділігі немен тынарын аңғарғандай боламыз. Абайдың ұғындыруы бойынша, заман ақыр – ауызбіршілігін сақтамаған қазақ баласының өзі барып ұрынатын қасірет. Ұлттың күйреуіне әкеп соғатын кесел. Шортанбай тікбақайлығынан шошынған («Заманақыр кезінде, Ұл сыйламас атасын») ұрпақ Абай тұсында заманы тазы болса, түлкі болып шалатын қуға, пысыққа («Күлімдеп келер сөздері, Қалжыңбас келер сөздері») айналған. Мұрат қауіп еткен («Ащы суға тойдырып, Бұза мен деп реңін») «кейінгі туған баланың» сықпытын ұлы ақын былайша сипаттайды:

Сиырша тойса мас болып,

Өреге келіп сүйкенер.

Жалпы, Абай замананың түріне қарап, ұрпақтың тірлігіне көңілі толмай, келешегіне алаңдаушылық білдіреді. Ұлы ақынның бұл күйзелісі жерді жаулап, сананы улаған отаршылдықтың кесір-кесепатынан қауіптенгендігінің әсері деп ұғамыз. Халықтың ұлттық болмыс-бітіміндегі өзгерістер хандық құрылыстың ыдырап, көшпенділік салттарының бірте-бірте жойылуына, түптеп келгенде, өзге елдің отарына айналуға байланысты туындағаны анық. Абайдың көңілін қалдырған ұрпақ қазақтың әдетінде жоқ нәрсеге үйір. Сөзге тоқтамайды, пайдакүнем, сауда-саттыққа әуес.

Осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық,

Үзілмес үмітпенен бос қуардық.

* * *

Пайда деп, мал деп туар ендігі жас,

Еңбекпен терін сатып түзден жимас.

Қорыта айтқанда, Абай поэзиясындағы кейбір толғамдар зар заман жыршылары – Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Кердері Әбубәкір шығармаларындағы замана ахуалы, ел адамы, ұрпақ қамы туралы көзқарастармен орайлас келеді. Бұл тұжырымдардың түп-тамыры қалың қазақтың келешегі, ұлт мүддесі сияқты ұлы мұраттармен сабақтасып жатқаны анық.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

ҚР ҰҒА академигі,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *