Талғат АЙТБАЙҰЛЫ: «АҚИҚАТ ЖОЛЫНАН ТАЙМАЙМЫН»

Билік
92 Views


Ұмытпасам, 1977 жылдың ақпан айы болатын. Сол кезде Жамбыл облысы, Свердлов (бүгінгі Байзақ) ауданындағы «Село жаңалығы» газетінде тілші болып қызмет атқарып, Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистер даярлайтын бөлімінде сырттай оқып жүрген кезім. Жылына бір рет болатын сессияға шақыру келіп, ай жарым уақытқа созылатын оқудың аяқталуына жеті-сегіз күндей қалған. Орталық поштаға барып, ауылдағы туған ағам Бектұрсын салған ақшаны алып, сыртқа шыққанымда кеш түсіп, қараңғылық қоюланып қалған. Киров көшесіндегі асханаға бұрыла бергенімде, жанымнан өтіп бара жатқан екі жігіт ойламаған жерден жанды жерімнен қатты соққы жасап, қар үстіне домалап түстім. Есімді жисам, басымдағы ондатр терісінен тігілген құлақшыным мен қолымдағы портфелім жоқ. Қарын аш, тоңып-қалтырап, пәтеріме әрең жеттім. Бір қуанғаным – төлқұжатым мен сынақ кітапшам қалтамда екен. Ертесіне лекциядан ерте шығып, қайтадан орталық поштаға бет алдым. Ондағы ойым: болған жайды айтып, ағама жеделхат жолдау. Кезек аз екен. Поштадан тез шығып, университетке бет алғанымда, қарсы алдымнан жерлес інім Талғат Айтбайұлы кездесе кетті. Аудан орталығынан шалғайда жатқан Кантемировка ауылының тумасы.

1968-1970 жылдары осы ауылдың түлектері Қасым Әзімханов, Алпысбай Шымырбаев, Талғат Айтбайұлы бәріміз бір-бірімізбен жарысып Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетіне хабар-ошар, мақала жазып тұратынбыз. Қошқаратадан шыққан жазушы, студент кезінде «Ақ бидай» атты роман жазып, атағы дүркіреген талантты қаламгер Әміртай Бөриевті бәріміз мақтан тұтушы едік.

Алпысбай мен Талғат «Қазақстан пионері» газетінің белсенді жас тілшілері болды. Мектеп өмірінен жазған мақалалары жиі-жиі жарияланып тұрды. Екеуі де тақырып таңдай біледі, талғаммен жазады. Сол жылдары Алпысбай Шымырбаев белсенді жас тілші, оқу үздігі ретінде Бүкілодақтық «Артек» пионер лагеріне сапар шегіп, бүкіл Жуалыны дүркіреткені әлі есімде.

Жуалының қысы қатал, боранды, аязды болады. Қыс кезінде алыстағы ауылдарға қатынау өте қиын. Ақпанның қақаған аязды күні Алпысбайды арнайы тікұшақпен Жамбыл қаласына қалай алып кеткенін Қошқарата ауылының тұрғындары осы күнге дейін жыр етіп айтады. Талғат ауылындағы Абай атындағы орта мектепті бітірген соң, еңбек жолын интернат тәрбиешісі болып бастағанын, ҚазМУ-дің журналистика факультетіне сырттай оқуға түскендігін жақсы білетінмін. Сырттай жақын тартатын інімді 1976 жылы КазМУ-дің аудиториясында кездестірдім. Әскерден оралған беті екен, үзілген оқуын қайта жалғастырыпты, енді екеуміз де бір курста сырттай оқи бастадық.

Қазақ сатирасы мен юморынан дәріс беретін профессор Темірбек Қожакеев өте қатал кісі еді. Бір себеппен сол кісінің лекциясына кешігіп кірген Талғаттың басы бәлеге қалды.

Жарықтық Темірбек ағамыздың тілі ащы еді. Профессор, факультет деканы курстас інімнің шамына тиетін ауыр-ауыр сөздер айтты. Басқа болса, «Бәледен машайық қашыпты» дегендей, үнсіз қалып, бәріне шыдар еді. Жайшылықта біртоға, біреудің ала жібін аттамайтын адал жігіт мүйізі қарағайдай профессорға мінез көрсетіп, өзінің адамдық намысын аяққа таптата қоймады. Бірақ аяғы насырға шауып, Талғат бауырым бірден университеттің ректоры Өмірбек Жолдасбековтың атына арыз жазып, журналистика факультетінің сырттай оқытатын бөлімінің деканы Марат Барманқұловтың алдына барды. Марқұм Марат ағамыз өмірден көргені мен түйгені көп, өте мейірімді ұстаз еді.

– Талғат-ау, екі жыл әскер қатарында болып, Отаныңды қорғадың. Зачет, емтихан тапсыру мерзімін жарты айға созып берейін. Оқуыңды тастама, – деп шыр-пыр болды.

Жуалыда Теріс деген өзен бар. Басқа өзендер төменге, ылдилап ақса, бұл өзен өрге, Алатауға қарай өршелене ағады. Көне көзді қариялардың айтуынша, Теріс өзенінің мың жылдан астам тарихы бар, қанша уақыт өтсе де сол бағытын өзгерткен емес, әлі де өрге қарай ағып жатыр.

Адам баласының туған жердің табиғатына ұқсайтыны рас қой. Мен кейде Талғат інімнің өр мінезін Алатаудың биік жотасына қарай аққан осы Теріс өзенімен салыстырамын.

Талғат дегенінен қайтпады. Оқудан өз ұйғарымы бойынша шығып, сол жазда журналистика факультетінің күндізгі бөліміне түсті. Содан бері екеуміздің кездесіп тұрғанымыз осы. Жағдай сұрасып, біраз әңгіме шертістік. Інім сезімтал ғой, менің халімнің онша мәз еместігін айтпасам да біліп тұр екен.

– Көке, мына суықта жалаңбас жүргеніңіз қалай? Суық тиіп ауырып қалып жүрмеңіз, – деп кіші болса да маған үлкен қамқор сөзін айтып жатыр.

Қысыла-қымтырыла болған жағдайды айтып бердім.

– Әй, иттер-ай! – деді Талғат күйініп. – Сіздің бейқам келе жатқаныңызды аңғарған ғой оңбағандар! Олар өстіп жүріп арандайды ғой. Кеттік, көке!

Ол кезде бауырым жатақханада тұратын, әлі үйленбеген сүрбойдақ кезі. Такси ұстап жатақханаға жетіп, ішке кірдік. Талғат чемоданынан отыз сом алып берді. Базарға бардым. Іздегенім табылып, орыс кемпірінен қоянның терісінен тігілген құлақшынды сатып алдым. Екі күннен бері тоңып жүрген басым да, жүрегім де жылып сала берді. Мен сонда Талғат інімнің бауырмалдығына, елдің көбінде кездесе бермейтін адамгершілігі мен азаматтығына тәнті болып едім.

Осы есте қалатын, ешқашан да ұмытылмайтын оқиға бізді бұрынғыдан да жақындаттырып жіберді. 1984 жылы Алматыға Қазақ теледидарына қызметке ауысып келдім. Содан бері қаншама қыс, жаз өтті, арамыздан қыл өткен емес. Ағасының басы тоңып жүргенде құлақшын алуға қолұшын берген студент Талғат Айтбайұлы бүгінде қазақтың қабырғалы қаламгері атанып, ұлттық журналистикасы мен әдебиетінен ойып тұрып орнын алды.

Талғаттың жазушы-публицист ретінде ерекшелігі неде? Ең бастысы, әріптесіміз өзінің сүйікті кәсібі –­ журналистикаға адал. Оның жанкештілігіне, еңбексүйгіштігіне, үнемі ізденіс үстінде жүретініне, тұла бойындағы жігерлігі мен табандылығына, талантына әрқашан да таң қаламын.

Тәуелсіздігімізді алып, не істерімізді білмей абдырап қалғанымызда, Талғат Айтбайұлы бар қиындықтарды жеңе біліп, қазақ қаламгерлерінің арасында алғашқылардың бірі болып «Тоғанай Т» баспасын ашты. Бүгінде оның өнімдері бүкіл республикаға кеңінен тарап, ұлттық кітап баспасының өркендеуіне елеулі үлес қосты.

Балалар әдебиетін әріден ойлаған қаламгер 2001 жылдан «Жыл – он екі ай» журналын шығарып келеді. Айтулы басылым Қазақстан Журналистер академиясының «Алтын жұлдыз» белгісін алғанын жоғары жақтағылар жақсы біледі. Бір өкініштісі, қазақтың рухына, әдебиетіне, өнеріне еш қатысы жоқ шараларға миллиондап қаржы шашатын билік осы игілікті іске қол созбады, соқыр тиын бөлмеді. Бұл отыз жыл бойы халықты өтірікке тойдырып, текті халқымыздың тарихын, руханиятын, әдебиеті мен өнерін, жетім қыздың халіне түсірген Назарбаев жүйесінің «жемісі» еді. Біз жамандайтын Кеңес дәуірінде 1969 жылы КПСС Орталық Комитеті балалар мен жастарға арналған әдебиеттің пәрменділігін арттыру жөнінде арнайы қаулы шығарып, Алматыда жастарға арналған «Жалын» альманағын ашып, «Қазақстан пионері» газеті мен «Балдырған» журналының мазмұны мен көркемдігін арттыруына айрықша мән берді. Сол кезде 300 мың тиражбен шығатын «Қазақстан пионері» қазіргі «Ұлан» газетінің таралымы енді бес мың данаға да жетпейді. «Балдырғанның» да таралымы осындай аянышты халде. Ұлттың ертеңі мен болашағын ойламайтын биліктен не үміт, не қайыр? Көптеген ұлтжанды қаламгерлер сияқты Талғат Айтбайұлы да осы өзекті мәселеге қатты алаңдаулы. Бұл жөнінде ол қарлығашша шырылдап, айтып та, жазып та жүр. Бірақ жоғарыдағылар селт етер емес, баяғы жартас – сол жартас. Мұның артында бір жымысқы сұрқия саясат жатыр ма деп белгілі қаламгер, қоғам қайраткері кейде қатты налиды.

Жазушы-публицист Талғат Айтбайұлының аударуымен және тікелей қаржыландыруымен жазушы В.Михайловтың «Хроника великого джута» кітабы «Ұлы жұттың жазбалары» деген атпен оқырмандар қолына тиді. Сол секілді көп ізденісінің нәтижесінде «Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кітаптары жарық көріп, ұлттық көтерілістің ақиқаты жан-жақты ашылуда.

Ата-бабаларымыз армандаған Тәуелсіздігімізді алдық. Оны сақтап қалу үшін не істеу керек? Қол жеткен жетістігіміз қандай, шын тәуелсіз ел болуымызға не кедергі болып отыр? Қандай кемшіліктерге жол бердік?

Сөз көп, нақты іс жоқ, экономикалық жағынан неге кенжелеп қалдық? Оның басты себептері неде? «Балық басынан шіриді» демекші, билік неге халықтың жағдайын ойламайды? Парақорлыққа, ұйымдасқан қылмысқа, алаяқтық пен көзбояушылыққа қашан тосқауыл қойылады? Өркениетті ел боламыз ба, жоқ бордай тозамыз ба? Мемлекеттік мәртебесі бола тұра, қазақ тілі неге орыс тілінің тасасында қалып қойды? Ұлттық руханиятымыз, өнеріміз бен әдебиетіміз және қазақ тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдары неге жетім баланың хәлін кешуде?

Жазушы-публицист Талғат Айтбайұлын осы қадау-қадау өзекті мәселелер қатты толғандырады. Ол кейбір қаламгерлер сияқты билікке қалай жағынамын деп жалтаңдаған жоқ, адалдықтың айшықты жолынан таймады. Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдардан бастап, шынайы ақиқатты талмай жазып келеді. «Жас Алаш», «ДАТ» және басқа да еркін ойлы басылымдарда жарық көрген өткір-өткір публицистикалық мақалалары қалың қазаққа үлкен ой тастап, билікті шыж-быж күйге салды.

Осы ретте сөзіміз нақты болу үшін «Жас Алашта» жарияланған «Шеруде өмір шындығы» (9 мамыр 2019 жыл) деген мақаласынан мына бір үзіндіні келтірейін. «Болашағы жарқын, өркениеттілікке ұмтылған мемлекет атаулының мызғымас негізі әділеттілік болуы тиіс еді. Қасіреттісі – біз ақиқатты ант ішіп тұрып сендіре алмайтын, маңдай соры әбден қалыңдап сорлаған, коррупция күш берместей сипат алған елге айналдық. Ауыр тұрмысын, жұмыссыздығын, баспанасыз екенін, тапқаны талғажау етуге жетпейтінін, көп баласы барын, мемлекеттен жәрдемақы тиесілі екенін айта-айта шыдамы шытынап, шеруге шыққан халық беттерін қаптауышпен тұмшалап, қап-қара киінген СОБР жасақтарының елді бас-көзге қарамай сойылдың астына алғанына «Азаттықтың» тікелей таратқан хабарлары арқылы сол сәтінде-ақ куә болды. Соны көрсе де – көрмеген, білсе де – білмеген кеспірсіз түр танытып, бедірейе жауап берген Нұр-Сұлтан қалалық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары полковник Б.Малыбаев: «Жала жауып тұрсыңдар, ешкімді ұрған жоқ. Ұрса, ұрғанын дәлелдейтін бейнежазбаларыңды әкеліңдер, тексереміз», – деді» деп жазады.

Сол секілді шындықты ту етіп ұстаған жазушы-публицист Талғат Айтбайұлы «ДАТ» газетінің үш санында басылған «Опасызда Отан жоқ» (маусым, 2016 жыл) мақаласынан тағы бір үзіндіні ұсынайын: «Қазақ жастары алаңға басқа барар жер, басар тауы қалмаған соң барған. Алаң – халық әбден тығырыққа тірелгенде, билік менсінбей кекірейе қарап, екі ара алшақтағанда ғана жиналатын жер. 1986 жылғы әйгілі оқиға кезінде ел тоқ болатын. Алайда үлкен ұлттың мүддесін аспандатқан Мәскеудегілердің қазақ халқын қорлауы, намысына тиюі, ондаған жылдар бойы жинақталған ұлттық мәселелер қазақтың ұлдары мен қыздарын ашындырған. Ол уақытта адамдардың арыз-шағым айтып баратын ұйым, мекемесі жетерлік еді. Бүгінде соның бірі жоқ. Әкімшілікке барса да, прокуратура, сот, полиция бөлімдерінің есігін ашса да, ең ақыры «Нұр Отан» партиясының жергілікті аудандық, қалалық, облыстық басшыларына жолығайын десе де, ғимараттың кіре беріс есігі алдын күзеткен полицейлер «кімге келдің, неге келдің, әуелі бізге айт» деп жолын бөгейді, кіргізбейді. Қабылдауға кіре қалғанның өзінде істері бітпейді. Жоғарыға жағдай айтып жазған хаттарына жауап ала алмайды. Халық жаппай қарыз, жаппай жұмыссыз, кедей-кепшік… Әсіресе жастардың жағдайы өте ауыр, аянышты. Олар бүгінгідей көрініспен өмір бойы үй-күйсіз жүреді, бақытсыз болып өтеді.

Әлбетте кім-кімнің де адамша өмір сүргісі, еңбек еткісі келетіні өмір заңдылығы. Осыны биліктен талап етуге бәрі де құқылы. Бірақ қайда барады, кімге айтады? Мәселен биліктегілер тоталитарлық жүйені жаман еді деп қара күйені қалыңдатып жағатын социализм кезінде халық мұндай теперіш көріп пе еді? Заң жұмыс істейтін, ол халықтың мүддесін қорғайтын. Бүгінде қорлайды…», ­– деп ызалана ой толғайды.

Ащы шындық пен ақиқат, әрине, Назарбаев бастаған билікке ұнай қойған жоқ. Рухы биік қаламгерді алған бағытынан кері қайыру үшін үркітті, қорқытты, бопсалады. Басын бәйгеге тігіп, қаншама қатер-қауіп төнсе де, Талғат шындықты айтудан тайсалмады, танбады.

Республикалық басылымдарға бүгінгі қоғамның өзекті-өзекті мәселелері туралы тұжырымды өткір мақалалары жарияланғанда кейбір «қамқор» ағалары: «Шырағым, билікпен ойнауды азайтсаңшы. Олардың тоқпағы күшті. Мына мақалаларыңмен басың ноқтаға сыймай кететінін көрсетіп-ақ жүрсің. Жүйкеңді жұқартып қайтесің, өсіп келе жатқан ұл-қыздарыңды, немерелеріңді ойласаңшы» деп, өздерінше қамқоршы болып, телефон соғып жатады.

– Ел үміт күтіп жүретін зиялы азаматтар болсаңыздар да, бізді ұшпаққа көтерді деп Назарбаев пен оның жүйесін мақтағанда жер-көкке сыйғызбайсыздар. Өз ұлтына жасап жатқан жамандығын, қиянатын көре-біле тұрып, бір ауыз сөз айтуға жарамайсыздар. Өстіп тұрып мені «жөнге» салғыларыңыз келеді. Бұлай болмайды ғой, жанашыр ағаларым-ау! Ниеттеріңізге разымын. Мен бәрібір әділдік пен ақиқат жолынан ешқашан да таймаймын. Қолымнан келгенше шындықты айтып, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов айтпақшы, қазақ ұлтының өркениетті ел болуына атсалысамын, – деп Талғат өз ойын осылай жеткізіп еді.

Талғат та ет пен сүйектен жаралған пенде ғой. Кешегі қылышынан қан тамған тоталитарлық заман болса бір басқа, тәуелсіздігімізді алған отыз жылдан астам уақытта «ұлтым, қазағым» деп шырылдаған небір белгілі ұлт қайраткерлері орын алған әділетсіздіктің құрбандары болып кетті. Кейде рухы биік қаламгердің түсіне солар кіреді. Қоғам жарасын әшкерелейтін кезекті бір өткір мақаласын түннің бір уағында аяқтап, орнынан тұрғанда көп қабатты үйдің ауласынан темір көліктің мотор дауысы гүрілдеп естілсе, осы маған келіп тұрған жоқ па екен деп, Талғат төмен қарай үрейлене көз тастайтынын да жасырмайды…

Қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртаза: «Талғаттың өзі кішкентай болғанымен, жүрегі үлкен азамат. Бір өзі жүз адамның ісін атқарып жүр. Мен кейде оны өршеленген өртке қанатымен су себелеп жүрген қарлығашқа ұқсатамын. Өз мүддесінен гөрі елдің, халықтың мүддесін ойлайтын Талғат сияқты арлы азаматтар арамызда көп болса ғой, шіркін!» – дегенін талай рет естідім.

Бұл Шерағаның Талғат Айтбайұлына берген биік бағасы.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Талғат бауырым туған жерімен байланған тамырын үзбей, көптеген игілікті шаралардың ұйтқысы болып жүреді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын оның ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті жазушысы Әміртай Бөриевтің 70 жылдығы туған ауылы – Қошқаратада және аудан орталығы Бауыржан Момышұлы кентінде аталып өтті. Қазақ әдебиеті мен журналистикасында өзіндік орны бар талантты қаламгер Алпысбай Шымырбаевтың 70 жылдығына арналған шығармашылық кеші Қошқаратада, одан кейін аудан орталығындағы Мәдениет үйінде әсерлі өткізді. Сол күні Алпысбайдың жаңадан жарық көрген кітабының тұсаукесерін жасады. Көп көңілінен шыққан шығармашылық кештің басы-қасында әдеттегідей өзі жүрді. Өстіп әрдайым жақсы істің жаршысы болып жүретін інім жақында өз қаражатына Қошқарата ауылындағы Абай атындағы орта мектепте мұражай ашпақшы болып отыр.

Бүгінде жетпістің биік белесіне шыққан әріптесіміз шын мәнінде рухы биік азамат. Қаламы қарымды жазушы-публицист бірнеше деректі романның авторы. Осындай шығармашылық ізденісі үшін ол Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды, өңіріне «Ұлт қайраткері» төсбелгісін тақты. Жақында қазақ әдебиетінің өркендеуіне қосқан зор үлесі үшін Талғат Айтбайұлына Қазақстанның Құрметті жазушысы атағы берілді.

Осының бәріне қуана отырып қаламың мұқалмасын, әрдайым Бауыржан Момышұлы ағаң сияқты шындықтың шырақшысы, алмас қылышы болып, ақиқаттың биігінен түспе, бауырым демекпін.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

Қазақстанның Құрметті жазушысы,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *